«Үздік педагог-2025» атағы берілді

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өткен аптада еліміздегі мұғалімдер арасындағы ең ауқымды әрі беделді байқаудың жеңімпаздарын «Үздік педагог» атағымен марапаттады. Биылғы жылы бұл атаққа қазақстандық 64 мұғалім лайық деп танылды. Жеңімпаздар марапатпен бірге 1000 АЕК көлеміндегі сыйақыға ие болды.

Елімізде 2012 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқаудың нәтижесі бойынша осыған дейін жеті жүз елу екі ұстаз «Үздік педагог» атағын иеленген.

– Бұл байқау дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мемлекеттің ұстаздарды қолдауы білім саясатының басты бағыты ретінде айқындалады. Республика көлемінде үздік педагогтер пулы қалыптастырылды. Ендігі міндет – әр білім беру деңгейі бойынша үздік ұстаздарымыздың озық тәжірибесін кеңінен таратып, жас педагогтерді тағылымдамадан өткізу арқылы кәсіби дамуына жүйелі қолдау көрсету. Біздің басты мақсатымыз – әр баланың әлеуетін ашуға, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік беретін әділ, қолжетімді және сапалы білім жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысының қолдауы мен қоғамның сенімі – осы жұмыстың басты қозғаушы күші, – деді министр өз құттықтауында.

Айта кету керек, биылғы жылы «Үздік педагог» республикалық байқауының іріктеу кезеңіне 1468 маман қатысып, одан өткен жеті жүз тоқсан үш педагог облыстық деңгейде бақ сынады. Дәстүрлі байқаудың шешуші кезеңіне 174 маман жолдама алды. Оның ішінде орта білім беру, кәсіптік және техникалық білім беру, мектепке дейінгі, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері бар.

Үздік педагогтерді анықтау жөніндегі комиссия биылғы жылдың қыркүйек айында құрылып, оның құрамында оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, мектепке дейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Искакова, Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директорының орынбасары Ақзира Қасымова, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енді.

Бұл сайысқа білім беру ұйымдарында бес жыл үздіксіз еңбек өтілі бар мамандар қатыса алады. Байқау барысында педагогтердің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі, жұмысының тиімділігі мен кәсіби шеберлігі ескеріледі. Республика күні мерекесінің қарсаңында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласының үздік қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Салтанатты рәсімде білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан министрлік қызметкерлері, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне құрмет көрсетілді. Оларға еліміздің білім беру жүйесінің дамуына, жас ұрпақ тәрбиесіне және оқу сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий