Жасанды интеллект білім беру саласына жаңаша серпін береді
Жаһанды қызықтырған жасанды интеллект қазір барлық салада қарқын алып келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл бағыттың білім беру жүйесінде де басымдыққа ие болуы қажеттігін атап айтты. – Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ.
Президенттің осы бағыттағы тапсырмасына сәйкес, елімізде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық моделі бекітілді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025-2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды. Құжат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасы аясында әзірленіп, білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды. Алғаш рет білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітіліп, оған этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері енгізілді.
Бұл тұжырымдама мектептерді ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын да қамтиды. Ол жасанды интеллектке арналған арнайы тақырыптарды оқу процесіне енгізуді, заманауи цифрлық оқулықтар шығаруды, оқушылардың ЖИ бойынша сауаттылығын қалыптастыруды және олардың жобалық қабілеттерін дамытуға жағдай жасауды көздейді. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби деңгейін Acquire → Deepen → Create үшсатылы үлгісі бойынша жетілдіруді қамтамасыз етеді. Құжатта баланың құқықтарын қорғау мен педагогтің кәсіби беделін сақтау мәселесіне айрықша мән берілген. Мектептер мен колледждерде жасанды интеллектіні пайдаланудағы этика мен академиялық адалдықтың ортақ қағидалары бекітіледі.
– Бірлескен бұйрыққа қол қою – еліміздің білім беру жүйесін дамытудың жаңа белесі. Тұжырымдама стратегиялық басымдықтарды нақтылап қана қоймай, оны іске асырудың айқын механизмін, мониторинг жүйесін және жол картасын бекітеді. Бұл жасанды интеллектіні мектептер мен колледждерде жүйелі әрі қауіпсіз енгізуге жағдай жасайды. Жасанды интеллект педагогтің орнын баспайды, қайта оның рөлін арттырады. Себебі, білім беру процесіндегі түпкілікті шешімдерді адам қабылдайды, – деді Ғани Бектайұлы.
– Қазақстан ЮНЕСКО, ЭЫДҰ және Еуропалық одақтың ұсынымдарын негізге ала отырып, бұл бағытта өзіндік ұлттық жолын айқындаған алғашқы елдердің бірі болды. Білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу – Қазақстанның ауқымды цифрлық жаңғыру стратегиясының құрамдас бөлігі. Біз балалар мен жастардың тек заманауи құралдардың қолданушысы емес, солардың құрастырушысы болуына мүмкіндік ашып отырмыз. Ұсынылып отырған тұжырымдама – болашақ технологияларын еркін меңгерген, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен академиялық адалдықты сақтаған жаңа буынды қалыптастыруға жол ашады, – деді Жаслан Хасенұлы.
Оқырмандардың есіне салсақ, 2025-2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізілді. Оқушылар үшін Day of AI әдістемелік кешені әзірленіп, педагогтер үшін арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылды. Қазақстан ЮНЕСКО, ЭЫДҰ және Еуропалық одақтың ұсынымдарын негізге ала отырып, бұл бағытта өзіндік ұлттық жолын айқындаған алғашқы елдердің бірі болды.
Бейіндік ведомствоның бастамасымен білім беру саласы қызметкерлерінің бір тобы жасанды интеллектіні қолдану бойынша арнайы оқытудан өтті. Оқыту «Білім берудегі аймақтық көшбасшылық: инновациялар және әрекеттегі жасанды интеллект» кәсіби даму бағдарламасы аясында ұйымдастырылған болатын. Бұл бағдарлама биылғы ақпан айынан бастап іске асырылуда. Мақсаты – цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын енгізуде білім беру жүйесі басшыларының стратегиялық ойлауын, көшбасшылық және басқарушылық құзыреттіліктерін дамыту.
Бағдарлама тыңдаушылары ретінде салалық министрліктегі орталық аппараттың, өңірлік басқармалар мен білім бөлімдерінің 74 басшысы, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен мектеп, балабақша және колледж директорлары қатысты. Аталған бағыт білім беру жүйесінің негізгі сын-қатерлеріне бірыңғай көзқарас қалыптастыруға және практикалық басқарушылық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік берді. Бағдарлама тақырыптары көшбасшылық құзыреттіліктерді дамыту, стратегиялық жоспарлау, ТжКБ трансформациясы және білім беруге жасанды интеллектіні енгізу тәжірибелерін қамтыды.
Сонымен қатар педагогикалық хакатон өткізіліп, өңіраралық командалар білім беру сапасын арттыру және жасанды интеллектіні қолдану бойынша практикалық жобалар әзірледі. Бағдарлама нәтижесінде практик-менеджерлердің қауымдастығы құрылып, өңірлік деңгейде іске асырылатын жобалар дайындалды, сондай-ақ оқыту мен басқаруда жасанды интеллектіні сауатты пайдалануға арналған әдістемелік материалдар топтамасы әзірленді. Тәуелсіз еліміздің экономикасын дамытудың басты тетіктерінің бірі – ғылым мен білім саласына жасанды интеллект шешімдерін енгізу.
– Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану маңызды жаңашылдық әкеледі. Біріншіден, әр оқушының деңгейі, қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай дербес тапсырмалар дайындауға жасанды интеллекті таптырмас құрал. Сонымен қатар жасанды интеллекті ұстаздардың уақытын үнемдейді. Жасанды зерде арқылы мұғалімнің күнделікті жұмысы едәуір жеңілдейді. Сабақ дайындау, кері байланыс тапсырмаларын тексеру, мәтін құрастыру, статистика шығару, оқушылардың үлгерімін талдау секілді күнделікті міндеттерін ЖИ көмегімен автоматты түрде орындайды. Нәтижесінде, мұғалім оқушылармен шығармашылық жұмысқа көбірек уақыт бөледі. Жасанды интеллектінің тағы бір артықшылығы – қашықтан білім алудағы тең мүмкіндік, – деді еліміздің бас газетінің журналисімен сұхбаты барысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының директоры Нәзипа Аюбаева.
– Ауыл мектептеріндегі оқушылар да заманауи құралдарды пайдалана алады. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттыратын қадам. Ұлттық білім академиясы ЖИ қолдану бойынша этикалық стандарттар мен академиялық адалдық ережелерін дайындады. Сонымен қатар академия ұжымы жасанды интеллектіні этикалық қолдану жөніндегі нұсқаулық әзірледі. Бұл – техникалық нұсқаулық емес, мұғалім қызметіне пайдалы құндылықтар жинақталған құжат. «Мұғалім – оқушыға ЖИ-ді сауатты пайдалануды үйрететін жетекші тұлға» деген қағидат сақталады. Биылғы оқу жылында мектептегі «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект негіздеріне арналған тақырыптар енді.
Нәзипа Алтынбекқызының айтуынша, мектеп бағдарламасына жасанды интеллект жеке оқу пәні ретінде емес, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер мазмұнына кіріктірілген түрде енгізіле бастаған. Бастауыш сынып білім алушылары жасанды интеллекті туралы қарапайым түсініктер, қауіпсіздік ережелері, этикалық нормалар туралы білімді «Цифрлық сауаттылық» оқу пәні арқылы меңгереді. Ал негізгі және жоғары сыныптарда жасанды интеллекті туралы білім «Информатика» пәнінде оқытылады.
Және аталған пәндегі алгоритмдер, деректерді өңдеу, машиналық оқыту негіздері сынды тақырыптарын оқытуда білім алушылар жасанды интеллектіні қолдану құзыретін игереді екен. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарына «Day of AI» сияқты ашық әдістемелік кешендер қолданылып, дайын сценарийлер, тапсырмалар және жобалар ұсынылады. Бұл оқу материалдары үнемі жаңартылып отырады. Жасанды интеллекті орта білім беру жүйесіне оқу пәндері мазмұнына кезең-кезеңмен және білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.
– Бүгінгі таңда жасанды интеллект мемлекеттің қуатын айқындайтын басты құралға айналды. Қытай, Корея, Еуропа сияқты елдер бұл салаға жүздеген миллиард доллар инвестиция салып, мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, экономиканың жаңа секторларын қалыптастыруда. Қазақстан үшін де цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа даму драйверіне айналуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында цифрландыруды бірінші орынға қоюы – кездейсоқ емес, бұл жаһандық үрдістің заңды жалғасы, – деді жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен әңгімесінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев.
– Жасанды интеллект қазір тек өндірісті автоматтандыру немесе қолжетімді қызмет көрсету құралы ғана емес. Ол – ұлттық қауіпсіздік, экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық сияқты үлкен мәселелерді шешудің негізгі факторы. Егер біз ғылым мен инновацияға инвестицияны күшейтсек, Қазақстанды жаңа технология жасаушы елге айналдыра аламыз. Қазақстан тек цифрлық шешімдерді тұтынушы ел емес, керісінше технология өндіруші және экспорттаушы мемлекетке айналып келеді. Жасанды интеллекттің ықпалы соншалық, қазір ол тек технологиялық құрал ғана емес, саяси шешім қабылдаудың да құралына айналып отыр.
Нұрлан Серікұлының пайымына жүгінсек, Президент Жолдауында айтылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі – осы жаһандық трендтің бір бөлігі. Яғни, біз тек технологияны қолданушы ғана емес, оны мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыруға дайынбыз деген сөз. Біздің бағытымыз – жасанды интеллект пен цифрландыруға негізделген ұлттық даму жолы. Мемлекет басшысы Жолдауында осы бағытты айқындап берді. Енді оны қағазда қалдырмай, нақты іске айналдыру – біздің ортақ міндетіміз.
Шырақ әл-ШАБАНИ
Загрузка...


