Қазақстандық білімнің халықаралық биігіне бастар жол

«Арман – сенім мен табанды еңбектің арқасында ғана орындалады, егер оған сеніп, үздіксіз еңбек етсең». Бұл сөз – №81 мектептің айқын өмірлік тәжірибесіне айналған ұстаным. Халықаралық Бакалавриат (IB) бағдарламаларын толық көлемде – бастауыш (PYP), негізгі орта (MYP) және дипломдық (DP) деңгейлерде жүзеге асыратын Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік мектеп – бұл №81 Astana English School. Бұл мектеп – жай ғана білім беру мекемесі емес, бұл – қазақ білімінің халықаралық кеңістікте тең дәрежеде өмір сүре алатынының дәлелі. Сонымен қатар өз болашағына сенетін ұжымның табанды еңбегінің жемісі.

Халықаралық Бакалавриат (IB – International Baccalaureate) – әлем бойынша мойындалған білім беру жүйесі. 1968 жылы Швейцарияда құрылған бұл ұйым қазіргі таңда 150-ден астам елде, 5500-ден астам мектепте табысты жұмыс істеп келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – оқушыны жан-жақты дамыған, сын тұрғысынан ойлайтын, зерттеуге құштар және жаһандық жауапкершілікті түсінетін тұлға ретінде тәрбиелеу. IB оқушыны тек академиялық жағынан емес, сонымен қатар адамгершілік, әлеуметтік және шығармашылық қырынан да дамытуды көздейді. Оқу бағдарламасы үш бағыттан тұрады: бастауыш (PYP), негізгі орта (MYP) және дипломдық (DP) бағдарламалар.

Тұғырдан – тұтастыққа: мектеп тарихының хронологиясы. Біздің білім ордасының IB бағдарламасына бет бұруы 2017 жылы басталды. Авторизация және аккредитация кластері аясында мектеп халықаралық талаптармен үндес жолға түсті. Оқу ісінің меңгерушісі Қожанова Қуаныш Такауовна бастаған бұл ауқымды істі кейіннен Искакова Ажар Қабденқызы жалғастырып, Халықаралық Бакалавриаттың оқу жоспарына қойылатын талаптарды мемлекеттік білім стандартымен ұштастыру, мектеп бюджетін IB форматында тиімді жоспарлау, оқу бағдарламаларын құрылымдау және енгізу секілді маңызды бағыттарда табысты жұмыс атқарды. Ажар Қабденқызы әр бағдарлама (MYP, PYP, DP) авторизациясынан өту барысында ұйымдастырушылық және мазмұндық жағынан зор қолдау көрсетіп, мектеп пен қалалық білім басқармасы, Оқу-ағарту министрлігі арасындағы үйлестіруші алтын көпірге айналды.

Болатова Айбаршин Жумкеевна

MYP: Жаңа дәуірге қадам. 2018-2021 жылдар аралығында мектеп MYP бағдарламасын енгізді. Бұл кезеңде үйлестірушілік еткен педагогикалық команда бағдарламаның құрылымын жасап, пәндік юниттерді әзірледі. 38 мұғалім мен 3 координатор кәсіби даму курстарына қатысып, халықаралық деңгейде мойындалған оқытушылар қатарына қосылды. 2021 жылы мектеп MYP бағдарламасы бойынша ресми авторизациядан өтті. Қазіргі кезде бес жылдық бағалау сапарына (Evaluation Visit) белсенді дайындық жүргізілуде. Бүгінде Сауле Бейбітқызы мектебімізде Theory of Knowledge (TOK) координаторы рөлін атқарады және балалардың сын тұрғысынан ойлауына зор үлесін қосуда.

PYP: Білімнің іргетасы. 2022 жылдан бастап бастауыш буын үшін PYP енгізіліп, 2024 жылдың сәуірінде мектеп ресми авторизациядан өтті. 30-дан астам мұғалім осы бағдарламада кәсіби даму курсынан өтіп, PYP философиясын оқу процесіне терең енгізуге өз үлесін қосуда. Бағдарламаның үйлесімді іске асуына PYP координаторы Идрис Маржан Қайратқызы жетекшілік етеді. Ал оқу бағдарламасының мазмұндық үйлесімділігіне – координатор Мақыжан Дана жауапты.

Искакова Ажар Қабденқызы

DP: Білім шыңы мен халықаралық мойындалу. 2025 жылдың мамыр айында мектеп Халықаралық Бакалавриаттың ең биік сатысы – Diploma Programme (DP) бойынша сәтті авторизациядан өтті. Бағдарламаның енгізілуі мен сапалы жүзеге асуы – мектеп қауымдастығының тиянақты, үздіксіз еңбегінің нәтижесі. DP стандарттары мен 71 практикасын іске асыру жолында мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар бірлесіп, ортақ мақсатқа жұмыла отырып, жүйелі жұмыс жүргізді. Әдістемелік қолдау, құрылымдық үйлесімділік, академиялық бағыттылық – осының барлығы ұжымдық ынтымақтың айғағы.

Серіктестік – үздіксіз дамудың тірегі. Кәсіби даму – заманауи ұстаздың басты серігі. №81 Astana English School ұжымы осы ұстанымды негізге ала отырып, үздіксіз үйренуді, өзара тәжірибе алмасуды және жаңа әдістемелерді игеруді білім беру сапасының алтын арқауы деп біледі. Мектеп мұғалімдері мен әкімшілік құрамы жыл сайын Халықаралық Бакалавриат ұйымы ұсынатын кәсіби курстарға қатысып, сонымен қатар отандық педагогикалық оқыту бағдарламаларында да белсенділік танытады. Олар тек білім алып қана қоймай, өз тәжірибесімен де бөлісіп, халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде дами түсуде.

Серкебаева Сауле Бейбітқызы

«Ұстаз үздіксіз үйренуден жалықпағанда ғана, шәкірт үздіксіз қызығушылықпен үйренеді» деген қағида бұл мектептің өмірлік ұстанымына айналған. Ұжымның кәсіби дамуына бағытталған осы оқу жылында атқарылған ауқымды жұмыс халықаралық байланыстар арқылы да көрініс табуда. Мұғалімдер Өзбекстанда өткен «Білім – баршаға қолжетімді» атты конференцияда, сондай-ақ Астана қаласында ұйымдастырылған «4th Experiential Learning Conference: Ignite. Inspire. Impact» форумында өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа идеялармен шабыттанды.

Идрис Маржан Қайратқызы

Мектеп Астана және Алматы қалаларындағы авторизацияланған Халықаралық Бакалавриат мектептерімен серіктестікте жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар мектеп екі халықаралық қауымдастықтың мүшесі: АШМБ – Халықаралық Бакалавриат Мектептерінің Ассоциациясы және Кавказ бен Орталық Азия Халықаралық Мектептерінің Ассоциациясы (CCAAIBWS). Университеттердің жетекші кітапханаларымен орнаған әріптестік – мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытудың кепілі.

Білім интеграциясына бағытталған бастамалар. Мектептің дамуында бірнеше жыл бойы Білім беру академиясымен тұрақты байланыста болып, Халықаралық Бакалавриат бағдарламасын ұлттық білім беру жүйесімен кіріктіру бағытында жүргізілген жұмыс айрықша орын алады. Бұл процесте оқу жоспарының құрылуына белсенді түрде атсалысқан мектеп әкімшілігі мен ұстаздарының еңбегі – тәжірибе мен білімді ұштастырған кәсіби серіктестіктің үлгісі.

Қорытынды. «Білім – болашаққа салынған көпір» десек, бұл мектептің салған көпірі – халықаралық сапа мен ұлттық негізге құрылған бірегей жол. Биыл мектеп үшін ерекше жыл – 10 жылдық мерейтойымен қатар Халықаралық Бакалавриаттың Diploma Programme бағдарламасын енгізу – білім беру қауымдастығына арналған үлкен сыйлық болды. Осылайша, мектеп Халықаралық Бакалавриаттың үш бағдарламасын – PYP, MYP және DP – үздіксіз жүзеге асыратын IB continuum school мәртебесіне ие болды. Бұл – бір идеяға сенген жандардың ортақ табысы, жарқын болашаққа нық қадам.

Тогжан КАРТАЕВА,
№81 «Astana English School» халықаралық мектебінің директоры, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий