Жасанды интеллектке негізделген цифрлық Қазақстан (Президент Жолдауының негізгі бағыттары мен мәні)
2025 жылғы 8 қыркүйектегі мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаевтың Халыққа арнаған кезекті Жолдауы мемлекеттің даму сатысына қатысты маңызды беделі бар стратегиялық құжат ретінде алдағы жылға арналған тапсырмалар жоспарын ұсынып, оның ішінде цифрлық даму мен жасанды интеллект саласындағы стратегиялық бағыттарға ерекше мән берді.
Бұл Жолдауда Президент баяндамасын 3 жылдық мерзімде еліміздің цифрлық мемлекетке айналуы тиіс екендігінен бастады. Нақты айтқанда, мемлекетке жасанды интеллекті дамыту үшін жаңадан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынды. Бұл тапсырма – елдің болашақта технологиялық көшбасшылар қатарынан көрінуіне бағытталған салмақты қадам болмақ,
Сондай‑ақ білім және инфрақұрылым салаларына жасанды интеллектті белсенді ендіру, сонымен қатар экономикалық дамуды цифрлық тұрғыдан қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, су инфрақұрылымы саласындағы күрделі практикалық мәселелерді шешу үшін бюджеттен алынған қаражаттың тиімді пайдаланылуын атап өтті. Тағы бір жаңалық, мемлекеттік басқаруға бағытталған шешімдер ұсынатын Ұлттық жасанды интеллект платформасы мен “Alem AI” халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылып, ғылыми зерттеу жүргізу мүмкіндігі ашылғаны баяндалды. “Qazaq Digital“ мектептерінің ашылуы да өскелең жас ұрпаққа сапалы білім берудің қайнар көзі болмақ.
Жасанды интеллект нарығының даму болашағына аса мән беріліп, Қазақстанның қаржы жүйесінде инновация мен цифрлық трансформацияға бет бұру, банк жүйелері мен құқық қорғау органдарын біріктіретін платформа ретінде және қаржылық алаяқтықтың алдын алуға бағытталған практикалық әрі инновациялық шешім ретінде тиімді Антифрод-орталықтың құрылғандығы хабарланды.
Расында да нақты уақыт режимінде атқарылатын цифрлық төлем жүйесі, маркетплейс, электрондық бизнес ортасы алаяқтық шабуылдарға төтеп беретін мықты антифрод жүйелерін қажет ететіні әлем бойынша да бүгінгі күннің өзекті шараларының бірі. Сырттан инвестициялық компанияларды ел экономикасына тартуда да сенімді антифрод жүйелерінің болуы үлкен кепілдік беретін қажеттілікке айналды.
Қорытындылап айтқанда, биылғы Президент Жолдауы цифрландыру, жасанды интеллект және ақпараттық қауіпсіздік салаларын стратегиялық басымдыққа көтерген құжат деуге болады. Жасанды интеллектіні дамыту – әлемдік экономикалық үрдістерге сәйкес келуге, цифрлық экожүйені қалыптастыруға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам болмақ және бұл бағыттардың әрқайсысы еліміздің даму болашағына зор ықпалын тигізетін, келелі міндеттерді сипаттайды.
Осындай мемлекеттік шараларды жүзеге асыруда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің профессор-ұстаздары қауымы да цифрлық экономиканың сәулетіне қажетті IT-мамандар мен жас ғалымдарды даярлау үшін білімдері мен ғылыми туындыларын және жігерлі еңбектерін қосуды өздерінің азаматтық борыштары деп санайды.
Қарлығаш БАЙШОЛАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ “Ақпараттық жүйелер”
кафедрасының профессоры, э.ғ.д.
PhD – “Ақпараттық жүйелер” БББ координаторы
