Түркі жастарының кәсіби шеберлігін көрсететін тәжірибелік алаң

Былтырғы жылдың қараша айында Түрікменстанның астанасы Ашхабадта бас қосқан халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлерінің қырық бірінші кеңесі отырысында Маңғыстау облысының орталығы һәм республикадағы ең көрікті портты қала Ақтау шаһары 2025 жылдың «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған болатын. Осыған орай биыл мың бояулы мұнайлы өлкеде түрлі іс-шаралар жиі өткізілуде. Осы аймақта өткен аптада түркітілдес мемлекет студенттерінің қатысуымен біздің елімізде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық чемпионат қорытындыланды.

Бұл бес күндік дүбірлі доданың басты мақсаты – түркітілдес елдер арасындағы кәсіптік білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және кәсіби даярлау стандарттарын жақсартуға бағытталған. Кәсіби шеберлік чемпионатына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Венгрия және еліміздің барлық аймағынан арнайы келген үкілі үміткерлер сан түрлі бағыттар бойынша шеберліктерін сынауға жиналған болатын. Бәсекеге түсу мүмкіндігі берілген құзыреттіліктер қатарында бизнеске арналған ІТ шешімдер, веб технологиялар, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару операторы, графикалық дизайн, сантехника және жылыту, электромонтаждық жұмыстар, дәнекерлеу ісі, жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, аспаз ісі, сән технологиясы бар.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлер еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытында нақты жұмыстарға кірісті. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында ұйымдастырылған халықаралық TurkicSkills чемпионаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі. Тарихтың барлық кезеңінде жұмысшы мамандықтары экономиканың берік тірегі болып келді және солай болып қала береді. Чемпионаттың өткізілуі түркі мемлекеттері арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындап, талантты жастардың шеберлігін шыңдауға арналған тиімді алаңға айналып отыр. Өңірімізде алғаш рет өтіп отырған бұл халықаралық деңгейдегі шара Маңғыстаудың білім беру әлеуетін айқын көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Барша қатысушыларға сәттілік пен табыс тілеймін!, – деді бірегей басқосудың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңінің басталуы болды. TurkicSkills чемпионаты – осы жылдың басты оқиғаларының бірі. Бұл игілікті іс-шара білім мен дағдыны біріктіретін, халықаралық ықпалдастықты нығайтатын үлкен қозғалыс. Чемпионаттың халықаралық беделін WorldSkills International ұйымының арнайы шешімі растады. Демек бұл бірегей басқосу – түркі жастарының кәсіби шеберлігін көрсететін заманауи алаң және туысқан бауырлас елдердің арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтумен қатар тағылымды тәжірибе алмасуларды одан әрі тереңдетеді, – деді осы шараға жиналғандарға ізгі лебізін білдірген ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.

«TurkicSkills-2025» чемпионатына WorldSkills International ұйымындағы стратегиялық даму жөніндегі Кеңестің мүшесі Рэй Инглиш (Ray English) арнайы келіп, байқау алаңдарын аралады. Ол қатысушылармен тілдескен соң атқарылған жұмыстарды зерделеп, кәсіби шеберлік байқауының ұйымдастырылуын жоғары бағалайтындығын айрықша атап айтты. Әрі сынға түскен жас мамандардың кәсіби шеберлігіне ризашылығын білдірді.

– Мен қатысушылардың ынта-жігерінен ерекше әсер алдым және чемпионаттың түрлі елдердің болашақтың кәсіби дағдыларын дамыту мақсатында біріккеніне тәнті болдым. WorldSkills қозғалысын дамытуға қосқан қазақ елінің үлесі зор, – деді ол отандық беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбатының барысында. WorldSkills International өкілінің елімізге арнайы келуі қатысушылар мен ұйымдастырушылар үшін маңызды болғаны даусыз. Демек бұл, халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған «TurkicSkills-2025» чемпионатының әлем қауымдастығы тарапынан толық мойындалғанын және оның тәжірибе мен инновациялар, мәдени дәстүрлерді дамытуға серпін беретін сенімді ынтымақтастық алаңына айналғанын көрсетеді.

«TurkicSkills-2025» чемпионаты барысында басқа да шаралармен қатар педагогтер мен әдіскерлер арасындағы нетворкингті дамыту, тәжірибе мен идеялар алмасу мақсатындағы «Methodist Forum: кәсіби даму траекториясын қалыптастыруда әдіскердің қызметі» атты республикалық форум ұйымдастырылды. Басты мақсат ретінде – педагогтердің кәсіби дамуын қолдауда әдіскердің рөлін жаңаша қарастыру, әдістемелік қызметті жетілдіру және тәжірибе алмасу алаңын қалыптастырудың мүмкіндіктері көзделген. Жүздесуде талқыланған негізгі бағыттар: педагогтің кәсіби даму траекториясын жоспарлаудағы әдіскердің орны; әдістемелік сүйемелдеудің жаңа формалары мен инновациялық тәсілдері; әдіскерлердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және жас педагогтермен жұмысты жүйелеу; білім беру сапасын арттыруда жасанды интеллект пен цифрлық ресурстарды қолдану.

Форум нәтижесінде әдіскердің тек әдістемелік сүйемелдеуші ғана емес, сонымен қатар педагогтердің кәсіби өсуін бағыттаушы, жаңашылдықты таратушы тұлға ретіндегі рөлі ерекше аталды. Қатысушылар тарапынан білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірнеше нақты ұсыныстар әзірленгенін білдік (әдіскерлердің кәсіби даму траекториясын құру; менторлық және коучинг бағдарламаларын енгізу; аймақаралық тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту; цифрлық сауаттылықты арттыру курстарын ұйымдастыру; халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру).

Және колледж педагогтері мен осы сала ардагерлерінің еңбегін ұлықтау мақсатында алғаш рет Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің күні аталып өтіп, ұлағатты ұстаздар мен жұмыс берушілерге арнайы марапаттар табысталды. Бүгінгі астардың болашағы мен еңбекті дәріптеуге арналған тарихи сәтте сөз сөйлеген бейіндік ведомство басшысының орынбасары Майра Тұрғанбайқызы: – Бүгін біз Қазақстанның білім беру жүйесі тарихының жаңа парағын ашып отырмыз. ТжКБ жүйесі – еліміздің экономикалық қуаты мен әлеуметтік дамуының негізгі тіректерінің бірі, – деді. Расында бұл чемпионат жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың, түркі елдері жастары арасындағы бұрыннан бар байланыстарға қарқын берудің және тәуелсіз мемлекетімізді кәсіби шеберліктің орталығы ретіндегі халықаралық беделін нығайтудың маңызды қадамы болғаны хақ.

– TurkicSkills – түркітілдес мемлекеттері жастарын бір арнаға тоғыстыратын халықаралық алаң. Мұнда дағдылар экономикалық даму, инновация және бірліктің қозғаушы күші ретінде көрініс табады. Көрменің негізгі мақсаты – тұрғындарға техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуын көрсету. Көрмеде жаңа технологиялар, өндірісте және кәсіпорындарда қолданылатын құрылғылар көрсетілген, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігіндегі Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетов. Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымованың мәлімдеуінше: – «TurkicSkills-2025 техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қатысушылары үшін зор мүмкіндік алаңына айналды. Мұндағы қатысушылар өздерінің үздік жобалары мен жетістіктерін таныстырып қана қоймай, тәжірибе және білім алмасуға да бірегей мүмкіндік алды.

Осы чемпионаттың аясында отандық колледждер кәсіпорындармен, шетелдік арнаулы оқу орындарымен бір жүзге жуық ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасап, тараптар арасындағы келісімдер мақұлданған. Олар негізінен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа технологияларды, инновациялық жобаларды, заманауи оқыту әдістемелерін енгізуге, WorldSkills қозғалысын дамытуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобалар мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыруға бағытталған. – Бұл келісімдер студенттерімізге кәсіби дағдыларын жетілдіруге, халықаралық стандарттарға сәйкес тәжірибе жинақтауға және еңбек нарығында өз орнын табуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыруға және заманауи өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам болып табылады, – деді «Talap» КеАҚ президенті Санжар Тәтібеков.

Атап айтар болсақ, Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы робототехника саласында «Dosti» компаниялар тобы ЖШС техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі мен «KidsGo Technology Ltd.» компаниясы арасында ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника және цифрлық білім беру бағдарламалары саласында ынтымақтастық орнатылды.

Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледжі (директоры – Еслямова Ақнұр Қабиденқызы) республикалық деңгейде жоғары бағаға ие болып, «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша үздік колледж» аталымына қол жеткізді. Бұл мәртебелі марапат ұйымшыл ұстаздар ұжымның халықаралық тәжірибені оқу үдерісіне енгізудегі нәтижелі жұмысының тікелей дәлелі. Және мемлекеттік құрылымдар тарапынан мойындалуы колледждің алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені сәтті енгізіп жатқанын, халықаралық серіктестермен ынтымақтаса отырып, осы құнды тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарымен белсенді түрде бөлісетінін растайды. Колледж оқытушыларды біліктілігін арттыруға белсенді ықпал ететін және сұранысқа ие кадрларды сапалы дайындауға кепілдік беретін орталық ретінде танытты.

– Бұл марапат біз үшін үлкен құрмет. Біздің мақсатымыз – тек білікті мамандар даярлау ғана емес, сонымен қатар халықаралық тәжірибені игеру. Осы арқылы студенттеріміз тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де табысты жұмыс істей алады, – деді ақмолалық техникалық және кәсіби білім беру ұйымының өкілі. Бұл аталым – білім ордасындағы педагогтердің әлемдік тәжірибені оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жүйелі еңбегінің лайықты бағасы. Колледж шетелдік серіктестермен белсенді байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда және өз тәжірибесімен еліміздің өзге оқу орындарымен бөлісуде. Көкшетау жоғары техникалық колледжі – бүгінгі таңда сұранысқа сай бәсекеге қабілетті кәсіби мамандарды даярлайтын және оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасайтын кәсіби даму орталығы болып табылады.

«TurkicSkills-2025» чемпионаты ұйымдастырылған түрлі тақырыптағы семинарлар мен тренингтер, инновациялық көрмелер мен мәдени шаралар қатысушыларға тек кәсіби шеберліктерін арттыруға ғана емес, жаңа технологиялар мен кәсіптік инновацияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретіндігімен де құнды деуге толық негіз бар. «Caspian» халықаралық фестивалінің арнайы көрмесі осы кәсіби шеберлік чемпионатының шеңберінде ұйымдастырылған бірегей басқосу болатын. Ең басты мақсаты – мәдени, білім беру және кәсіби тәжірибе алмасуды дамыту, халықаралық байланысты нығайту, сондай-ақ ұлттық құндылықты дәріптеуге бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнайлы өңірдің гастрономиялық және мәдени ерекшеліктерін танытатын ерекше алаң санатындағы осы көрмеге техникалық және кәсіби білім беретін оқу орнының әлеуметтік серіктестері, шетелдік қонақтар, елшілік өкілдері, қоғам қайраткерлері, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.

Бұл көрмеде ұлттық өнімдер негізінде әзірленген инновациялық тағамдардың заманауи интерпретацияларын кеңінен ұсыну көзделген. Сондықтан осы маңызды шараға шақырылған мәртебелі меймандар мен қадірменді қонақтарға шұбаттан жасалған коктейльдер, жантақ қосылған шай, талқан ұнынан жасалған makarons өнімдері, құрт пен шоколад үйлесімі, жент қосылған тәттілер, ірімшік балмұздақ, тары мен балқаймақтан жасалған чизкейк, сондай-ақ түйе сүтінен дайындалған сары қант сияқты ерекше дәмдер қойылған.

Маңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқу шебері Нұрай Еламан жеке авторлық тағамы ретінде жиналғандардың назарына – ірімшік негізінде жасалған ерекше балмұздақты таныстырған. Балмұздақтың бұл жаңа түрі ұлттық дәм мен заманауи аспаздық технологияны ұштастырған ерекше өнім ретінде көрме қатысушыларының жоғары бағасына ие болды. Маңғыстаулық педагогтің ірімшік негізінде дайындалған ерекше балмұздағы бүгінде сұранысқа ие өнімге айналып отыр. Ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған бұл десерт көрмені тамашалаушылардың зор қызығушылығын тудырған.

– Халықаралық көрмеге ысталған кефаль, маринадталған майшабақ, томат пастасындағы шабақ өнімін дайындап алып келдім. Бұлардың бәрін біз өзіміз дайындаймыз. Ысталған кефаль өнімі 45 минутта дайын болады. Біздің арнаулы оқу орнындағы пәндік кабинеттер мен тәжірибелік зертханалар сұранысқа сай және бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді жасауға арналған заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Болашақта осы кәсіпті дамытып, әрі қарай жұмыс жасаймын деген жоспарым бар, – дейді Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжінің 3-курс студенті Дәуірбек Анарбай.

Осы шараның аясында «Қонақ үй ісі» мамандығына арналған жаңа жабдықталған оқу зертханасының ашылу рәсіміне қоса колледж зертханасындағы қонақ үй нөмірін қайта жаңарту және интерьерін безендіру нәтижесінде жабдықталған арнайы «Hotel Victory» бөлмесінің таныстырылымы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек туризм саласына арналған студенттік стартап-жобалар таныстырылып, кәсіби мамандар мен сарапшылардың пайымды пікірлері зерделенген.

Бес күндік бәсекенің қорытынды кезеңінде үздік деп танылған мамандар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері аталды. «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Ильмурат Карим (Қазақстан), күміс медаль – Холиқұлов Жавохир (Өзбекстан), қола медаль – Жахид Гулахмадов (Әзербайжан). «Бизнеске арналған ІТ-шешімдер» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Давид Хорват (Мажарстан), күміс медаль – Исмаил Молу Емре (Түркия). «Электромонтаждық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Арлан Талғат (Қазақстан), үздік медальон – Сайдумар Норкозиев (Өзбекстан).

«Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару операторы» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Дорук Дженгиз (Түркия), үздік медальон – Данил Дрижак (Қазақстан). Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Дінмұхаммед Тынышбай (Қазақстан), үздік медальон – Абдурахим Алтынбеков (Қырғызстан); «Веб-әзірлеу» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Дьерфи Марсел (Мажарстан), күміс медаль – Әметов Тайыржан (Қазақстан), қола медаль – Эмиль Гусейнов (Әзербайжан); «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Эльдар Омушев (Қырғызстан), күміс медаль – Алтынбек Аманғали (Қазақстан), қола медаль – Мелике Нур Унсал (Түркия).

«Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Жансая Абдуллаева (Қазақстан), күміс медаль – Жырғалбаева Нұржамал (Қырғызстан). «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Зере Шәкен (Қазақстан), күміс медаль – Арсений Пизан (Қырғызстан). «Жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша алтын медаль – Артем Кузнецов (Қазақстан) және Бенс Танчош (Мажарстан), қола медаль – Лале Эмир Тугра (Түркия). Чемпионат барысында мықты қатысушылар жұмысты ұйымдастыру, техникалық қызмет көрсету, автокөлік құралдарын диагностикалау және жөндеу бағыттарында кәсіби даярлықтың жоғары деңгейін көрсетті.

Осы орайда жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету құзыреттілігі бойынша Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжінің студенті Артём Сергеевич Кузнецовтың үздіктер шоғырын бастауы осы оқу орны үшін тағы бір сүйсінтерлік қуанышты жаңалықпен қатар келгенін қайтерсіз. Яғни жеңімпаз студент пен көлік бағыты бойынша «Қазақстанның үздік колледжі» белгісін алған тұтас ұжымды сол жеңісті сәтте шын жүректен құттықтағандардың легі бір толастаған жоқ.

– Артём намысты қолдан бермей, тағы бір биік белесті бағындырды. Тәлімгері саналатын өндірістік оқыту шебері Кирилл Сергеевич Булатқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Жоғары кәсіби шеберлігіңіз әрдайым жаңа жеңістерге жетелей берсін деп тілеймін! Бұл кезекті жоғары жеңіс биылғы жылы көлік бағыты бойынша «Қазақстанның үздік колледжі» белгісін иеленген осы беделді оқу орнының директоры Дмитрий Иванович Павленко мен барша ұжымның бірлескен еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Чемпионатта алтын медальге ие болу және республикадағы техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының арасында көлік саласы бойынша үздік атану – өңірдің кәсіптік білім беру жүйесінің маңызды нәтижесі және дұрыс бағытта дамуының көрсеткішін айқындайды, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева.

«TurkicSkills-2025» халықаралық чемпионаты аясында Ақтау қаласында орналасқан Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің базасында колледж педагогтеріне арналған «Дрон технологиялар: болашақтағы кәсіптер мен мамандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы халықаралық семинарда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтерін дрон технологияларының заманауи мүмкіндіктерімен таныстыра отырып, оларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу жолдарын көрсету, инновациялық әдіс-тәсілдермен бөлісу және болашақ мамандықтарға дайындықты сапалы деңгейге көтеру мүмкіндіктері талқыланған.

Бұл іс-шараға еліміздің түрлі өңірлерінен келген колледж оқытушылары, инженерлік-техникалық мамандар, білім беру ұйымдарының өкілдері және шетелдік сарапшылар қатысып, дрон құрылымының ерекшеліктері, басқару және бағдарламалау негіздері, оларды өндірісте, ауыл шаруашылығында, экологиялық мониторингте және басқа да салаларда қолдану мүмкіндіктері туралы теориялық және тәжірибелік ақпараттармен танысқан. Теориялық бөлімде жиналғандарға дрон құрылымы, басқару пульті, ұшу мен қону процесі, ұшу қауіпсіздігі туралы және басқа да маңызды ақпараттармен ұсынылса, практикалық кезеңде дронның аэродинамика негіздері, кеңістікте бағдарлануы, түзу бағытта және матрица бойынша ұшу жаттығулары көрсетілген.

Қатысушылар дрондармен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын меңгере отырып Сучжоу политехникалық университетінің профессоры Хуан Хаомен халықаралық деңгейде тәжірибе алмасты. – Бұл іс-шара Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа бағыттарды дамытуға серпін береді. Алдағы уақытта дрон-инжиниринг, картография, агротехнология және логистика салалары бойынша жаңа оқу курстарын өткізу жоспарда бар. Жоба аясында Маңғыстау өңірлік колледж басшыларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатындығы көзделуде, – деді Халықаралық білім беру және инновация орталығының директоры Айман Абзал.

Айта кетейік, дрондар (БПЛА) – ұшқышсыз басқарылатын әуе аппараттары. Олар информатика, география, инженерия және робототехника сияқты пәндермен тығыз байланысты, себебі GPS пен сенсорлық жүйелердің негізінде жұмыс істейді. Бұл технологиялар студенттерге деректерді жинау, өңдеу және визуализациялау дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді.

– Облыстық білім басқармасы мен халықаралық білім беру және инновация орталығы ортақ мақсатқа сай бірлескен түрде ұйымдастырған бұл алғашқы кездесудің шеңберінде қонақтарымыз практикалық бөлімдер мен педагогтер дрондарды құрастыру, ұшыру және оларды оқу үдерісіне бейімдеу бойынша шеберлік сағаттарына қатысты. Зерделеу барысында, сондай-ақ, дрондармен жұмыс істеудің қауіпсіздік ережелері мен құқықтық негіздері сарапқа салынды. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, үздік белсенділік танытқан педагогтер марапатталды, – деді осы колледждің басшысы Айнагүл Көшкінбайқызы Жұмағали.

«Өзгерістерді басқару» тақырыбындағы төрт сағаттық экспресс-тренингте білім беру ұйымдарының басшыларына көшбасшылықтың жаңа бағыттарын ұсыну жайы қаралыпты. Іс-шараға техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің директорлары мен олардың орынбасарлары, әдіскерлер қатысып, көшбасшылық дағдыларды жетілдіру мен тиімді басқару жолдарын меңгеру бағытында тәжірибе алмасқан. Мамандардың айтуынша, мұндай форматтағы тренингтер көшбасшылардың кәсіби әлеуетін арттырып, білім беру саласында жаңа серпін беруге мүмкіндік береді. Тренингті бизнес-консультант, кәсіби коуч (ICF), кадрларды басқару және ұйымдық даму саласында он бес жылдан астам тәжірибесі бар маман Айнұр Қалмағамбетова жүргізіпті.

– Бұл тренингтің мақсаты – педагогтерді трансформациялау. Тренингтің бізге берері көп екендігі анық. Бір-бірімізбен танысу, сұрақтар алмасу және оның жауабын өзара талқылау бізге жаңа білім алуға көмектеседі. Қазіргі таңда педагогтер трендке сай әрі әрқашан ізденісте болуы қажет. Осындай тренингтер біздің дамып, кәсіби тұрғыдан өсуімізге зор мүмкіндік береді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – дейді Маңғыстау облыстық жоғары медициналық колледжінің басшысы Салиха Насиғоллақызы.

«ТurkicSkills-2025» кәсіби шеберлік халықаралық чемпионатының қатысушылары Ақтау қаласының көрікті орындарын аралады. Олар, ең алдымен, Aquarius залында орналасқан теңіз балықтарының аквариумын тамашалады. Шетелдіктер залдың интерьері мен теңіз астындағы тіршіліктің ерекше көрінісіне қызығушылық танытқан. Одан кейін жартасты соқпақты жолмен серуендеп, теңіз жағалауында суретке түсу арқылы табиғаттың сұлулығына тәнті болған. Ұмытылмас әсер алған меймандар шаһардың туристік әлеуеті мен табиғи байлығына жоғары баға берген көрінеді. – Біз Өзбекстаннан «TurkicSkills-2025» халықаралық чемпионатына арнайы келдік. Алғашқы экскурсия қонақүйде орналасқан аквариумда басталды. Мұны біз тек фильмдерден ғана тамашалайтынбыз. Енді теңіз астындағы тіршілікті көзбен көру мүмкіндігі бұйырды. Барлығы да таңданарлық ерекше көрініс болды. Ақтаулықтарға қонақжайлықтары үшін көп рақмет айтамын, – деді Дадахон Хушмуродов.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий