Lesson Study – сапалы білімге бастайтын жүйелі жол
Білім беру – мәңгі қозғалыстағы өмір саласы. Ал сол қозғалыстың өзегінде – жаңашыл ұстаз, ізденімпаз педагог, шәкірт бойындағы шоқты маздатқан зерттеу рухы бар ұстаз тұр. Осы рухтың айғағындай біздің білім ордасында Lesson Study форматында өткізілген көрсетілім сабақтары – шығармашылық пен тәжірибенің тоғысқан шынайы алаңына айналды.
Зерттеу арқылы даму. Зерттеу сабақтарымызға ең өзекті әрі маңызы ретінде – “Білім алушылардың оқу үлгерімін арттыру үшін сабақтарды тиімді ұйымдастыру жолдары» тақырыбын таңдап алдық. Бір қарағанда бұл – педагогикадағы таныс ұғым, бірақ біз оны жаңаша қырынан қарастырдық. Әр тапсырма – мақсаттың айнасы, әр сабақ – тәжірибенің зертханасы болсын деген ұстаным жетекші идеяға айналды.
Мақсатымыз айқын болды: сабақ мақсатына сай тапсырмаларды әзірлеу мен қолданудың тиімді тәсілдерін табу; үлгерімі төмен оқушыларды оқу үдерісінің белсенді қатысушысына айналдыру; алынған нәтижелерді бақылап, талдау арқылы жаңа сапаға қадам басу. Көрсетілім сабақтары – тәжірибе мен шабыт тоғысы. Қазан айының 17-сі күні өткен Lesson Study көрсетілімдері – ұстаздар үшін кәсіби шабыттың ерекше күні болды. Әр сабақта жаңа әдіс, жаңа көзқарас, жаңа серпін сезілді.
Мұғалімдер мен зерттеу топтары оқу мақсаттарын өмірмен байланыстырып, оқушыларға өз қабілетін ашуға мүмкіндік беретін тапсырмалар ұсынды. Сабақтағы әрбір әрекет – ойлы қадам, әр сұрақ – оқушының таным көкжиегін кеңейткен мүмкіндік болды. Бақылаушылар мен қатысушылардың пікір алмасуы кезінде «оқушыны қалай белсенді етеміз?», «тапсырманы қалай даралаймыз?» деген өзекті сұрақтар төңірегінде пікірлер тоғысып, ортақ шешімдер табылды.
Lesson Study – бірліктегі ізденіс. Қазіргі таңда мектебімізде 18 Lesson Study тобы жұмыс істейді. Бұл – жай ғана әдістемелік бірлестік емес, тәжірибені талқылап, идеяны ортақ талқыға салатын, әрбір сабақтан жаңа сабақ алатын шығармашылық қауымдастық. Lesson Study мұғалімге өзін бақылап қана қоймай, әріптесін тыңдауға, өз тәжірибесін саралауға, кәсіби өсуге жол ашады. Бұл – ұжымдық дамудың, жаңашыл ойдың және кәсіби рефлексияның тиімді алаңы.
Қорытынды. Біздің сеніміміз бір: сабақ – тек білім беру алаңы емес, ол – баланың өз мүмкіндігін ашатын кеңістік. Lesson Study осы кеңістікті тиімді ұйымдастырудың ең жарқын үлгісіне айналып отыр. Мектебіміздің зерттеу топтары ізденіс пен жаңашылдықты жалғастыра отырып, оқу сапасын арттыру бағытындағы еңбегін еселей бермек. Себебі, сапалы білім – жүйелі еңбектің, бірлескен әрекеттің және жүректен шыққан ұстаздық ықыластың жемісі.
Эльмира ЕГЕМБЕРДИЕВА,
№ 49 жалпы білім беретін мектеп
директорының оқу ісі жөніндегі
орынбасары, Алматы қаласы, Түрксіб ауданы




