Кітап – рухани байлықтың бастауына бағаланған құнды қазына

Президентіміздің бастамасымен биылғы сәуір айының 23-і күні тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында алғаш рет Ұлттық кітап күні республикамыздың барлық аумағында кеңінен атап өтілгені баршамызға белгілі. Ұлттық құрылтайдың былтырғы отырысында жүктелген негізгі тапсырмаға сәйкес жоғары деңгейде қабылданған бұл шешім жеке тұлғаның дамуындағы кітаптың рөліне қоғамның назарын бұруға, сондай-ақ жоғары оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған болатын. Енді егемен еліміздің мерекелік күнтізбесі тағы бір маңызды мерекемен толығып отыр. Бұрыннан қалыптасқан кітапқа құштарлық қасиетін жаңа заманның талабына сәйкес ілгері дамытуды көздейтін бұл ізгі қадам уақыт ұзаған сайын жалпы жұртшылықтың қолдауын иеленетіндігіне сенім мол.

Тохболатова Нұрбике

Иә, кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – әрине, кітапханашылар. Мектеп кітапханасы кішкентай болғанымен, оның атқаратын қызметі үлкен. Кітапхана оқушылардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына ықпал етіп, жас оқырмандардың талап-тілектерін қанағаттандырады. Бұл ғылым мен технология қарқынды дамыған ақпараттарға толы бүгінгі жаңа заманда рухани азық іздеген көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның баратын шаңырағы осы кітапхана. Демек дәуірлер алмасып, ұшқыр уақыт алға қарай екпіндей зымыраса да, кітапхананың маңыздылығы өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ.

– Цифрлы дәуірдің балалары – экран алдында өскен ұрпақ. Кез келген жаңалықты тез қабылдағанымен терең ойлануға, сабырмен саралауға келгенде аздап әлсіздік танытып жатады. Дәл осындай сәтте кітап оқу баланың ішкі дүниесін байытып, ойлау қабілетін қалыптастыратын ең қажетті құрал болып табылады. Біздің білім ордасындағы кітапхана меңгерушісі Нұрбике Тохболатова – мектеп оқушылары мен кітапхана арасындағы тығыз байланысты орната білген кәсіби маман. «Ұлттық рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асырудың бір тармағы ретінде жүзеге асырылған «Оқитын ұлт» жобасы аясында мектеп әкімшілігі Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасымен тығыз байланыса отырып, оқушыларды бірнеше іс-шараларға қатыстырып қайтты. Бұл жобаның мақсаты – балаларды кітап оқуға қызықтыру, қызығушылығына сай кітап таңдай білуге үйрету, балалардың шығармашылық дамуы мен оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бізде бұл бағыттағы танымдық іс-шараларды жүйелі жүзеге асырудың нақты жоспары жасалған, – дейді Алматы қаласының Мұқағали Мақатаев есімін иеленген №140 гимназиядағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базаргүл Исхакова.

Утаралиева Айнур

Базаргүл Кемелбайқызының айтуы бойынша, бұл мектептің оқушылары кітап оқу байқауларына белсене қатысып, жүлделі орынды иеленіп жүр. Әрбір оқу жылының аясында сынып жетекшілерінің қолдауымен түрлі тақырып бойынша оқырмандар конференциясын ұйымдастыру тұрақты дәстүрге айналған. Қазақтың көрнекті қаламгері Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесінің желісімен 6-сыныптар арасында өткізілген басқосуға келгендер ерекше әсер алған көрінеді. Жазушының бұл көркем шығармасы – халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған туынды екені мәлім. Әкесі соғыста, анасы жоқ, жалғыз әжесі қайтыс болып, соғыстан ағасын күткені жас бала Аянның ауыр тағдыры туралы дайындалған сахналық көрініс талғампаз көрерменнің көңілінен шыққан екен.

– Осындай конференцияларда қойылым көрсету үлкен еңбекті қажет етеді. Пән мұғалімдері және кітапхана қызметкерлерінің жетекшілігімен өнерге бейімді шәкірттердің шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдау үшін бірнеше кезеңнен тұратын дайындық жұмыстарын жүргізеді. Алғашқы кезекте балалар шығарманың сюжетін толық меңгеруі қажет. Олар сол кітапты толық оқып, жалпы мазмұнын терең меңгерген жағдайда қарым-қабілетіне сәйкес берілген кейіпкердің бейнесін жоғары деңгейде сомдай алады. Сахнадағы еркін қимыл қозғалыс қамтамасыз етіліп, дауыс дикциясы қалыпқа келгеннен кейін сахна декорациясына басымдық беріледі. Тақырыпқа сай костюм таңдау сынды басқа да түрлі дайындықтар әбден пысықталған бойда керемет қойылымдар жұртшылықтың назарына ұсынылады. Оқырмандар конференциясының ең басты мақсаты – өскелең ұрпақтың кітапқа құштарлығын арттыру. Себебі кітап оқу – ұлттық құндылықтарды сақтау, адамзат баласының ой-өрісін кеңейту сынды жоғары жетістіктерге жетелейді, – дейді ол.

– «Ел боламын десең – бесігіңді түзе, ұрпақ тәрбиесін кітаптан баста» демекші, ел ертеңінің саналы да сапалы болуы – бүгінгі білім мен тәрбиенің тереңдігіне байланысты. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен арнайы түзілген оқылатын 1770 кітапқа қосымша 810 кітапты қарастырғанды жөн көрдім. Осылайша жалпы саны 2580 кітапты білім беру үдерісіне тиімді енгізу мақсатында, әр кітаптың мазмұнын саралап, оны жаратылыстану бағытындағы пәндермен байланыстыра отырып, әдістемелік көмекші құрал ретінде әріптестерімнің талқысына ұсындым. Құнды кітап – тек әдеби мұра емес, рухани жаңғырудың, зияткерлік ұлт қалыптастырудың нақты қадамы. Қазіргі заманғы білім беру – тек оқулықпен шектелмей, кең өрісті ойлау мен пәнаралық байланысты талап етеді. Осы орайда бұл әдістемелік көмекші құрал – 2580 кітапты жаратылыстану бағытындағы пәндермен ұштастырып, мұғалім мен кітапханашы жұмысына бағыт-бағдар беруді көздейді, – дейді Қызылорда облысына қарасты Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназияның кітапхана меңгерушісі Айнур Утаралиева.

Айнур Байтугановнаның хабарлауынша, бұл оқырманның функционалдық сауаттылығын, сыни ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Міндеттері: жаратылыстану бағытындағы пәндермен (биология, география, физика, химия, математика, информатика және тағы да басқа) мазмұндық байланысын анықтау; кітап оқу мәдениетін дамытуға өз үлесімді қосу. Жасалған жұмыстың мазмұны – әрбір кітап бойынша авторы, қысқаша мазмұны және пәнмен байланысы көрсетілді. Кітаптар жаратылыстану бағытына сай жіктелген құралдың мазмұны жеңіл әрі нақты, күнделікті жұмыста қолдануға ыңғайлы түрде құрастырылған көрінеді. Практикалық маңызына келсек – бұл әдістемелік тұрдыдағы қажетті құрал. Мұғалімдерге – пәнаралық байланысты тереңдетуге, кітапханашылар үшін – оқырмандармен жұмыс барысында бағдар беруге, оқушыларға – пәндік қызығушылық пен шығармашылық көзқарасты дамытуға көмектесетіндігімен тиімді. Автор, сонымен қатар, бұл кітапшаның – оқу мәдениетін жандандырып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға және оқырман қауымның ой-өрісін кеңейтуге үлес қоса алатындығына сенімді.

Сләмова Жұлдыз

– Қазіргі ақпараттық қоғамда балалар мен жасөспірімдердің рухани-адамгершілік дамуына ықпал ететін маңызды құралдардың бірі – кітапхана. Өскелең ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны бойына сіңіруге жол ашатын рухани орта. Осы тұрғыдан алғанда, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы – тек оқу процесін емес, сонымен қатар тұлғалық дамуды көздейтін ауқымды бастама. «Балалар кітапханасы» бағдарламасы балалар мен жасөспірімдердің оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуға, оқырмандық белсенділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақты патриотизмге, елжандылыққа тәрбиелеуді көздейді. Осы орайда біздің аймақта құндылықтарға негізделген бағдарламаның шеңберінде мектеп кітапханалары бойынша 2580 көркем әдебиетті қамтитын тарихи-мәдени әдебиеттерге басымдық беру, қазақтың ұлы тұлғалары, батырлары, ақын-жазушылары туралы кітап көрмелері, отбасы, достық, еңбексүйгіштік, әділдік секілді қоғамдық және жеке құндылықтарды насихаттайтын оқулықтар мен шығармалар кеңінен ұсынылуда, – дейді Абай облысындағы инновациялық-әдістемелік орталықтың тәрбие жұмысы бөлімінің әдіскері Жұлдыз Сләмова.

Жұлдыз Тұрғалиқызының сөзіне сүйенсек, бұл бағыттағы іс-шаралар білім алушылардың санасында ұлттық болмысқа тән дүниелердің орнығуына, адамгершілік ұстанымдардың қалыптасуына әсер етеді. Сонымен қатар бағдарлама аясында білім беру ұйымдарында түрлі оқу марафондары, әдеби байқаулар, кітап фестивальдері, «Кітапханаға кітап сыйла!» акциялары, жазушылармен түрлі тақырыптағы мазмұнды кездесулер жиі ұйымдастырылады екен. Демек білім алушыларды тек кітап оқуға ғана емес, талдап оқуға, ой түюге, пікір айтуға үйретеді. Сонымен бірге отбасылық оқуды дамытуға бағытталған бөлімдер ата-аналардың да жобаға белсенді қатысуына да мол мүмкіндік беріле бастағанын білдік. «Балалар кітапханасы» бағдарламасын облыс аумағында жүзеге асыру аясында білім алушылар мен педагогтер, ата-аналардың кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған отызға жуық әлеуметтік жобалар қолға алыныпты. «Балалар кітапханасы» бағдарламасы – жай ғана кітап тарату емес, бұл рухани тәрбие мен шығармашылық дамудың маңызды құралы. Білім алушылардың бойына білімге деген құштарлық пен құндылықтар жүйесін сіңіру – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан бағдарлама аясында кітапхана қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеру – уақыт талабы.

Кітапхана – ғасырларға сабақтасқан адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімнің киелі ордасы. Ал қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – абыройлы мамандық иелері. Өскелең ұрпақты кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын оятуда кітапханашының атқаратын рөлі жоғары. Кішкентай оқырмандарының жүрегіне жол тауып жүрген майталман мамандардың алдыңғы сапында Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын аудандық кітапханасы жанындағы «Балалар кітапханасының» меңгерушісі Жанна Көпеева осы салада ширек ғасыр бойы табан аудармай халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Осы саладағы саналы ғұмырының он бес жылын «Балалар кітапханасына» арнаған екен.

Жанна Көпеева

Жанна Есетқызының айтуынша, жергілікті қорда түрлі жанрдағы кітаптар бар. Қазіргі кездегі жас ақын-жазушылардың туындылары мен қиял-ғажайып және детективтік шығармалар да жетерлік. Балалар әдебиетінің классиктері – Джанни Родари, Марк Твен, Артур Конан Дойл, Стивен Кинг, ағайынды Гриммдер сынды әлемге әйгілі авторлардың фантастикалық шығармаларына сұраныстың жоғары екендігі белгілі болды. Нәтижесінде келушілердің қатары көбейіп, күн сайын 15-20 оқырман кітап оқитын жағдайға жақсы жеткен. Олармен демалыс күндерінде, бекітілген жоспарға сәйкес, түрлі қызықты, тағылымды іс-шараларды ұтымды ұйымдастыру нақты жолға қойылыпты. Психологтардың сөзіне сүйенсек, атыс-шабыс көріп өскен, ұялы телефоннан бас көтермейтін баланың мінез-құлқы мен ой-танымы өзгереді. Баланың денсаулығын айтпағанда, жүректі қаттылық жеңеді. Ал баланы осы бір қауіптен алып шығу үшін балалар жазушыларына артылар салмақ зіл батпан. ҚР Президенті Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» аталатын екінші отырысында смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажеттігін баса айтқаны мәлім.

– Жергілікті атқарушы билік құрылымдарының қолдауы бойынша, мемлекеттің қаржысы есебінен, биыл біздің кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұрын балалар кітапханасына арналған оқу залы және абонемент екі бөлек болса, қазірге кезде үлкен бөлмеге еркін орналастырылғандықтан өте қолайлы. Кітапқа қызығушылығы жоғары оқушыларды тауып, әртүрлі байқауларға қатыстырамыз. Дарынды ұл-қыздардың саны өте көп. Тек олардың бойындағы таудай талпынысқа аға буын өкілдерінің тарапынан қамқорлық пен демеу керек. Балауса оқырмандардың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралардың маңызы зор. Сондай-ақ инабатты да еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашы мамандардың ізденіске толы игілікті істерін құбылмалы қоғамды ізгілендіруге бұра білген дұрыс. Баланы кітап оқуға жастайынан баулу жемісін бермей қоймайды. Өйткені кітап оқыған кез келген жастағы адамның танымы мен түсінігі кеңейіп, сөздік қоры барынша молаяды. Әрі бұрыннан бар білімін еселей арттырып, әдеби-көркем және тарихи бағытта жазылған құнды дүниелер арқылы өтпелі өмірдің мәні мен маңызын бағамдай алады. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қалың қауымның етене біле бермейтін, көп елене бермейтін, қажырлы қызметтерін абыроймен адал әрі жан-тәнімен атқаратын әріптестерімнің ерен еңбектерінің барлық дейгейдегі басшылардың тарапынан әділ бағаланғанын қалаймын, – дейді ол.

Тужилкина Алевтина

– Алевтина Тужилкинаның есімін кітаппен өмірін өрген жан ретінде айрықша атап айтқан абзал. Рас, мектеп – тек білім ордасы ғана емес, тәрбие мен руханияттың бастауы. Ал сол рухани әлемнің алтын қазынасы – кітап болса, кітаптың ордасы – кітапхана. Ол біздің білім шаңырағындағы киелі орданың шырақшысы, мамандығының майталманы. Бәйтерек ауданындағы біздің білім ордасындағы кітапханашы ретінде жиырма алты жылдан астам уақыт бойы үздіксіз әрі тұрақты еңбек етіп келеді. Мектеп қабырғасынан кейін техникалық мамандықты меңгергенімен, жүрегінің қалауы мен кітапқа деген шынайы сүйіспеншілігі оны мектеп кітапханасына алып келді. Бұл – жай жұмыс емес, өмірлік жол, тағдыр таңдауы. Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің сырттай оқуын бітіріп, кітапханашы дипломына қол жеткізген болатын. Шын ниетімен таңдаған осы мамандығына адалдығы мен кәсіби шеберлігінің нәтижесінде көптеген марапаттарға ие болды, – дейді Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданындағы Новенькое жалпы орта білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тулепкалиева Ляйла.

Ляйла Шапбазкереевнадан білгеніміздей, кейіпкерімізге әр жылдары Байқоныс ауылдық округі әкімі мен аудандық білім бөлімі және білім басқармасының Алғыс хаттарына қоса облыстық кәсіподақ ұйымының Грамотасы табысталған. Кітапханашының еңбегі, әсіресе, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ерекше көрінсе керек. Ол оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттыру, ата-аналар мен баланың арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында («Әженің ертегілері», «Анашым, кітап оқып берші», «20 минут оқы – 3 минут эссе жаз», «READx book», «Өзің оқып, басқаға ұсын» және тағы басқа) көптеген тақырыптағы акцияларды ұйымдастырыпты «Әдеби Ақжайық» жобасы сынды игі бастаманың оқырмандар тарапынан жоғары бағаланғанын білдік. Ол жетекшілік жасайтын осы жаңа жобаның аясында мектеп оқушылары ата-аналарымен бірлескен түрде аудандық байқауға қатысып, Мұқаналиевтер отбасының Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығына арналған бейнебаяны Гран-при жүлдесін жеңіп алған.

– Кітапханашы ретінде негізгі жұмысымды көрмелермен шектемей, жыл сайын «Бір ел – бір кітап», «Менің Отаным – Қазақстан», «Кітап – алтын қазына» тақырыбындағы жазушылардың мерейтойларына арналған іс-шараларды мазмұнды жасау жолында көп іздеуден жалыққан емеспін. Оқу жылының әр тоқсанындағы демалыс кезеңдерінде оқушыларға арналған викториналар мен әдеби квесттер, танымдық ойындар жастардың кітапқа құштарлығын арттыруға бағытталған. «Ұстаздың биігі – ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң – тереңдей түседі» дегендей, кітапханашы да – жас ұрпақтың рухани ұстазы. Осы орайда білімім мен біліктілігімді заман талабына сай ұдайы жетілдіре түсуге ерекше мән беремін. Аудандық семинарларға тұрақты қатысып, былтыр облыстық деңгейдегі басқосу барысында басқалармен тәжірибемді бөлістім. Көп жылдан бері мектептегі кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесімін. Кітапханашылар – қарапайым мамандықтың иесі болса да, саналы ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып жүрген жайсаң жандар. Әлеуетті әріптестерімнің ерен еңбегін – кейінгі буын өкілдеріне қалдыратын мәңгілік мұра деуге болады, – дейді Алевтина Камилевна.

Дүйсембаева Ботакөз

Қостанай облысының орталығындағы А.С. Пушкин есімімен аталатын қалалық балалар кітапханасының кітапханашысы Ботакөз Дүйсембаева «Рухани қазына-2024» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінің облыстық кезіңінде «Облыстық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» аталымының жеңімпазы. Кәсіби мамандығына байланысты көптеген түрлі марапаттарды иеленген бұл кейіпкеріміздің кітапқұмар болып қалыптасуына осы салада қызмет атқарған Құлғанша анасының тағылымға толы тәрбиесі үлгі-өнеге болған екен. Қамысты ауданының Бестау ауылында дүниеге келген ол, жергілікті орта мектепті тәмамдаған соң А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетінен жоғары білім алды.

– Мен кітапханада өстім десем, артық айтқаным емес. Шынында да анам мені әрдайым өзімен жұмысына алып кететін. Менің екі ағам бар. Үйде жалғыз қыз болған соң сабақтан тыс уақытта ұдайы жанында жүрдім. Жұмысына келген соң үздіксіз келетін оқырмандар тапсырған кітаптарды орнына қайта жинауға жәрдемдесіп, поштамен келетін түрлі газет-журналдарды реттеуді үйренетінмін. Ол маған бос кезімде оқуға қызықты ертегілерді беретін. Сол кітаптардан бас алмай отырып, жұмыстан қайтатын кешкі мезгілдің жеткенін сезбей қалатынмын. Кітапхана қызметіне сол бала кезден дағдыланып, қаншама туындымен таныстым. Тыныштық жерде қызықты кітабыңды алаңсыз оқығанға не жетсін. Кейін бойжетіп, еңбекке араласқан кезде бірден кітапханада жұмыс істеуді ұйғардым. Алматы қаласындағы тағылымға толы терең тарихы бар Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиеваның: «Кітапхананың, кітапханашылардың негізгі бағыты – кітап оқуды насихаттау. Бірақ оқырман және кітап тақырыбымен тек кітапханашылар айналыспауы керек. Бұл – отбасы, қоғам, бүкіл мемлекет болып айналысатын дүние», – деген парасатты пікірі бар. Менің де пайымым осы тұрғыда қалыптасқан. Яғни, жылдың бір күнінде ғана Ұлттық кітап күнін атап өтіп қоймай, кітап оқу талап етіліп, жиі насихатталатын жағдайға жетсек, озық ойлы оқырмандардың қарасы қалыңдары сөзсіз, – дейді ол.

Ботакөз Әділбекқызының айтуынша, ұлттық әдебиет пен төл тарихымызға терең бойлап, халықтың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған басқосуларды ұдайы ұйымдастыратын бұл кітапхана ұжымы Ұлттық кітап күніне арналған биылғы тұңғыш мерекелік іс-шаралардың алғашқы легін сәтті қорытындылаған екен. Жоспарланған жұмыстардың жақсы деңгейде атқарылуына үлкен үлес қосқан «Большевичка» тігін фабрикасының басшысы Жетпіспаев Арсен Мұхамеджанұлы қатысушыларға тәтті сыйлықтар топтамасы мен естелік кубоктарды табыстапты. «HeliumBALLOoNS» жеке кәсіпкерлігі Овсюкова Виктория Ивановна оқырмандар залын әр алуан түстегі гельді шарлармен безендіру арқылы жастарды кітап оқуға ынталандырғанын білдік.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий