«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман»
Жуырда мұғалімдердің «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты жыл сайынғы тамыз конференциясы өтті. Конференция Алматының білім беру күнтәртібіндегі, педагогтерді, сарапшыларды, мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ білімнің дамуына қызығушылық танытқан барлық адамдарды біріктірген басты оқиғаға айналды.
Мақсаты – ашық кәсіби алаң құру, тәжірибе алмасу және бірлесіп шешім іздеу. Білім сапасы мен қолжетімділігі, инклюзивтілік, қазіргі заманғы қиындықтар, сондай-ақ мұғалім мамандығының беделін нығайтуға назар аударылды.
Күннің алғашқы жартысында іс-шара аясында төрт негізгі бағытқа арналған панельдік сессиялар өтті. Қазақстандағы еңбекке оқыту мамандықтарының болашағы, мектептер мен колледждердегі қауіпсіздік, ерекше білім қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті орта, сондай-ақ білім саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновациялық әдістер.
– Алматы білім беру саласында жетекші орын алады. Біз мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігінің тұрақты өсуіне ерекше мән береміз, ал олар өз кезегінде жас ұрпақтың білім деңгейін арттырады. Сонымен қатар әлемдік тенденциялар бізге жаңа даму мүмкіндіктерін ашады. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен, қалалық әкімдікпен, ата-аналар қауымдастығымен және белсенді азаматтық қоғаммен бірлескен күш-жігердің арқасында біз білім сапасын арттыру үшін ең үздік тәжірибелерді бейімдей аламыз, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Күннің екінші жартысында Тамыз конференциясының басты оқиғасы – пленарлық отырыс өтті. Оған Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қалалық Білім басқармасының басшылығы және мегаполис мұғалімдерінің 2500-ден астам өкілі қатысты.
Қалалық конференция қатысушыларымен сөйлеген сөзінде Оқу-ағарту министрі білім беру жүйесін қолдау және дамыту, балалардың құқықтарын қорғау, мұғалім мәртебесін арттыру бойынша ауқымды шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Ол Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғаудың маңыздылығын ерекше ескерткенін, оларға тән емес міндеттерден босату қажеттігін атап өткенін, сондай-ақ жергілікті билік органдары тарапынан заңның ауыр бұзылуы жағдайында прокуратура органдарының араласуы қажет екенін, сонымен қатар балалармен болған кез келген қайғылы жағдай үшін мұғалімдерді жазалау мүлде қабылданбайтынын ескерткенін еске салды.
Министр жаңа оқу жылының жаңалықтарына жеке тоқталды. «2025-2026 оқу жылында білім беру процесіне кезең-кезеңімен ЖИ (жасанды интеллект) элементтері енгізілетін болады. Алғашқы қадам ретінде олар «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінде іске асырылмақ. Бұл бағытта орта білім жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттары бекітілген. Оқушыларға Day of AI, онлайн-курстары дайындалса, мұғалімдер үшін кәсіби біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады», – деп атап өтті.
«Сонымен қатар биылғы жылдың соңына дейін «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында салынған 217 жаңа форматтағы мектептің құрылысы аяқталмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа басқару моделі әзірленді, ал 3 мыңнан астам мұғалім жайлы мектептерде үш деңгейлі оқудан өтті. Аталған модель осы жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істей бастайды. Әдістемелік қолдау Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академияға бекітілген».
Министрдің айтуынша, 2025 жылғы қазан айында Алматыда басқа елдердің білім беру ведомстволары басшыларының қатысуымен бірінші дүниежүзілік инклюзия конгресі өтеді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Алматыдағы Абай атындағы республикалық мектеп-интернаты «Абай ұлттық мектебі» ретінде трансформациядан өтуде.
Салтанатты бөлім аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің ведомстволық марапаттары мен Алматы қаласы әкімдігі тағайындаған «Білім беру саласындағы үздік ұйым-2025» арнайы сыйлығы табыс етілді.
Көпжылдық еңбекті мойындаудың символы саналатын жоғары мемлекеттік награда – Қазақстан Республикасы министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі мен марапаттары білім саласына айрықша үлес қосқан ұстаздарға табыс етілді. Бұл мәртебелі марапатқа №202 мектеп-гимназиясының бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, еңбек өтілі 37 жылдық тәжірибесі бар Гүлмира Арынбекова, №149 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сауле Адильбекова (35 жыл), №168 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Сансызбаева (36 жыл), И.Қ. Мандоки атындағы №154 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар Төлепбергенова (42 жыл), Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №75 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ольга Каминская (39 жыл), №141 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Балжан Самиева (44 жыл), №177 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Кенжегүл Сахитова (42 жыл), №200 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Күлайым Жетесова (40 жыл), №76 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сауле Омарова (39 жыл), сондай-ақ Жамбыл Жабаев атындағы №161 лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Роза Райсова (36 жыл) ие болды.
Бұдан бөлек тарихта алғаш рет Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты Алматы қаласының мектептерінде еңбек етіп жүрген техникалық қызметкерлерге табыс етілді. Олардың қатарында №176 мектеп-гимназиясының сантехнигі Райымбек Утениязов (15 жыл), №206 мектептің электригі Бағлан Есенбаев (25 жыл), №58 мектептің кіші қызметкері Назерке Мангина (16 жыл), №121 мектептің аула сыпырушысы Жанат Саристанов (22 жыл) және №110 мектеп-гимназиясының электригі Абзал Касымбеков (14 жыл) бар.
Сонымен бірге жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру ісіне қосқан зор үлесі үшін Алматы қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен бірқатар мұғалімдер марапатталды. Олардың қатарында №148 мектеп-гимназиясының бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Бақытгүл Нұршәріп (18 жыл), №146 мектеп-лицейінің графика және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Бахыт Жакупов (24 жыл), №34 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Ольга Рубанова (41 жыл), №210 мектеп-лицейінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Мамыт Басшыбаев (25 жыл), №83 гимназияның көркем өнер пәнінің мұғалімі Нина Королькова (40 жыл), Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің кафедра меңгерушісі Ляззат Дурумова (30 жыл), Алматы политехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Кемал Алиев (4 жыл), №2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің химия және биология пәнінің мұғалімі Қарлығаш Болатбекова (43 жыл), №1 Алматы қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Байтекеева (26 жыл) және Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжінің педагог-психологі Шахноза Сафоева (8 жыл) бар. Конференциямен қатар Республика сарайында инновациялық көрме өтті, оған 20-дан астам білім беру ұйымдары, колледждер және технологиялық компаниялар өз жобаларын ұсынды. Олардың ішінде Satbayev дрондары мен VR-тренажерлері, «Жасанды интеллект лабиринті» әдістемелік әзірлемесі, «Eat&Love» жеуге болатын ыдыс жобасы, цифрлық білім беру платформалары, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер және кәсіби бағдарлауға арналған жаңа тәсілдер бар. Көрме білім, ғылым және технологияны біріктіретін ең жаңа идеяларды көрсету алаңына айналды.
Тамыз конференциясының соңында мұғалімдер мен іс-шара қонақтарына арналған мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Көрермендер алдында Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері – Роза Рымбаева, Нұрлан Өнербаев, Асылбек Еңсепов және «Дос-Мұқасан» ансамблі өнер көрсетті.
Дайындаған:
Орынгүл МАХМУД





