Рухы биік ұрпақ – Академияның басты байлығы
Білім – болашаққа бастар жол болса, жастар – сол жолдың жалауын көтеріп келе жатқан ұлттың үміті. Жас ұрпақтың тек біліммен емес, жан-жақты дамып, елге пайдалы, қоғамға қажет азамат болып қалыптасуы әр оқу орнының басты міндеті. Осы тұрғыда Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы өз студенттерінің тұлғалық өсуіне, кәсіби жетілуіне, рухани және мәдени дамуына кең мүмкіндіктер беріп келеді. Академияның басты мақтанышы – студент-спортшылары. 2025 жылы олар спорт ареналарында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, оқу орнының беделін биіктетті. XIII республикалық Жазғы Универсиадада Академияның спортшылары жалпыкомандалық есепте үздік ондыққа енді. Бір айға созылған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 79 жоғары оқу орнынан командалар қатысып, спорттың 17 түрі бойынша сынға түсті. Бұл – жас оқу орны үшін зор мақтаныш, спортшылардың талабы мен талантының жемісі.
Академияның спорттық табыстары тек Универсиада нәтижесімен шектелмейді. Оқу орны қабырғасындағы студенттер арасында ауыр атлетикадан жас әлем чемпионы Едіге Емберді, шахматтан әлем чемпионы Нөгербек Қазбек, еркін күрестен әлем чемпионы Айтмұхан Ризабек және Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегерлері Меруерт Камалиденова мен Амина Қайрбекова сынды үздік спортшылар білім алып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғауда. Бұл чемпиондар студенттерге табысқа жету құпиялары мен қиындықтарды жеңу тәжірибесімен бөлісіп, шабыт сыйлайды, ал академияда осындай жеңімпаздардың болуы жас спортшылар мен студенттерге зор мотивация береді.
Академия жастарының белсенділігі тек спортпен шектелмейді. Олар әлеуметтік жобалар мен волонтёрлік акцияларға атсалысып, қоғамға пайдасын тигізеді. Мысалы, Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған «Жүректен жүрекке» қайырымдылық жәрмеңкесінде студенттер түскен қаражатты мұқтаж отбасыларға аударды. Студенттер ел деңгейіндегі ірі шараларда да белсенділік танытып, «Qazaqstan Barysy Grand Slam» халықаралық дзюдо турнирінде ұйымдастыру жұмыстарын атқарды, ал VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ерікті ретінде қатысып, түркі халықтарының мәдениетімен танысты. Сонымен қатар қарттар үйіне арнайы ұйымдастырылған сапарлар студенттердің адамгершілігін, жанашырлығын арттырады, жас ұрпаққа үлкен өмірлік сабақ береді.
Кез келген оқу орны үшін белсенді студенттік өмір – кампустың дамуының айқын көрсеткіші. Академияда студенттік бастамалар оқу жылының басында ерекше серпінмен басталады. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымына арнайы кастинг арқылы 100-ден астам жаңа белсенді студент қабылданып, академиялық өмір жаңа энергиямен толығады. Жаңа түскен студенттерге арналған «Біз біргеміз» психологиялық тренингі топішілік татулық пен достық қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі. Ал қазан айында Ұстаздар мерекесіне орай ұйымдастырылған концертте студенттер өз өнерлерін ортаға салып, ұстаздарына алғыс білдіреді. Сондай-ақ «Академия Аруы» және «Академия Сұлтаны» сияқты байқаулар студенттердің жан-жақты дамуына серпін береді, олардың шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық қабілеттерін ашады.
Академияда студенттердің бойында патриоттық сезім мен ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік рәміздер, дәстүрлі ойындар, ұлттық киімдер мен мерекелер арқылы жастар ел тарихы мен мәдениетімен танысады, ұлттық рухтары қалыптасады. Қазіргі заман жастары үшін психологиялық тұрақтылық та маңызды. Академияда студенттердің психо-эмоционалдық ахуалын анықтау, күйзеліске бейім жастарға қолдау көрсету жүйелі түрде жүргізіледі. Стресс-менеджмент, арт-терапия және мақсат қоюға арналған тренингтер студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етеді. «Сана» психологиялық клубы және қыздарға арналған «АйАру» клубы студенттердің өзін-өзі дамытуға, көшбасшылық пен шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Спорт пен білімді ұштастыра білген Академия жастарының әр жеңісі – оқытушылар мен жаттықтырушылардың еңбегінің жемісі. Студенттер тек білім алып қана қоймай, қоғамдық өмірде белсенді, ерікті, өнер мен спорт саласында ел мерейін өсіреді. Әр жеңіс пен мереке – Академия жастарының жан-жақты дамыған, рухы биік тұлға болып қалыптасып келе жатқанының айғағы. Бұл – ұлт болашағына салынған баға жетпес инвестиция. Алдағы уақытта олар алатын асулар мен бағындырар биік белестер әлі де көп.
Шыңғыс ҚАРАТАЙ,
Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің директоры



