Президент тапсырмасы: Жетісу университетінде шет елдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын Қазақстанда ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Италияның Марке политехникалық университетінің (Marche Polytechnic University) филиалы ашылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Бүгін Талдықорған қаласында аталмыш университет филиалының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Руи, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев, сондай-ақ Италия мен Жетісу университеттерінің делегациясы, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында алғаш боп сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев: – Жетісу – аграрлы аймақ. Сондықтан бізге осы салаға жаңа инновациялар мен озық агротехнологияларды енгізетін мықты мамандар қажет. Бұл ретте облыс әкімдігі осы филиалда бірінші кезекте 14 студенттің білім алуына арнайы грант бөліп отырмыз. Марке политехникалық университетінің басшылығына, Ғылым және жоғары білім министрлігіне шынайы ризашылығымды білдіремін – деді.

Салтанатты жиынға арнайы келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: – Жетісу облысында бүгінгі таңда «Агрономия» және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» бағыттары бойынша қос дипломдық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда жылыжай кешендеріне білікті агрономдар мен цифрлық технологияларды меңгерген мамандар аса қажет – деп. Университет филиалының ашылуы – сол қажеттілікті өтеуге жасалған нақты қадам екенін айтты.
Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Руи өз сөзінде Марке политехникалық университеті филиалының ашылуы тек білім беру саласындағы бастама ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды қадам екенін ерекше атап өтті. – Жетісу университетімен әріптестік орнату – Италияның халықаралық стратегиясының маңызды бөлігі. Біз білім беру мен ғылыми зерттеу саласында бірлескен жобалар жүзеге асыру арқылы екі университеттің де академиялық және ғылыми әлеуетін арттырамыз. Бұл – жаңа мүмкіндіктердің бастауы, – деді Елші.

Университет филиалының жаңа кампусының ашылу лентасы қиылғаннан кейін, шараға қатысушыларға заманауи инфрақұрылым таныстырылды. Жаңа кампус 480 студентке арналған, білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы ұйымдастыруға толық мүмкіндік береді. Оқу үдерісін тиімді жүргізу үшін арнайы оқу-зертханалық кешен, сондай-ақ Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты салынған. Аталған институт құрамына Молекулалық генетика және геномика, Биотехнология, Экология, Өсімдіктерді микроклонды көбейту зертханалары кіреді.
Биыл «Агрономия» білім беру бағдарламасы бойынша қосдипломды жүйеде білім алған алғашқы 11 студент (1 курсты – 6 студент, 2 курсты – 5 студент) оқуын сәтті аяқтап отыр. Салтанатты рәсімнен кейін министр Саясат Нұрбек шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары туралы лекция оқып, еліміздегі халықаралық академиялық орталықтардың дамуына тоқталды. – Қазіргі таңда елімізде 40-қа жуық халықаралық академиялық құрылым жұмыс істейді. Оның ішінде: 5 шетелдік ЖОО, 22 шетелдік ЖОО филиалы, 1 стратегиялық серіктестік, 1 консорциум, 6 қос дипломды бағдарлама, 3 сертификаттау орталығы, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министрдің мәліметінше, бұл құрылымдардың 24-і қазіргі таңда нақты жұмыс істеп тұр, ал 10-ы 2025 жылы, 6-ы 2026 жылы ашылады деп жоспарланған. Жетісу университетінің базасында ашылған Марке политехникалық университеті — аграрлық ғылымдар, биотехнология және инженерлік бағыттар бойынша мамандар даярлауда жоғары беделге ие, Италияның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі.
Аталған университеттің Жетісу өңірінде филиал ашуы — аграрлы аймақтың нақты қажеттіліктеріне жауап беретін, жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізуге жол ашатын маңызды қадам. Бұл бастама Жетісу облысындағы ауыл шаруашылығы секторының дамуына тың серпін беріп, жоғары білікті аграрлық мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға септігін тигізеді.
