Білім – ел болашағының берік іргетасы
Сапалы білім мен саналы тәрбие – қоғамның дамуы мен өркендеуінің басты кепілі. Осы жолда еліміздің әр өңірінде жаңа мектептер бой көтеріп, заманауи оқу құрал-жабдықтары алынып, жас ұрпаққа шығармашылықпен және ғылыммен айналысуға мол мүмкіндік жасалуда. Сол сияқты, Атырау облысындағы Исатай ауданында да соңғы жылдары білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа балабақшалар мен пән кабинеттері ашылып, цифрлық технологиялар енгізілуде. Жуырда аудан орталығында заманауи Өнер мектебінің құрылысы аяқталып, жас дарындардың қабілетін шыңдауға жол ашылды. Бұл игі істердің ұйытқысы – Атырау облыстық білім беру басқармасына қарасты Исатай аудандық білім бөлімінің білікті басшысы Құрманғалиева Гүлайна Махмудақызы. Ол ұстаздардың кәсіби дамуына, оқушылардың білім, өнер және спорттағы жетістіктерін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. «Білімді ел» республикалық газетінің бүгінгі санында біз Гүлайна Махмудақызымен сұхбаттасып, Исатай ауданы білім саласындағы тың жаңалықтар мен алдағы жоспарлар жайында әңгімелестік.
– Гүлайна Махмудақызы, бүгінде ауданның білім беру жүйесін дамытуда қандай басым бағыттар айқындалған? Осы жөнінде кеңірек тарқатып өтсеңіз.
– Білім беру ұйымдарының жұмыс бағыты ҚР Президенті тапсырмаларының стратегиялық даму жоспарынан, нормативтік актілер мен Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының аясында ұйымдастырылып отыр.
Әр қадамымызда, әлбетте, Атырау облыстық білім беру басқармасы мен облыс, аудан әкімдерінің үлкен қолдауын анық сезінеміз. Білім беру жүйесін ілгерілету, жаңа серпін беру мақсатында Атырау облыстық білім беру басқармасының қолдауымен облыстағы 50 мектеп директорлары «Атырау жаңа мектебі» жобасы аясында Финляндия, Эстония елдерінде тағылымдамадан өтіп, мектеп командаларымен бірге модульдік оқытуды бастап кетті. Аталған жобаға ауданымыздан мектеп-гимназия, Аққыстау, Новобогат және Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп командалары қатысты.
Сонымен қатар «Баршаға сапалы білім беру» ұлттық баяндамасы шеңберінде «Мақсатты 943 мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба мақсаты – ішкі және сыртқы талдау нәтижелері төмен көрсеткішке ие болған мектептерді дамыту болып табылады. Бұл жобаға ауданымыздан Исатай, Гагарин және Абай атындағы мектептер қатысады. Жоба барысында аталған мектеп мұғалімдері арнайы курстан өткізіліп, тест тапсырды.
Білім беруде цифрландыруды жүзеге асыру, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып білім беру мақсатында аудан мектептері бірнеше платформалармен жұмыс жасауда. «Google&Canva» платформаларын пайдалану туралы арнайы семинарлар ұйымдастырылып, жасанды интеллект құралдарын пайдалану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар мектептер «Bilimland», «DarynOnline», «Zerdeli» платформалары арқылы жұмыс жасауда. Облыстық білім беру басқармасының қолдауымен PISA сынақтарына дайындықты күшейту мақсатында AMANSULTAN платформасында тренажермен дайындық жұмыстары жүруде.
– Соңғы жылдары ауданда қанша білім беру мекемесі жаңадан салынды немесе қайта жаңғыртудан өтті? Алдағы уақытта мектеп салу мен жөндеуге қатысты қандай жоспарлар бар?
– Ауданда 16 жалпы білім беретін мектеп (10 орта, 1 негізгі, 4 бастауыш мектеп), 1 мектеп-гимназия, 12 бөбекжай-бақша, 3 балалар саз мектебі, 1 оқушылар үйі, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы, №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс жасайды. 2024 жылы Аққыстау және Исатай орта мектептеріне күрделі жөндеу жүргізілсе, 3 мектепке «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» жол картасы аясында жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, жаңғырту жобасы бойынша пәндік кабинеттер сатып алынды. Анығында, 2024 жылы ауданға қарасты 16 мектеп толықтай модернизацямен қамтылды: асханалар мен кітапханалар, пәндік кабинеттер жаңартылды.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Томан елді мекеніндегі балабақша құрылысы аяқталды. Бүгінде қабылдау құжаттары дайындалуда. Жақын арада пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ішінде 1 балабақшаны (Нұршуақ) күрделі жөндеуден өткізуге қаражат сұралып отыр.
Сондай-ақ қазіргі таңда аудан орталығында Өнер мектебінің құрылысы аяқталды, құжаттары жасақталса, оқушыларды қабылдайтын болады. Реновация бағдарламасы негізінде ауданымызда 6 мектеп (Абай, Ж.Мырзағалиев, Ғ.Мәсәлімов, Новобога, Өркен және Х.Нәубетов атындағы мектептер) қамтылады деп жоспарлануда.
Ауданымыздың білім саласында 34 білім беру ұйымдары (16 мектеп, 12 балабақша, 5 қосымша білім беру ұйымдары, 1 түзеу кабинеті) қызмет атқаруда. Ондағы педагогтер саны – 1194.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында 12 мемлекеттік білім беру ұйымдары қызмет атқарады.
– Білім беру мекемелеріндегі оқу сапасы – басты назардағы мәселе. Бүгінде аудан мектептеріндегі білім сапасының деңгейі қандай? Сандармен нақтылап өтсеңіз.
– Биыл оқу озаттары 617 оқушы болса, екпінді 1980 оқушы. Орта білім беру бағыты бойынша 2024-2025 оқу жылында 16 жалпы білім беру ұйымдарында 780 педагог қызмет атқарып, 5238 оқушы білім алды. Оның ішінде 1-сыныпқа 546 оқушы қабылданды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) өткізілетін «PISA-based Test for Schools» (PISA-2024) халықаралық зерттеуіне 3 білім беру ұйымы (Ж.Мырзағалиев, Ғ.Мәсәлімов, Х.Нәубетов) қатысты. Өткен зерттеулермен салыстырғанда математикалық сауаттылық 405 (+23), оқу сауаттылығы 378-ді (+34), жаратылыстану-ғылыми сауаттылық 406 (+45) ұпай көрсеткішін көрсетті.
– Аудан оқушыларының білім, өнер және спорт бағыттарындағы жетістіктері қандай? Облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда қандай нәтижелерге қол жеткізді?
– Ауданымызда 16 мектепте 5230 оқушы білім алуда, олардың ішінде облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдегер болып жүргендері аз емес. Атап айтқанда, Аққыстау орта мектебінің 10-сынып оқушысы Қуат Айзере ауыл мектептері оқушыларының пәндік олимпиадасының республикалық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жүлделі 2-орын иеленсе, ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңіне 2 оқушымыз (Мукарам Игисин, Жұмабекқызы Мөлдір), «Зерде» зерттеу жобалары байқауына 3 оқушымыз (Талапкер Нұрсая, Қилап Ақнұр, Қилап Нұриман) республикалық кезеңге жолдама алды. 2024 жылы республикалық ғылыми жобалар байқауынан Қапсихқызы Дильназ 2-орын, республикалық пәндік олимпиададан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 2-орын иеленді, сондай-ақ ағылшын тілі пәні бойынша Гарифолла Мақсат атты оқушымыз республикалық кезеңде 2-орынды иеленді. Талапкер Нурсая атты Х.Нәубетов атындағы орта мектебіміздің оқушысы республикалық «Зерде» зерттеу жобалары байқауының жеңімпазы атанып, биыл да республикаға жолдама алды. «Алтын сақа» конкурсының республикалық кезеңінде Мусин Медет 2-орынды иеленді. Бұдан басқа түрлі шығармашылық, спорттық бағыттағы байқауларда облыс, республика көлемінде топ жарып жүрген оқушыларымыз баршылық.
Оқу жылының ішінде оқушыларды кітап оқуға баулу, инженерлік білімді дамыту, функционалдық сауаттылық, шалғайдағы ауыл мектептерінде зертханалық жұмыстарды тиімді жүргізу, математикалық сауаттылықты арттыру тәрізді цифрлық жобалар іске асырылуда.
– Азық-түлік құны күн сайын құбылып тұрған қазіргі кезеңде мектептерде оқушыларды тегін ыстық аспен қамту – аса маңызды әлеуметтік қолдаулардың бірі. Ауданда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар қандай? Қанша оқушы тегін тамақтанады және бір балаға арналған күнделікті тамақ құны қанша теңгені құрайды?
– Әр балаға ыстық тамақ бағасы 600 теңгені құрады. Тамақ түрлері, өлшемі бекітілген ас мәзіріне сай беріледі. Ыстық тамақтың сапасы мен әртүрлілігін бақылау журналы жүргізіліп отырады. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту мектеп асханаларында санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жүргізіледі.
Тамақтандыру мәселесі және тамақ сапасын қадағалау үшін білім беру ұйымында 16 бракераждық комиссиялар жұмыс істейді. Ыстық тамақтың сапасы мен әртүрлілігін бақылау, балалардың тамақтануын қадағалау, берілетін тамақ мөлшері, сақтау мерзімдері, асханада жүргізілген тазалық жұмыстары журналдары жүргізіледі.
Ауданның 11 орта мектебінің және Жамбыл бастауыш мектебі асханалары жеке кәсіпкерлерге жалға берілген. 1 негізгі, 3 бастауыш мектеп асханалары мектептердің өздерінің иелігінде. 2024-2025 оқу жылында ауданның 16 білім беру ұйымдарында тегін ыстық тамақпен 9 жеке кәсіпкер қамтамасыз етті.
– Қазіргі таңда ауданда қанша мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді? Балабақшаларға деген сұраныс қандай? Кезек саны туралы не айта аласыз?
– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында 12 мемлекеттік білім беру ұйымдары қызмет атқарады. Ондағы педагог саны – 216, 1325 тәрбиеленуші.
Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына тәрбиеленушілерді қабылдауға кезекке қою мен жолдама беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында «Индиго» ақпараттық жүйесінің цифрлық платформасымен жұмыстар жүргізілді. Қазіргі кезеңде балабақша кезегінде 654 бала тіркеуде.
Өткен 2023-2024 оқу жылында Мемлекет басшысының cайлауалды бағдарламасының 77 тармағы, яғни әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі (балабақша) балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету тапсырмасы 100%-ға орындалды.
– Оқушылардың сапалы білім алып, жетістікке жетуінде ұстаздардың рөлі орасан. Осы ретте аудан мектептерінде қанша педагог қызмет атқарып жатыр? Пән мұғалімдеріне қатысты тапшылық бар ма? Сондай-ақ жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту бағытында қандай қолдау шаралары немесе тиімді бағдарламалар іске асырылып жатыр?
– Ауданда 1045 педагог жұмыс істейді. Маман жетіспеушілігі бойынша айтсақ, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларға орыс тілі мен әдебиеті пәні, математика, алғашқы әскери даярлық пәні, логопед, дефектолог мамандары, қосымша білім беру мекемелері бойынша концертмейстер мамандары жетіспейді.
Биылғы оқу жылында 27 маман жұмысқа қабылданды, оның 16-сы жас маман. Жыл ішінде 15 жас маманға 362 мың 900 теңгеден материалдық көмек көрсетілсе, 4 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін 9 230,0 мың теңге қаржы төленді.
– Мұғалімдердің кәсіби дамуына қандай жағдай жасалып отыр? Қазір қандай біліктілік курстары, тренингтер ұйымдастырылуда?
– «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №293 Заңының 18-бабына сәйкес әр педагогтің біліктілігін арттыру тәртібі айқындалған. Осы орайда 2024-2025 оқу жылында Исатай аудандық білім бөліміне қарасты 34 білім беру ұйымдарынан 287 педагог біліктілік арттыру курстарынан өткен. Оның ішінде 213 педагог мемлекеттік тапсырыс бойынша, қалғандары ақылы және онлайн форматта өтті. Жалпы педагогтердің 81 пайызы біліктілік арттыру курсынан өтіп отыр.
– Соңғы кезде мектептерде буллинг мәселесі жиі көтеріледі. Бұл бағытта қандай алдын алу шаралары бар? Мектептер бейнекамералармен қаншалықты қамтылған?
– Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік және қолайлы жағдай жасау мәселелері тұрақты бақылауға алынған. Бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын қажетті қаражат берілуде. Бөлім тарапынан барлық білім беру ұйымдарын Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылаумен 100% қамтамасыз етілді. Балалардың қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз ету мақсатында аудандағы 16 мектепке «ALAQAN» платформасы орнатылды.
Балалардың мектепке дейін және үйге қайту кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда, 4 елді мекеннің 161 оқушысы тасымалмен қамтылған. Өткен жылы «Мектеп автобусы» жобасы шеңберінде 2 автобус сатып алынса, осы жылы да 2 автобус келді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдайлар жасау басты назарда. Исатай орта мектебінде инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Ерекше балаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер «MALAHIT» бірыңғай платформасы арқылы автоматтандырылды.
– Ғаламтордың дамуы білімге жол ашқанымен, балалардың эмоциялық-психологиялық жағдайына теріс ықпал ететін қосымшалар да аз емес. Осы тұрғыда мектептерде психолог мамандардың қызметі аса маңызды. Аудандағы білім беру ұйымдарында аталған мамандар жеткілікті ме?
– Балаларға қатысты мектептегі мәселелерді шешу мен алдын алу үшін әр мектепте психолог жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – білім алушыға барынша қолдау беру, проблемаларын шешуге тырысу. Бүгінгі күні мектептерде бала санына қарай психолог мамандармен толық қамтылған, 16 мектепте 21 психолог және 12 бөбекжай-бақша психологтары жұмыс істейді, мамандардың барлығы да жоғары білімді. Сонымен қатар балалардың қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау мақсатында бөбейжай-бақшаларда 9 логопед, 5 дефектолог, мектептерде 14 әлеуметтік педагог, 8 логопед, 5 дефектолог маманы бар.
– Соңғы кездері жалған дипломмен жұмысқа тұрғандар туралы көп айтылып жүр. Ауданда мұндай жағдайлар болды ма? Жұмысқа қабылдау кезінде педагогтердің құжаттары мұқият тексеріле ме?
– Соңғы уақытта педагогтердің арасында осындай келеңсіз оқиғалар кездескенін жасыра алмаймыз, 2024 жылы жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген 7 педагог анықталып (2-еуі – балабақша, 5-еуі мектептен), оның 3-еуі жұмыстан босатылып, 4-еуі арнаулы білім туралы диплом негізінде жұыстарын жалғастыруда.
– Қазіргі таңда ата-аналар мен мектеп арасындағы өзара байланыс деңгейі қандай? Олардың білім беру үдерісіне араласуы мен белсенділігі туралы не айта аласыз?
– Бұл тұста тағы бір маңызды мәселе – тәрбие жұмысы. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. 6 құндылыққа (тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, жасампаздық және жаңашылдық, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік) негізделген бағдарлама бойынша 9 айға 9 іс-шара жоспары жасақталған, жоспарға негізделген жобалармен жұмыс жасалып келеді.
Аудандық әкелер мен аналар слёті ұйымдастырылып, отбасындағы ана мен әкенің рөлі, қазіргі ұрпақты тәрбиелеудегі мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз байланысты одан әрі нығайту мақсатында жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта отбасыларда 13 жетім бала тәрбиеленуде. Олардың тәрбиесі мен білімі, тұрмыстық жағдайы білімнің жіті қадағалауында. Жыл аяғында ұйымдастырылатын облыс, аудан әкімдерінің қайырымдылық шыршаларына 9-13 жас аралығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 5 оқушы, сонымен қатар 50 әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары қамтылатын болады.
– Аудан педагогтеріне әлеуметтік қолдау көрсету, соның ішінде жәрдемақы тағайындау, көтерме төлемдер, тұрғын үймен қамту сынды мәселелер қалай жолға қойылған? Осы бағытта қандай нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Жоғарыда атап өткен «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, жоғары деңгейдегі байқауларға оқушы дайындап, жүлдегер болған үшін белгілі бір көлемде көтерме жәрдемақылар қарастырылған, атап айтқанда 2024 жылы оқушылары республикалық білім байқауларында жүлделі орындарға ие болғаны үшін 1 айлық еңбекақы көлемінде мұғалімдерге сыйақы тағайындалды.
– Келер жылға бөлімнің бас жоспарымен бөліссеңіз?
– Біздің жүйелі жұмысымыз жалғасын табатын болады. Педагогтердің үздіксіз кәсіби өсуін, біліктілігін және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін әдістемелік қызметті жетілдіру; педагог кадрлардың біліктілігін көтеру, оқыту сапасын арттыру мақсатында жаңа педагогикалық, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалануға көмек көрсету; озық педагогикалық тәжірибелерді зерттеу, жинақтау, тарату; мұғалімдердің құзыреттілігін қалыптастыру арқылы, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру; мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін, кәсіби деңгейін арттыру арқылы сапалы білімге қол жеткізу секілді жоспарлы жұмыстар әрі қарай да жандана түспек.
– Гүлайна Махмудақызы, қаншама ақпаратқа толы сүбелі сұхбатыңыз арқылы біздің республикалық басылым бетіне шалғай өңірдегі білім мекемелерінің тыныс-тіршілігін кеңінен таныс қылып бергеніңізге алғыс білдіреміз. Алдағы жоспарлы жұмыстарыңызға толайым табыс тілейміз!
– Сіздерге де үлкен рақмет! Білім саласының басты басылымына шығармашылық шабыт, зор жетістік тілеймін!
Сұхбаттасқан:
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі






