Әке есімін ғасырмен сабақтастырған ұстаз

Бар өмірін ұстаздық жолға арнап келе жатқан ұстаз, профессор Жібек Берлібекқызы әке есімін ғасырмен сабақтастырып, жас буын ұрпаққа білімнің нұрын шашып, оларға тың, жаңа даңғыл жол көрсетіп, өз еңбек ақысынан қаржылай қолдау жасап келе жатқан, әке есімін жаңғыртып, «Қуан сен, қуана бер әкетайым, мен сенің өміріңнің жалғасымын» деп ақын жырлағандай, әке ізін өшірмеу мақсатында сара, даңғыл жолды жас ұрпаққа жарқыратып салып берген аяулы да, қадірлі жан.

2014 жылы мемлекеттік  «Туған жерге тағзым» айдарымен әкесі Тукубаев Берлібек Әбікеұлы еңбек еткен Аягөз қаласындағы №6 мектеп-интернатында әке атындағы жаңа технологиямен жабдықталған кабинет ашқан Жібек Берлібекқызы бүгінгі таңға дейін мектеппен білім мен шығармашылық қарым-қатынасты үзбей жыл сайын ұстаз білімі мен оқушы танымын тереңдету мақсатында ғылыми конференция, олимпиада өткізіп, Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы университет ұстаздары мен мектеп ұжымы арасындағы байланысты жалғастырып келеді.

Биылғы жылы Ж.Рахметулина ерекше дара жол бастап, әке атындағы жаратылыстану бағытындағы олимпиаданы аудан көлемінде өткізді. Бұл олимпиада біздің білім ордасында ұйымдастырылған тұңғыш олимпиада еді. Олимпиада аса жоғары деңгейдегі дайындықпен өтті. Б.Тукубаевтың өмірінен әдеби-монтаж жасалып, монолог оқылып, олимпиаданың ақ туы енгізіліп, олимпиада алауы жағылды. Бұл жерде «Қарлығаш» дарынды балалар клубының жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ж.С. Алпысбаеваның еңбегі ерекше екенін атап айту керек.

Б.Тукубаев атындағы өткен олимпиаданың ашылу салтанатына асыл жары, бақытты әже Бақытжан Жанғалиқызы, қызы Жібек, келіні Руфия және С.Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушылары арнайы қатысып келді. Олимпиаданың ашылу салтанатындағы атқарылған жұмысқа келген қонақтар ризашылығын білдірді. Олимпиадаға аудан көлемі бойынша 90 оқушы қатысып, өз білімдерін жаратылыстану бағыты бойынша сынады. Олимпиада жеңімпаздарын Жібек Берлібекқызы қаржылай сияпат жасап, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ мөрі басылған мақтау қағазымен марапаттады. Олимпиада соңында Берлібек ағаның асыл жары сөз алып, арнайы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» суреті салынған картинаны кабинетке сыйға тартып, немерелері атынан мектеп ұжымына қаржылай көмек берді.

Отбасындағы тәлім мен тәрбие, әке мен ананың бір-біріне деген құрметі, ата-ананың балаға деген қамқорлығы, еңбек еткен ортадасында адалдық пен жауапкершілік, міне, осындай құндылықтар Берлібек Әбікеұлының ұрпақтарының биіктен көрінуіне зор ықпал етті. Жыл сайын Жібек Берлібекқызымен шығармашылық қарым-қатынастарын үзбей жас ұрпаққа білім нәрін шашып жол көрсетіп келе жатқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушылары Т.Абылайханова,  А.Бухатова,  Ж. Болатова алтын уақыттарын қиып «Білім берудегі адами ресурстарды басқарудың қазіргі заманғы тәсілдері: мұғалімдердің кәсіби дамуы» тақырыбында онлайн-курс өткізіп, олимпиада қорытындысын жасады.

Біздердей қарапайым мектепке келіп, олимпиада өткізіп, ғылыми-конференция жасап, ұстаздар қауымын қолдағаны үшін, ұжым атынан бас иіп алғыс айтамыз! Отбасынан үлгі мен өнегенің көзін көрген, әкенің сөзін, ананың аялы алақанын құрмет тұта білген Ж. Рахметулина олимпиада алауын жаққан оқушыларға қаржылай сыйлық берді. Биылғы мамыр айында ол өз қаражатына мектебіміздің 10 дарынды оқушыларының Астананы тегін аралап, танысып қайту сапарын ұйымдастырды.

Бұл балалар үшін қуатты шабыт және жаңа арманның кепілі болды. Осы сапардан кейін, қасиетті қара домбыраның құлағында ойнайтын екі оқушымыз, Астана қаласына студент атануға жол тартты. Көрсетілген қолдаудың жас буын үшін үлкен мәртебе, ынталандыру қадамы болғаны даусыз. Әке ізін ғасырмен сабақтастыра білген Жібек Берлібекқызының еңбегі мен тәлім-тәрбиесі жаңа ғасырда аса құнды да, өзекті деп білемін.

Асель Сергазыевна КУСАИНОВА,
Мектеп жанындағы интернаты бар жалпы орта білім беретін №6 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Абай облысы, Аягөз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий