Ұлағатты ұстаз – ұлт шырағы

Ұлағатты ұстаз – ұлт болашағының темірқазығы. Білім мен тәрбиенің ұлы жолында табанды еңбек етіп жүрген, жаңашыл ойлайтын, заманауи білім беру ісіне тың серпін әкеліп жүрген тұлғалар лайым құрметке лайық. Осындай жанның бірі – Атырау облысы, Исатай ауданы, Өркен ауылындағы Өркен орта мектебі директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанна Аманбаева. Ол ұстаздық ұлы қызметке жәй мамандық ретінде ғана қарамайды. Жүрегімен, бар болмысымен беріле атқарады. Бәлкім, оны өзгелерден оқ бойы озық қып тұратын тұсы осы да шығар. Еңбегін тарих пәнінің ұстазы болып бастаған ол, талай буын өкілдерін қазақтың, дүние жаһанның тарихымен таныс қылып, өткен ғасырларға терең бойлатты. Тың болмысының, ізденімпаздығының арқасында ол республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының жүлдегері атанып, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсының жеңімпазы болып үлгерді. Газетіміздің бүгінгі санында жарық көріп отырған бұл кең көлемді сұхбат – бір маманның еңбек жолы жайлы ғана емес, жалпы білім беру жүйесіндегі өзгерістер, жаңашылдықтар мен ұстаздың ішкі әлемі туралы тұшымды әңгіме. Сұхбат оқырманға ой салып, ұстаз болмысының биіктігіне бойлатады деген сенімдеміз.

– Жанна ханым, алдымен елдің білім саласындағы бірінші басылымы болып саналатын газетімізге тұшымды ойлар легімен бөлісіп, сұхбат бергеніңіз үшін зор алғыс білдіремін. Әңгіменің әлқиссасын тағдырыңыздағы оң таңдау турасынан бастасақ. Ұстаздық жолыңыз қалай басталды? Осы мамандықты таңдауға не себеп болды?

– Бұл кездейсоқ таңдау емес, саналы шешім әрі бала кезден арманым еді. Сол бала арман мені ағартушылық жолға жетеледі. Мен әрқашан білімге құмар болдым және өз білгенімді басқалармен бөліскенді ұнататынмын. Алғашқы еңбек жолым өзім білім алған Исатай ауданындағы Х.Нәубетов атындағы орта мектептен басталды. Өзіме сабақ берген білікті ұстаздармен қызметтес болу менің бұл қызметке деген жауапкершілігімді арттырды. Менің кәсіби маман ретінде қалыптасып, дамуыма үлес қосқан осы аяулы білім ордасы да сол мектеп болатын.

– Сіздіңше, тарих пәнінің білікті мұғалімі қандай қасиеттерге ие болуы керек?

– Мұғалім, ең алдымен, өз пәнін жетік білуі тиіс. Ол тек фактілерді ғана емес, тарихи процестерді, оқиғалардың себеп-салдарын, әртүрлі тарихи көзқарастар мен деректерді терең түсінуі керек. Оқушылардың сұрақтарына толыққанды жауап беріп, олардың тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін тарихи білімі жан-жақты болуы маңызды. Тарих – бұл тек фактілер жиынтығы емес, ол – оқиғаларды талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру. Мұғалім оқушыларға ақпаратты тек қабылдап қана қоймай, оны сыни тұрғыдан бағалап, өз қорытындыларын жасауға үйретуі керек. Бұл олардың болашақта кез келген ақпаратты сараптай білуіне көмектеседі. Қысқаша айтқанда, тарих пәнінің мұғалімі терең білімді, педагогикалық шеберлігі жоғары, адамгершілігі мол және сыни ойлауға баули алатын тұлға болуы керек деп есептеймін.

– Ұстаздық қызметте сіз үшін ең үлкен жетістік қандай болды? Жалпы, жетістікке толы жылдарға көз жүгіртсек.

– Әрине, ұстаздық еңбектің нәтижесі – шәкіртінің жеткен жетістігімен өлшенетіндігі белгілі. Ұстаздық қызметте жүздеген шәкірттерді мамандыққа бағдарлап, пәндік олимпиадаларға қатыстырып, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін дамытуда көптеген жетістіктерге бірге қол жеткіздік. Қазіргі өзімнің қызмет ететін мектебімде тұңғыш республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы мен ғылыми жоба конкурсы жеңімпаздарына жетекшілік еттім. Атап айтар болсам, республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы Махметова Айшагүл, «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының жеңімпаздары Қилап Ақнұр мен Қилап Нұриман. Өткен оқу жылы мен үшін республикалық деңгейде шығармашылығымды таратып, кәсіби бағытта өзімді жетілдірген жыл болды. Осыған дейін республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының жүлдегері болсам, өткен жылы республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсының жеңімпазы атанып, іс-тәжірибем республика көлеміне таратылды.

– Бүгінгі қоғамда тарих пәнінің орны қандай деп ойлайсыз?

– Ұлттық сананы қалыптастыруда, сыни ойлауды дамытуда, бүгінгі шәкіртке тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің құндылығын ұғындыруда, қазіргі заманғы проблемаларға шешім іздеуде тарих пәнінің алатын орны ерекше. Сондықтан да бізге, тарих пәні мұғалімдеріне өте жоғары деңгейдегі жауапкершілік жүктелген. Қазақстан тарихы тәуелсіздіктің қаншалықты қиын жолмен келгенін көрсетеді. Тарихты оқу арқылы шәкірттер, мемлекеттіліктің құндылығын, оны сақтап қалудың маңыздылығын түсінеді. Бұл – елдің ертеңі үшін маңызды азаматтарды тәрбиелеуде өз өлшеусіз септігін тигізетіні сөзсіз.

– Тарихты оқыту арқылы оқушы бойында қандай құндылықтарды қалыптастыруға болады?

– Тарихты оқыту арқылы оқушы бойында көптеген маңызды құндылықтарды қалыптастыруға болады, олар: ұлттық патриотизм мен ұлттық мақтаныш, адамгершілік пен жанашырлық, толеранттылық, сыни ойлау және талдау дағдылары, өзгерістерге бейімділік. Тарих сабақтарында адамзат тарихындағы әділетсіздіктер, соғыстар мен қасіретті оқиғалар да қарастырылады. Бұл оқушының бойында адам өмірінің құндылығын, бейбітшіліктің маңыздылығын, басқа халықтарға деген жанашырлық пен төзімділікті қалыптастырады. Тарих уақыттың және қоғамның үнемі өзгеріп отыратынын көрсетеді. Тарихи процестерді зерттеу арқылы оқушылар өзгерістерге бейімделудің, жаңа жағдайларға тез үйренудің және алға ұмтылудың маңыздылығын түсінеді. Ол басқа халықтардың мәдениеті мен тарихына құрметпен қарауды үйренеді.

– Оқушылардың тарихи санасын дамыту үшін қандай әдістерді қолданасыз?

– Оқушылардың тарихи санасын дамыту үшін бірнеше тиімді әдістер нәтижесін береді. Өз тәжірибемде, мәселен, жоғары сынып оқушыларына тарихи дереккөздермен жұмыс істеу, сыныпта пікірталастар мен талқылауларды жиі ұйымдастыруды үйретемін. Жобалық жұмыстар мен зерттеулермен жұмыс істейтін болсам, төменгі сынып оқушыларына ойын элементтерін үздіксіз пайдаланамын. Сонымен қатар сұрақ қоюдың әдістерін тиімді ұйымдастыру да өз нәтижесін береді.

– Тарих пәнін оқытуда ұлттық болмыс пен жаһандық көзқарасты қалай үйлестіресіз?

– Тарих пәнін оқытуда ұлттық болмыс пен жаһандық көзқарасты үйлестіру – оқушылардың тарихи санасын кеңейтудегі маңызды міндет. Бұл екі ұғым бір-біріне қайшы емес, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұрады. Отан тарихын әлемдік контекстпен байланыстыру, қаһармандарымызды әлемдік тұлғалармен салыстыру, жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауды әр сабағымда тиімді үйлестіремін.

– Білім беру саласындағы қандай инновациялық жобаларға жетекшілік еттіңіз немесе қатысудасыз?

– Мен мектебіміздегі инновациялық жұмыстарға басшылық жасаймын. Мектепте құрылған пәндік әдістемелік бірлестіктер мен озық педагогикалық идеяларды тарату мақсатындағы шығармашылық топ жұмысымен бірлескен шараларды ұйымдастырып, мектеп ұстаздарының, жас мамандарының кәсіби өсуіне, сонымен қатар, озық іс-тәжірибені аудан, облыс, республика көлемінде таратуға күш жұмсап келеміз.

 – Инновацияны мектепке енгізу кезінде кездесетін кедергілер қандай және оларды қалай шешуге болады?

– Шын ниетпен, ұйымдасқан түрде қолға алынған істе кедергі болмауы керек. Әрине, кейбір мұғалімдер жаңа әдістер мен технологияларды игеруге дайын болмауы, кейбіреулері өздерінің бұрынғы жұмыс тәсілдерінен бастартқысы келмеуі немесе инновацияның тиімділігіне күмәнмен қарауы мүмкін. Бірақ, мұндай кедергілерді жеңуге әбден болады. Басшылықтың қолдауы, уақыт пен ресурстарды тиімді бөлу – бұл кедергілерді уақытында жоюға көмектеседі деп есептеймін.

– Сандық технологиялар тарих пәнін оқытуда қаншалықты тиімді?

– Цифрлық технологиялар тарих пәнін оқытуда өте тиімді құрал болып табылады. Мультимедиялық материалдар (бейнероликтер, деректі фильмдер, анимациялар мен 3D модельдер), виртуалды турлар, электронды кітапханалар және архивтер, геоақпараттық жүйелер, интерактивті тақталар мен қосымшалар тарих пәнін түсінуге, талдауға және зерттеуге бағытталған оқыту әдісіне көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл әдістер оқушылардың сыни ойлау, ақпаратты сараптау және бірлесе жұмыс істеу дағдыларын дамытуға үлкен септігін тигізеді.

– Мектептегі жаңашылдықтарға ұстаздар мен оқушылардың көзқарасы қандай?

– Өте жақсы. Жылдан жылға шығармашылық қабілетін арттырып, кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамыту бағытын ұстанған ұстаздардың, түрлі додаларда топ жарып, биіктен көрініп келе жатқан оқушыларымыздың артып келе жатқандығы қуантады.

– Қазіргі жастардың тарихқа деген қызығушылығы қандай деңгейде?

– Өз Отанының тарихына қызығатын, өткен және болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтын білім алушылардың көптігіне қуанамын. Қазіргі оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын арттыруда мұғалімнің рөлі ерекше маңызды. Сондықтан, оның жаңашыл әдістерді қолдануы, оқушыны пәнге қызықтыра білуі оқушылардың көзқарасын түбегейлі өзгерте алады.

– Жаңа буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуде мектептің рөлі қандай?

– Жаңа буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуде мектептің рөлі өте маңызды және жан-жақты. Тарих пен ұлттық құндылықтарды оқыту арқылы патриоттық сезімді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу, елдің болашағы үшін жауапкершілікті сезіндіру, ұлттық спорт пен өнерді насихаттау – мектептің мойнында. Мектеп жаңа буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуде тек білім берумен шектелмей, тәрбиелік жұмыстар арқылы оқушылардың бойында ұлттық сана, жауапкершілік және патриоттық сезімді қалыптастыратын маңызды орта болып табылады. Бұған барша ұстаздар бірдей атсалысуы қажет.

– Қазақ халқының тарихындағы қандай оқиғаларды оқушыларға міндетті түрде білу қажет деп санайсыз?

– Қазақ халқының тарихы өте бай және терең. Қазіргі жас өрен Қазақ хандығының құрылуы, жоңғар шапқыншылығы және қазақ халқының азаттық күресі, ұлт-азаттық қозғалыстар, ХХ ғасырдағы нәубеттер, Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы тақырыптарын терең меңгеруі тиіс деп есептеймін. Бұл оқиғалар қазақ халқының тарихи санасын қалыптастыруда негізгі рөл атқарады және әрбір оқушы оларды тек факт ретінде емес, өз халқының өмір жолы ретінде білуі керек.

– Тарихты бұрмалаудан қалай сақтану керек? Мұғалімнің бұл бағыттағы міндеті қандай?

– Тарихты бұрмалаудан сақтану – білім берудегі ең маңызды міндеттердің бірі. Мұғалімнің бұл бағыттағы міндеті зор. Мұғалім сабақ барысында өз көзқарасын ұсынудан аулақ болуы тиіс. Оның міндеті – оқушыға барлық көзқарастар мен деректерді ұсынып, дұрыс қорытынды шығаруына бағыт-бағдар беру. Интерактивті әдістерді қолдану да маңызды. Пікірталастар, дөңгелек үстелдер, жобалық жұмыстар сияқты әдістер арқылы оқушылар тарихи оқиғаларға қатысты өз пікірлерін ашық айтып, басқалардың көзқарастарын тыңдауды үйренеді. Бұл оларды бұрмаланған ақпараттың ықпалынан қорғайды.

– Егер уақытты кері айналдыра алсаңыз, тағы да осы мамандықты таңдар ма едіңіз? Неге?

– Ұстаздық – бұл тек білім беру ғана емес, ол – тәрбие беру, болашақ ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру. Менің ойымша, ұстаз болу – қоғамның ең негізгі және жауапты міндеттерінің бірі. Мен балалардың көзіндегі білімге деген құштарлықты көріп, олардың әр жетістігіне қуанамын. Ұстаздық мамандығы менің өзімді де тұрақты түрде дамытуыма мүмкіндік береді. Әр сабаққа дайындалу, жаңа әдістерді іздестіру, оқушылардың сұрақтарына жауап беру менің білімімді тереңдете түседі. Әрбір оқушының ой-өрісі әртүрлі болғандықтан, мен олармен жұмыс істеу барысында өзімді де психологиялық, шығармашылық жағынан жетілдіремін.

Сондықтан, уақытты кері айналдырсам, осы мамандықты еш ойланбастан қайтадан таңдар едім. Бұл мамандықтың қоғамдағы мәні мен одан алатын рухани қанағат ешқандай басқа мамандықпен теңесе алмайды.

– Жанна ханым, сүбелі сұхбатыңызға, ой саларлық озық пікіріңізге зор алғыс. Білім көкжиегіңіз Сізді әлі талай биікке шақырарына сенім кәміл. Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан:
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий