Озық білім мен жаңа технологияны меңгергендердің ұпайы түгел
Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында облыс педагогтерінің дәстүрлі Тамыз конференциясы ұйымдастырылды. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы биылғы басқосу барысында білім саласындағы өзекті мәселелер сараланып, жаңа оқу жылындағы маңызды бағыттар айқындалды. Өзара тәжірибе алмасу, жауапкершілігі жоғары, адал азаматты тәрбиелеудің тиімді жолдарын бірлесе талқылауды мақсат тұтқан алқалы жиынға сегіз жүзден астам адам жиналды. Келелі кеңеске қатысушылардың назарына, ең алдымен, республикалық және өңірлік ақпараттық технологияларды дамытуға маманданған кәсіби компаниялардың білім беру саласына арналған көрмесі ұсынылып, заманауи білім беру саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды.
Конференция басталысымен жас мамандар ардагер-ұстаздарға гүл шоқтарын табыс етіп, ыстық ықыластарын білдірді. Пленарлық отырыста аймақ жетекшісі Нариман Төреғалиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігіндегі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Кенесұлы Әшіров, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Набиоллаұлы Сафуллин, «Өрлеу» АҚ БҚО филиалы Кәсіби даму институтының директоры Софья Салахиденқызы Измуханбетова, Ulttyq Ustaz онлайн Академиясының құрылтайшысы Гүлмира Аманжолқызы Қорғанбаева, «Q-vision» ЖШС директоры Лесбек Жақыпбекұлы Әбдіқұл, №51 мектептің директоры Жақсығали Төлегенұлы Жұмабай, ЖИТ колледжі директорының орынбасары Тасболат Серікқалиұлы Серікқалиев сөз сөйледі.
– Ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – елдің болашағын айқындайтын ұлы міндет. Дені сау, парасатты, рухани бай тұлға тәрбиелеу – мемлекетіміздің іргесін берік ететін басты құндылық. Бұл орайда, ұстаздардың еңбегі – ұлттың тағдырын айқындайтыны сөзсіз. Сондықтан білімнің және тәрбиенің сапалы берілуі – ұлағатты ұстаздарымызға зор міндет жүктейді. Соңғы үш жылда облыс аумағында 7526 орындық жиырма алты мектеп салынды, соның ішінде «КПО» компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында 1344 орындық он алты, жергілікті бюджет есебінен 1982 орындық жеті, «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында 4200 орындық үш білім ордасы пайдалануға берілді, – деді батысқазақстандық педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, ізгі лебізін білдірген Нариман Төреғалиұлы.
Биыл 15 мектептің («Келешек мектептері» жобасы аясында алты және «КПО» компаниясы тарапынан сегіз, сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен бір мектеп) салу шаралары басталды. Жергілікті шәкірттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдар аралығында облыстың 86 мектебіне, келесі жылы – отыз үш, 2027 жылы қырық жеті мектепте жаңғырту жұмыстары жасалатын болады. Үш жылғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл білім саласына бөлінген қаржы көлемі қырық алты пайызға артып, 142,1 миллиард теңгеден 207,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде әр мектеп оқушысына бөлінетін қаржы көлемі 1,3 миллион теңгеге дейін жетіп отыр.
Аймақ басшысы өңірлік білім инфрақұрылымын нығайтуға басымдық берілетіндігіне кеңінен тоқталып, құзырлы орындар мен жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді. Кәсіптік білім – колледж студенттерін өндірістік процеске көбірек тартуды көздейтін кешенді бағдарлама әзірлеу; ауыл мектептері – жабылу қаупінде тұрған ауылдарды сақтап қалу үшін инфрақұрылымды дамыту және бизнеске жағдай жасау; қосымша білім – жаңа орталықтар ашу және ауыл мектептерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету; антибуллинг – психологтардың жалақысын отыз пайызға арттыру және орталық қызметкерлеріне арнайы автокөлік бөлу.
– Өткен оқу жылы бірқатар табысты нәтижелерімен есте қалды. Мектепке дейінгі ұйымдардың желісі кеңейіп, жеке инвесторларды тарту арқылы қадамдық жоспар толық жүз пайызға орындалды. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп, қаржыландырудың ашықтығы қамтамасыз етілуде – «ақша ұйымға емес, балаға беріледі» қағидаты нақты іске асуда. Облыстағы үш жүз жетпіс тоғыз мектепте 124 мың 992 оқушы білім алуда. Республика бойынша үздік 100 мектептің қатарына алты білім ордасы енді. Оқушыларымыз халықаралық және республикалық білім сайыстарында зор жетістікке жетті. «Үздік олимпиадалық команда-2025» екінші дәрежелі дипломымен марапатталуы – соның айқын дәлелі. Қосымша білім беру бағытында да елеулі жетістіктер бар. Бүгінде облыста елу қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, – деді өткен оқу жылының қорытындысы туралы баяндап, алдағы мақсат-міндеттерді саралаған облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Набиоллаұлы.
– Жеткіншектеріміз халықаралық деңгейде өздерін көрсете бастады. Мәселен, АҚШ-тың Вустер қаласында өткен робототехника олимпиадасында Оқушылар сарайының командасы 108 команданың ішінде үздік ондыққа енді. Қытайдың Макао қаласындағы «First Championship» чемпионатында «SubSquad» командасы үшінші орынды иеленсе, Италияның Рим қаласында өткен халықаралық олимпиадада балалар техникалық шығармашылығы орталығының тәрбиеленушілері 329 команданың ішінде үздік бестікке кірді. Бұл – шәкірттердің ғана емес, ұстаздардың да кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де даму байқалады. Өңір бойынша отыз бес колледж жұмыс істейді, олардың жиырма алтысы – мемлекеттік, тоғызы – жекеменшік. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дуальдық оқыту нысанын пайдаланатын жиырма бес техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары белгіленіп, 151 өндірістік орындармен келісім жасалды. Барлық колледждер Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында ұйымдастырылған іс-шараларға белсенді қатысты.
Батысқазақстандық бас ұстаздың мәлімдеуінше, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтарымыздың бірі. Осы бағытта білім беру ұйымдарында аппараттық-бағдарламалық кешен орнату және жедел басқару орталығы мен аудандық ішкі істер бөліміне дабыл түймелері мен бейнебақылау камераларын қосу жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл – оқу орындарында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Білім беру мекемесіндегі басты тұлға – ұстаз екені баршамызға белгілі. Сондықтан мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, оның мәртебесін арттыру – біздің басты міндетіміз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек», – деген еді. Бұл сөз бүгінгі күнде де өзектілігін жойған жоқ.
– Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы білім мен тәрбиені қатар беру – үлкен жауапкершілік жүктейді. 2025-2026 оқу жылындағы басты басымдықтарға тоқталсақ: Біріншіден – білім сапасы. Бұл – ұлттық дамудың негізгі тірегі. Мұғалімдердің үздіксіз білім жетілдіруі, тиімді әдістемелерді енгізуі – уақыт талабы. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын теңестіру – өте маңызды. Осы орайда жүзеге асып жатқан «Келешек мектебі» жобасы – айрықша маңызға ие. Екіншіден – тәрбие мен білімнің тұтастығы. Жастарды тек білімді ғана емес, сонымен қатар адал, еңбекқор азамат етіп тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Осы мақсатта елімізде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізіліп, барлық білім беру ұйымдарында іске асырылады, – деді ол.
Үшіншіден – мектеп – әр бала үшін ең қауіпсіз орын болуы керек. Зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу мақсатында жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылады. Төртіншіден – цифрландыру мен жасанды интеллектіні меңгеру – білім беру жүйесінің дамуы үшін маңызды. Мұғалімдер цифрлық сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды сабақта тиімді қолдануы қажет. Балаларға жас кезінен ЖИ негіздерін үйрету – олардың бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Бесіншіден – ұстаздардың мәртебесін көтеру – басты міндетіміз. Мұғалімдерді қосымша ауыртпашылықтардан босатып, құқықтарын қорғау керек. «Педагог мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, мұғалімнің беделі мен мәртебесін арттыру маңызды.
Салтанатты бөлім барысында өңір педагогтері мен білім беру ұйымдарына мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттар табыс етілді. «Құрмет» орденімен еңбек ардагері Нәбия Тілепбергенова, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ақжайық ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Ерментаева марапатталды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ең үздік білім беру ұйымдары анықталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік балабақша-2025» аталымы бойынша Орал қаласының №48 «Мұрагер» бөбекжай-балабақшасы (5 миллион теңге сертификат және кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге), «Үздік ұйым-2025» байқауының жеңімпазы Орал қаласының №7 жалпы орта білім беретін мектебі (68 миллион теңге сертификат және кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге), «Үздік колледж-2025» – Орал ақпараттық технологиялар колледжі (5 млн теңге сертификат, кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге) марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі, Орал қаласы
Загрузка...


