Ұстаз – ұлттың шамшырағы

Республика бойынша ұстаздардың бас жиыны – Тамыз конференциясы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтті. Астана қаласында өткен жиынға Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қатысып, білім саласы мемлекет дамуының стратегиялық өзегі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы: «Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуы тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық», – деп білім мен ғылымға ерекше назар аударып, білім сапасын дамытуға серпін беретін бес жолды атап өтті.

Біріншісі – білім сапасын жақсарту. Ғылым мен білім, технология жылдам өзгеріп жатқан уақытта ұстаздар қауымы өзгеріске ілесе алуы қажет. Ол үшін әрдайым ізденіп, білімін жетілдіріп, озық тәжірибені меңгеріп, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану маңызды. Дегенмен, озық тәжірибені қаз-қалпында көшіріп алмай, оны ұлттық болмысқа бейімдеп қолдану қажеттігін Президент ескертті. Сондай-ақ ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жою керектігін айтты. Білім сапасы, материалдық база, инфрақұрылым, оқу үрдісі қала мектебімен тең болуы шарт. «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек», – деді Президент.

Екіншісі – білім мен тәрбиенің қатар жүруі. Тәрбие болған жерде білім озады. Сондықтан білім мен тәрбиені ұштастыру – басты міндет. Конференцияда жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл бағдарламаны мектептермен қатар педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары да тәрбие ісінде пайдаланатын болады.

Үшіншісі – өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау. Президент нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресте мұғалімдердің рөлін ерекше атап өтті. Мектеп әр бала үшін қауіпсіз орта болуы тиіс екенін баса айтты.

Төртіншісі – білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу. Мемлекет басшысы: «Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады», – деді.

Соңғы жылдары жасанды интеллектінің игілігін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Қай салада да оның көмегімен жұмысты жеңілдетуге болады. Осы мақсатта жоғары оқу орындарында студенттерге ЖИ-ді оқытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Бесіншісі – педагог беделін арттыру. Президент: «Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру», – дей келе, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.

Мағжан Жұмабаевтың: «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі», – деген сөзіне сай, қоғамда ұстаздың орны әрдайым жоғары болуы тиіс.

Дәстүрлі Тамыз конференциясы Жетісу облысы педагогтерінің арасында да өтті. Бұл келелі жиын білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, жас буынға сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру жолдарын қарастыратын маңызды платформаға айналды. Бас қалада өткен Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

 – Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатырсыздар. Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр, – деген еді.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы да жас буынға білім беріп жүрген ұлағатты ұстаздардың еңбегін бағалай келе, облыстағы білім саласында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Сондай-ақ білім сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жандандыру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

Бүгінгі таңда мұғалім – информатор, бақылаушы, тексеруші емес, ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл тұлға болуы керек.

Оқу-тәрбие үдерісін технологияландыру әр мұғалімнен ғылыми еңбекті талап етеді. Осы орайда Жетісу университеті облыс мектептерімен ынтымақтастықта жұмыс істеуге әзір екенін айтқым келеді.

Біздің басты міндетіміз – білім мен тәрбие сапасын арттыру, цифрлық технология мен жасанды интеллектіні енгізу, жастарды адал әрі еңбекқор азамат ретінде тәрбиелеу.

Ермек БӨРІБАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий