Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман
Тамыз конференциясы – жалпыға ортақ маңызды саланың өзекті мәселелері талқыланатын алқалы басқосу. Сондықтан бұл конференцияны педагогтер ғана емес, ел ертеңін ойлаған барша қауым асыға күтеді. Биылғы конференция «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат ШАХАРОВ, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра МЕЛДЕБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Ноғатайқызы ШӘМШИДИНОВА, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар ТАНИРБЕРГЕНОВА, Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл КҮЗЕМБАЕВА, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура ҚАРАБАСОВА, сондай-ақ білім беру саласының ардагерлері мен қызметкерлері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Жалпы конференцияға бір мың екі жүзге жуық адам қатысып, білім беруді дамытудың жаңа міндеттері талқыланды. Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында өткен конференция басталмас бұрын, жиылған көпшілік ғимарат дәлізінде ұйымдастырылған тақырыптық көрмені тамашалады. Бұл жерде өңірдің білім саласының қол жеткізген жетістіктері, заманауи білім беру құралдарының үлгілері қойылды. Өткен оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда «ІТ балабақша», «Жасыл балабақша» жобалары жүзеге асырылған болатын. Көрмеде осы жобаның мән-маңызы да айқын түсіндірілген. Сонымен қатар білім сапасын арттыру мақсатында құрылған білім беру округтерінің іс-тәжірибесі ұсынылды.
Тамыз конференциясында сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Тұрғанбайқызы Мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуына тоқталды. Сонымен қатар жаңа оқу жылында «Адал азамат» бағдарламасы барлық деңгейде енгізілетіні, ата-аналар комитетін трансформациялау жұмыстары жүргізілетіні, білім беру процесіне жасанды интеллектіні енгізу мақсатында AI-Kitap жобасы, «Day of AI» курстары іске қосылатындығы айтылды. Вице-министр өз сөзінде білім беру сапасын арттыруға бағытталған бұл бастамалардың барлығы ұстаздар еңбегінің нәтижесімен тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Бисембайқызы өз баяндамасында өңірдің білім беру саласындағы жетістіктері мен жаңа оқу жылындағы міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші тоқсан бес пайызға жетіп отыр. Биыл 1569 орындық жиырма үш балабақша ашылып, жыл соңына дейін тағы 1178 жаңа орын пайдалануға берілмек. Ақтөбе қаласында ваучерлік қаржыландыру енгізіліп, бұл тәжірибе кезең-кезеңімен барлық аудандарға таратылады. Орта білім беру жүйесінде соңғы үш жылда оқу үлгерімінің сапасы тұрақты өсіп, биылғы көрсеткіш алпыс бес пайызды құраған.
Жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша білім сапасын арттыру мақсатында «Білім-Инновация лицейінің тәжірибесін енгізу» жобасы қолға алынатын болады. Нәтижесінде елу мектепті қамту арқылы осы бағыттағы сапалық көрсеткішті 7-10 пайызға арттыру жоспарланған. Дарынды балаларды қолдау бағытында да елеулі жетістіктер бар. Облыстың алты мектебі Ұлттық ТОП-100 олимпиадалық мектептер қатарына енді. Өңір құрамасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Биыл оқушылар республикалық және халықаралық деңгейде 162 медаль жеңіп алды, оның ішінде отыз екі алтын бар.
Екі оқушы халықаралық беделді олимпиадаларда жеңімпаз атанып, Мемлекет басшысының қолынан марапатқа ие болды. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында биылғы жаңа оқу жылында 18 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады. Арнайы педагогтерге деген сұранысты азайту үшін кәсіби бағдар жұмыстары күшейтіледі. Сондай-ақ қыркүйектің бірінен бастап 150 орындық арнайы түзету балабақшасы іске қосылуда. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есеге артты.
Дуалды оқыту жүйесі жиырма жеті колледжде 59 мамандық бойынша бір мың бір жүз алпыс кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Хромтау тау-кен техникалық колледжі халықаралық аккредитациядан өтті. Жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер де айқындалды. Атап айтқанда, «Әр мектеп – үздік мектеп» қағидатын енгізу, педагогтердің сапалық құрамын он пайызға арттыру, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне бейімдеу, дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарын қолдау және ынталандыру, сондай-ақ бірыңғай психологиялық қызметтің сапасын арттыру білім саласының басты бағыттары ретінде белгіленді.
Конференция аясында сөз сөйлегендер қатарында «Білім беруді тұрақты дамыту қорының» ҚК төрайымы К.Шәмшидинова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Л.Қарабасова, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың география пәнінің мұғалімі М.Нұрбаева, Ш.Берсиев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Д.Қуанов болды.
Облыс әкімі Асхат Берлешұлы өз сөзінде: «Ақтөбе облысы – білім беру саласында өзіндік даму жолы қалыптасқан, инновациялық бастамалары мен үздік тәжірибелері бар өңір. Біз бүгін осы үрдістерді жалғастырып қана қоймай, қол жеткізген жетістіктерімізді нығайтып, жаңа міндеттерді жүзеге асыруымыз қажет», – деп атап өтті. Әкімнің айтуынша, соңғы екі жылда облыста 8040 орындық жиырма жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы жиырма білім ордасының құрылысы аяқталмақ. Елу алты ауыл мектебі жаңғыртылып, 82 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. Оқушылардың республикалық және халықаралық аренадағы табыстары – ұстаздардың еңбегінің нәтижесі екендігі де ерекше атап өтілді.
Салтанатты бөлім барысында өңір педагогтері мен білім беру ұйымдарына мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттар табысталды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, сондай-ақ 2025 жылғы «Ең үздік орта білім беру ұйымы» атағына арналған грант сертификаттары мен облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар берілді. Бұл қаржы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, білім сапасын арттыруға бағытталмақ. Жеңімпаз атанған мектептер қатарында: Ақтөбе облыстық «Білім-Инновация» дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған лицей-интернаты; Шалқар ауданындағы №8 мектеп-гимназия; Ақтөбе қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы; Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының орта мектебі; Темір ауданының Шұбарқұдық ауылындағы №2 орта мектеп және Хромтау ауданының құрамындағы Богетсай ауылының мектеп-гимназиясы бар.
Аймақ басшысы тарапынан өңірдегі бірқатар техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарына материалдық-техникалық базасын жаңартуға 100 миллион теңгелік сертификаттар табыстады. Бұл қолдау – студенттердің сапалы білім алуына, кәсіби даярлық деңгейін арттыруға жол ашпақ. Сертификатқа Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі, Ш.Берсиев атындағы аграрлық-техникалық колледжі, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжі, Ақтөбе сервис колледжі, Ақтөбе автожол колледжі, Ойыл, Шалқар, Қобда, Жайсаң көпсалалы колледждері ие болды. Жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында жұмысшы мамандықтарына бөлінген орын саны екі есеге артып, колледждерге 7390 грант бөлінді.
Соның ішінде 4325 түлек ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және техникалық бағытты таңдаған. Бұл қолдау жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттырып, қоғамдағы мәртебесін көтеруге үлкен серпін бермек. Конференция аясында үздік ұстаздардың еңбегі еленіп, бірқатар марапаттар табысталды. ҚР «Құрмет» орденіне Шалқар қаласының №4 орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Күнжәмила Еңсепова (еңбек өтілі – 42 жыл); Ақтөбе қаласының №28 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ұлжан Құсатаева (еңбек өтілі – 37 жыл) ие болды.
«Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен: Ақтөбе қаласының Балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогі Гүлнар Алпысбаева, Т.Г. Шевченко атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Алия Саршина, №3 Шалқар орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жаңылсын Ашықбаева, Петропавл орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Лайла Бисенова, №7 Хромтау мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Алтынай Жекеева марапатталды. Басқосу барысында ардагер ұстаздар мен жас мамандардың кездесуі өтіп, педагогтердің озық тәжірибелері ортаға салынды. Іс-шара соңында қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ақтөбе облысы білім басқармасының баспасөз қызметі
Загрузка...


