Директор Абай: жас басшы – жаңғыру жаршысы
Білім – елдің ертеңін айқындайтын ең қастерлі құндылық. Ал сол білімнің шамшырағы – ұстаз болса, оның тұтас жүйесін үйлестіріп, бағыт-бағдар беретін тұлға – мектеп басшысы. Басшылық қызмет – жауапкершілігі де, жүгі де ауыр, бірақ бір ұжымның өрісін кеңейтіп, болашағын айқындайтын қасиетті міндет. Осындай қасиетті жолды жас та болса үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген азаматтың бірі – Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясының директоры Абай АқмҰрзиев. Ұлы Абайдың 180 жылдығы тұсында директор Абайдан сұхбат алуға бекіндік. Өйткені, ол басшылыққа келгеннен бері білім сапасын көтеруді басты мақсат етіп, мұғалімдерге сенім арта отырып, шығармашылық еркіндік берді. Нәтижесінде ұжымда кәсібилік күшейіп, облыстың «Жыл мұғалімі» атанған ұстаздар шығып, оқушылар республикалық деңгейде зор жетістіктерге жете бастады. Ал, Абайдың өзі – облыстың «Үздік педагогі» атанды.
1995 жылы Атырау облысы, Мақат ауданы, Байшонас ауылында дүниеге келген Абай жас та болса, іскер басшы ретінде танылып келеді. Еңбек жолын тілшілік тіршіліктен бастаған ол, кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды. Артынша арнайы мектеп-лицейде директордың орынбасары ретінде тәжірибе жинап, ұстаздық пен ұйымдастырушылық қабілетін ұштастырды. 2024 жылдан бері №44 мектеп-гимназиясының директоры болып, небәрі бір жыл ішінде жаңашылдығымен, жауапкершілігімен және білім саласындағы тың бастамаларымен ерекшеленіп келеді.
Абай Абылайұлы «Темірбек Қожакеевтің әдебиеттануға қосқан үлесі» тақырыбындағы монографиясы, «Мектептегі тәрбие жұмысын жаңаша бағытта ұйымдастырудың тиімді жолдары» тақырыбындағы әдістемелік құралы, «Төлеген Айбергенов – лирик ақын» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы, «Хабаршы» басылымының республикалық, халықаралық басылымдарының ғылыми мақалалар авторы. Кейіпкеріміздің ең басты ерекшелігі – дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, заманауи мектеп моделін қалыптастыруға ұмтылуы. Жас басшының талабы мен табандылығының арқасында аталған мектеп-гимназия бүгінде қаладағы ең үздік білім ордаларының қатарына жайғасты. Сіздерге осы жас басшының ой-пікірі мен болашаққа қойған айқын мақсаттарын айқындайтын мазмұнды сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Абай Абылайұлы, №44 мектеп-гимназиясының қазіргі негізгі жетістіктерін қалай сипаттар едіңіз? Қандай оң өзгерістер бой көрсетуде?
– Сұхбатқа шақырғандарыңызға алғыс білдіремін! «Білімді ел» газетінің есті оқырмандарына жалынды сәлем жолдаймын. Бүгінде өзім басшылық ететін №44 мектеп-гимназиясында бірқатар маңызды жетістіктер мен оң өзгерістер орын алуда.
Алдымен, оқу сапасының артуын ерекше атап өткім келеді. ҰБТ нәтижелері мен пәндік олимпиадалардағы жетістіктер жылдан жылға жақсарып, мемлекеттік грант иегерлерінің саны артып келеді. Бұл – ұстаздарымыздың еңбегінің айқын дәлелі. Екінші жағынан, педагог кадрларымыздың әлеуеті де өте жоғары. Ұжымдағы мұғалімдердің басым бөлігі – жоғары санатты, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы деңгейіндегі тәжірибелі ұстаздар. Олардың жаңашыл көзқарасы мен креативті ойлау қабілеті мектептің дамуына тың серпін беруде. Сондай-ақ соңғы жылдары инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды. Мектепте робототехника кабинеті, STEM зертханасы, заманауи цифрлық сыныптар ашылып, бейнебақылау жүйесі толық орнатылды. Бұл балалардың қауіпсіз әрі ыңғайлы білім алуына жағдай жасайды.
Тәрбие бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. «Жас Ұлан», «Жас Сарбаз», «Өзін-өзі басқару» ұйымдарының белсенділігі артып, патриоттық тәрбие, экологиялық мәдениет пен волонтёрлік бастамалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Сонымен қатар ата-аналармен байланыс нығайып келеді. Ашық есік күндері, түрлі форумдар мен бірлескен жобалар арқылы ата-аналар мектеп өміріне белсене араласуда. Бұдан бөлек білім беру үдерісі цифрлық форматқа көшіп жатыр. Kundelik.kz, BilimLand, Opiq секілді платформалар кеңінен қолданылып, мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығы артып келеді.
– Мектептің оқу-тәрбие процесінде қандай инновациялық тәсілдер қолданылады?
– №44 мектеп-гимназиясының оқу-тәрбие процесінде қазіргі заманға сай бірнеше инновациялық тәсілдер жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Ең алдымен, цифрлық білім беру технологиялары кеңінен енгізілгенін атап өтуге болады. BilimLand, Opiq, Kundelik.kz платформалары сабақ барысында тұрақты қолданылады. Сонымен бірге интерактивті тақталар мен смарт-панельдердің арқасында сабақ тиімділігі едәуір артты. Одан бөлек STEM және STEAM бағыттары ерекше қарқын алуда. Робототехника, 3D модельдеу және ғылыми жобалар арқылы оқушылардың логикалық әрі шығармашылық ойлау қабілеті дамып келеді.
Функционалдық сауаттылықты арттыру да басты назарда. Осы орайда PISA форматындағы тапсырмалар, жобалық әдіс пен зерттеушілік оқу кеңінен қолданылып жүр. Ал оқушылардың жетістіктерін бағалауда критериалды бағалау жүйесі тиімділігін көрсетуде. Бұл тәсіл нақты әрі әділ нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, кері байланыс негізінде түзету жұмыстары жүргізіледі. Мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін «Lesson Study» мен «Action Research» әдістері енгізілген. Бірлесе жоспарлау, сабақтарға қатысу, талдау жасау арқылы озық тәжірибе кеңінен таралып келеді. Сонымен бірге құндылыққа негізделген тәрбие моделі де жүйелі жүзеге асуда. «Жас Ұлан», «Жас Сарбаз», «Өзін-өзі басқару» ұйымдары мен волонтёрлік топтар оқушылардың ұлттық рухын, жауапкершілігін, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етуде.
Бұған қоса оқу ортасын икемді ұйымдастыруға ерекше мән беріледі. Топтық және жұптық жұмыстар, дебат пен пікірталас клубтары, сондай-ақ CLIL әдісі – пән мен тілді кіріктіре оқыту тәсілі – жиі қолданыс табуда. Осының барлығы оқу үдерісін жандандырып қана қоймай, әрбір оқушының жеке қабілетін ашуға және жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
– Оқушылардың ғылыми жобалар, олимпиадалар, спорттық және мәдени шаралардағы жетістіктері жөнінде айтып өтсеңіз.
– №44 мектеп-гимназиясы небәрі он айдың ішінде көптеген табыстарға қол жеткізді. Біздің басты мақсатымыз – сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы заманауи, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.
2024 жылдың 1 қыркүйегінде «Ақжар-2» шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп-гимназия есігін айқара ашты. Бүгінде мұнда 800-ге жуық оқушы білім алып, 80-ге тарта кәсіби педагог еңбек етуде. Білім сапасы 60 пайызды құрап отыр. Бұл – шәкірттердің бағдарламаны меңгеру деңгейінің айқын көрсеткіші.
Оқушыларымыз ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда, сондай-ақ спорттық және мәдени сайыстарда үздік нәтиже көрсетуде. Мәселен, 10-сынып оқушысы Мадиярова Мөлдір Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған пневматикалық мылтық атудан облыс чемпионы атанып, республика көлемінде ІІІ орын алды. Қалалық және облыстық «Жас құтқарушы» байқауында да шәкірттеріміз Бас жүлдені иеленіп, Көкшетауда өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Бұған қоса «Атыраудың үздік 100 оқушысы» мен «Жұлдыздар шеруі» жобаларында белсенділік танытып, марапатқа ие болды. Шәкірттеріміз шығармашылық сайыстарда да жарқырай көрінуде. «Ақберен» өнер байқауы, «Меңдекеш оқулары», «Мұқағали оқулары» сынды додада топ жарып, өнер мен поэзияға деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадаларда ауыл мектептері арасында қалалық, облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. «Алтын сақа» математикалық олимпиадасында бастауыш сынып оқушылары қалалық кезеңде І орынға, облыстық кезеңде жүлдегер атанса, «Алтын түлек» олимпиадасында 11-сынып оқушысы Гүлім Саматқызы қалалық деңгейде ІІІ орынды иеленді.
Ұстаздарымыздың да жетістіктері аз емес. Қалалық және облыстық «Жыл мұғалімі-2025» байқауында Самал Қалиқызы бас жүлдені иеленсе, «Алтын тұғыр» олимпиадасында Гүлмаржан Өтегенова І орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Ал Гүлзина Жәрдемғазиева қалалық деңгейде ІІ орыннан көрінді. Мектептің материалдық базасы да жаңа деңгейге көтерілді. Интерактивті тақталар, зертханалар, спорт зал, асхана мен кітапхана толықтай оқушылар игілігіне ұсынылды. Осы орайда тәрбиелік бағыттағы шаралар да жүйелі ұйымдастырылып келеді. «Адалдық сағаты», «Ұлттық тәрбие», әкелер форумы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған танымдық сағаттар – соның дәлелі. Мектеп сахнасында ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бауыржан Ақтай жетекшілік ететін «SARMAD» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Н.Жантөрин атындағы филармония әншілері «Сазды сәлем» атты концерт ұйымдастырды. Белгілі актёр Рүстем Жаныаманов пен ақын Нұржан Өмірбайдың мектепке арнайы келуі де оқушыларға ерекше шабыт берді.
Мектеп пен қоғам арасындағы байланыс нығайып келеді. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатылып, әлеуметтік желілерде жаңалықтар тұрақты жариялануда. Сонымен қатар базамызда аймақтық, қалалық, облыстық деңгейдегі тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылып, педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісуде.
Жаңашыл жобаларға тоқталсам, АӘД пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Жеңіс Бегешовтің бастамасымен «Жас сарбаздар» әскери-патриоттық мектебі құрылды. Бұл жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған. Ал Атырау журналистикасының абызы Шөпенғали Дәуенов атындағы «44 Media» жас журналистер мектебінің ашылуы – оқушылардың шығармашылығын дамытып, медиа сауаттылығын арттыруға жол ашты. Ай сайын жарық көретін «44» журналында шәкірттеріміздің мақалалары мен репортаждары жарияланып келеді. Әдістемелік жұмыс та жандана түсті: оқу жылы ішінде 62 ашық сабақ, 10 шеберлік сабағы, коучингтер мен әдістемелік кездесулер өтті. Білім жетістіктерін мониторингілеу тестілеуі сәтті ұйымдастырылып, оның нәтижелері алдағы оқу жұмыстарына бағыт бермек. Мұғалімдер де кәсіби біліктілігін жетілдіруді жалғастыруда. Өзім де ұжыммен бірге «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім сапасы» тақырыбындағы курстан өтіп, нәтижесінде Махамбет ауданы Сарайшық ауылындағы Қ.Қарашаұлы атындағы орта мектебімен меморандум жасасуды жоспарлап отырмыз. Бұл – тәжірибе алмасуға, әдістемелік қолдауға және білім сапасын арттыруға серпін бермек.
Өткен оқу жылы қорытындысында 11-сыныпты 15 түлек аяқтап, барлығы аттестат алды. Оның ішінде 1 оқушы үздік аттестатқа ие болды. Сондай-ақ 9-сыныпты 41 шәкірт тәмамдап, 5 оқушы ерекше үлгідегі аттестатпен марапатталды. Бұл – бар болғаны он айдың ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз. Алдағы мақсатымыз – сапалы білім беріп, ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие мен заманауи дамуды қатар ұштастыру. №44 мектеп-гимназиясы – нәтижеге жұмыс істейтін жаңашыл білім ордасы.
– Ұстаздардың кәсіби дамуына қандай қолдау көрсетесіз? Олардың жетістіктерін қалай бағалайсыз?
– №44 мектеп-гимназиясында мұғалімдердің кәсіби дамуы – әрқашан басты назарда. Бұл бағытта жүйелі қолдау мен ынталандырудың түрлі тетіктері қарастырылған. Алдымен, ұстаздардың біліктілігін арттыруға баса мән беріледі. Жыл сайын олар республикалық және облыстық деңгейдегі курстар мен семинарларға қатысып, білімін жетілдіреді. «Өрлеу», «НЗМ», Білім жетілдіру институтының бағдарламалары арқылы заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеріп, педагог-шебер, сарапшы, зерттеуші секілді категорияларға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалған.
Мектепішілік қолдау да жүйелі жолға қойылған. Әріптестер арасында тәжірибе алмасу, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, жаңа келген жас мамандарға тәлімгерлік көмек көрсетіледі. Мұғалімдердің ұсыныс-пікірлері әрқашан ескеріліп, шешім қабылдау барысында назарға алынады. Әр ұстаздың еңбегі лайықты бағалануы үшін ынталандыру шаралары да қарастырылған. Жетістігімен көзге түскен педагогтерге Алғыс хаттар мен грамоталар табысталып, сыйақылар беріледі. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейде үздік шыққан мұғалімдердің есімдері БАҚ беттерінде жарияланып, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталады. Сондай-ақ мектепішілік «Үздік мұғалім», «Шығармашыл ұстаз», «Инновациялық идея иесі» сынды арнайы номинациялар бар. Жетістіктерді бағалауда да әділдік сақталады: мұғалімнің байқауларға қатысуы, жобалар қорғауы, оқушы табыстары, әдістемелік материалдар жариялауы – барлығы кешенді түрде сараланып, әдістемелік бірлестік пен мектеп әкімшілігі тарапынан тұрақты кері байланыс беріледі. Осының нәтижесінде ұстаздар өзіне қолдау тапқан, шығармашылығын еркін көрсете алатын ортада еңбек етуде.
– Жас болсаңыз да басшылыққа келуіңіз көпшілікке үлгі. Алғаш келгенде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Басшылыққа алғаш келген сәт – мен үшін үлкен сын болды. Ең алдымен, жауапкершіліктің салмағы мен сенім үдесінен шығу қажеттігін терең сезіндім. Жас болғаныммен, ұжым – тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандардан құралған үлкен орта еді. Сондықтан ең әуелі әріптестердің сеніміне ие болу, олармен тиімді қарым-қатынас орнату басты міндетім болды.
Әрине, қиындықтар да кездесті. Соның ішінде:
– мектептің құжат айналымын толық меңгеру;
– түрлі көзқарастағы қызметкерлердің мотивациясын бір арнаға тоғыстыру;
– материалдық-техникалық базаны жақсарту барысында бюрократиялық кедергілерге тап болу;
– күнделікті мәселелерді әділетті әрі жедел шешу қажеттілігі секілді сынақтар болды. Дегенмен, мен бұл қиындықтардың барлығын өсу мен дамуға берілген мүмкіндік ретінде қабылдадым. Ашық диалог, командалық жұмыс және әріптестерімнің қолдауы арқасында сол кезеңнен сүрінбей өттім. Ең бастысы – қабылданған әр шешімнің әділ болуы және нақты нәтижеге жеткізуі екенін түйдім.
– Директор ретіндегі басты принциптеріңіз қандай?
– Басшылықтағы ұстанымдарым бірнеше бағытқа негізделеді. Ең алдымен, әділдік пен ашықтықты басты қағида етіп алғанмын. Әр шешім мен әрекет ашық әрі айқын болғанда ғана ұжымда сенім қалыптасады. Екіншіден, командалық жұмысқа ерекше мән беремін. Өйткені мектептің жетістігі – тек бір адамның еңбегі емес, тұтас ұжымның ортақ жемісі. Сол себепті әріптестердің пікірін тыңдап, бірлесе шешім қабылдауды басты мақсат тұтамын. Үшінші қағидам – үздіксіз даму. Уақыт алға жылжыған сайын білім саласы да жаңарып отырады. Сондықтан мен де, ұжым да, мектеп те тоқтамай, үнемі өсіп, жетілуге ұмтылуымыз керек. Төртіншіден, жауапкершілік – кез келген сөзім мен ісім үшін есеп бере алатындай болу. Бұл – басшының ең үлкен міндеті. Ал, ең соңғысы – ізгілік пен адами қарым-қатынас. Біз, ең алдымен, адам тәрбиелеп отырған ұстаздармыз. Сондықтан кез келген қарым-қатынаста сыйластық пен мейірім бірінші орында тұруы шарт. Осы қағидалар – менің басқарудағы негізгі бағыттарым.
– Жас директор ретінде дәстүрлі тәжірибені заманауи көзқараспен қалай ұштастырасыз?
– Бұл – қазіргі білім беру жүйесіндегі ең өзекті сауалдардың бірі. Меніңше, мұнда ең алдымен ұстаздық тәжірибеге құрмет көрсету маңызды. Өйткені аға буыннан үйренеріміз көп. Олардың өмірлік әрі кәсіби тәжірибесін бағалап, мектептің ішкі мәдениетінде сақтауға тырысамын. Екіншіден, жаңашылдықты бірден емес, ұстаздардың қабылдауына қарай сатылай енгізген жөн. Бұл тәсіл қарсылық емес, қолдауға жол ашады. Үшінші қағидатым – ұрпақтар сабақтастығы. Тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандар арасында байланыс орнатып, екі жақтың тәжірибесін ұштастыруға мән береміз. Осы орайда менторлық пен шеберлік сағаттарының тиімділігі айқын байқалып отыр. Төртіншіден, білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Бұрынғы «тәртіп, үлгерім, мәдениет» сынды қағидаларды бүгінгі «soft skills», «сыни ойлау», «командалық жұмыс» ұғымдарымен сабақтастырып іске асырамыз. Соңғысы – дәстүр мен цифрдың үйлесімі. Яғни дәстүрлі тәлім-тәрбиелік іс-шараларды бейнежазба, интерактив, әлеуметтік желі арқылы жаңа форматқа бейімдейміз. Негізгі мақсат – бұрынғы жақсыны жоғалтпай, жаңамен толықтыру.
– Басшылық қызметте қандай қателіктеріңізден сабақ алдыңыз?
– Басшылыққа алғаш келген сәттен-ақ әрбір әрекеттің үлкен жауапкершілікпен байланысты екенін түсіндім. Қателіксіз жол болмайды, сондықтан қателіктерімнен де сабақ алуды үйрендім. Ең әуелі, басында бар істі өзім бақылауға тырысқаным – үлкен қателігімнің бірі болды. Сенім артудан гөрі бақылауға көп мән бердім. Кей жағдайда бұл команданың шығармашылық еркіндігін шектеп қойғанын да байқадым. Кейіннен түсінгенім – сенім артылған іс әлдеқайда нәтижелі әрі жауапкершілікпен орындалады екен. Басшы бәрін өзі істейтін адам емес, дұрыс бағыт беретін тұлға болуы керектігін түйдім.
Тағы бір қателігім – барлық мәселені бірден шешуге ұмтылуым. Бұл асығыстық пен артық күйзеліске әкелді. Уақыт өте келе мәселені жүйелеп, басымдықтарға қарай шешудің әлдеқайда тиімді екенін түсіндім. Ең бастысы – әрбір кемшіліктен қорықпау, қайта оны өсуге мүмкіндік ретінде қабылдай білу.
– Мектепті дамытуда қолданған ерекше бір кейсіңізді мысалға келтірсеңіз.
– Ерекше бастамаларымыздың бірі – «Ашық мектеп – ашық ұжым» жобасы болды. Бұл жоба арқылы мектеп ішінде ашық коммуникацияны дамытып, серіктестікке негізделген орта қалыптастыруды көздедік. Мәселен, әр апта сайын «Ұстаз үні» атты бейресми кездесу ұйымдастырамыз. Онда мұғалімдер өз пікірлерін еркін жеткізіп, әкімшілікпен еш кедергісіз ашық диалог құрады. Сондай-ақ мектепте «Idea box» қойылды. Әр ұстаз өз ұсынысын қағазға түсіріп, тастай алады, үздік идеялар кейін нақты жобаларға айналады. Одан бөлек «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштік диалог форматын енгіздік. Бұл ата-аналардың мектеп өміріне белсенді араласуына, өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешім табуына жол ашты.
Нәтижесінде мұғалімдердің белсенділігі артып, шығармашылық топтар құрылды. Ұжым ішінде сенім мен қолдау атмосферасы қалыптасты. Бұл жоба мектептің ішкі әлеуетін күшейтіп, нақты нәтижеге бағытталған орта құруға үлкен мүмкіндік берді.
– Мектеп ұжымын ынталандырудың ең тиімді жолы қандай деп ойлайсыз?
– Ең бастысы – сенім мен қолдауға негізделген адами қарым-қатынас. Мұғалім өзін қажет әрі бағалы тұлға ретінде сезінсе, сыртқы ынталандырудың өзі артық болуы мүмкін. Мысалы, әрбір ұстаздың еңбегін көру, қарапайым ғана «Рақмет» немесе «Жақсы жұмыс жасадыңыз» деген шынайы сөз айту – үлкен мотивация береді. Сонымен қатар ұсынысын тыңдап, шынайы кері байланыс беру де маңызды. Ұжымның кәсіби дамуына жағдай жасап, курстар мен ішкі тренингтер ұйымдастыру – олардың өсуіне серпін береді. Ал бейресми кездесулер мен ішкі марапаттар («Аптаның үздік мұғалімі», «Ұстаздар клубы») ұжымды біріктіріп, жағымды атмосфера қалыптастырады. Тағы бір тәсіл – жауапкершілікті бөлісіп, сенім арту. Белгілі бір жобаны тапсыру арқылы мұғалімнің өз-өзіне деген сенімі артады да, шығармашылықпен жұмыс істеуге ынталанады.
– Оқушыларды білімге құштар ету үшін қандай ерекше тәсілдер қолданасыз?
– Сабақты баланы таңғалдырудан бастау керек шығар. Мәселен, күтпеген қызықты дерек, өмірден алынған нақты мысал немесе проблемалық сұрақ қою – оқушыны ойлануға жетелеп, үйренуге ынталандырады. Сонымен қатар жауапкершілікті өздеріне беремін. Кейде оларды зерттеуші, жүргізуші, тіпті пікірталас ұйымдастырушы рөліне қоямын. Өз ойы еленген оқушы білімге одан сайын ынталанады.
Әр баланың қабілеті мен қызығушылығына қарай жеке мақсат қоямын. «Сен осыны істей аласың» деген қарапайым сенімнің өзі оның ішкі уәжін оятады. Қазіргі заманда цифрлық ресурстарсыз сабақ өткізу мүмкін емес. Сондықтан Kahoot, Quizizz, Wordwall, Padlet сияқты интерактивті платформаларды жиі қолданамын. Геймификация элементтері бар сабақтарда балалардың қызығушылығы да, зейіні де арта түседі. Тағы бір маңыздысы – білімді өмірмен байланыстыру. «Бұл саған не үшін керек?» деген сұраққа нақты мысалдармен жауап берсек, бала пәннің маңызын түсінеді. Ал олардың еңбегін жариялап, көпшілік алдында мақтау – ішкі мотивацияны одан сайын күшейтеді. Мен үшін ең бастысы – оқушыны оқыту емес, оның өздігінен үйренуіне түрткі болу.
– Күнделікті жұмысыңызда уақытты тиімді бөлу үшін қандай әдістерді қолданасыз?
– Уақытты дұрыс басқару – мен үшін аса маңызды қағида. Әр күнімді тиімді өткізу үшін бірнеше әдісті қолданып жүрмін. Алдымен тапсырмаларды маңыздылығы мен жеделдігіне қарай саралаймын. Яғни, Эйзенхауэр матрицасы бойынша оларды төрт топқа бөлемін: маңызды әрі жедел, маңызды бірақ жедел емес, жедел бірақ маңызды емес және маңызсыз әрі жедел емес. Бұл маған стратегиялық ойлауға, басымдықты дұрыс қоюға көмектеседі.
Келесі тәсіл – күнделікті жоспарлау. Әр таңды немесе алдыңғы кешті to-do list жасаудан бастаймын. Әр тапсырманы белгілеп отырған сайын өзімді де, жұмысымды да жүйелі ұстаймын. Уақыт блоктау әдісі де көп көмектеседі. Мысалы, бір сағатты тек құжаттарға, жарты сағатты кездесулерге арнаймын. Бұл – назарды шашыратпай, бір жұмысты толық аяқтауға мүмкіндік береді. Қазіргі цифрлық дәуірде онлайн құралдарды да пайдаланамын. Google Calendar, Notion, Trello сияқты платформалар жоспарды ыңғайлы жүргізіп, еске салғыш қызметін атқарады. Әрине, делегирлеудің де рөлі зор. Әр істі өзім атқаруға тырыспай, ұжым мүшелерінің қабілетіне қарай бөліп беремін. Бұл сенімді нығайтады әрі уақытты үнемдейді. Ал ұсақ-түйек істерге «5 минуттық ережені» қолданамын. Егер тапсырма небәрі бес минутта шешілсе, кейінге қалдырмай бірден орындаймын. Өз тәжірибемде байқағаным: тиімділік көп істі атқаруда емес, аз жұмысты дұрыс ұйымдастыруда.
– Қазіргі жас мұғалімдерден қандай қасиеттерді күтесіз?
– Жас мұғалімнен күтетін басты қасиет – шынайы ықылас пен жауапкершілік. Егер ол өз жұмысына жүрекпен қарап, бала тәрбиесіне бей-жай қарамаса – сол ұстаздың ең үлкен құндылығы. Сонымен қатар үздіксіз даму мен білімге құштарлық та аса маңызды. Заманауи технологияны меңгеріп, жаңа әдістерді ізденіп отыру – бүгінгі күннің талабы. Ұстаздық әдебі мен сыпайылығы да ешқашан назардан тыс қалмайды. Оқушымен де, ата-анамен де, әріптеспен де қарым-қатынаста мәдениетті болу – мұғалімнің айнасы. Бұған қоса уақытпен үндесе білу қажет. Цифрлық сауаттылықты игеріп, IT-құралдарды еркін қолдана алатын, онлайн форматтарда жұмыс істей білетін маман ғана бәсекеге қабілетті бола алады.
Мен үшін командалық рух пен ашықтық та үлкен рөл ойнайды. Ұжыммен тіл табысу, пікір алмасуға дайын болу, сынға сабырмен қарау – жас маманды шыңдайтын қасиеттер. Әрине, шығармашылық пен жаңашылдықсыз ұстаздың еңбегі толық болмайды. Сабақты қызықты, әсерлі өткізу, бірсарындылықтан қашу – оқушыны білімге тартады. Ең соңында айтарым – оқушыны түсіну қабілеті. Әр баланың жан дүниесіне үңіле білу, оның психологиясын ескеру – мұғалімді нағыз кәсіби ұстазға айналдырады.
– Алдағы 5 жылда №44 мектеп-гимназиясын қандай деңгейге жеткізуді мақсат тұтасыз?
– Біздің ең басты арманымыз – №44 мектеп-гимназиясын заманауи әрі жаңашыл білім ордасына айналдыру. Ол үшін нақты межелер қойылып отыр. Ең алдымен, оқушыларымыздың білім сапасын көтеріп, ҰБТ, PISA, TIMSS сынды халықаралық және ұлттық деңгейдегі көрсеткіштерін жүйелі түрде жақсартуды көздейміз. Мұнымен қатар кәсіби шеберлігі жоғары, тәжірибелі де ізденімпаз ұстаздар қатарын қалыптастыруға ден қоямыз. Мектепті инновациялық бағытта дамыту – басты басымдықтардың бірі. STEM, IT, робототехника, медиа және цифрлық пән кабинеттерін толық жабдықтап, білім беруді жаңа технологиялармен ұштастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ дарынды балаларды қолдау да назардан тыс қалмайды: ғылыми жобаларға, олимпиадалар мен шығармашылық сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанатын шәкірттердің қатарын арттыруға ұмтыламыз. Біліммен қатар тәрбие ісі де басты орында. Ұлттық рухы берік, отансүйгіш, тұлғалық дамуы кемел ұрпақ тәрбиелеу – біздің парызымыз. Оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру, мектепті балаға қолайлы, тартымды әрі ынталандырушы кеңістікке айналдыруға күш саламыз. Әрине, бұл жолда ата-аналармен серіктестік ерекше маңызға ие. Мектеп пен отбасы біріккенде ғана нәтижелі тәрбие мен сапалы білімге қол жеткізуге болады.
Жалпы мақсатымыз – 44-мектеп-гимназиясын қаладағы үздік, өзгелерге үлгі боларлық деңгейге жеткізу.
– Құрметті Абай мырза, уақыт тауып, ой-пікірлеріңізбен бөліскеніңізге зор алғыс айтамыз. Сіздің тәжірибеңіз бен мақсаттарыңыз көпшілікке үлкен өнеге болары сөзсіз.
Сұхбаттасқан:
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


