Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледжіне» – 85 жыл

Ұлы Отан соғысы қарсаңында 1940 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен елімізде Мемлекеттік еңбек резервтері жүйесі құрылды. Сол уақыттан бастап 1940 жылы тек теміржол саласы үшін кадрлар дайындайтын оқу мекемесі Ақмола қаласының №4 фабрикалық-зауыттық оқыту мектебі ретінде құрылып, дамудың үлкен тарихи жолынан өтті.

Бұл – Техникалық колледждің білім беру жүйесіндегі, инженерлік ойлау мен өндірістік мәдениеттің қалыптасуындағы, сондай-ақ бірнеше буын ұстаздар мен студенттердің ерен еңбегімен жазылған тарихының маңызды кезеңі. Бұл күн – еліміздің кәсіби-техникалық білім беру саласының даму жолындағы елеулі белестің көрінісі. Колледж қабырғасынан түлеп ұшқан мыңдаған мамандар ел экономикасының түрлі салаларында еңбек етіп, өндірісті өркендетуге, ғылым мен техникаға серпін беруге сүбелі үлес қосып келеді.

Техникалық колледждің сексен бес жылдық тарихы – бұл тек өткеннің жетістіктері мен естеліктері ғана емес, сонымен қатар үздіксіз даму, сапалы білім беру мен еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жолындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі. Оқу орнының іргесі 1940 жылы қаланып, сол кезде Ақмола қаласында алғаш рет теміржол училищесі ретінде өз қызметін бастады. Араға екі жыл салып, 1942 жылы алғашқы түлектерін ұшырды.

Сол жастардың бір бөлігі майдан даласына аттанса, қалғандары тылда қажырлы еңбек етіп, Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосты. Колледж тарихында ерекше мақтанышпен аталатын есімдер де бар. Атап айтқанда, оқу ордамыздың түлектері – Кеңес Одағының Батырлары Пётр Морозов пен Дмитрий Степанов – ерлігімен ел есінде қалған азаматтар. Олардың есімдері тек біздің колледждің емес, бүкіл елдің тарихына мәңгілікке жазылды.

Бүгінде колледж қабырғасында бір мыңға жуық студент техникалық және кәсіптік білім алуда. Жыл сайын оқу орнынан екі жүзден астам жоғары білікті маман түлеп шығып, түрлі салаларда табысты еңбек етуде. Колледж ұжымы өз жұмысында әрқашан сапаны басты құндылық ретінде қарастырады. Сондықтан да біздің басты қағидамыз: «Санға емес, сапаға басымдық беру».

Біз өткенді мақтанышпен еске ала отырып, болашаққа сеніммен қараймыз. Себебі Техникалық колледж – бұл тек білім ордасы ғана емес, бұл – кәсіби біліктілік пен адами құндылықтарды ұштастыра отырып, ел болашағын қалыптастыратын маңызды өзіндік тарихы бар мекеме.

Абай ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледжі» директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий