Белсенді педагогтермен ашық диалог
Еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова отандық білім беру жүйесіне қатысты әлеуметтік желіде мәселе көтеріп жүрген педагогтерді министрлік алаңында ашық диалог жүргізуге шақырды.
Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған ашықтық форматында өткен жиында министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қоғамда педагог мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, білім беру жүйесіндегі жаңа трансформация дәуірінде еліміздің сапалы адам капиталын қалыптастыруға бірден-бір жауапты тұлға – ұстаздың жаңа бейнесін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
– Президент педагог мәртебесін арттыру және мұғалімдерді қорғау бойынша заңға өзгерістер енгізуді тапсырды. Олар – ұстаздың қоғамдағы орнын нақтылайтын және оның құқығын қорғайтын маңызды шешім. Министрлік тарапынан педагогтерге қатысты әділетсіздік пен қысымға жол бермеу, олардың кәсіби беделін қорғау бағытында нақты шаралар қабылданады, – деді министр.
Кездесуде педагогтер білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді көтерді және министрге өздерінің көкейтесті сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды. Әсіресе, соңғы уақытта қоғамда жиі көтеріліп жүрген мұғалімдердің аттестациядан өтуі, білім беру ұйымдары басшыларының ротациясы, педагогтердің біліктіліктерін арттыру, жекеменшік мектептердің жауапкершілігі, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды сапалы біліммен қамту, шағын жинақты мектептердегі білім сапасы, халықаралық гуманитарлық пәндер олимпиадасын өткізуге бастамашылық ету, бастауыштан кейін құқықтану пәнін енгізу, қосымша білім беру, педагогтер мәртебесі, тәрбие мәселелері сөз болды.
– Айтылған ұсыныстар бойынша жүйелі шешім қабылданатын болады. Жекеменшік мектептерге қатысты мемлекет өзіне жүктелген міндеттемелерді толық көлемде орындайды. Алайда, жеке білім беру ұйымдары да өздеріне қатысты заңнамалық талаптар мен міндеттемелерді қатаң сақтауға тиіс. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік білім беру стандарты мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес сапалы, қолайлы және қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етуді, сондай-ақ педагогтер алдындағы әлеуметтік және кәсіби міндеттемелерді уақытылы орындауға міндетті.
Министрлік сіздермен ашық әрі сындарлы диалог орнатуға дайын. Біз сіздердің пікірлеріңізді білім беру жүйесін жетілдіруде шешім қабылдау үдерісінде қарастырамыз. Әрбір сын – салмақты, әр ұсыныс – білім саласын ілгерілетуге бағытталған болуы қажет, – деді сала жетекшісі. Министр кездесуге қатысушылардың әрқайсысының сұрақтарына жауап берді, кейбір зерделеуді қажет ететін мәселелердің өз бақылауына алынатынын, сондай-ақ мұндай ашықтық форматындағы кездесулерді тұрақты өткізуге мүдделі екенін жеткізді.
ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ
Загрузка...