Шығыста білім мен бизнес серіктестігі жаңа деңгейге шықты

Шығыс Қазақстан облысындағы жергілікті кәсіптік білім беру жүйесінде биылғы оқу жылының шеңберінде салалық колледжер авиация, энергетика, жүк тасымалы, көлік және төтенше жағдайларда құтқару сияқты еңбек нарығының сұранысы бойынша жаңа мамандықтарды таңдаған түлектерді заманауи бағытта оқытуды бастаған болатын. Және осы өңірге қажетті әрі бәсекеге қабілеті бар кадрлар шоғырын даярлаудың жаңа үлгісін енгізе отырып, жұмыс берушілермен тараптарға тиімді серіктестік орнатудың мүмкіндіктері кеңінен қарастырылуда.

    

Оқасов Қуат Барысұлы жетекшілік жасайтын облыстық білім басқармасы таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу, студенттерге өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұйымдастыру, колледж оқытушыларының біліктілігін кәсіпорындар базасында арттыру, сондай-ақ, кәсіби бағыттағы мамандар даярлау жұмыстарын күшейту қолға алынуда екен. Қазіргі кезде аймақтағы тоғыз жүзден астам кәсіпорын мамандар даярлау ісіне тартылған. Дуалды оқыту бойынша бес мыңнан астам студент 448 кәсіпорында тәжірибе жинақтап жүр. Колледждерге қамқорлық көрсететін бизнес серіктестерінің саны да бұрынғы отыз екіден бүгінгі таңдағы екі жүз үшке дейін өскені белгілі болуда.

Кәсіби мамандарды даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі де жыл өткен сайын артып келеді. Өскемен құрылыс-техникалық колледжінің құзыреттілік орталығын халықаралық аккредиттеуден өткізу, мектептер базасында колледждер және кәсіпорындармен бірлесіп елу бейінді сынып ашу, JuniorSkills чемпионатын ұйымдастыру, мобильді оқу орталығының жұмысын жалғастыру, сондай-ақ, жұмыс берушілердің қатысуымен педагогтердің республикалық форумын ұтымды ұйымдастыру шаралары қолға алынғанын айрықша атап айтқанымыз абзал.

Ұлан ауданына қарасты Саратовка ауылындағы Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі кадрлар даярлау сапасымен және жаңа оқу бағыттарын белсенді дамытуымен ерекшеленеді, оның ішінде өңірде алғаш рет ашылған авиациялық мамандықтарды даярлау да бар. Осы арнаулы оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы барған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Ветеринария», «Агрономия», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтары бойынша студенттер тарапынан білімдері мен дағдыларын көрсеткен шеберлік сабақтарында шығармашылық және тәжірибелік жұмыстарының көрмесімен танысты.

Аймақ жетекшісі бұл сапарының аясында «Ұшу аппаратын жөндеу және техникалық қызмет көрсету» және «Әуе тасымалын ұйымдастыру» мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттермен кездесіп, авиациялық мамандықтарды дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екендігіне кеңінен тоқталды. Себебі қазына қорынан бөлінген қомақты қаржының есебінен облыстың аумағында жаңадан салынып жатқан әуежайлар мен бұрыннан бар нысандарды қайта қалпына келтірудің жүйелі жұмыстары басымдық сипатқа ие. Бірінші курс студенті Рахман Тамаз мамандықты насихаттау және студенттерді қолдау мақсатында өзі әзірлеген авиациялық бағыттағы Telegram-чат-ботын таныстырды.

Нұрымбет Аманұлы арнаулы оқу орнындағы жатақханаға барды. Екі жүзге жуық студенттің құрамында Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Түркістан, Семей, Қарағанды қалаларынан келгендер бар. Жастарға жайлы білім беру ортасын қалыптастыру және қолдау – өңірлік саясаттың ажырамас бөлігі. Өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасында айтылған адалдық, жауапкершілік және кәсібилік қағидаттарының ел болашағы үшін маңызды екенін еске салды. Студенттер облыстық және республикалық байқауларда тұрақты түрде жүлделі орындар иеленіп келеді. Биылғы оқу жылында екі жаңа мамандық бойынша арнайы лицензия алып, жастарға білім беруді бастады.

Яғни, бұл – жергілікті түлектер мен көршілес облыстардағы арманшыл талапкерлердің арасынан тәуелсіз еліміздің авиация мамандарын жаңаша даярлаудың нақты тәжірибесі. Алматы азаматтық авиация колледжімен облыстық әкімдіктің бірлесе қолға алған бұл жобасы шығыстағы кадрлардың әлеуетін нығайтып, өңірді аграрлық және авиациялық саладағы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған. – Мен Алматы облысынан келдім. Авиация саласы бойынша білім алып жатырмын. Жалпы отбасымда бұл сала бойынша ешкім жұмыс істеген жоқ. Мен – алғашқысымын. Бұл оқу ордасы маған ұнайды, – деді студент Нұрбол Қарасов.

Бұл колледж сексен жыл бұрын құрылған және осы ұзақ уақыт аралығында ауыл шаруашылығы саласы бойынша елу мыңнан астам маман даярлаған. Бүгінгі таңда 424 студент білім алуда, олардың ек жүз тоқсан алтысы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Білімгерлердің сексен алты пайыздан астамы дуальды жүйесі арқылы теорияны өндірістік тәжірибемен ұштастырып жүр. Оқытушылар құрамындағы қырық бес білікті маманның оны – магистр болса, докторант атанғаны – біреу. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы ашылып, AgroSkills халықаралық қозғалысының стандарттары енгізілген.

«Азаматтық авиация академиясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы-ректор Бекен Сейдахметов пен Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінің директоры Оралбек Оспанов авиация саласының орта буын мамандарын бірлесе даярлау бағытында бұрыннан бар байланысты барынша берік бекемдеуге әрдайым мүдделі. Зайсан ауданының еңбек мобильділігі орталығы авиациялық қызмет саласындағы сұранысқа ие мамандықтар (әуе қауіпсіздігі бойынша инспектор; авиациялық орнитология инженері; аэродромды пайдалану бойынша кезекші инженер; қауіпсіздік бөлімінің инспекторы; бақылау-өткізу пунктінің инспекторы; жанар-жағармай материалдары бойынша авиатехник; жөндеу-құю базасының машинисі; электромонтер/техник) бойынша қайта даярлау курстарының жиырма айлық есептік көрсеткіштегі шәкіртақысы бар алты айлық қысқа мерзімді тегін оқуды ұйымдастыруда.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және облыс әкімдігінің ортақ мақсаттағы бірлескен қолдауымен кәсіби мамандарды қазіргі заман талаптарына және жұмыс берушілердің сұранысына сай сапалы даярлаудың тиімді жолдарын талқылау, білім беру мен өндіріс арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған «Сапалы кадр даярлау – бизнес пен білім берудің басты міндеті» тақырыбындағы арнайы республикалық форум ұйымдастырылды. Бұл басқосуға «Talap» КЕАҚ өкілдері, облыстық кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындары өкілдері мен колледж директорлары, педагогтер және жұмыс берушілер қатысты.

Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген делегаттар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Форумға әлеуметтік серіктестер ретінде «Казцинк», Үлбі металлургиялық зауыты, «Гидросталь», «Өскемен жылу желілері» және басқа да кәсіпорындар белсене қатысты. Аймақ жетекшісінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде өңір колледждерінің жұмыс берушілермен орнатқан әріптестігін жоғары бағалап, кәсіби білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіру қажеттігін жеткізді.

– Экономикаға қажет жаңа буын мамандарын даярлау – ортақ міндет. Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту арқылы ғана біз сапалы кадрлар даярлау ісін жаңа деңгейге шығара аламыз, – деді ол. «Talap» КЕАҚ әлеуметтік әріптестік басқармасының басшысы Нұрлан Жанайдаров техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде бизнестің белсенді рөлі туралы баяндама жасап, дуальды оқытуды дамыту мен өндірістік тәжірибе алаңдарын кеңейтудің маңызына тоқталды. Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек өңір колледждерінің жұмыс берушілермен тиімді өзара іс-қимыл моделін таныстырды.

Бұл модель кәсіпорындардың оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысуын, студенттерді тәжірибеден өткізу мен жұмысқа орналастыруды қамтиды. Форум барысында кәсіби шеберліктің үздік тәжірибелерін тарату, дуальды оқыту, инклюзивті білім беру, цифрландыру, инновациялық тәсілдер мен түлектерді еңбек нарығына бейімдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер өндіріс пен білім саласындағы өзара тиімді әріптестікті дамытудың нақты тетіктерін ұсынды. Іс-шара аясында педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруды көздейтін он тоғыз құзыреттілік бойынша ұйымдастырылған өңіраралық шеберлік байқауларға 20-дан астам колледж оқытушылары қатысып, бақтарын сынаған болатын.

«Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы-ректор, қауымдастырылған профессор, техника ғылымдарының кандидаты, MBA Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, Жұмысшы мамандықтарының жылы шеңберіндегі бұл маңызды іс-шараның басты ұстанымы – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби шеберлігін дамыту. Және жұмыс берушілердің қазіргі стандарттары мен талаптарына сәйкес мамандарды кәсіби даярлау сапасын арттыруды көздейді. Демек бұл форум бизнес пен білім берудің өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеріп, ел экономикасы үшін сапалы кадр даярлауға серпін бергені даусыз. Яғни, білім мен өндірістің күш біріктіруі – еңбек нарығының тұрақтылығы мен қоғамның дамуының кепілі ретінде бағаланады.

Облыстағы осы танымал әрі беделді жоғары оқу орнының көпжылдық стратегиялық серіктесі – «Қаzzinc» кәсіпорнының қолдауымен ұйымдастырылған «Жұмысшы болсаң, мықтысың!» атты студенттік мансап форумына аймақтағы техникалық бағыттағы колледждердің студенттері қатысты. Басты мақсаты – жастарға кәсіби өсу мүмкіндіктерін көрсету, жұмысшы мамандықтарының маңызын ашып, өндірістен бастап басшылық қызметтерге дейін жеткен түлектердің табысты еңбек жолдарын үлгі ету болатын. – Біздің студенттер ірі кәсіпорын өкілдерімен тікелей тілдесіп, еңбек нарығының қазіргі талаптары мен мансаптық өсу перспективалары туралы сұрақтарына жауап алу мүмкіндігіне ие. Мұндай кездесулер жастарға шабыт беріп, еңбексүйгіштік пен жауапкершілік табысқа бастайтынын ұғындырады, – деді осы университеттің ректоры Сәуле Жадігерқызы.

Бірегей басқосу тәжірибелік тұрғыдан да пайдалы алаңға айналғаны анық. Шеберлік сабақтарында қатысушылар түйіндеме жазу, сұхбаттасуға дайындалу, тиімді коммуникация, қаржылық сауаттылық және өзін таныта білу дағдыларын жетілдірді. Форумда сөз алған «Қаzzinc» қызметкерлерінің басым бөлігі кезінде ШҚТУ студенті болған. Олардың кәсіби жолдары бүгінгі жастарға нақты өмірлік мысал мен ынта-ықылас сыйлады. ШҚТУ мен «Қаzzinc» акционерлік қоғамының ынтымақтастығының тарихы ұзақ жылдарға созылады. Бірлескен жобалар аясында тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламалары, өндірістік практика мен тағылымдамалар, сондай-ақ ғылыми-техникалық зерттеулер жүзеге асырылып келеді.

Кәсіпорын студенттерді қолдап, аймақтың кадрлық әлеуетін дамыту мен инженерлік мамандарды даярлау ісіне тұрақты үлес қосуда. Форумның өтуі тағы бір мәрте дәлелдеді: жоғары білім мен өндіріс саласының ықпалдастығы еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлаудың, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың және аймақтағы адами капиталдың дамуын нығайтудың маңызды тетігі. Мұндай бастамалар студенттердің болашақ мамандығына саналы көзқарасын қалыптастырып, олардың дамуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне белсенді қатысуына серпін береді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – өңірдің белсенді жастарының басын қосқан орталыққа айналды. «Құрмет» орденінің кавалері, профессор, заң ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD), Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Азия университеттері қауымдастығының вице-президенті, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Әділбекұлы Төлеген басқаратын осы жоғары оқу орнында студенттердің қолданбалы дағдылары мен кәсіби әлеуетін дамытуға арналған «Hard Skills Fest» облыстық форумы ұйымдастырылған еді. Бұл басқосуда аймақтағы жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері, сондай-ақ түрлі кәсіпорындардың мамандары қатысты.

– Негізгі біздің мақсатымыз – диплом беру емес, біз нақты құзыреттілігі бар мықты мамандарды дайындауымыз керек. Ол қарапайым дәнекерлеуші мен электрик болсын, мейлі аспазшы немесе шаштараз. Жастар қандай мамандықты таңдаса да, біздің міндетіміз – бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар арқылы еңбек нарығындағы сұраныстарды қанағаттандыру. Сондықтан біз колледждер қабырғасында теориялық білімнің практикамен ұтымды үйлестірілуін қалаймыз. Титан магний комбинаты мен Үлбі металлургиялық зауыты сияқты қуатты кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жасауға мүдделіміз. Олар колледждер мен жоғары оқу орындарына қолдау көрсетіп, арнайы зертханалар салып беруде, – дейді ШҚУ ректоры Мұхтар Әділбекұлы.

 Іс-шара қатысушыларға жаңа білім алып қана қоймай, қарым-қабілеттерін көрсетуге, идеялармен алмасуға және әртүрлі сала мамандарының салмақты ой айтуларына үлкен мүмкіндік жасады. Іс-шара бағдарламасы мотивациялық кездесулерді, практикалық шеберлік сабақтарын және заманауи техникалық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған таныстырылымдарды қамтыды. Спикерлер табысты еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие негізгі дағдылар туралы әңгімеледі. Бұл кездесу студенттер үшін пайдалы тәжірибе ғана емес, сонымен қатар тұлғалық өсумен қатар кәсіби дамуға және болашақ мамандығын сеніммен таңдауға жол ашқан маңызды қадам болғаны хақ.

Жұмысшылар жылы аясында ұйымдастырылған түрлі деңгейдегі білім мен біліктілік бәсекесінде бақ сынаған облыстағы колледж ұстаздары мен сала мамандарының жүлделермен оралуы – жоғары кәсібилікке қоса үздік әдістемелік шеберліктің және педагогикалық еңбектің лайықты бағаланғаны болар. Еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында тау-кен-металлургия саласы бойынша ұйымдастырылған республикалық кәсіби шеберлік байқауына «Пайдалы қазбаларды байыту» құзыреттілігі бойынша қатысқан Риддер колледжінің оқытушылары Уалиханов Фархат пен Ағажаева Инесса екінші қатардан көрінгені үшін бағалы сыйлықтармен марапатталып, Алғыс хаттарды иеленді. Өскемен жоғары политехникалық колледжіне (директоры – Исатай Салихұлы Исин) мұғалімдер мерекесінде биылғы жыл бойынша облыстағы үздік техникалық және кәсіби білім беру ұйымы атағы берілді.

 «Үздік педагог-2025» республикалық байқауына аймақтардан қатысқан 174 үміткердің арасынан озық шыққан алпыс төрт ұстаз жуырда осы мәртебелі мерейге бөлініп, мемлекет тарапынан берілетін 1000 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сыйақыға қол жеткізгені баршамызға белгілі. Үздіктер сапынан табылған төрт шығысқазақстандық ұлағатты ұстазға жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы қажырлы қызметтерінде абыройлы жетістіктер тілейміз. Аймұхамбетова Гүлназ Ахметовна – Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің педагог-зерттеушісі, арнайы пәндер оқытушысы; Муратова Еркежан Кумаркановна – Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер; Сахарова Галина Николаевна – Облыстық мамандандырылған IT-мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші; Ибатаева Индира Айтахметовна – Өскемен қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

«Үздік педагог-2025» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына арнайы куәлік және 300 АЕК көлемінде сыйақы табысталған болатын. Олар: Ануар Насир, педагог-зерттеуші, Өскемен қаласындағы №41 жалпы орта білім беретін мектебінің физика пәнінің мұғалімі; Ахаева Наталья Васильевна, педагог-зерттеуші, Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің қосымша білім беру педагогі; Акыбаева Назигуль Ниязбековна, педагог-зерттеуші, Тарбағатай ауданындағы Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі; Сейтказинова Бибигуль Мырзагалиевна, педагог-шебер, Өскемен қаласындағы №7 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі; Альпатина Самал Бейбитшиликовна, педагог-зерттеуші, Катонқарағай ауданындағы Өрел орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий