Білім мен тәрбие саласындағы жүз жылдықтың жылнамасы
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы наурыз айының соңында 100 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп келе жатқан мектептердің педагогикалық ұжымдарымен онлайн форматта кездесіп, сұхбаттасқан еді. Бұл ғасырлық тарихы бар білім ошақтарының басын қосқан алғашқы жиын болды. Елімізде өз қызметін 19-20 ғасырларда бастап, бүгінгі күнге дейін ағартушылық дәстүрдің сабақтастығын үзбей келе жатқан тоқсан жеті мектеп пен он екі колледж бары айтылды.
– Қазақ даласында ағартушылықтың қалыптасуы мен дамуы ондаған ғасырлардан бастау алады. Өңірлердің қолдауының арқасында ғасырдан астам тарихы бар мектептер жабылмай, білім шырағын сөндірмей, сабақтастықты сақтап келеді. Біз ғасырлық тарихы бар білім ошақтарының арнайы каталогын жасауды қолға алуымыз керек. Бұл – еліміздің білім тарихының тереңдігін дәлелдейтін маңызды құжат болмақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мектептер де қажеттілігіне қарай толықтай реновациядан өтіп, материалдық-техникалық тұрғыда жаңартылуы тиіс. Сондай-ақ мұнда еңбек етіп жүрген педагогтердің әлеуеті де жіті зерделеніп, оларға жүйелі қолдау көрсетілуі қажет, – деді еліміздің бас ұстазы. Ғани Бектайұлы жүз жылдан астам уақыт ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан мектептердің тәжірибесін зерттеп, үздіктерін ел көлемінде тарату қажет екенін атап айтты. Сонымен қатар ғасырлық мектептерді білім беру ісінің құндылығы ретінде сақтап қалу және дамыту мақсатында 100 жылдық мектептер қауымдастығын құруды, оларды қолдау мен дамытудың стратегиясын әзірлеуді тапсырғаны бар. Осы орайда оқырмандардың назарына осы тақырыпта әзірленген алғашқы топтаманы ұсынып отырмыз.
– Биыл тағылымға толы терең тарихы бар біздің Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің құрылғанына – 105 жыл. 1920 жылы алғаш рет «Қызыл мұғалімдер» курсы ашылып, екі жылдан соң педагогикалық техникум ретінде өзгертілген. Оның тұңғыш директоры қызметіне Алаш қайраткерлерінің бірі Жұмағали Тілеулин тағайындалыпты. Қазақтың қабырғалы қаламгері Сәбит Мұқановтың бастамасымен республика бойынша ең тұңғыш әдеби үйірме ұйымдастырылғаны жылнамада жазылған. 1925 жылы алғашқы қырық түлек қанат қағып, содан бергі аралықта қырық мыңға жуық жас маман үлкен өмірге жолдама алды. 1993 жылы оқу орнына біртуар ақын, түркі дүниесінің асыл перзенті, осында ұстаздық қызмет атқарған жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың есімі, ал 1999 жылы гуманитарлық колледж мәртебесі берілді. 2019 жылы жоғары колледж мәртебесін иелендік. Осылайша бұл арнаулы оқу орны ауылдық жерлерді білікті де білімді кадрлармен толықтырудың негізгі орталығына айналды. Бүгінде бұл колледж елімізге танымал беделді шаңырақ саналады. Ғасырлық мерейтойымызға байланысты ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың жолдаған арнайы құттықтау хаты мұражайымыздың төрінде тұр, – дейді Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында орналасқан осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері Жанділдин Ерлік.
– Алаш арыстарының ағартушылық ісін абыроймен жалғастырған әлеуетті әріптестерім заман талабына сай білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар дайындау ісіне елеулі үлес қосуда. Педагогтер он төрт мамандық бойынша бір жарым мыңнан астам студентке екі жүзге жуық сапалы білім мен саналы тәрбие сіңіруде. 2018 жылдан бакалавр дәрежесі беріле бастады. Еңбек нарығында түлектерiмізге сұраныс көп. «Жас маман» жобасы аясында 320 миллион теңгенің жабдықтарын орнаттық. Соңғы үлгідегі мультимедиялық кабинеттер жұмыс істейді. Робототехникамен де айналысуға болады. 3D принтер кабинеті – озық үлгіде модельдеу мен басып шығару технологиясын үйретуге арналған заманауи зертхана. Құзыреттіліктер орталығы – өңірдегі ең заманауи құрылымның бірегейі. Бейіндік ведомство басшылығының ғасырдың жүгін арқалаған оқу орындарына байланысты бастамасы мен ұсыныстарды қуана қолдап, игілікті істерді ілгері дамыту үшін ұжымдық үлес қосуға дайынбыз.
Ерлік Борисұлының айтуынша, оқу орны ақпараттық технологиялар саласына қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген. Монтессори әдістемесі бойынша арнайы кабинет – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған инновациялық оқу алаңы санатында. Болашақ тәрбиешілерді даярлау барысында заманауи әдістемелер қолданылуда. Инженерия, дизайн және өндіріс бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашылған. Білімгерлердің тәжірибе жасап, ғылымды тереңірек меңгеруіне арналған физика мен химия пәндерінің зертханалық кабинеттері жұмыс істеп тұр. Биік белестерді бағындырған ұлағатты ұстаздар мен жүлделі жарыстардың жеңімпаз жастары жетерлік. Өткен жылдарды айтпағанда соңғы кезде Макажанова Жұлдыз Мақсұтқызына педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріліп, директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары, педагог-шебер Жанбекова Алтынай Есенкелдіқызы Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталыпты.
– Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуында терең із қалдырған тарихи танымал тұлға, аса көрнекті педагог ғалым және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің есімін иеленген біздің жалпы білім беретін орта мектептің бір жүз алпыс екі жылдық жылнамасы бары министрліктің осы тақырыптағы ақпаратында айтылды. Ыбырай ұстаз 1864 жылы (25 қазан) құрамында 14 оқушысы бар Ырғыз бастауыш мектебін ашып, Орынборда өзімен бірге оқыған Шахмурад (Шахмұрат) Құлыбековтің алғашқы мұғалім қызметін атқаруына жетекшілік жасайды. 1879 жылы Ырғыз уездік екі кластық орыс-қазақ училищесі аталып, 1920 жылдан соң кеңестік еңбек мектебіне айналған. 1933 жылы төрт жылдық №1 қазақ мектебі ретінде жұмыс істеп, ұзамай жеті жылдық Коммуналар мектебіне өзгертілді. Артынша он кластық қазақ орта мектебінен, 1940-1961 жылдар аралығында Сталин атындағы және 1961-1972 жылдары Ырғыз қазақ орта мектебі болып орнығады, – дейді осы білім ордасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Елеусізова.
– 1972 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы мектеп атауын алды. Мектеп тарихындағы танымал тұлғалардың көшбасыларын тізбелесек: Шахмұрат Құлыбеков, Ұзақбай Құлымбетов, Телжан Шонанұлы, Темірбек Жүргенов, Бәймен Алманов, Мұхамедияр Тұңғашин, Төлепберген Серғалиев, Тел Жаманмұрынов, Ахмет Тұңғашин, Қуаныш Жұбанов, Шахмұхамед Үдербаев, Мейірхан Орынбасаров, Жәнет Сүгірбаев, Мырзағали Төлегенов сынды ардақты азаматтардың аттарын айрықша атап айтқанымыз абзал. Есімдері алтын әріптермен жазылған жергілікті педагогтер қауымдастығының алдыңғы сапында «Құрмет белгісі» ордені мен «Аға мұғалім» жоғары марапаттарды иеленген Ізетқызы Күлайым, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері атанған Тұрғамбаева Даме және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі табысталған Жұмабаева Айымкүл сынды алдыңғы аға буын өкілдеріне құрметіміз ерекше.
Гүлнара Жеңісқызының сөзіне сүйенсек, әр жылдары білім алған белгілі түлектердің қатарында ауыл шаруашылығын өркендетуге айрықша үлес қосқан қарапайым қызметімен Социалистік Еңбек Ері атағына қол жеткізіп, КОКП ХХІV және Қазақстан Коммунистік Партиясы IX-XIII съездеріне делегаттыққа сайланумен қатар Қазақстан Орталық Комитетінің мүшесі ретінде Бүкілодақтық кәсіподақтар съезіне қатысқан даңқты жерлесіміз Алтынбек Әкімжанов; жазушы журналистер Өтебай Қанахин мен Үмбетбай Уайдин; педагогика ғылымының докторы Қазына Аймағамбетова мен фармацевтика ғылымдарының кандидаты Құдайберген Бекенов; химик ғалым Ғалия Есназарова; денсаулық саласының үздігі атанған профессор Нағашыбай Ақатаев; кен инженері, ақын, аудармашы Қуаныш Ахметов; театр актрисасы, Қазақстанның халық әртісі Лидия Каденова және тағы да басқалар бар.
– Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, белбеу күресінен әлем чемпионы Қосмұратов Абылай мен тоғызқұмалақтан ел чемпионатының бірінші орын жүлдегері Тельман Нұрдәулет пен волейболдан республикалық чемпионаттан екінші орын иеленген Берікқызы Диана, республикалық аударыспақтың жеңімпазы Тынышбай Ернар, республикалық ауыл олимпиадасының жүлдегері Даниярбек Мағжан және облыстық пән олимпиадасының жеңімпазы Амангелді Гауһар сынды тағы да басқа шәкірттерімізбен мақтанамыз. Тәуелсіздіктің отыз жылдан астам уақытында үздік оқуы мен үлгілі тәртібіне қоса белсенді қоғамдық қызметі бойынша топжарған дарабоздарымыздың саны тіптен көп. Директорымыз Машина Венера Мәженқызының басшылығымен биылғы оқу жылын табысты қорытындылап, Алтын белгі мен қызыл аттестат иегерлерінен құралған кезекті жас түлектердің үлкен өміріне жолдама бердік, – деді ол.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...