Сағиолдановтар әулеті: Ұстаздық – ұрпаққа мұра

Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, бұл – жүректен жүрекке жол табатын, ұлт болашағына қызмет ететін ұлы миссия. Осы қасиетті жолды өмірлік мұрат еткен, бірнеше ұрпақ бойы педагогика саласында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Сағиолдановтар әулеті – халқымыздың ұлағатты ұстаздық дәстүрін лайықты жалғастырып келе жатқан бірегей жанұя.

 

Әулеттің ұстаздық тарихының бастауы – Ұлы Отан соғысының тыл ардагері, бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз Қатжан Нәсиқызына тиесілі (1928–2024). Ол кісі бастауыш сынып мұғалімі ретінде қырық жылға жуық уақыт еңбек етіп, бірнеше буынның сауатын ашқан, тәрбиесіне терең із қалдырған парасат иесі. «Еңбек ардагері» медалі мен өзге де мемлекеттік марапаттар – сол адал еңбектің айғағы.

Қатжан апайдың жолын жалғаған ұлы Бақыт Сағиолдаұлы мен келіні Гүлнара Серікқазықызы да – білім саласының ардагер қызметкерлері. Бақыт Сағиолдаұлы – шәкірттерін қолөнер мен бейнелеу өнеріне баули отырып, шығармашылық арқылы тәрбиелеудің озық үлгісін көрсеткен жан. Ал Гүлнара Серікқазықызы – математика пәнінен жүздеген шәкіртке бағыт-бағдар берген, «Олимп шыңына жетелеуші» атағының иесі, көп балалы ана, «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері.

 

Әулеттің келесі өкілі, бүгінгі таңда ел астанасындағы үздік педагогтердің бірі атанған Сағиолданов Талант Бақытұлы – ұстаздықтың жаңа дәуірдегі көрінісі. Алматы қаласындағы №178 мамандандырылған лицейде математика пәнінен сабақ беретін ол – шәкірттерін халықаралық білім аренасына шығарып, еліміздің намысын қорғап жүрген ұлағатты ұстаз. «Үздік педагог – 2022» төсбелгісінің иегері атанған Талант Бақытұлы Сингапур еліндегі озат білім беру тәжірибесін меңгеріп, оны отандық оқыту жүйесіне енгізіп келеді.

Оның жары Арайлым Жолболдиевна да – білім саласының білікті маманы. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, магистр, көп балалы ана. Бүгінде №181 жалпы білім беретін мектепте қызмет ететін ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

 

 

Сағиолдановтар әулетінің басқа да мүшелері ұстаздық жолды өмірлік ұстаным етіп алған. Қатжан апайдың қыздары Алмира Сағиолдақызы мен Маржан Сағиолдақызы да білім саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнетке абыроймен шыққан қадірлі тұлғалар. Ал ұлы Қуат Бақытұлы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жас ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеуде.

Бұл – ұстаздықты тек мамандық емес, отбасылық мұра ретінде жалғастырып келе жатқан, ұрпақ тәрбиесіне бар жанын арнаған нағыз «ұстаздар әулеті». Сағиолдановтар жанұясының еңбегі республика көлемінде ғана емес, ТМД елдеріне таралған МИР телеарнасының «Еңбек әулеті» атты бағдарламасында көрсетіліп, халықаралық деңгейде де мойындалды.

Бүгінде Сағиолдановтар әулеті – ұстаздықты өмірінің темірқазығына айналдырған, адам тәрбиелеудің асқақ өнегесін көрсетіп жүрген мәртебелі отбасы. Бұл әулеттің тарихы – ұлтқа қызмет ету, білімге құрмет пен ұрпақ сабақтастығының шынайы көрінісі.

Осындай жанұялар арқылы еліміздегі білім беру жүйесі дамып, жас ұрпақтың болашағына нық сеніммен қарауға болады. Сағиолдановтар әулеті – қазіргі және келешек педагогтер үшін үлгі, ал ұрпақ тәрбиесіне арналған бұл жол – нағыз ұлттық құндылықтың қайнар көзі.

Құрметпен,
Қарлығаш Медербекқызы АҚМУРЗАЕВА,
Алатау ауданы білім бөлімінің

Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий