Тілімізді түсініп, салтты сыйлағандар дәстүрімізді дәріптеуде
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жуырда жариялаған ресми ақпаратына сүйенсек, алдағы жаңа 2025-2026 оқу жылында республиканың барлық аймағындағы бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің ата-аналары тарапынан тапсырылған құжаттардың жетпіс пайызын мемлекеттік тілде оқуға берілген өтініштер құрайды екен. 2023-2024 оқу жылында еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алса, олардың 364 мыңы бірінші сыныпқа қабылданыпты. Екі жыл бұрын бұл балалардың 68,2 пайызы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Сол кезде мемлекеттік тілде білім алуы бойынша Шымкент қаласынан кейін Түркістан және Алматы облыстары көш бастағанын білдік. 2021 жылы ағарту ордаларының табалдырығын тұңғыш аттаған ұл-қыздардың 64 пайызы қазақша білім алуды ұйғаса, соңғы төрт жылда бұл көрсеткіштің алты пайызға жоғарылағанына көз жеткізіп отырмыз. Демек бұл тәуелсіз еліміздің әр аумағында қоныстанған миллиондаған қандастарымызды айтпағанда жүздеген басқа этностың өкілдері бауыр еті балаларының баянды болашағын ұлттық татулық пен бірліктің негізгі факторы саналатын мемлекеттік тілмен байланыстыратындығына нақты дәлел.
– Біздің мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орталығының бүлдіршіндері қалалық және республикалық байқауларда жарқырай көрінуде. Қазақстан – көпұлтты, тату ел. Ел болашағы – өскелең жас ұрпақтың қолында десек, осы кейінгі буынның арасында мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне құрметпен қарайтын өзге этнос өкілдерінің көбейгені үлкен қуаныш. Осы үрдіс кішкентай тәрбиеленушілеріміздің арасынан айқын көрініс табуда. Бұл – үлкен жетістік. «Радуга» және «Ягодка» топтарының тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі мәдени, өнер және білім байқауларында да жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Александра Ким – 4 жастағы корей қызы. Ол «Өнерім саған, Қазақстан!» атты қалалық білім басқармасының әдістемелік орталығы ұйымдастырған жергілікті байқау мен республикалық кезеңде бас жүлдені иеленді, – дейді №49 «Жасұлан» бөбекжай-бақшасының қазақ тілі мұғалімі Гулнар Камысбаева.
– Оның қазақ тілінде еркін және көркем сөйлеу қабілеті, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтинсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін мәнерлеп айтуы көрермен мен қазылар алқасын тәнті етті. Александраның жеңісі – оның зеректігі, талпынысы мен алған тәрбиесінің айғағы. Өнерлі өреннің сөйлеу машығы, дауыс ырғағы мен эмоцияны жеткізе білу қабілеті, сахнадағы сенімділігі – ұзақ дайындық пен мемлекеттік тілге әке-шешесінің құрмет белгісі. Сондықтан біз дарынды балдырғанды жарық жұлдызымыз ретінде орынды мақтан тұтамыз. Рас, тәрбиешілер тарапынан ата-аналармен берік байланыс орнатылғандықтан түрлі жарыстар мен дөңгелек үстел, тақырыптық тренингтер жиі ұйымдастырылады. Баланың жеке дара тұлға болып қалыптасуына қажетті үштік одақтың маңызы зор. «Ягодка» тобының үш жасар өзбек ұлтының өкілі Гапуров Миразим мен оның анасы Гапурова Мухайе жергілікті әдістемелік орталық ұйымдастырған «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» байқауында «Үздік композиция» аталымы бойынша марапатталды.
Отбасылық тәрбие мен шығармашылықты дәріптейтін, ерекше форматтағы бұл сайыста ұғымтал ұлан мен анасы қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақы қолөнердің үздік үлгісін көрсете білген. Мухайе ұлттық ою-өрнектерді қазіргі заман талабына сай қалай қолдану қажеттілігіне тоқталса, ұлы қайшымен қиылған бөліктердің мәні мен мағынасын түсіндірумен қатар қиюын келтіре тамаша құрастырып шықққан. Балабақшадағы бүлдіршіндер күн сайын үйретілетін әрбір жаңа сөздерді тез әрі мұқият естерінде сақтап, күнделікті қарым-қатынаста еркін қолданады екен. Демек бұл – мемлекеттік тілді меңгерудегі қызығушылық пен саналы көзқарастың қалыптасқандығын білдіреді. Тәрбиеленушілердің осы жетістігін – олардың жеке дарыны мен талпынысының ғана емес, сонымен қатар орталықтағы ұлттық бағытта білім беру бағдарламасына сай жоспарлы жүргізілетін жүйелі тәрбиенің жемісі деуге толық негіз бар.
Гулнар Кожабековнаның айтуынша, педогогтердің қажырлы еңбегі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесінде балалар қазақ тілін жүрекпен сезініп, еркін меңгеріп келеді. Балаларға мемлекеттік тілді үйретуге қажетті көрнекілік, ойын әдістері, ән, би, көркем әдебиет кеңінен қолданылады. Нәтижесінде өзге ұлттың балалары қазақ тілін тек пән ретінде емес, тірі қарым-қатынас құралы ретінде қабылдайтын дәрежеге жеткен. Олар – еліміздің көпұлтты, тату қоғамының жарқын бейнесі. Бүлдіршіндердің қазақ тілінде еркін сөйлеуі мен көркем өнер көрсетуі – мемлекеттік тілдің болашағы зор екенін дәлелдейді. Ұлттар достығы мен бірлігі – еліміздің басты құндылығы. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген отандастарымыз – қоғамдағы татулық пен бейбітшіліктің тірегі.
– Валитова Ранида Сергейқызы оныншы сыныптың оқушысы. Ұлты – татар. Аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. 2022-2023 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде бірінші және облыс бойынша екінші орын жүлдегері атанған ол, одан кейінгі кезде де білім бәйгесіне белсене қатысуы нәтижесінде алдыңғы қатардан көрінді. 2024-2025 оқу жылында ұйымдастырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде бірінші орынмен марапатталып, орыс сыныптарындағы қазақ тілінен ауыл олимпиаданың облыстық кезеңінде екінші орынды иеленген болатын. Рас, ұстаз үшін шәкіртінің жетістігін көруден асқан бақыт жоқ. Ранида мен үшін – мәртебелі мақтанышқа лайықты, шығармашылығы мен шеберлігін шыңдап жүрген, болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкірттерімнің бірі, – дейді Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Данияр Дидарұлы Нысанғалиев.
– Ол өзге ұлттың өкілі бола тұра мемлекеттік тіліміз қазақшаны жетік меңгеріп, оны ерекше сүйіспеншілікпен үйренуі – оның рухани дүниесінің байлығын, жан дүниесінің тазалығын көрсетеді. Ранида – талпыныстың, табандылықтың, ізденістің үлгісі. Дарабоздар додасында топ жарып, ұлағатты ұстаздары мен алтын ұя мектебін, туған жерін абыроймен танытып жүрген дарын иесі. Болмысы бөлек білімгердің мінезі мен тәртібі де қатарластарына үлгі-өнеге. Әдептілігі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуі – тағылымға толы тәрбие берген ардақты ата-анасы мен жеке қарымды қабілетінің жемісі. Ранидамен әр сабағым қызықты әрі мазмұнды өтеді. Оның көзіне қарасаң – білуге деген шынайы құштарлық пен болашаққа деген сенім бар. Ондай жанға пән тақырыбын терең түсіндіріп, ізденісіне бағыт пен бағдар берудің өзі бір бақыт. Әрбір сұрағына ойланып жауап бересің, себебі ол барлық дәріс туралы озық ойы мен пайымды пікірін ашық әрі сауатты жеткізуге дағдыланған.
Қостанай облысының шекара шебінде орналасқан Қарабалық ауданында мемлекеттік тілге қызығушылық танытқан дарынды жастар аз емес. Солардың бірі – тоғызыншы сыныпты жақсы бағалармен қорытындылаған Сергей Макей. Ол былтыр ұйымдастырылған «Мемлекеттік тілге жеті қадам» облыстық байқауының жүлдегері. Талапты оқушы құрбы-құрдастарының ортасына өнеге және жергілікті жастар қауымын қазақ тілін үйренуге шақыруымен ерекшеленеді. Шәкірттің отбасы Шадықсай ауылында қоныстанса, өзі М.Горький атындағы жалпы білім беретін мектептің жанындағы интернатта жатып оқиды. Талапты оқушының қазақ тіліне деген ынтасы, сөйлеу, жазу машығы күн ұзаған сайы артып келеді. Білімгердің тіл үйренуге деген талпынысын байқаған ұлағатты ұстаздары оны түрлі деңгейдегі байқауларға қатыстырып жүр.
– Сергей сабақта өте зерек, ұғымтал, бағдарламаны тез меңгереді. Қазақша білуге деген ынта-жігері мені ерекше тәнті етеді. Мемлекеттік тілді жан-жақты үйренгісі келетін ерекше талпынысына басқа оқушылар да еліктеп, қазақша сөйлесуге барын салуда. Сондықтан бұл шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін. Біліммен қаруланған, бірнеше тілді меңгерген, бойына тәлім-тәрбие жиған тұлға болып қалыптасуына жан-жақты жағдай жасаумен қатар бар мүмкіндікті қарастыруға мүдделіміз. «Мемлекеттік тілге 7 қадам» жобасына қатысу өтінімін ол былтырғы оқу жылының аяғында беріп, жазғы демалыс уақытында жобаның түрлі кезеңдерінен сүрінбей өтті. Байқауда қатысушыларға қазақ тілінде эссе жазып, туған өлке жайында бейнеролик түсіру міндеті жүктелген еді, – дейді осы білім ордасындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елмира Қисықова.
Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, ертегілер желісіне комикс дайындау міндеттелген екен. Мұның бәрі жас дарынның оң жамбасына келіп, ерекше зердесімен көзге түсті. Айта кетерлігі, алдыңғы жылы бұл жобаға Сергейдің туған әпкесі Надежда да қатысыпты. Бірақ жүлделі орындарға ілігуге бір қадам жетпей қалған. Ал былтыр Надежданың алмаған асуын Сергей бағындырып, ата-ана мен ұстаздар үмітін ақтап, аудан намысын жоғары деңгейде қорғады. Атап айтқанда облыс бойынша үздік бестікке кіріп, 100 мың теңге қаржылай сетрификат пен Алғыс хатқа ие болды. Талапты оқушы мемлекеттік тілді үйрену әрбір қазақстандыққа қажет құндылық деп есептейді.
– Біз бірлігі мен берекесі жарасқан көпұлтты елде тұрып жатқанымызға қуанамыз. Мемлекеттік тілді меңгеру үшін ортамен, ұстаздармен көбірек қазақ тілінде сөйлесудің маңызы зор. Қазақша кітаптар оқып, ән тыңдау тілді тез меңгеруге септігін тигізеді. Мен осы тәуелсіз мемлекетте дүниеге келіп, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмын. Бұл – баршамыздың бақытты Отанымыз. Сондықтан қазақ халқына құрмет көрсету – міндет. Ұлттық дәстүрін дәріптеп, салтын сақтағанымыз абзал. Мемлекеттік мәртебе берілген қазақ тілін білуді әр азаматтың қасиетті парызы ретінде түсінемін. Осы орайда жастар қауымы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқанын қалаймын, – дейді Макей Сергей.
Жалпы алғанда бұл ауданда мемлекеттік тілді насихаттау үшін барлық жағдай жасалған. Тілдерді оқыту орталығында тегін курстар жемісті жұмыс істеп келеді. Жергілікті ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері тарапынан биыл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында қазақ тілін меңгергісі келетін отбасыларға арналған арнайы жобаның іске қосылғанын айрықша атап айтқан абзал. Демек алдағы уақытта да бұл бағыттағы ізгілікті істер жарасымды жалғасын тауып, тіл мәртебесі арта түсетініне қарапайым халықтың сенімі мол.
Шығыс Қазақстан облысында жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларының жан-жақты білімін арттырып, түрлі дағдыларын жетілдіру үшін игі бастама іске асырылып жатыр. «Қонақжай отбасы» деп аталатын бұл жаңа жоба өзге этнос өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған. Уақытша жасақталған шағын топтың құрамындағы ұл-қыздар ауқымды бағдаламаның аясында аймақтағы арнайы белгілеген ауылдарға барып, сол өлкенің терең тарихынан сыр шертетін ескерткіштермен қатар көрікті жерлерді аралайды. Қазақтың ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен танысып, халық аспаптарында ойнау үшін қазақ тілді отбасыларымен бірге тұрып, қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігіне араласады. Облыстың бұрынғы әкімі, қазіргі кезде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Көшербаев Ермек Беделбайұлының бастамасы бойынша және жергілікті бюджеттен қажетті қаржы көзін қарастыруымен осыдан екі жыл бұрын қолға алынған екен.
– Бұл жоба өңірде жоғары тиімділігін көрсетуде және уақыт ұзаған сайын ата-аналар мен балалардың тарапынан қызығушылық артып келеді. Ең қуаныштысы: жастар тілді үйренумен қатар достық пен түсіністіктің негізінде дүниетанымын кеңейту арқылы отаншыл ұрпақ ретінде тәуелсіз мемлекетімізді құрайтын құндылықтарға құрметтерін қалыптастыруда. Ауылға арнайы барған балғындарды қуана қарсы алған қонақжай отбасының иелері де жобаға жоғары бағасын беріп үлгерді. Бұл бастаманы ілгері дамытуға жергілікті қоғамдық ұйымдар мен жанашыр жандар көмек қолын созып, ортақ мақсаттағы бірлескен шараларды ұтымды ұйымдастыруға ниетті. Сарапшы мамандар да ізгі жобаның кейінгі буын өкілдері арасындағы мәдени интеграция мен азаматтық тәрбиенің мықты құралына айналғанын айтуда, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
«Қонақжай отбасы» жобасына қатысушы балалардың ата-аналары тарапынан ұйымдастырушыларға жолдаған ризашылық тілектерінде бұл жобаны толеранттылықты қалыптастыруға, тілдік бейімделуді арттыруға және оқуды қызықты әрі мазмұнды етуге көмектесетіндігіне басымдық бергенін білдік. Сіздердің жан жылулықтарыңыз бен қамқорлықтарыңыздың арқасында балалар өздерін жайлы, әрі қауіпсіз сезініп, жаңа әсер алып, достар тапты. Олар қазақ халқының мәдениеті, дәстүрімен тереңірек танысып, ұлттық өнер, аспаздық және салт-дәстүрлер бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Жобаның әр сәті балалар үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Ізгі ниет, шыдамдылық пен мейірімдеріңіз үшін алғысымыз шексіз, – деп ағынан жарылған олар Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшалары арқылы жолдаған бейне жазбаларында.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...






