Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер

Алматы қаласында өткен аптада ұйымдастырылған инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс аясында «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбындағы дөңгелек үстелге ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Тәжікстан Республикасының білім беру және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары және халықаралық сарапшылары, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген беделді ғалымдар мен сарапшылар, педагог-практиктер, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ әр елдің үкімет мүшелері инклюзия саласындағы жаһандық маңызы зор мәселелерді бірлесіп талқылады. Дөңгелек үстелде сөз алған еліміздің бас ұстазы отандық білім беру жүйесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әділетті қоғам құру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, тең әрі сапалы біліммен қамтамасыз ету, заңнамалық базаны жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және мұғалімдердің кәсіби дамуына басымдық беру бағыттарына ерекше көңіл бөлінуде.

– Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдалану және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау мәселелері басты назарда. Инклюзияның негізі – адами құндылықтар: сыйластық, қабылдау және қолдау. Біз заманауи сын-қатерлер мен жаһандық үрдістерді ескере отырып, білім мазмұнын жетілдіруде күш біріктіріп, тиімді стратегиялар әзірлеу, тәжірибе алмасу және қолдау механизмдерін нығайтуға шақырамыз, – деді бейіндік ведомствоның жетекшісі.

Сонымен қатар жиында Тәжікстан Республикасының білім беру және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро Тәжікстандағы инклюзияның даму тәжірибесімен бөлісті, SEAMEO Secretariat директоры Датук Хабиба Абдул Рахим Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі мен ынтымақтастығы туралы айтты, Алматыдағы UNESCO Regional Bureau директоры Амир Пирич инклюзивті және әділ білім беруді ілгерілетудегі ЮНЕСКО-ның рөлін атап айтса, UNICEF өңірлік кеңесшісі Нора Шабани Еуропа мен Орталық Азиядағы инклюзивті білім берудің дамуына шолу жасады, International Forum of Inclusion Practitioners (IFIP) президенті Даниэль Собель инклюзияның жаһандық тәжірибелері мен мектептерді қолдау тәсілдері туралы пікір білдірді.

Марокко Білім министрлігінің өкілі Лубна Белаббес білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық шаралар туралы баяндады, Әзербайжанның Мектепке дейінгі және жалпы білім беру жөніндегі мемлекеттік агенттігі директорының орынбасары Ягублу Вафа Мисировна мен Босния және Герцеговина Федерациясының Сараево кантонының Тәрбие және білім беру мәселелері жөніндегі министрлігінің өкілі Мелисса Миздрак өз елдері мен аймақтарының тәжірибесін таныстырды, ал Google for Education өкілі Крис Блейни инклюзивті білім беруді жаһандық деңгейде қолдауға арналған технологиялық шешімдерді ұсынды; сондай-ақ әйгілі сәулетші, Fuji Kindergarten жобасының авторы Тахакура Тэдзука өз идеялары мен тәжірибесін ортаға салды.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында Инклюзивті білім беру жөніндегі Алматы декларациясы талқыланды. Статистикалық ақпаратқа жүгінсек, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар және «тәуекел» тобындағы балаларды ерте анықтау үшін 110 ПМПК мен 509 арнайы ұйым жұмыс істейді. Мектептерде бір мыңнан астам қолдау кабинеті ашылып, жиырма тоғыз мыңнан астам маман психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, оның ішінде 10 мыңнан астамы – арнайы педагогтер.

Дүниежүзілік инклюзивті білім беру конгресі аясындағы «Қолжетімділік. Теңдік. Өрлеу» тақырыбындағы пленарлық сессияға ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым министрі Рахим Саидзода, Қазақстан Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан, ЮНИСЕФ-тің білім беру мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесшісі Нора Шабани, ЮНЕСКО-ның аймақтық кеңесінің өкілі Амир Пирич, Босния және Герцеговина Федерациясының Тәрбие және білім беру мәселелері жөніндегі министрлігінің өкілі Мелисса Миздрак, Халықаралық бакалавриат ұйымының бас директоры орынбасары Марко Донди, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Бұған дейін IFIP қауымдастығы Қазақстанның инклюзивті білім беруді дамытудағы жетістіктерін жоғары бағалап, елімізді бұл саладағы әлемдік сарапшылардың негізгі диалог алаңы ретінде таңдаған болатын. Жұлдыз Досбергенқызы өз сөзінде Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен инклюзивті білім беруді дамыту, әр бала үшін тең және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналғанын жеткізді. 2021 жылы «Инклюзивті білім беру мәселелері туралы» Заңға енгізілген өзгерістер бұл бағыттағы жұмысты жүйелендірді. 2023 жылы қабылданған екі инклюзивті пакет арқылы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау шаралары нақтыланды.

– «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» жаңа Заң жобасы күні кеше ғана Үкімет отырысында мақұлданды. Бұл заңның қабылдануы маңызды қадам болмақ. Қазақстанда сапалы біліммен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру және педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдауда жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану мүмкіндігі де қарастырылуда, – деді ол.

Сессия барысында қатысушылар тәжірибе алмасудың, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетті. Мектептегі психикалық денсаулықты жақсартуға арналған жасанды интеллект платформасының негізін қалаушы Лаура Тристрам этикалық AI-ді әрбір оқушының дауысын естуге көмектесетін құрал ретінде пайдалануды ұсынды. No Isolation компаниясының директоры Мортен Йоргенсен қазіргі уақытта денсаулығына байланысты мектепке бара алмайтын балаларға арналған телеқатысу роботын білім беру ұйымдарына енгізу тәжірибесімен бөлісіп, бұл шешім оқушыларға оқу үдерісінен қол үзбей, сыныптастарымен байланыста болуға мүмкіндік беретінін айтты. Инклюзивті білім саласындағы әлеуметтік кәсіпкер Томас Кини мұндай бастамалардың қоғамның мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдай бастағанын айғақтайтынын және білім арқылы олардың өмірін жеңілдету мүмкін болатынын айтты. Дүниежүзілік конгресс инклюзивті білім беру саласында жаңа идеялар мен тиімді шешімдер ұсынуға, сондай-ақ жаһандық серіктестікті нығайтуға зор серпін берді. Қазақстан инклюзивті білім берудің дамуына белсенді үлес қосып қана қоймай, әлемдік тәжірибе мен идеялар тоғысатын маңызды платформаға айналды.

Естеріңізге сала кетейік, конгресс ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры және International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP, Ұлыбритания), тарапынан ұйымдастырылды. Инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс (World Inclusion Congress – WIC 2025) аясында «Инклюзивті білім беру жөніндегі» Алматы декларациясы талқыланды. Бұл декларация – адами капиталды дамыту, әлеуметтік бірлікті нығайту және заманауи технологиялар арқылы жаңа мүмкіндіктер ашу үшін нақты бағдар.

– Қазақстан тарапынан ұсынылған декларация әр баланың әлеуетін толық ашуға бағытталған. Біз «Білім – баршаға» қағидаты аясында инклюзивті білім беруді қажет ететін тұлғалардың сапалы және тең қолжетімді білім алуын қамтамасыз ететініне сенеміз. Инклюзивті білім беру – біздің құндылықтарымыздың және болашаққа құрылған сеніміміздің айнасы. Ол әділетті, қамқор және баршаға ашық мемлекеттің негізі болып табылады, – деді сала басшысы. Алматы декларациясында ұлттық үкіметтерге, білім беру ұйымдарына және халықаралық қауымдастыққа арналған ұсыныстар қамтылған.

Олардың қатарында: білім алмасу және тәжірибе тарату платформаларын құру; бірлескен жобаларды дамыту және қолдау; дамушы елдерге көмек көрсетуді кеңейту; әртүрлі салалар арасындағы серіктестікті нығайту; корпоративтік және халықаралық ұйымдарды тарту; инклюзивті білім беру бойынша мониторинг пен есеп беру механизмдерін енгізу бар. Алматы декларациясы қатысушылардың қолдауымен бір ауыздан мақұлданды. Ол Конгресс ұстанымын бейнелейтін құжат ретінде ЮНЕСКО-ға жолданады және инклюзивті білім беруді дамыту бойынша елдердің саясаттарын қалыптастыруда пайдалану үшін қатысушы мемлекеттер арасында таратылады.

Бұл Қазақстанның инклюзивті білім беруді жаһандық деңгейде ілгерілетуге қосқан маңызды үлесі. Ол халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа серіктестіктер орнатуға және әрбір баланың әлеуетін ашуға бағытталған бірегей бастама болып табылады. Тәуелсіз еліміз осылайша болашақтағы инклюзивті білім беруді талқылаудың әлемдік алаңына айналды. Конгресс бір алаңда әлемнің қырық елінен 1200-ден астам үкіметтік құрылымдар, ғылыми қауымдастықтар, халықаралық ұйымдар, педагогтер мен сарапшылар, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы көшбасшылар өкілдерінің басын біріктірді.

Қатысушылар қатарында Азиядан, Африкадан, Солтүстік Америкадан, Австралия мен Еуропадан делегаттар бар. Бір жүзден астам халықаралық және отандық сарапшылар пленарлық және панельдік сессияларда спикер ретінде сөз сөйлеген. Конгрестің басты қонақтары – инклюзивті білім беру саласындағы танымал сарапшы, International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) негізін қалаушы Даниэль Собель, Инклюзивті білім беру саласындағы жетекші ғалым, Ноттингем университетінің проректоры Умеш Шарма және әлемге танымал сәулетші, атақты Fuji Kindergarten балабақшасының авторы Такахару Тезука.

Конгрестің негізгі тақырыбы – білім саласындағы инновациялар, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу. Арнайы назар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған технологиялық шешімдерге, оқытудың сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы серіктестікті нығайтуға аударылады. Конгресс аясында цифрлық технологиялар, білім беру және қолжетімді орта саласындағы шешімдерді ұсынатын «Innovation Expo» инновациялар көрмесі ашылады. Көрмеге Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысқан. Көрме конгресс барысында – Grand Hall қонақүйінің павильондарында және ашық шатыр астында үш күн бойы жұмыс істеді. Конгрестің бірінші күні «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: шақырулар мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстелмен қатар балалардың психикалық әл-ауқаты мәселесінен бастап ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауға дейінгі 15 негізгі тақырып бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Панельдік сессиялар мен көрмелер екі күнге жалғасты. Осы уақыт аралығында инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми ұйымдар мен серіктестер арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар мақұлданып, тараптардың қолдары қойылды.

Алматы декларациясының қабылдануы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен инклюзияда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдануға ортақ тәсілдерді қалыптастыруда маңызды қадам болғаны даусыз. Демек бұл конгресс инклюзия мәдениетін дамытуға, білім алуға тең қолжетімділіктің маңыздылығын қоғамға насихаттауға, озық технологиялар мен үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мықты серпін бергендігімен бағалы.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий