Цифрлы білімнің келешегі – TopIQ платформасы
Қазіргі білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар маңызды орын алуда. Солардың бірі – «Алматыкітап» баспасы әзірлеген TopIQ электронды платформасы. Бұл – оқушы, мұғалім және ата-ана арасындағы байланысты нығайтатын, заманауи талаптарға сай оқу құралы. TopIQ 2020 жылдан бері қолданыста. Қазіргі таңда ол мектепалды даярлық тобынан бастап, жоғары сыныптарға дейінгі барлық пәнді қамтитын интерактивті ортаға айналды. Әр пән мен тақырып нақты құрылыммен беріліп, оқытудың сапасын арттырады.
Платформаның басты ерекшелігі – бір жүйеде бейнематериалдар, жаттығулар, тесттер мен тыңдалым-айтылым тапсырмаларының шоғырлануы. Оқушылар жеке кабинеті арқылы жетістіктерін бақылап, ата-аналар баласының оқу барысын көре алады. Мұғалімдер үшін бұл – уақыт үнемдеудің тиімді тәсілі. Мен бұл платформаны бірнеше жылдан бері қолданып келемін. Әсіресе, мектепалды және бастауыш сыныптарға ағылшын тілін оқытуда тиімділігін байқадым. Оқушылар интерактивті тапсырмаларға қызығып, белсенді қатыса бастады.
Сонымен қатар, платформа ұйымдастыратын байқаулар оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «TopIQ 2025» байқауы – мұғалімдердің шығармашылығын шыңдайтын ерекше мүмкіндік. Бұл жобада мен өз білімім мен тәжірибемді дамытып, жаңашыл бағыттарға бет бұрдым. Бүгінгі мұғалім – үздіксіз даму үстіндегі тұлға. Ал TopIQ – сол жолда сенімді серігі.
Сұлухан Серікқызы ҚОЙШЫБЕКОВА,
Саға мектеп-балабақшасының ағылшын
тілі пәні мұғалімі, Ақтөбе облысы, Ойыл
ауданы, Қайыңды ауылы