Тіл – достықтың, бірліктің діңгегі
Елімізде жыл сайын жаңа оқу жылы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен бастау алады. Қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың дүниеге келген күніне орай 5-ші қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі болып бекітілген. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, – деген ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы. Кешегі мен бүгінгінің арасы – үзілмес алтын арқау. Бабалар аманат еткен тіл – тәуелсіз елімізде қайта жаңғырып, жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі жасайды. Сол аманатты жалғайтын – бүгінгі балғындар. Бүгінгі атаулы мереке мектеп-гимназиямызда кең көлемде аталып өтті.
Таңмен таласып оқу ошағына келе жатқан білім алушыларды жоғары сынып оқушылары «Ана тілім» әнімен қарсы алды. Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих және орыс тілі ұстаздары оқыту барысында оқушыларға бүгінгі күннің маңызы мен мағынасын түсіндіріп, тіл білімінің негізін қалаушылары туралы мол мағлұмат берді. Тілдер мерекесіне орай қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері А. И. Ережепова, А.Т. Ұлықсанова және Н.О.Ботаханова сынды мұғалімдеріміз бастауыш буын оқушыларына үзілістерде түрлі викториналық ойындар ұйымдастырып, әр сынып оқушыларына арналған қызықты тапсырмалар үлестірді.
Тіл – халықтың баға жетпес байлығы, ол ұлттардың бірігуі мен тату болуына ықпал етеді. Ана тіліміз – тәрбие құралы және адамдардың тілдік қарым-қатынасын байланыстыратын болмыс өзегі. Тілдер күні – Қазақстанның азаматтар достығының, туыстық пен бірлігінің белгісі, ал халықтар достығы, өзара түсіністік пен ынтымақтастық – мемлекет құрылысының басты тірегі. Осы мақсатта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Н.Ардагер мен Г.А.Құдайбергенованың ұйымдастыруымен оқу ордасының акт залында мерекелік жиын өткізілді.
Қатысушылар өзге ұлт өкілдерінен құралған бастауыш сынып оқушылары мен жоғары және орта буын білім алушылары, қазақ сыныбының оқушыларынан қамтылды. Кеште оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, әннен шашу шашып, ақын жазушыларымыздың жыр шумақтарын жатқа айтты. Еліміздің әрбір тұрғыны тілімізді ардақтауға, құрметтеуге, өз ана тілінде сөйлеуге міндетті.
Бір шаңырақ астында біріккен өзге ұлт өкілдерінен құралған бүлдіршіндер өз ана тілінде жыр шумақтарын әсерлете орындады. Тіл туралы мақал- мәтелдер де назардан тыс қалмады. Мерекелік кеш көрермен көзайымына айналып, келушілерге керемет көңіл күй сыйлады.
“Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді”, – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Мемлекет басшысы қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек деп санайды. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, жас ұрпақтың санасына әр кез ұғындыру білім берушілердің басты міндеті.
Жансая АБДРАМАНОВА,
№ 44 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Алматы қаласы, Түркісіб ауданы

