Президент талаптарына сай білім берудің жаңа белестеріне ұмтылыс

Әрбір ұлттың келешегі – оның тәрбиелі ұрпағында. Жақында «Адал азамат» тақырыбында ұйымдастырылған біртұтас тәрбие бағдарламасының әлеуметтік ықпалы мен маңызына арналған дөңгелек үстел осы ойды тағы бір мәрте айшықтап берді. Бұл басқосу – жай ғана ғылыми жиын емес, жүрекке жетер сөздер айтылып, жас ұрпаққа бағытталған ізгі ниеттер тоғысқан рухани алаң болды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, білім беру қаншалықты маңызды болса, сапалы тәрбие берудің орны да соншалық терең. Адалдық пен еңбексүйгіштік – болашақ азаматтың басты қазынасы, ұлттың жаңа сапасының негізі. Осыған орай өткен халықаралық іс-шарада ел мен әлемнің алдыңғы қатарлы сарапшылары бас қосты. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы, ҚР Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбай, сондай-ақ Ұлыбританияның Бирмингем университетінің профессоры, әлемдік деңгейдегі сарапшы Том Харрисон мырза мазмұнды ойларымен бөлісті.

Іс-шараның ауқымын арттырған тағы бір ерекшелік – Сингапур елінен келген құрметті қонақтар. Ұлттық білім институтындағы «Құндылықтарға негізделген білім» орталығының директоры, профессор Лиао Шао Цзюнь мен Сингапур білім министрлігінің тәрбие комитетінің төрайымы профессор Жасмин Сейнг өз елдерінің тәжірибесін ортаға салып, тәрбиенің қоғамдағы рөліне тоқталды. Дөңгелек үстел барысында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары да өз ой-пікірін білдіріп, жас ұрпақтың бойына адалдық пен ізгілікті сіңірудің тың жолдарын ұсынды.

Бұл жиын – ұрпақ қамын ойлаған әрбір азаматтың жүрегіне жетер үндеу іспеттес. Өйткені, болашаққа салынар ең мықты іргетас – білім мен тәрбиенің ұштасуы. «Адал азамат» бағдарламасы осы бағыттағы маңызды қадам ғана емес, ұлт келешегін кемел ететін ұлы бастамалардың бірі болып қала бермек. Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы білім беру саласына қатысты мәлімдемесі бүкіл ел назарын аударды. Мемлекет басшысының: «Жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы құзыреттерді қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы керек», – деген сөзі заманауи білім берудің негізгі бағытын айқындап берді.

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының мектептері бұл мәселеде ұзақ жылдар бойы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біздің мектептердегі тәжірибе Мемлекет басшысы айтқан бастамаларды іс жүзінде қалай жүзеге асыруға болатынын көрсетеді. Біздің мұғалімдер үшін жасанды интеллект тек оқушыларға ғана емес, сонымен қатар ұстаздардың өздеріне арналған біліктілікті арттыру құралына айналды. Біз мектептеріміздегі педагогтердің жасанды интеллект технологияларын меңгеру дағдыларын арттыруға ерекше көңіл бөлеміз.

Осы мақсатта арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастырылады. Бұл курстардың басты мақсаты – мұғалімдерді жасанды интеллект негіздерімен таныстырып қана қоймай, оны күнделікті сабақ беру үдерісінде тиімді қолдануға үйрету. Осылайша, әр ұстаз сабақ жоспарын құруда, оқу материалдарын дайындауда және оқушылардың білімін бағалауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана алады.

«Цифрлық азамат» – заман талабы. «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының білім берудегі сапалы бағыттарының бірі – «Цифрлық азамат» дағдысын қалыптастыру. Бұл бағыт аясында арнайы құжат әзірленді. Ол оқушылардың тек техникалық білімін жетілдіріп қана қоймай, оларды ақпараттық кеңістіктегі жауапты әрі саналы қатысушы ретінде тәрбиелеуді көздейді. Біздің мектептердегі әр оқушы цифрлық этика, медиасауаттылық және киберқауіпсіздік сияқты маңызды тақырыптар бойынша терең білім алады.

Оқушының даму траекториясы: MyIDP платформасы – біздің мектептерде MyIDP платформасы белсенді қолданылады. Бұл – оқушының жеке даму траекториясын жасауға арналған жасанды интеллект негізіндегі бірегей жүйе. Платформа әр оқушының қабілетін, қызығушылығын және білім деңгейін талдай отырып, оған сәйкес жеке оқу жоспарын ұсынады. Бұл жүйенің арқасында оқушылар өздеріне ең қолайлы пәндер мен бағыттарды таңдап, мақсатты түрде дами алады. MyIDP әрбір баланың әлеуетін толық ашуға және оларды болашақ мамандықтарына бағыттауға көмектеседі.

«Білім-Инновация» қорының басты қағидаларының бірі – инновацияға ұмтылу және ынтымақтастық. Біздің мектептеріміздің озық тәжірибесі үнемі басқа білім беру ұйымдарына таратылады. Біз бұл тәжірибені әсіресе ауыл мектептеріне жеткізуге дайынбыз. Қашықтан оқыту және жасанды интеллект технологиялары негізінде «Qazaq Digital Mektebi» моделін құру бастамасы бізге өте жақын. Біз ауылдық жерлердегі оқушылардың сапалы оқу материалдарына қол жеткізуі үшін тәжірибемізді және ресурстарымызды бөлісуге әрқашан дайынбыз.

Цифрлық оқулықтар: «Астана кітап» баспасының үлесі. Қорға қарасты «Астана кітап» баспасы жаратылыстану-математика бағытындағы оқулықтарды ағылшын тілінде шығарумен қатар цифрлық шешімдерді де белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл оқулықтардың электронды нұсқалары мен қосымша цифрлық ресурстары сапалы оқу материалының барлық жерде қолжетімді болуына ықпал етеді. Бұл бастама Президент Жолдауында айтылған, ауылдық мектептерге арналған сапалы білім беру платформасын құру идеясымен толық сәйкес келеді.

Қорыта айтқанда, «Білім-Инновация» мектептері Мемлекет басшысының бастамаларын іс жүзінде іске асыруға белсенді атсалысуға дайын. Біз инновация мен ынтымақтастық арқылы еліміздің болашағы үшін білікті мамандарды дайындауға өз үлесімізді қоса береміз.

Дархан ӨТЕ,
«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий