Жаңа буын мамандарды қолдауға арналған тұғырнама

«Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өткен аптаның соңында «ТОП-100 студенті» республикалық байқауының қорытындысы бойынша электрондық журнал жасалғаны туралы ақпарат таратты. Электрондық журнал «Talap» КЕАҚ-ның www.talap.edu.kz ресми сайтында жарияланып, студенттерге, оқытушыларға, колледж өкілдері мен жұмыс берушілерге қолжетімді болады. Еске салсақ, бейіндік ведомство осы жылдың наурыз айында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «ТОП-100 студент» республикалық байқауының басталғанын хабарлаған болатын. Байқаудың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды әрі болашағы зор студенттерді анықтау және қолдау. Оқырмандардың назарына сол дарабоздар туралы әзірленген алғашқы топтаманы ұсынамыз.

– Электрондық журналда байқаудың мақсаты мен міндеттері, ұйымдастырушы, оператор, серіктестері мен қатысушылары туралы ақпарат жинақталған. Әсіресе еліміздің 100 үздік колледж студенті туралы мәліметтерге ерекше назар аударылған. Журналда олардың аты-жөні, оқу орны, мамандығы, іріктеу принциптері, жетістіктері, қоғамдық белсенділігі, сондай-ақ жобаларды іске асыру нәтижелері – жұмысқа орналасуы, тренингтер мен кәсіби даму бағдарламаларына қатысуы туралы ақпараттар қамтылған, – дейді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Ғарифуллаұлы Мұхамбетов.

Солтүстік Қазақстан облысынан тәуелсіз мемлекетіміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды студенттерді анықтау және қолдау, олардың кәсіби өсуіне ықпал ету және ел экономикасының кадрлық резервін қалыптастыруға бағытталған бұл байқауға әр саладан он студент қатысып, алтауы биылғы жылдың ең үздік студенттері атанды. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің төртінші курсын қызыл дипломмен тәмамдаған биылғы жас түлек Аймұқан Дидар солардың бірі. Ол «Түркі халықтарының үздік студенті» халықаралық байқауының жеңімпазы; «Қазақстан патриоты» төсбелгісінің лауреаты; «Jastar Generation» халықаралық форумының қатысушысы; «Болашақ білімді жастардың қолында» тақырыбындағы республикалық семинардың «Кітап оқу» байқауында бірінші дәрежелі Дипломмен марапатталған Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі «Ассамблея жастары» ұйымы төрағасының орынбасары; «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында педагогикалық отрядтар жарысының екі мәрте Бас жүлде иегері. Спорттық және интеллектуалды ойындардағы жетістігі лайықты бағаланды.

– Мен үшін бұл байқау – заманауи білімге, даму мен жаңа жетістіктерге апаратын баспалдақ сынды. Екі жыл бұрын облыстың үздік студенті атанып, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Бір түп алма ағашы» қойылымындағы басты рөлді сәтті сомдағаным үшін арнайы марапат алдым. Облыстық және республикалық деңгейдегі дебат сайыстарынан жүлдемен оралып, төрешілер құрамына енгенім бар. Еріктілер сапындағы атқарған қоғамдық қызметім және жетерлік. Алаш арысы, ағартушы ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Мен жастарға сенемін!», – деген аталы сөзі маған әрдайым рух береді. Шынында да бүгінгі өскелең ұрпақ – егемен еліміздің ертеңі. Мен баянды болашақты ұлттық құндылықтардан нәр алған бәсекеге қабілетті қатарластарыммен бірге қалыптастыруға дайынмын. Былтырғы алапат су тасқынына қарсы күрес кезінде осы өңірдегі ахуалды шұғыл іссапармен арнайы келген ел Президентінің алдында жергілікті еріктілердің атынан баяндау маған жүктелгенде бұл міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарғанымды зор абырой санаймын. Мемлекет басшысының бағалы сыйлығы мен марапатына ие болғаным – өмірімдегі ұмытылмас сәт болғаны даусыз. Енді, міне, осы арнаулы оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шықтым. Жанділдин Ерлік Борисұлы жетекшілік жасайтын колледж педагогтеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берумен қатар игілікті істерде қолдау білдіргені үшін және алдыңғы аға буын өкілдерінің қамқорлықтарына айтар алғысым шексіз, – дейді Дидар Серікұлы.

Қарағанды қаласындағы Абай Құнанбаевтың есімін иеленген Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Аяна Кәдірбаева биылғы дүбірлі додада топжарғандардың қатарында. Болашақ кәсіби маманның бағындырған бұл биік белесі кенді өңірдегі жастар қауымының бұрынғы абыройын одан әрі асқақтата түскені шүбәсіз. Ол жас болса да талантты үміткерлердің бірі ретінде уәждемелік хат жазу мен бейнеролик және жоба қорғау сынақтарын сәтті тапсырып, бекітілген жоғары жүз ұпайдың тоқсан бірін иеленіпті. Бұл байқаудың республика бойынша қорытынды кезеңінде бақ сынаған үкілі үміткерлер ұсынған жұмыстары мен қорғаған жобаларын танымал тұлғалардан жасақталған қырық төрт сарапшы бағалағанын білдік.

– Студентіміздің бұл жеңісі – колледж ұстаздары мен аймақтың ортақ абыройы. Аянаны бағындырған биік белесімен шын жүректен құттықтаймыз! Алар асуы әлі де алда. Елге еңбек етіп, кәсіби деңгейдегі жоғары жетістіктерімен әрдайым алдыңғы қатардан көріне беруіне тілектеспіз. Жеңісің жалғасын тапсын, жас маман!, – дейді осы арнаулы оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі жетекшісі Жанбол Жаяубаев.

– «Қазақстанның үздік 100 студенті» байқауында топ жарған Қостанай гуманитарлық колледжінің төртінші курс студенті Алёна Блиноваға салалық министрліктің Алғыс хаты табысталды. Бүгінгі таңда ел болашағы білімді, мақсаткер әрі белсенді жастардың қолында екені айқын. Осы сенімді нақты іспен дәлелдеп жүрген жоба – «Қазақстан топ-100 студенті» байқауы. Бұл байқау – еліміздің әр өңіріндегі дарынды, қоғамдық белсенді, шығармашылық әлеуеті жоғары студенттерді танып, олардың дамуына жол ашатын үлкен мүмкіндік алаңы. Биылғы байқауда осындай білімді де білікті жастардың қатарынан табылған осы шәкіртімнің жетістіктерін лайықты мақтан тұтамын. Ол – негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығында оқиды. Оның бұл байқаудағы жеңісі – мен үшін ғана емес, бүкіл оқу ордасы үшін зор мәртебе. Болашақ жас маман – ерекше тағдырдың иесі. Удмурт ұлтынан шыққанымен, қазақ ауылында өсіп, жергілікті мектептен білім алған. Мемлекеттік тілді бала кезінен еркін меңгеріп, оны жүрегімен сезіне білген жаңа дәуір жастарының алдыңғы қатарынан, – дейді осы арнаулы кәсіби білім беру ұйымындағы оқу орнындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлден Мұқашева.

– Мен үшін қазақ тілі – тек міндетті оқу пәні емес, ол – жасөспірім шағымның мәнді бір бөлігіне айналды. Қазақшаны толық түсініп, еркін сөйлеуді құтты қоныстағы қатарластарым мен ұлағатты ұстаздарым үйретті. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, көп ойланбастан, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болуды мақсат етіп, осы колледжде білімімді кәсіби тұрғыдан терең жетілдіруді ұйғардым. Қазақ тілін үйрену – мен үшін міндет емес, жүректің таңдауы болды. Енді өзге жастарға да осы тілді пән мұғалімі ретінде әртүрлі тақырыптағы сабақтардың барысында санасына жеткізу – алға қойған басты мақсатым. Қазіргі таңда ұлттық құндылықты құрметтеу арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету жолында жұмыс істеп жүрген басқа этнос өкілдерінің саны артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Табандылығы мен алғырлығына қоса шығармашылық ізденісі жоғары қатарластарымның үлгілі істерінен үйренерім көп. Республикалық байқауда жеңімпаз атанған жүз үздік колледж студенттерінің бірі ретінде елімізге етене танылуыма білім саласындағы жетістіктерім ғана емес, қоғамдық өмірдегі белсенділігімнің де себеп болғанын білемін, – дейді қостанайлық үздік студент.

Гүлден Жұмағалиқызынан білуімізше, болашақ жас маман бірегей байқау барысында қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету бойынша тиімді әдістерді ұсынған. Сонымен қатар білім алу барысындағы ізденісі арқылы жинаған жеке тәжірибесі мен негізгі ұстанымын әсерлі түрде жеткізіпті. Жігерлі жастың жетістігі – оның жеке еңбегімен қатар ұстаздарының тәлімгерлік тағылымы мен ата-анасының қолдауының үйлесімді жемісі. Соңғы курстағы беделді шәкіртімнің алғашқы табыстары алдағы күннен күтетін үлкен сенімін арттырып, болашаққа нық қадам басуына жол ашады. Бұл жобаның аясында ол жаңа ортаға ену арқылы түрлі саланың жаңа буын мамандарымен танысқан соң кәсіби бағыты мен бағдарын ұстаздық жолындағы берік тірегіне айналдырғаны сөзсіз. Қазақ тілі мен әдебиеті – ұлттың рухани негізі, мәңгілік байлығы. Блинова Алёнадай өзге ұлт жастарының бұл салаға шынайы ниетпен бет бұруы – еліміздегі этносаралық татулық пен берекелі бірліктің айғағы. Осындай жастар – егемен еліміздің баянды болашағы үшін сенімді негіз, жарқын үміт.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий