Барселонада ұсынылған отандық ой

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ғылымға бет бұрған жастар қарасы көбейіп келеді. Әсіресе, мұнай-газ саласының қарашаңырағы саналатын Атырау өңірінің оқушылары аталған бағыт бойынша түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын даярлап, ұсынып жүр. Соның бірі – Атырау қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Айзере АНДОСОВА. Ол өткен жылы Испанияның Барселона қаласында өткен халықаралық химия конференциясына өзінің ғылыми-зерттеу жұмысының теориялық бөлігімен қатысып, білімімен ерекшеленіп, сәтті баяндама жасаған болатын. Coalesce ғылыми-зерттеу тобы ұйымдастырған бұл конференцияға әлемнің 20-дан астам елінен танымал және білікті зерттеушілер, іскер делегаттар мен талантты студенттер қауымдастықтары қатысты.

Айзере өз зерттеу жұмысының практикалық бөлігінде Атырау мұнай және газ университетінің «Нефтехимия» зертханасында өз химия пәнінің мұғалімі Саид Асиф Аббас пен университет профессоры Сағынаев Аманжан Төремұратұлының жетекшілігімен жұмыс жүргізді. Зертханада олар магнетиттің нанобөлшектерінен тұратын, керосин немесе Para-Oleum Fluid (POF) сияқты бейполярлы ортада ерітілген сіңіргіш (сорбент) дайындады. Бұл – мұнаймен ластанған топырақтар мен мұнай төгілу оқиғаларынан тазарту үшін қолданылатын жаңа магнитті нанотехнология. Жуырда Айзере өзінің ғылыми-зерттеу жұмысын таныстыру үшін Австралияның Корольдік химиялық қоғамынан ресми шақырту алды. Сонымен қатар Айзере өзінің жұмысын Румынияда өтетін конференцияда да таныстырмақ.

Осы тұста біз тың тақырыпты өз зерттеуіне арқау еткен жас ғалымды сөзге тартып, сыр суырпақтадық.

– Айзере, ең алдымен ғылыми жобаңызбен халықаралық конференцияда сәтті баяндама жасап, ел намысын қорғағаныңызбен құттықтаймыз! Айтыңызшы, бұл зерттеу идеясы қалай пайда болды? Сізді дәл осы тақырып неге қызықтырды?

– Сәлеметсіз бе, қолдауыңыз үшін үлкен рақмет. Өз тәжірибеммен бөлісетініме қуаныштымын. Мұнай-газ саласы – экологиялық тұрғыдан ең қауіпті салалардың бірі, себебі мұнай кен орындарын игеруге байланысты экологиялық қауіп-қатерлер өте жоғары. Біз Атырау облысында тұрамыз, бұл өңірде мұнай өндіру еліміздің дамуына зор үлес қосып отыр. Алайда бұл – тек еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды экологиялық мәселе және мен оны шешуге талпынып келемін.

Мұнай мен мұнай өнімдерінің төгілу себептерінің бірі – танкерлерде, өндіруші платформаларда, мұнай құбырларында, мұнай өңдеу зауыттары мен сақтау станцияларында болатын апаттар. Мұндай төгілудің салдары өте ауыр, ал оның салдарын жою үшін орасан зор қаражат, уақыт пен адам ресурстары жұмсалады.

Ең қарапайым есеп бойынша, мұнай қалдықтары жалпы көлемінің жылына небәрі 4%-ы жойылады, яғни 17 жыл ішінде оның тек 60%-ы ғана жойылады. Ал табиғи ортаның толық қалпына келуі үшін бірнеше ондаған жыл қажет болады. Бұл мәселені зерттеу және оны шешу идеясы менің Отанға, қоршаған ортаға, барша әлемге деген сүйіспеншілігімнен туындады. Апат салдарынан зардап шегетін жануарларға жаным ашиды, сондықтан мұнайдың төгілуінен туындайтын зардаптарды жою мен үшін өте маңызды болды.

– Магнитті нанобөлшектер арқылы мұнаймен ластанған ортаны тазарту – өте өзекті әрі күрделі тақырып. Зерттеу барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Әрине, қиындықтар болды, онсыз нәтижеге жету мүмкін емес. Алғашқы бетте мен уақыттың тапшылығына тап болдым. Себебі мен жай мектепте емес, ерекше талап қойылатын мектепте оқимын. Сондықтан бір уақытта әрі білім алып, әрі ғылыми зерттеумен айналысуға тура келді. Сонымен қатар қажетті зертхана табу және оған қол жеткізу де біраз уақытымды алды. Оған қоса жобамды қаржыландыру мәселесі мен әлемнің түкпір-түкпірінен реактивтер іздеу де маңызды әрі қиын мәселелердің бірі болды.

– Барселонадағы халықаралық химия конференциясына қатысу тәжірибеңіз қалай жүзеге асты? Шетелдік жас ғалымдармен байланыс орната алдыңыз ба?

– Иә, бұл жобадан мен, сөзсіз, үлкен тәжірибе жинадым. Өз жобама деген сенімім артты, жас ғалымдардың баяндамаларын, олардың тақырыпты ашу шеберлігін көрдім. Бұл жай ғана жоба қорғау немесе таныстыру емес, бұл – халықаралық тәжірибе, ол мені алға қойған мақсатқа жетуге жетеледі. Осы мүмкіндіктің арқасында мен өз зерттеуімді әрі қарай жалғастырып жатырмын. Қазіргі таңда Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Аманжан Төремұратұлымен, сондай-ақ химия пәнінің мұғалімдері Асиф Аббас және Рахымжан Қосановпен бірлесіп жұмыс істеп келемін.

– Алдағы уақытта Австралия мен Румынияда өтетін конференциялардан не күтесіз? Ғылыми жұмысыңызды одан әрі дамытуды жоспарлап отырсыз ба?

– Мен өзімнің тақырыбымды әрі қарай дамытуға қызығушылық танытып, ғылыми жетекшілеріммен бірге жобамды жалғастыруға ниеттімін. Алда өтетін Австралия мен Румыниядағы конференциялар мен үшін тек ғылыми жұмысымның нәтижесін таныстыру алаңы ғана емес, кәсіби тұрғыдан өсудің маңызды кезеңі болмақ деп ойлаймын. Тәжірибелі зерттеушілерден кері байланыс алу, өз саламдағы заманауи тәсілдер мен үрдістерді білу мен үшін өте қызық. Мұндай іс-шаралар – алға жылжуға, білімімді тереңдетуге, жаңа жобаларға қатысуға, тіпті зерттеулерімді жариялауға үлкен ынталандыру болып табылады.

– Зерттеу жүргізу, халықаралық шараларға дайындық пен күнделікті сабақ – барлығына қалай үлгеріп жүрсіз? Уақытыңызды қалай тиімді ұйымдастырасыз?

– Мен уақытымды алдын ала жоспарлауға тырысамын, жүктемені біркелкі бөлуді көздеймін. Мен үшін теория, тәжірибе және демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Өйткені, дәл осылай ғана өнімділікті де, білімге деген қызығушылықты да жоғалтпай, сақтап қалуға болады деп есептеймін. Отбасы мен тәлімгерлердің қолдауы да бұл жолда үлкен рөл атқарады. Мен кез келген уақытта олардан кеңес сұрай аламын. Жалпы, егер өз ісіңе шын жүректен беріліп, қызығушылықпен айналыссаң, уақыт пен күш-қуатты табу оңай. Тек еңбек ету және өз-өзіңе сену керек.

– Қазіргі білім жүйесіне көзқарасыңыз қандай? NIS мектебінің сізге берген мүмкіндіктері мен артықшылықтарын атап өтсеңіз.

– Менің мектебіме көзқарасым – өте жағымды. Бұл оқу орны маған көптеген мүмкіндіктер сыйлады: сапалы білім алу, ғылыми жұмысыммен халықаралық деңгейде баяндама жасау, еліміздің үздік оқушыларымен бәсекелесіп, өзімді дамыту, көшбасшылық қабілетімді шыңдау, шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындалу, түрлі жобаларға қатысу, үйірмелер мен секцияларға бару, тіпті басқа елдерге барып, өзге оқушылармен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдым.

Биыл маған Қытай Халық Республикасының шақыруымен әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірі – Шэньчжэнь қаласындағы CUHK университетіне барып көруге мүмкіндік туды. Сонымен қатар өз мамандығым бойынша жетекші оқу орындарының бірі – HKBU университетінің жазғы бағдарламасына қатыстым.

– Сіздің ойыңызша, қазақстандық оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?

– Оқып жатқан дүниеңе деген мотивация мен қызығушылық – өте маңызды. Себебі бәрі де оқушының өзіне байланысты: ол айналасындағы адамдар үшін бірдеңе жасағысы келе ме, соған ұмтыла ма – соған қарай нәтиже шығады. Оқушылар тек теорияны жаттап қоймай, өздері тәжірибе жасап, зерттеу жүргізген кезде ғылым олар үшін жеке қызығушылыққа айналады. Сондықтан, менің ойымша, жобалық-зерттеу жұмыстарын мектептің орта буынынан бастап дамыту қажет. Оқушыларды түрлі байқауларға, олимпиадаларға және халықаралық бағдарламаларға қатысуға ынталандыру да маңызды. Осындай мүмкіндіктерді маған мектебім ұсынды. Мен жан-жануар мен табиғатқа зардабын тигізіп отырған өзекті мәселені зерттеу нысаны ретінде таңдадым. Менің басты мақсатым – әлемді жақсарту еді.

– Ғылым жолында сізге демеу болған ең басты адамдар кімдер деп ойлайсыз? Отбасыңыздың сізге тигізген қолдауы туралы айтып өтсеңіз.

– Менің отбасым тарапынан маған үнемі зор қолдау көрсетілді. Ғылымға деген қызығушылығым пайда болған сәттен бастап-ақ, туыстарым менің қабілеттеріме сеніп қана қоймай, байқауларға қатысудан бастап, күрделі зерттеулерге дайындалуға дейін әр қадамымда жан-жақты қолдау білдіріп отырды. Олар менің идеяларыма шын ықыласпен қызығушылық танытып, жетістіктеріме қуанды, қиындықтарды еңсеруге көмектесті. Бұған дейін айтқанымдай, жобаны жүзеге асыру үшін қажетті ресурстар мен реактивтерді табу қиынға соқты. Алайда, анамның, әпкемнің және олардың құрбыларының қолдауымен бұл компоненттерді өзім ойлағаннан әлдеқайда жылдам таба алдым. Мен үшін ең маңыздысы – олардың менің таңдауымды, ғылым жолындағы ұмтылысымды құрметтеп, барынша қолдауы. Бұл жол кейде оңай болмағанымен, уақыт пен күш талап еткенімен, олар әрдайым менімен бірге болды.

– Сізге бағыт-бағдар беріп, шабыттандырған ұстаз кім? Сол кісі туралы ой-пікіріңізді білгіміз келеді.

– Маған химия пәнінің мұғалімі Асиф Аббас үлкен қолдау көрсетеді. Ол – тамаша педагог, ғылыми жетекшім әрі нағыз ұстаз. Сондай-ақ менің ғылыми жұмысымды жүзеге асыруда Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, екінші ғылыми жетекшім Аманжан Төремұратұлы да зор көмек көрсетті. Мектебіміздегі екінші химия пәнінің мұғалімі Рахымжан Қосанов та өз кеңестерімен бөлісіп, менің химия саласындағы білімімді тереңдетуге елеулі үлес қосты. Оның сабағы арқылы мен бұл пәнге бұрынғыдан да терең қызығушылық таныта бастадым.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Ғылымнан тыс қызығушылықтарыңыз қандай?

– Мен лакросспен және бимен айналысамын. Саламатты әрі белсенді өмір салтын ұстанамын. Бұл хоббилерім маған көшбасшылықты, жауапкершілікті және топпен жұмыс істеуді үйретеді. Бұдан бөлек бос уақытымда жақын достарыммен бірге болуға тырысамын – олар қиын сәттерде маған үлкен тірек. Әрине, сонымен қатар, химияны әрі қарай терең меңгеріп, ғылымға өз үлесімді қоса алатын мықты университетке түсуге де тыңғылықты дайындалып жүрмін.

– Ғылымнан бөлек өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қай қағиданы берік ұстанасыз?

– Менің басты қағидам – қандай жағдай болса да берілмей, соңына дейін күресу. Мен үшін «әр істің қайыры бар» деген ұстаным маңызды. Әр нәрсенің себебі бар, сондықтан қиындықтар – жігеріңді құм ететін емес, керісінше, шыңдайтын сәттер. Мақсаттарыма жету жолында кездесетін кедергілерге қарамастан, алға ұмтылуым керек деп есептеймін.

– Болашақта қандай маман иесі болғыңыз келеді? Мақсатыңыз – зерттеуші болу ма, әлде басқа салаға бет бұру ойыңыз бар ма?

– Болашақта мен ғалым болғым келеді және ғылым саласында, әсіресе, химия мен биология бағытында дамуды жалғастырғым келеді. Бұл пәндер менің әрдайым шынайы қызығушылығымды оятатын, себебі олар өзекті мәселелердің шешімін табуға, айналамыздағы дүниені тануға, түсіндіруге және оны өзгертуге мүмкіндік береді. Зерттеушілік қызмет – менің өз мүмкіндігімді толық жүзеге асырып, ғылым мен қоғамға үлес қосып, тұлғалық тұрғыда үнемі дамып отыруыма жол ашатын сала екеніне сенімдімін.

– Сіздің жетістігіңіз көптеген оқушыларға үлгі. Сондықтан бұған дейінгі жетістіктеріңізбен де бөлісе кетсеңіз. Жас зерттеушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Менің жетістіктерімнің қатарында – фортепиано сыныбы бойынша музыка мектебін үздік бітіргенім бар. Бұл қабілет бала күнімнен бастап маған тәртіп пен табандылықты үйретті. 11-сыныпта мектепішілік өзін-өзі басқару ұйымында хатшы болып, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру бойынша есептер әзірлеумен айналыстым. Бұл маған жауапкершілік пен командалық жұмыс бойынша маңызды тәжірибе берді. Сонымен қатар ғылыми жобамды тереңірек түсіну мақсатында «АМӨЗ» және «БатысМұнайТранс» сынды ірі компанияларда тағылымдамадан өттім. Бұл ғылыми-техникалық саладағы нақты жұмыстың қалай жүзеге асатынын жақсырақ ұғынуыма көмектесті. Бұған қоса мен еріктілер ұйымының белсенді мүшесімін – жануарларға және қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесуге тырысамын. Мен өскен ортада әрқашан өзгеге көмектесу – ең асыл қасиет деп үйрететін. Ата-анам мен әжемнің берген тәрбиесінің арқасында бұл құндылықтар менің бойымда әлі де сақталған, сондықтан айналамдағы адамдарға көмектесуге әрдайым дайынмын.

– Өз бойыңыздағы ең мықты қасиет деп нені атар едіңіз? Ал әлі де жетілдіруді қажет ететін тұсыңыз бар ма?

– Менің ойымша, менің ең мықты тұсым – көздеген мақсатыма жету жолында ешқашан берілмеу. Мен өзімді ешқашан үміт үзетін немесе бас тартатын жағдайға жеткізбеймін. Кейде бір істі жасау қолымнан келмейтіндей көрінсе де, ол менің арманым, қалауым болғандықтан, бәрібір соны жүзеге асыруға тырысамын. Алайда, менде әлі де дамытуға тиіс қасиеттер бар екенін жоққа шығармаймын. Солардың бірі – өзімді шамадан тыс жүктемеуге үйрену. Бұл да бір мақсатым және мен оған да бір күні жетемін. Өзіме көбірек көңіл бөліп, күтім жасауға мүмкіндік аламын деп сенемін.

– Егер уақытты кері айналдыра алсаңыз, өз өміріңізде не нәрсені қайта жасар едіңіз немесе өзгерткіңіз келеді?

– Шынымды айтсам, мен ешқашан ештеңеге өкінбеймін. Бұл – мен ұстанатын өмірлік ұстанымдарымның бірі. Өткен өмірдегі қиындықтар мен қателіктер – мені бүгінгі мен еткен маңызды тәжірибелер. Егер бір нәрсе орын алса, демек оның солай болуға себептері бар деп есептеймін. Мен бәрі өз уақытында және белгілі бір себеппен болады дегенге сенемін. Ең бастысы – сол жағдайлардан сабақ алып, өз-өзіңе деген сенімді жоғалтпау.

– Айзере, саған шын жүректен алғыс білдіреміз! Сенің биік мақсаттарың мен ғылымға деген ынта-жігерің бізді тәнті етті. Әлі талай белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтата беретініңе сенеміз. Жолыңа тек сәттілік серік болсын!

Сұхбаттасқан:
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий