AI-Sana – цифрлық мемлекеттің қозғаушы күші
Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы еңбек нарығы мен өңдірісті түбегейлі жаңғыртып білім беру жүйесіне де елеулі әсерін тигізуде. Әсіресе жасанды интеллекттің жедел өркендеуі қоғамның әр саласына ықпал етіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктермен қатар, зор жауапкершілік те жүктеп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетудің негізгі тетіктері ретінде цифрлық жаңғырту, жасанды интеллектіні жаппай енгізу және кең көлемді цифрландыру үдерістерін ерекше атап өтті. Аталған бағыттар Қазақстанның барлық саладағы әлеуетін еселеп арттыратын стратегиялық басымдық ретінде бағаланды. Бұған дейін де Мемлекет басшысы еліміздің кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асыруды ұсынған болатын. Бағдарлама білім беру, ғылыми зерттеу және стартаптық бастамаларды дамыту үдерістерін ұштастыратын серпінді экожүйе қалыптастыруға негізделген.
Бұл бастама цифрландыру, автоматтандыру және жаңа технологияларды өмірдің барлық саласына енгізумен қатар, еңбек нарығындағы түбегейлі өзгерістер мен кәсіби сұраныстың жаңа форматын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Мамандығым – болашағым» жобасын іске қосты. Жоба шеңберінде Жетісу өңірінің жаңа мамандықтар атласы әзірленіп, онда құрылыс материалдары, тоқыма, тамақ өнеркәсібі, аккумулятор өндірісі сынды жетекші салаларға қажетті жаңа мамандықтар нақтыланды. Сонымен қатар жаңа экономиканың талаптарына сәйкес робототехника, экологиялық менеджмент, цифрлық логистика, 3D модельдеу, «ақылды» жолдарды жобалау, смарт-маталар өндірісі, тіпті эмоционалды күйді басқару сияқты бағыттар да қамтылды. Мұндай жаңа мамандықтардың пайда болуы еңбек нарығын жаңғыртып қана қоймай, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл үдерісте жаңа мамандықтарды қалыптастырумен қатар, білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізу де маңызды рөл атқарады. Осыған сәйкес жасанды интеллектіні пайдалану білім беруді жекелендіру мен тиімділікті арттыруға бағытталған саналы қадам болып отыр. ЖИ студенттің үлгерімін нақты уақыт режимінде талдауға, жеке оқу траекториясын құруға, қиындықтарды алдын ала болжауға және оқу бағдарламаларын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Алайда, ЖИ оқытушыны алмастырмайды, керісінше оның шығармашылық және тәлімгерлік рөлін күшейтеді.
Осы тұрғыда Жетісу университеті «AI-Sana» жобасын іске асырып, оқыту мен басқарудың жаңа цифрлық моделін қалыптастыруды көздеуде.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің флагмандық бастамасы ретінде университет ресми түрде зәкірлік жоғары оқу орны мәртебесіне ие болды.
Оқу орнының стратегиялық бағыттарының нәтижесі ретінде қазіргі таңда 5400-ден астам студент арнайы курс бағдарламасын меңгеріп, жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану бойынша сертификатқа ие болды.
Алдағы уақытта университет ЖИ негізіндегі бес агентті енгізуді жоспарлап отыр. Бұл агенттер оқу материалдарын автоматты әзірлеу, студенттердің үлгерімін талдау және оқытушы еңбегін оңтайландыру міндеттерін атқаратын болады.
Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында: «Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады» – деп атап өтті.
Осы бағытта І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті – өңірдегі педагог мамандарды даярлайтын бірден-бір білім ордасы ретінде жасанды интеллект пен ақпараттық технологияларға бағытталған бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыруда.
Атап айтқанда, «6B06104 – Smart жүйелерді жобалау», «6B06103 – Ақпараттық жүйелер архитектурасы», «6B06102 – Ақпараттық жүйелер» мамандықтарының студенттері «Интеллектуалды робототехникалық жүйелер», «ARDUINO ортасында бағдарламалау», «Нейрондық желілер», «Big Data», «Жасанды интеллект», «Интернет заттар (IoT)», «Машиналық оқыту», «Блокчейн технологиясы», «CASE-технологиялар негізіндегі автоматтандырылған жобалау» сияқты пәндерді меңгеруде. Бұған қоса, барлық мамандықтардағы «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнінде SMART технологиялар мен ЖИ тақырыптары кеңінен қамтылған.
2024-2025 оқу жылында университетте жасанды интеллект (ЖИ) бағыты бойынша бірқатар маңызды бастамалар іске асты. Smart жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) мамандары профессор-оқытушылар мен жас ғалымдарға семинарлар өткізіп, жасанды интеллектті қолдану тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, қысқы және жазғы мектептерде семинарлар ұйымдастырылып, ай сайынғы «Педагогикалық шеберлік» іс-шарасында ЖИ құралдарын білім беру процесіне интеграциялау жолдары талқыланды.
Университет жанынан Жасанды интеллект және виртуалды шындық зертханасы ашылып, Huawei компаниясымен стратегиялық серіктестік орнатылды. Келісім аясында университетке арнайы жабдықталған кабинет беріліп, екі оқытушы шетелде кәсіби біліктілігін арттырды.
Жетісу университетінде жас ғалымдар да ЖИ саласына белсенді атсалысуда. «Jas Galym – 2025» байқауында «Кіріктірілген жасанды интеллект бар дауыстық көмекші әзірлеу» жобасы жеңіске жетіп, 2 000 000 теңге көлемінде грант иеленді. Стартап байқауында студенттер «Жасанды интеллект көмегімен мультипликациялық фильмдер жасау» атты әзірлеме ұсынды. Ал университет оқытушысы Райгүл Желдібаева «Жас Ғалым» байқауында «Тілдік емес мамандық білім алушыларының академиялық ағылшын тілін меңгерудегі көмекшісі ретінде жасанды интеллект: рандомизацияланған сынақ» тақырыбындағы жобасымен жеңімпаз атанды.
Жоғары білім беруді модернизациялау аясында университет базасында жасанды интеллект және Виртуалды шындық зертханасы ашылып, Физика-математика факультетінде Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект кафедрасы құрылды.
2024-2025 оқу жылында барлық бакалавриат бағдарламаларына «Жасанды интеллект негіздері» пәні, ал магистратура мен докторантураға арналған білім беру бағдарламаларына «Жасанды интеллектпен оқытудың заманауи тәсілдері», «Басқарудағы сандық технологиялар», «Бизнес зерттеулеріндегі жасанды интеллект және деректерді талдау», «Жасанды интеллект және зияткерлік меншік», «Жасанды интеллекттің экономикалық үдерістерге әсері» сияқты пәндер мен модульдер енгізілді.
Сонымен бірге университетте ғылыми зерттеулердің цифрландырылуы қолға алынған.
Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтының, зертханалардың және ғалымдардың зерттеу нәтижелері кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп, арнайы Цифрлық ғылыми порталға жүктелуде. Бұл бастама ғылыми деректердің қолжетімділігін арттырып, зерттеу қызметін жүйелеуге мүмкіндік береді.
«AI-Sana» жобасы аясында Жетісу университеті білім беру мен ғылымды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдар жасап отыр. Бағдарлама мыңдаған студент пен жас кәсіпкерге ЖИ-дің қыр-сырын меңгеріп, оны өз кәсібінде тиімді қолдануға жол ашуда.
Жетісу университеті алдағы уақытта осы жобаға қосылу арқылы жасанды интеллектіні терең меңгерген сапалы маман даярлауға басымдық береді. Өйткені жасанды интеллектке негізделген оқыту жүйесін қалыптастыру тек университеттің жетістігі ғана емес, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Ермек Бөрібаев,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры,
заң ғылымдарының докторы, профессор.

