“Адал азамат” – біртұтас тәрбие бағдарламасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында (14.03.2025 ж.) сөйлеген сөзінде: «Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуы тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін», – деген болатын.
– ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мамыр айының 21-і күні ұйымдастырылған кезекті баспасөз конференциясында ел Президенті белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқанына ерекше тоқталып, мектептегі білім беру үдерісі тек оқыту емес, өмірге бейімдеу, жауапкершілік сезімін ояту және қоғамдық сананы дамытуға бағытталғанын айрықша атап айтты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында аймақтардағы білім беру ұйымдары бекітілген жоспарға сәйкес түрлі шараларды жүйелі жүргізіп, оқушыларды әртүрлі жобаларға кеңінен қатыстыруда. Біздің білім ордасында ұстаздар ұжымының ортақ мақсаттағы ұсынысына орай «Бес асыл іс» қағидасына негізделген ауыл мектебінің даму стратегиясы мақұлданды. Бұл авторлық бағдарлама қазақ халқының рухани көшбасшысы Абай Құнанбайұлы ұсынған «Бес асыл іс» философиялық ұстанымдарына негізделіп, ауыл мектебі жағдайында білім беру үдерісіндегі тиімділікті арттыруға бағытталған, – дейді Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылында орналасқан Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Құсайынова.
– Бағдарлама аясында ауыл мектептеріндегі білім мен тәрбие үдерісіне адамзаттық құндылықтарды – талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым қағидаларын кіріктіру арқылы оқушы тұлғасының жан-жақты дамуы қамтамасыз етіледі. Бағдарламаның мақсаты: ауыл мектебі жағдайында «Бес асыл іс» негізіндегі құндылықтар жүйесін интеграциялау арқылы білім беру мазмұнын жаңғырту, тұлғалық дамуды қамтамасыз ету және мектептің әлеуметтік-мәдени ортасын нығайту. Міндеттері: «Бес асыл іс» қағидаларын оқу-тәрбие үдерісіне енгізу арқылы ауыл мектебінің даму стратегиясын айқындау; инновациялық педагогикалық әдістер мен практикалық жобаларды жүзеге асыру; мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және шығармашылық әлеуетін қолдау; ата-аналармен педагогикалық серіктестікті дамыту; оқушылардың рухани-адамгершілік, тұлғалық және шығармашылық дамуына жағдай жасауды көздейді.
Мейрамгүл Амандыққызының айтуынша, қағидалар аясындағы іс-шаралардың алғашқысы – «Талап». Бұл қағида – бұл бағыт оқушы мен педагогтің үздіксіз даму үрдісін, білімге деген құштарлығын және табысқа жетуге ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған. «Мәңгілік мұра: ұлттық өнердің жаңа тынысы» – ұлттық өнерді таныту, оқушылардың эстетикалық танымын кеңейту; «Traditional sports showdown» – дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеу арқылы ұлттық рух пен дене тәрбиесін дамыту. «Еңбек» қағидасы – еңбекке баулу арқылы жауапкершілік пен табандылықты қалыптастыру, экологиялық мәдениетті насихаттау. «Бірлескен күш – бірлікке бастар жол» – ұжымдық экологиялық іс-шаралар; «Traditions of tomorrow» – ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту мен ұрпақ сабақтастығын арттыру. «Терең ой» қағидасы – оқушылардың сыни және шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын инновациялық бағыт. «Kitap time» – оқуға қызығушылықты арттыру, әдеби сауаттылықты жетілдіру. «Culture echo: ұлттық поэзияның үні» – ұлттық әдебиетті насихаттау және авторлық шығармашылықты қолдау.
– «Қанағат» қағидасы: бағыт білім беру үдерісіндегі жетістіктерді оң қабылдап, ризашылық сезімін дамытуды және ресурстарды тиімді пайдалануды көздейді. «Жомарт жүрек» – мектепке қолдау көрсеткен меценаттар мен түлектер еңбегін дәріптеу; «Fall magic: күзгі ғажайып» – табиғатты өнер арқылы тану және эстетикалық құндылықтарды меңгеру. «Рақым» қағидасы – мейірімділік пен әлеуметтік жауапкершілік негізінде мектептегі гуманистік ортаны нығайту. «Жақсылық жолы» – әлеуметтік қолдауға арналған қайырымдылық акциялары; «Kind steps: қайырымды қадамдар» – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікке үлес қосу. Педагогикалық серіктестік және ата-аналармен бірлескен жұмыстарды құрайтын бағдарлама аясында ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталығының сабақтары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Бұл сабақтарда ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасады. Бұл жұмыстардың мектеп пен ата-ана арасындағы серіктестікті нығайтып, оқушының тәрбиелік ортасын үйлесімді ететіндігі анық. «Бес асыл іс» қағидасы бойынша жазғы демалыс кезеңінде биыл алғаш рет мектептегі балалар лагерінде танымдық тұрғыдағы түрлі тәрбие іс-шаралары атқарылуда, – дейді ол.
Амангуль МАТАБАЕВА, Абай облысындағы инновациялық-әдістемелік орталықтың тәрбие жұмысы бөлімінің әдіскері, Семей қаласы: «Қыздар тәрбиесі: дәстүр мен заманауи өзгерістер» жобасы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі сынды. Себебі қыз бала байырғы бабалардан сабақтасқан таным-түсінігінде – ұлт болашағының, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Қазақ халқы ежелден қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оны ел намысы, ұрпақ ұстыны деп қараған. Замана көшіне ілескен қоғамда бұл тәрбие де жаңа мазмұнға ие болуда. Осыған байланысты ұрпақтар сабақтастығының, яғни әже-ана-қыз бала тәрбиесінің үйлесімділігін насихаттау, қыз балалардың бойына құндылықтарды дарыту мақсатын көздейтін облыстық білім басқармасы мен аймақтағы осы сала қызметкерлерінің ардагерлер кеңесімен бірлескен түрде қолға алынған «Қыздар тәрбиесі: дәстүр мен заманауи өзгерістер» атты облыстық жоба іске қосылды. Бүгінгі күні өңірдегі 304 мектепте бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып жатыр.
Амангуль Абылкаковнаның айтуынша, қыз балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беру, оларды ұлттық дәстүр мен заман талабына сай үйлесімді тәрбиелеу мақсатында жоба аясында білім беру ұйымдарында түрлі форматта іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда. Атап айтқанда: «Қыз Жібек» клубтары – әр мектепте жұмыс істейтін бұл ұйымдарда қыз балаларға ұлттық киім үлгілері, қыз баланың әдебі, сөйлеу мәдениеті, қолөнер мен тұрмыстық машықтар үйретіледі екен. Шеберлік сабақтары – домбыра тарту, кесте тігу, тағам дайындау, көркем еңбек бағытында өткен сабақтарда қыздар өздерінің қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алған. Жетістікке жеткен әйелдермен кездесулер – табысты кәсіпкер, ұстаз, спортшы немесе өнер саласындағы әйел тұлғалармен ұйымдастырылатын жүздесулер қыздарға шабыт беріп, өмірлік бағыт-бағдар алуға көмектесуде.
– Жобаға ата-аналар мен қоғам белсенділері де тартылып, отбасылық тәрбие мен қыз балаға көңіл бөлудің маңызы кеңінен насихатталуда. Ата-аналар жиналысында ұлттық тәрбиенің рөлі, қыз балаға қойылатын этикалық талаптар, әлеуметтік желідегі қауіп-қатерлер туралы жиі айтылып келеді. Аймақта бастау алған бұл тәжірибе – өзге өңірлерге де үлгі боларлық деңгейде. Дәстүр мен заманауи көзқарасты қатар ұстанған бұл жоба болашақ аналарды тәрбиелеумен қатар қоғамда қыз балаға деген құрмет пен жауапкершілікті арттырады. «Қыздар тәрбиесі: дәстүр мен заманауи өзгерістер» жобасы қорыта айтқанда – ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа бейім ұрпақ тәрбиелеудің нақты үлгісі. Біздің облыстағы бұл жүйелі жұмыстардың басты қағидаты – болашаққа бағытталған жарқын бастамалардың нәтижелі болуына негізделген, – дейді ол.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...