Жасанды интеллект білім беру саласына тың серпін беруі тиіс

«AMANAT» партиясы жуырда ұйымдастырған «Мұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында еліміздің барлық өңірінен келген үш жүзден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы бас қосқан болатын. Биылғы талқыланған тақырып – жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновация. Бұл басқосудың аясында сондай-ақ ерекше көзге түскен педагогтерге партиялық және ведомстволық наградалар табысталды.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мұғалімдерді өткен кәсіби мерекелерімен құттықтап, педагогтердің қоғам өміріндегі және мемлекеттің дамуындағы айрықша маңызына тоқталды. Ол беделді партияның негізгі тірегі педагогтер екенін атап айтты. Себебі еліміздегі алты жүз мың мұғалімнің 260 мыңға жуығы – партия мүшелері. – Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – адал, білімді, әділетті азамат тәрбиелеу. Бұл процесс үйден басталып, мектепте жалғасын табады. Әр баланың отаншыл болып өсуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуі, айналасына, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы маңызды. Президент айтқандай, әр адам өзі адал болса, заңды құрметтесе ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Ал ондай буын тәрбиелеу – мұғалімдердің тарихи миссиясы. Осы істе партия әрдайым сіздермен бірге болады, – деді ол.

Партия төрағасы цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру туралы өте ауқымды міндет қойғанын еске салды. Бұл білім беру жүйесіне қажет маңызды мүмкіндіктерге жол ашады.

– Мектеп тек даму үдерісіне ілесіп қана қоймай, оны басып озуға тиіс. Мәселе енді жасанды интеллект білім беру жүйесінде қажет пе, жоқ па деген сауалда емес, оны тиімді енгізуде. Бір нәрсені үнемі есте сақтау керек – мұғалім мектептің жүрегі болып қала береді. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оны басы артық жұмыстан арылтып, ең негізгі міндетін – оқушыға білім беру, тәрбиелеу және тұлғалық қасиетін қалыптастыру ісін алаңсыз атқаруына мүмкіндік беруі тиіс, – деді Ерлан Жақанұлы.

Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының білім беру жүйесін қолдауға қатысты саясаты мен оның тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы оң нәтиже бергеніне назар аударды. Кейінгі төрт жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі үш есе артты. Мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Биылдың өзінде мектепке он мыңнан астам жас маман келді. Олардың арасында жоғары балл жинаған түлектер мен «Алтын белгі» иегерлері бар. Халықаралық зерттеу нәтижелері мұғалімдердің басым көпшілігі өз жұмысына көңілі толатынын көрсетті.

«AMANAT» партиясы да, өз кезегінде, педагогтерге белсенді қолдау көрсетіп келеді. Мәжілістегі партия фракциясының қолдауымен халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздарын тәрбиелеген педагог-тәлімгерлерге арнайы төлем қарастырылатын заң мақұлданды. Мұндай оқушылар енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша грантқа үміткер бола алады. Заңнамалық деңгейде мектеп қабырғасында тамақтандыру барысын бақылауды күшейту, балабақшалар мен білім беру ұйымдарына жер учаскелерін бөлу, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің мәртебесін арттыру бойынша шаралар қабылданды.

Партия төрағасы ұстаздар қауымын толғандырған мәселелер де аз емес екенін атап өтті. Олардың қатарында, мектеп қабырғасындағы шамадан тыс қағазбастылық, түрлі іс-шарада кезекшілік ету, мектеп чаттары мен әлеуметтік желілерді жүргізу жүктемесі, сондай-ақ ұстазға тән емес өзге де міндеттер бар. Сондай-ақ мұғалімдердің қауіпсіздігін арттыру, оларды қорлау мен психологиялық қысымнан тиімді қорғау нормаларын күшейту қажет. Мұғалімнің ең негізгі міндеті – балаларға білім беру. Ұстаздарды одан өзгесі алаңдатпауы керек. Аманаттықтар бұл ұстанымды әркез қорғайтын болады. Тіпті, заңнамалық өзгерістер енгізуге де күш салады.

Партия мұғалімдерді жаңа технологиялармен және ең алдымен, жасанды интеллектпен белсенді жұмыс істеуге дайындайды. Атап айтқанда, мұғалімдерге жаңа технологияларды игеруге көмектесетін тегін курстар мен әдістемелік материалдары бар цифрлық платформа құру жоспарлануда. Сондай-ақ алғашқы пед-хакатон ұйымдастырылмақ. Онда мұғалімдер жасанды интеллектіні мектеп қабырғасында қолдануға қатысты өз идеяларын ұсына алады. Ал үздік ұстаздар шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар мұғалімдер Цифрлық кодексті әзірлеу жұмысына тартылады. Осы арқылы олардың практикалық тәжірибесі білім беру процесіне қатысушылардың мүддесі құжатта көрініс табуына көмектеседі.

– Бұл бірегей іс-шараға еліміздің ұстаздары саладағы сұрақтарды талқылау мен тағылымды тәжірибелерін бөлісу үшін жиналғаны баршамызға белгілі. Мемлекет басшысының білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияны күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес кешенді бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі де бірегейі ретінде жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу деңгейін бағалайтын ұлттық құралдың дайындала бастағанын айрықша атап айтқан абзал. Оқу үдерісіне цифрлық шешімдерді енгізу үш негізгі бағытта жүргізілетін болады. Осы мақсатта біздің ведомство Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп 2025-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекітті, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

– Министрлік білім мазмұнының сапасын қамтамасыз етуге және оны сараптамадан өткізуге басымдық береді. Бұған қоса оқытуды дербестендіруге бағытталған «AI Kitap» платформасы іске қосылып, «Day of AI» онлайн-әдістемелік кешені әзірленді. Жасанды интеллектті қауіпсіз әрі әділ қолдану мақсатында этикалық стандарттар бекітілді. Педагогтердің жасанды интеллектті тиімді қолдану біліктілігін арттыру үшін «Acquire → Deepen → Create» үш деңгейлі оқыту жүйесі іске қосылды. Қазірдің өзінде ЮНЕСКО бағдарламасы негізінде әзірленген «Acquire» деңгейіндегі онлайн курстан екі жүз мыңнан астам мұғалім өтті. Ал жоғары деңгейдегі оқытуға 15 мыңнан астам информатика пәнінің мұғалімі қатысады, олардың жартысынан көбі – ауыл ұстаздары.

Жұлдыз Досбергенқызының мәлімдеуінше, салалық министрліктің тарапынан дайындалған жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу деңгейін бағалайтын ұлттық құрал бағытындағы бастама PISA-2029 халықаралық зерттеуіне дайындықтың бір бөлігі болып табылады. Аталған циклде алғаш рет жасанды интеллект сауаттылығы бағаланбақ. Сондай-ақ информатика, робототехника және жасанды интеллект бағыттарында дарынды балаларды анықтау мен қолдауға ерекше назар аударылады. Және педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған 56 бағдарламаға «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру үшін цифрлық технологияларды пайдалану» атты жаңа модуль енгізілетіндігін білдік.

– Mugalim Talks жобасына қатысқан ұстаздардың сөзін тыңдағанда ерекше бір мақтаныш сезімі бойды кернейді. Бұл жай ғана жұмыс емес – бұл балаларға арналған өмір, жүрекпен істелген еңбек, миссия туралы әңгіме. Ұстаздар қалай шабыт сыйлайтынын, өздері де сол жолда қалай өзгеретінін, ауылдың қарапайым құралдарынан оқу жабдықтарын, протездер мен ғылыми жобаларды жасап, балалардың өмірін қалай өзгертіп жүргендерін айтып берді. Елімізде осындай ұстаздар мен азаматтар бар екеніне қуанып, мақтанып, жүрегімен істейтін, ел мен бала үшін аянбайтын жандар бар екеніне шүкір дейсің. Ерекше жылу сыйлағаны – бірнеше жыл бұрын қабылданған шешімдердің бүгінде нақты нәтиже бере бастауы, – деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында сегізінші сайланған ҚР Мәжілісінің депутаты, еліміздегі жоғарғы заң шығарушы органының төменгі палатасындағы әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.

– Мысалы, «Alternative pathways» жобасы. Сол кезде қаншама талқылау мен күмән болған еді: біз инженер сияқты өзге сала мамандарына, арнайы дайындықтан өтіп, мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік бергенде, көпшілігі сенбеді. Бүгін, Салтанат Садықова секілді инженер мамандығынан мектепке келіп, шәкірт тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жеткен ұстаздарды көргенде, сол еңбектің зая кетпегенін жүрекпен сезесің. Ал бірнеше жылда екі жүзден астам олимпиада жеңімпазын тәрбиелеген ұстаздың оқиғасы ше? Бірақ мәселе медальде емес. Мәселе – оның балаларға деген сенімінде, өз ісіне деген таза махаббатында. Мыңдаған балалардың өмірін өзгертуде. Арнайы уақыт бөліп, осы ұстаздардың әңгімесін мұқият тыңдап көрген адам үшін олардың әрбір сөзі шабыт сыйласа, оқиғалары өмірдің өзінен алынған.

– Мұғалім Talks іс-шарасы ерекше әсер қалдырды. Сынып жетекшілер туралы талқылау – мектеп өмірінің жүрегіне үңілгендей болды. Шынында, мектептегі ең ауыр да ең жауапты жұмыс – сынып жетекшінің еңбегі. Күн сайын оқушының қуанышы мен мұңын бірге сезіну, ата-анамен байланыс орнату, тәрбие мен оқу арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау – бұл үлкен адамдық әрі кәсіби шеберлікті қажет етеді. Сондықтан олардың еңбегін мойындау, қолдау және жүктемесін жеңілдету – бүгінгі білім саласының басты міндеттерінің бірі, – дейді Білім-Инновация лицейлерінің инфрақұрылымы мен білім мазмұнын үйлестіретін «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының қоғамдық қатынастар жөніндегі вице-президенті Арафат Нұрлақов.

– Amanat партиясы бұл басқосуды биыл дәстүрлі түрде екінші рет ұтымды ұйымдастырғанының куәсі болдық. Тақырып тек педагогикамен шектелмей, заманауи бағыттармен тоғысты: жасанды интеллектті қолдану, мектепішілік өмірдің шынайы кейстері, жаңа идеялар мен шабытқа толы пікірталастар – барлығы да ұстаздардың кәсіби болмысына жаңа серпін берді. Amanat партиясының хатшысы Шолпан Танатқызына осы игі бастаманың идеялық авторы ретінде құрметім ерекше. Бұл кездесулер – ұстаз жүрегін біріктіретін, жаңа ойларға жол ашатын ерекше алаң. «Мұғалім Talks» – педагогтердің білім беру жүйесін одан әрі дамыту ісіне қатысты озық әзірлемелерімен бөлісуіне және өз көзқарастары бойынша пікір алмасуына берілген мол мүмкіндіктердің жиынтығы.

– Жасанды интеллектті үйрену дегеніміз – ең алдымен, ойлау мәдениетін үйрену деген сөз. Мен өз сабақтарымда жасанды интеллектті күн сайын қолданамын. Ол маған күрделі тақырыпты студент деңгейіне бейімдеуге, жобаларды түрлендіруге, тіпті кейде шығармашылық шабыт беруге көмектеседі. Бірақ, кез келген жаңа мүмкіндік сияқты, оның да сын-қатерлері бар. Біріншіден, академиялық адалдық мәселесі. Егер баланың барлық тапсырмасын жасанды интеллект орындаса, ол еңбектің қадірін сезінбейді. Екіншіден, сыни ойлау қабілеті әлсірейді. Үшіншіден, біз ұмытпауымыз керек – мұғалім тек білім беруші емес, ол – тәрбиеші, бағыттаушы, шамшырақ, – деді Абай облысының орталығы Семей қаласындағы Рымбек Байсейітовтің есімін иеленген қаржы экономикалық колледжі директорының орынбасары, «Ұстаз – ұлт айнасы» аталатын партиялық марапаттың биылғы иегері Асхат Мұханов.

– Былтыр «Талап» мекемесінің штаттан тыс тренері атанып, еліміздің барлық аймағындағы арнайы пәндер оқытушыларына ЖИ бойынша курстар өткізуді бастадым. Мемлекет басшысы жасанды интеллектті, ең алдымен, білім беру саласынан бастау қажет екенін айтқан еді. Неге осы білім беру саласы? Өйткені, жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі мүмкіндіктері уақыт ұзаған сайын кеңейіп келеді. Жұмысшы мамандықтары да заман талабына сай үлкен өзгерістердің алғы шебінде тұр. Сондықтан дәл осы жерде біз адамның орнын машина алмастырмас үшін, ең алдымен құндылықты, мәдениетті, адамдық болмысты сақтап қалуымыз керек. Болашақ – адам мен алгоритмнің одағы. Бірақ сол одақтың шешуші рөлі – әрқашан адам болуы тиіс. Егер біз жасанды интеллектті дұрыс бағытта қолдансақ, ол бізге қауіп емес, керісінше мүмкіндік береді. Осы орайда жасанды интеллектті алдағы кезде оқу шеберханаларындағы маңызды құралға айналды деуге толық негіз бар.

Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылындағы дарынды балаларға арналған Жыланды мамандандырылған лицей-интернатының директоры Эльмира Рапилова ауыл мектебін дамыту тәжірибесімен бөлісуі барысында Алматыдан туған ауылына оралған соң, жоғары оқу орындары және демеушілермен әріптестік орнату арқылы лицейде инженерлік білім беру сапасын қалай арттырғанын айтты. Ол отыз жыл қалада еңбек етіп, жеке өмірі мен кәсіби жолы толық қалыптасқан шағында құтты қонысына қайтып келу туралы шешім қабылдаған. Туған жеріне ат басын бұруының басты себебі – білім алған алтын ұя мектебінің дамуына үлес қосу және ауыл туралы қоғамда қалыптасқан теріс көзқарасты өзгерту болған.

– «Неге ауыл мектебі тек «қуып жетуші» ретінде болуы тиіс? Ауыл баласының да әлеуеті зор. Меценаттардың қолдауымен мектебімізде заманауи робототехника зертханасы ашылды, мұғалімдерге арнап 10 тұрғын үй салынды. Балалар алғаш рет өз қолдарымен робот құрастырып, дрон ұшырды. Қазір біздің оқушылар республикалық, тіпті халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Мектептің ұжымы ұйымдастырған алғашқы робототехника чемпионаты кейін халықаралық деңгейге ұласып, «Жыланды Fest» фестиваліне айналды. Бұл бәсеке барысында елдегі жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, өздері құрастырған электромобильдерді жарысқа қосып жүр, – деді «Ұстаз – ұлт айнасы» деп аталатын партиялық марапаттың биылғы иегерлерінің бірі атанған ол.

– Бұрын мұндай дүбірлі жарыстар тек шетелде өтетінін білеміз. Ал біз ауылда осындай мүмкіндіктің барын көрсеттік. Бұл бастама жыл сайын жалғасып, дәстүрге айналып келеді. Мектеп беделінің артуына ауылға жас мамандардың келуі оң әсер еткені даусыз. Бүгінгі таңда осы білім ордасының он үш түлегі туған ауылында еңбек етіп жүр. Ауыл мектептерінің дамуы үшін мемлекеттік қолдаумен қатар жергілікті азаматтардың демеушілігі де аса қажет. Осындай игі істерді насихаттап, өзге өңірлерге үлгі ету үшін меценаттарды қолдайтын арнайы алаң болғаны дұрыс. Сонда тек мектеп емес, тұтас ауыл қауымдастығы біртұтас ағза ретінде қатар дамиды.

Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының химия пәнінің мұғалімі, биылғы тамыз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін алған Ибраһим Бахдәулетұлы жиналғандарға кәсіби тәжірибесі мен шәкірт тәрбиесіндегі басты қағидаттары туралы әңгімелеп берді. Ол озық ойлы озат оқушыларының соңғы бес жылда 236 медаль жеңіп алғанына тоқталды. Олардың жиырма жетісі – дүниежүзілік және халықаралық олимпиада жүлдегерлері екен. Педагогтің пайымынша, ұстаздықтың басты мәні – оқушыны қолдау және оған сенім білдіру.

– Олимпиада – мен үшін тек жарыс емес, күрес пен шыңдалу мектебі. Осы жолда мен бір нәрсені анық түсіндім – олимпиада бәріне ортақ жол емес. Барлық бала чемпион бола алмайды. Әр баланың өзіне ғана тән қайталанбас қаситеті мен бағындырар биігі бар. Ұстаздың басты міндеті – сол қасиетін байқап, баланың өз күшіне сенуіне жол ашу. Бір оқушым анасының еміне ақша табу үшін халықаралық олимпиададан жүлде алуға ұмтылды. Күндіз-түні тынымсыз түрде тыңғылықты дайындалды. Бірақ жарысқа санаулы күн қалғанда анасы өмірден өтті. Соған қарамастан, ол уәдесінде тұрып, олимпиадаға қатысатынын айтты, – деді «Ұстаз – ұлт айнасы» деп аталатын партиялық марапаттың биылғы иегерлерінің бірі атанған ол.

– Сол сәтте мен ұстаздықтың шынайы мәнін түсіндім. Өзіме «Мен не үйретіп жүрмін – тек химия ма, әлде өмір ме?» деген сұрақ қоя бастадым. Сол сұрақ әлі күнге дейін мені ойландырады. Шәкірттердің шығармашылық қарымы мен қабілетін анықтауда Говард Гарднердің көпқырлы интеллект теориясына жүгінгенді жақсы көремін. Шынында әрбір баланың болмысына терең үңілген адам кейінгі жас буын өкілдерінің кез келгені жеке әлем екендігін айқын аңғарады. Ал мұғалім – сол әлемнің зерттеушісі мен бағыт берушісі. Бірі – ғылымға құмартса, екіншісі спортқа бейім. Өнерлі балғындар да жетерлік. Мұғалімнің міндеті – әр баланың табиғи дарынын байқап, дара жолын табуға көмектесу. Мен үшін ең үлкен жетістік – шәкіртімнің: «Ағай, мен өз жолымды таптым», – деген сенімді сөзі. Сол сәт – менің нағыз жеңісім.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий