Ұлтының ұлы мұратына адал ұстаз

Қазақ елінің көгінде жұлдыздай жарқырап өткен тұлғалар болады. Олар өмірден озса да, артында өшпес із, өлмес өнеге қалдырады. Сондай аяулы жандардың бірі – Қанипа Бітібаева (1945-2014 ж.ж.) еді. Ұстаз деген ұлы есімді иеленіп қана қоймай, оны ұлт тағдырына айналдырып кеткен ерекше жан болатын. Қанипа Омарғалиқызының есімі қазақ әдебиеті мен ана тілін оқыту әдістемесіне алтын әріппен жазылған бірегей есім дер едім. Ол – мектеп қабырғасындағы әдебиеттің жүрегін соқтырған, сөз өнерін сүюге баулыған, сөз қадірін өз қадірінен артық қойған ұлағатты ұстаз.

Оның сабағында Абай тіріліп, Әуезовтің есімі әуелеп, Мұқағалидың жырларымен жүрек елжірейтін. Қанипа апай шәкіртіне қазақ әдебиеті жай ғана пән емес, ұлттың рухани тамыры екенін ұғындырды. Мен Қанипа Омарғалиқызымен бірнеше рет кездесіп, ой бөлісіп, пікір алмасқан сәттерімді өзіме үлкен мектеп санадым. Оның қарапайымдылығы мен терең парасаты, әр сөзінің мағынасы мен салмағы мені әрдайым таңғалдыратын. Әр шәкіртін тұлға деп таныған, әр сабағын шеберханаға айналдырған ұстаздың бойындағы биік рух пен ұлтқа деген адалдық менің де өмірлік ұстанымыма айналды. Ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында мектеп басқару тәжірибемде түрлі жағдайлардың куәсы болдым.

Мектеп табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіннің ана тілінде бір ауыз сөз білмеуі, ата-анасымен өзге тілде шүлдірлеуі жаныма қатты бататын. Баласымен қосып ата-ананың да арқасынан қағып отырып: «Қарағым, тіліңді ұмытпа. Ана тілі тек қазаққа ғана керек. Ана тіліңді білмей тұрып, өзгенің тілінде сайрағаның анаға деген сатқындық, тілге деген қиянат екенін ұмытпа. Тарих біздің ондай қателіктерімізді кешпейді», – деген өсиетті ұғындыруға, түрлі саналарға сіңіруге тырыстым. Бірінші сыныпта отырған әр оқушының бойына ұлттық құндылықтың дәнегін себуге күш салып, қолдарына домбыра ұстатып, қазақтығын сезінуге, «қазақпын» деп көкірек кере мақтанып айтуына бар жігерімді жұмсадым.

Осының бәрі Қанипадай ұлт ұрпағының ұлы бесігін тербете білген ұлағатты ұстаздың өсиет-өнегесін үлгі ете білгеніміздің арқасы еді. Ұстаздың өз аузынан шыққан мына бір сөзі есімде мәңгі жатталып қалды: «Ана тілін сүю – Отанды сүюмен бірдей. Ана тілін құрметтемеу – өткенді ұмытумен тең». Бұл жай ғана сөз емес, мұғалімнің өмірлік ұстанымы, күн сайынғы еңбегінің темірқазығы еді. Біз қазір мына бір ұранды сөзді жиі айтамыз: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!». Расында, бұл – пафос емес, бұл – шындық. Мемлекеттің іргесін берік ұстайтын – тіл. Қанипа Омарғалиқызы мұны өмір бойы дәлелдеп өтті. Қанипа Бітібаеваның еңбегі – тілге, елге, болашақ ұрпаққа сіңірген шексіз махаббатының көрінісі. Ол қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа бағыттарын енгізіп, шәкірттерін ойлауға, ізденуге, өз ана тілі арқылы өзін табуға үйретті.

Ол: «Тілдің тағдыры – ұрпақтың қолында. Ал ұрпақты тәрбиелейтін – ұстаз», – деп жиі айтатын. Бұл – әр ұстаздың жүрегіне жазылуға тиіс өсиет. Ұлт ұстазын ұлықтау – елдік парыз. Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева – саналы ғұмырын тек ұстаздыққа ғана емес, әдебиетке ғашық жүректерді тәрбиелеген шебер, бүкіл республика мұғалімдеріне жол сілтеген әдіскер еді. Оның сабақтары – ғылым мен руханияттың тоғысқан тұсы. Ал сол шеберхананың есігін күллі республика педагогтеріне ашқан жан – тіл жанашыры, білім саласының абыройлы қайраткері Роза Мұхаметжанқызы Баттал болатын. Еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі сонау тоқсаныншы жылдары ана тіліміз енді мемелекеттік мәртебеге ие болып, ұлттық білім беру жүйесі жаңаша бағытқа бет бұрған тұста Роза Батталдың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен Қанипа Бітібаеваның авторлық шеберханасы республиканың түкпір-түкпірінен келген қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне таныстырылды.

Бұл ұстаз қауымына ерекше серпін берген, педагогикалық ізденіске жол ашқан үлкен оқиға болды. 1994 жылы сол кездегі ҚР Білім министрлігінің ұсынысымен, Роза Мұхаметжанқызының тікелей ұйымдастыруымен Өскемен қаласында республика көлеміндегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған тұңғыш авторлық шеберхана өтті. Бұл Қанипа Бітібаеваның кәсіби тәжірибесімен бөлісетін ашық алаңға айналды. Сол жылдары республикада қазақ тілін оқытуда жүйесіздік байқалып, жаңа әдістеме енгізу қажеттілігі өткір тұрды. Қанипа Омарғалиқызы өз әдістемесін «Әдебиетті тұлғалық бағытта оқыту» деп атады. Әдебиетті тек мазмұндап беретін емес, әр кейіпкердің ішкі жан дүниесіне үңілуге үйрететін, әр оқушыны шығармашылыққа жетелейтін әдіс. Ол әр сабағын кішігірім қойылымға, драмалық толғанысқа айналдыратын. Мұндай тәсіл ол кезде тың әрі жаңашыл болды.

Роза Мұхаметжанқызы бұл жаңашыл бағыттың бүкіл елге қажет екенін көре білді. Ол: «Ұстаздың еңбегі тек бір мектептің шеңберінде қалып қоймауы тиіс. Озық үлгі көпке ортақ болуы керек», – деп, Қанипа апайдың шеберханасын ел көлеміне таныстыруды өзінің азаматтық міндеті санады. Осы үрдісті біз де жалғастырып, Қ.Бітібаеваны бірнеше рет Алматы қаласындағы №159 гимназияға шақырып, тәжірибе алмасып, озық үлгісімен танысып, гимназиямыздағы мұғалімдердің сабақтарына қатысып, талдап, жақсы жақтарын ерекше атап, жетілдіретін тұстарына әдістемелік қолдау көрсетіп, шығармашылық ашық алаң өткізген едік. Жақсы мұғалім көрсем, мектебіме қарай жетелей жөнелетін әдетім болды. Сондағы ойым – мектебімдегі шәкірттер білімді ұстаздан, өз ісінің шебері бола алатын адамнан білім алса, тәрбие-тәлімін бойларына сіңіріп шықса екен деген жанашыр ой болатын.

Бір ұстаздың көзіндегі жылт еткен ұшқынды байқай қалсам, сол мұғалімнің елеусіз қалмай, күнделікті сабаққа келіп-кетіп жүрмей, шығармашылықпен айналысуына, балаға шын ықыласымен білгенін үйретуге бар күшін салуына қолдан келер мүмкіндікті жасауға тырысып бақтым. Ыбырайша айтсам: «Жақсы мұғалім маған бәрінен қымбат еді. Себебі мұғалім – мектептің жүрегі» екенін жан-тәніммен сезіне білдім. Мұғалімдердің жан-жақты дамуына, әдістемелік жетілуіне жағдай жасап, мектебімізде республикалық тәжірибелік семинарлар өткізіп, ұстаздардың шығармашылықтарын шыңдай білдік. Мұғалімге университет қабырғасында алған білімімен шектеліп қалуға мүлдем жол бермедім. Үнемі ізденісте жүріп, әдістемесін жетілдіру, тынымсыз еңбектену, интеллектуалдық шығармашылық әлеуетінің көтерілуіне қамшылап отыратыным тағы бар. Мұғалімнің қоғам көшінен қалмай, ілгері қадам басуы заман талабы екенін үнемі назарда ұстадым.

Уақыт талабына сай жаңа буын оқулығын басып шығару кезінде мектебімдегі ең білімді, білікті, әдістемесі мықты деген ұстаздарға бағыт-бағдар бере отырып, әр пән бойынша 36 мұғалімді әдіскер ғалымдармен бірлесе отырып оқулық жазып, әдістемелік құралдардың авторлары атанып, бүгінгі оқушының икеміне қарай пәнді оқытудың оңтайлы жолдарын ұсынып, талай дүниенің жарыққа шығуына бастамашы болған еңбегім далаға кетпеді деп есептеймін. Ұжымдағы ұстаздарыма үнемі: «Жақсы мұғалім – қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, зияткерлік шығармашылық әлеуеті зор тұлға», – деп үйретуден жалыққан емеспін. Осы тұрғыда мұғалімдерімнің кәсіби біліктілігін жетілдіру, әдістемесін арттыру мақсатында республиканың түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан түрлі іс-шараларға, сайыстар мен семинарларға қатыстырып, білім бәйгелерінен сырт қалмауын назарда ұстадым.

Әсіресе, қазақ тілі мұғалімдерінің мектептегі орны, қоғамдағы беделі мен үшін ең басты назарда болды. Себебі, ұлт тәрбиесі мұғалімнің қолында десек, сол ұлттың ұрпағын ана тілінің құнарына қандыру қазақ тілі мұғалімдерінің еншісіне тікелей тиесілі еді. Ана тіліне қатысты қай жерде тұшымды дүние болады десе, сол жаққа мұғалімдерімнің бір-екеуінің міндетті түрде қатысуын қадағалап жүретінмін. Дәл осындай мақсатты көздеп, ұжымдағы мұғалімдерімді Өскемен қаласына Қ.Бітібаеваның шеберханасымен танысуға, сабақтарға қатысып, рухани шыңдалуға, ашық алаңда тәжірибе бөлісуге қатыстырып, кәсіби жетілдіруді жолға қойдық.

Мектебімізде еңбек етіп жүрген жас мамандарды жігерлендіріп, кәсіби шыңдау мақсатымен түрлі семинар, конференцияларға қатыстырып, тәжірибелерін арттыруға мұрындық болдым. Ұжымдағы қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігіндегі жас болса да, болашағынан зор үміт күтетін мұғалімдер Сабыр Жансәуле мен Сәуле Ахметованы Қанипа Бітібаевадай ұлы ұстаздың тәлімін алып, тәжірибесін көріп, талай жылдық еңбегі сіңген, табан ақы, маңдай терімен келген абыройын сезінсін, ұлыдан үлгі алсын деген ниетпен Өскеменде өткізілген республикалық семинарға жіберген едім. Сол шығармашыл ортаны көріп шыңдалған ұстаздардың пікірлерін өздерінен тыңдаған жөн болар…

…Аягүл Төреқызының әріптес бойынан жылт еткен сәуле байқаса, оның шеберлігін шыңдап, талабын ұштап, биіктерге жетелеп, қияға тартып, өрге қарай қанаттандыра түсетін ерекше қамқорлығы кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Мектепте, мектептен тыс, қала, республика көлемінде ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға қатыстырып, ашық сабақтар, түрлі тәрбиелік шаралар жүргізіп, бәйгеге қосып, тақымын қысып отыратын апайымыздың сенімінен шығудан артық басқа сезім бізде болған емес. «Сенің қолыңнан келеді», – деген сөзінің өзі жігер беріп, шабытымызды шыңдай түседі. Аягүл Төреқызы бізді нық сеніммен осындай іс-шараның бел ортасына салды. Нағыз майталман мамандардың арасына барып тәжірибе жинақтап қайту, қазақтың Хан апасы Қанипа апайдың шығармашылық шеберханасымен танысып, өткізген сабағына қатысу менің де бағыма бұйырған бақыт болып еді.

2012 жылы Өскемен қаласында өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік семинарына қатысып, өз тәжірибеммен бөлісуім – ұстаздың жолымда жарқырап жанған шамшырақ іспетті болды. Жалпы ұстаздық жолымда ұлылармен жолықтырған тағдырыма шексіз риза екенімді мойындаймын. Еңбек жолымды ақылшы ұстазым Аягүл Төреқызының бағыт-бағдарымен бастағанымды ерекше мақтанышпен айтамын. Мен еңбек жолымда ұлт ұрпағына ұлы қызмет атқара білген Қ.Бітібаева, А.Миразова, Р.Баттал, Г.Құрманбай секілді ұлағатты ұстаздардың ұлтқа, тілге деген ерекше қызметтерін, ақыл-парасатын, үлгі-өнегесін көріп, өз бойыма сіңіруге тырыстым. Өскемен сапарында Қанипа апамыздың жайған дастарқанынан өз қолынан ұсынған асын ішіп, Роза Мұхаметжанқызының ыстық ықыласы мен парасатты пайымына тәнті болған, сол кездегі жас ұстаз, мен үшін одан асқан мәртебе, одан асқан құрмет жоқ еді.

«Мұғалімге ерекше ықыласпен қарайтын, білімді мұғалімді көкке көтеріп, хан көретін бірден-бір басшы – Аягүл Төреқызы екенін білеміз. Сондықтан Аягүл апайдың мектебінен келіп отырған ұстазды жас болса да, ерекше құрметпен дастарқан басына бізбен бірге отыруға шақырамыз», – деген ілтипатынан мен ұлылық һәм қарапайымдылық деген қазақтың бойына біткен асыл қасиеттерді көріп, ұстаз алдында басымды идім. Қ.Омарғалиқызының сабағына қатысып шыққаннан кейін Р.Мұхаметжанқызы: «Қанипа апайдың сабағына қатысқан әрбір мұғалім әдебиетті жаңа қырынан танып шығады. Бұл – ұстаз ғана емес, феномен», – деген сөзі әлі есімде…

Жақсылықтың жаршысы бола білген айналайын ұстаздарым ерекше көреген еді ғой. Өскемендегі бұл басқосу аяқсыз қалмасын, мұғалімдер көзі тірі аңыз адамның тәлімін барынша бойларына сіңіріп қалсын, тәжірибесін көрсін, әдістемесін үйренсін деген мақсатпен Аягүл Төреқызы Қанипа Бітібаеваны Алматы қаласына шақыртып, №159 гимназия мұғалімдерінің сабақтарына, сыныптан тыс іс-шараларына қатыстырып, ұлыдан ұлағат алайық деген өнегелі бастаманы жалғастырған еді. Ашық сабақтар мен тәрбиелік іс-шаралар аяқталған соң, мектептің мәжіліс залына жиналып, республиканың түкпір-түкпірінен келген небір майталман мамандардың пікірлері мен лебіздерін тыңдадық.

Аягүл Төреқызы Қанипа Бітібаевадан: «Мектебімнің мұғалімдерінің өткізген сабақтары туралы бірер ауыз пікіріңізді тыңдасақ», – деп салған қолқасына ұлы ұстаз баппен, байыппен, өзіне ғана тән арқыраған ерекше дауыспен салмақтап тұрып: «Тамаша! Осынша мұғалімді шекесінен шертіп жүріп қайдан жинап алғансыз бір ұжымға?! Ғажап!», – деді таңданысын жасырмай. Әр мұғалімнің сабағын, таңдаған тақырыбын, сабақты беру тәсілін жеке-жеке талдап, тәптіштеп талқылап, ерекше әсер еткен тұстарын баса айтып, қызу талқы жасалды. Мен осы семинарда Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесіндегі кейіпкер бейнесі» деген тақырыпта ашық сабақ берген едім.

Кезек маған келгенде: «Қажымұқанның қайраты мен қажырлы еңбегін жіліктеп тұрып алдымызға ет тартып, сорпа ішкізгендей қылдың, қарағым. Мынадай бір кішкентай әлемді құрсағыңа сыйғызған ерекше күйіңмен (менің аяғым ауыр болатын) өзің де маған Қажымұқанның ерлігін қайталағандай, батыр болып көрініп тұрсың. Ал сені осындай ерлікке жетелеген басшың Аягүл Төреқызы бәрінен де асқан батыр деп түсінемін», – деген сөздері дүйім жұрттың жүрегін елжіретті. Ал мен үшін ұлы ұстаздан дәл осындай баға алып, пікір есту кеудеме жарқыратып жұлдыз таққандай ерекше әсер етті. Мен үшін одан асқан марапат жоқ еді…

Еңбек жолында тәжірибең шыңдалып, мәртебелі мамандықтың қыры мен сырына баулып, білікті маман болып қалыптасуы үшін ұстазға да ұстаз керек. Осы орайда мен өзімді Қанипадай ұлының ұлылығын көрген, Аягүлдей жанашыр жанның аялы алақанның шарапатын сезінген ұстаздық бақытына бөленген жандардың бірімін деп мақтанышпен айта аламын. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі», – деген екен. Рас сөз. Сол төрде Қанипа апайдың орны әрдайым биік. Ол – ұрпаққа ұлтын сүюді үйреткен, сөз өнерін құрметтеуге баулыған дара ұстаз.

Бүгінде біз, кейінгі буын педагогтер, Қанипа Бітібаевадай ұстаздың ізімен жүруді мәртебе санаймыз. Ұлтты сүйетін, ана тілін ардақтайтын, жас ұрпақты тәрбиелеуге жанын арнайтын нағыз ұстаз болу – ол кісінің аманаты. Қанипа апай – біздің жүрегімізде. Оның еңбегі – мәңгілік. Ал ол қалдырған рухани мұра – болашаққа жол сілтейтін шамшырақ. Қазақ педагогика тарихында алтын әріппен жазылған Сіздің есіміңіз ешқашан ұмытылмайды. Жаныңыз жәннатта болсын, жақсы жан, ұлы ұстаз!

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, педагог, Алматы қаласы,

Сәуле АХМЕТОВА,
Қ.Сәтбаев атындағы Binom school мектеп-лицейінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий