Ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық арта береді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өткен аптадағы Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында Вашингтон қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен әлемдегі жетекші онлайн-білім беру платформаларының бірі – Coursera компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандум мақұлданды. Бұл ресми құжаттарға сала басшысы Саясат НҰРБЕК пен осы компанияның өкілдері қол қойды.
Бейіндік ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл меморандумның аясында академиялық ынтымақтастықтың жаңа формаларын дамыту және білім беру үдерісіне озық цифрлық құралдарды енгізу көзделген. Атап айтқанда, ынтымақтастық жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы прокторинг және білімді бағалау жүйелерін енгізуді қамтиды. Бұл студенттердің оқу жетістіктерін бағалауда ашықтық пен объективтілікті арттыруға мүмкіндік береді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қазақстандық студенттер мен оқытушылар үшін әлемнің жетекші университеттерінің онлайн бағдарламаларын дамыту, білім алушылар мен педагогтерді халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау, сондай-ақ Coursera шешімдері негізінде ұлттық цифрлық білім беру платформасын құру кіреді.
Серіктестік онлайн-білім беру және цифрлық трансформация саласындағы бірлескен жобалар арқылы жүзеге асырылады. Келісімнің маңызы – Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық білім беру және жасанды интеллект құзыреттерін дамыту орталығы ретіндегі позициясын нығайтуында. Бұл бастама еліміздің жаһандық білім кеңістігіне интеграциялануына және ұлттық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға маңызды қадам болмақ. Меморандумға қол қою оқиғасын еліміздің цифрландыру, инновациялық даму және халықаралық ынтымақтастыққа ашықтық бағытындағы стратегиялық бағытының жалғасы ретінде бағалауға болады.
Вашингтон қаласында ұйымдастырылған C5+1 бизнес-форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, OpenAI, Inc. және Freedom Holding Corp. арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың мақсаты – білім беру, цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын Қазақстанның жоғары, техникалық және кәсіби білім беру жүйесіне енгізу саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
Келісімнің басты мақсаты – жасанды интеллект негізіндегі білім беру құралдарын кең көлемде енгізу үшін жағдай жасау, студенттердің, оқытушылар мен басқарушы кадрлардың цифрлық және ЖИ дағдыларын дамыту, сондай-ақ заманауи технологиялар негізінде көптілді және қазақтілді контент қалыптастыру. Ынтымақтастық аясында елдегі жоғары оқу орындары мен колледждерді OpenAI компаниясының ChatGPT Edu білім беру платформасына қосу бойынша пилоттық жобаны іске қосу қарастырылған.
Платформаға оқытушылар, студенттер және әкімшілік қызметкерлер қол жеткізе алады, бұл ЖИ технологияларды оқу, ғылыми және әкімшілік қызметте тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының қатысуын үйлестіреді және ЖИ құралдарын білім беру үдерістеріне енгізу жұмыстарын цифрландыру және жоғары білім беру саласындағы ұлттық саясатқа сәйкестендіре отырып жүзеге асырады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, жобаны AI-Sana бағдарламасы аясында үйлестіретін болады. OpenAI компаниясы технологиялық әріптес ретінде ChatGPT Edu лицензияларын және әдістемелік қолдау ұсынса, Freedom Holding Corp. лицензияларды сатып алуға қаржылық қолдау көрсетіп, бастаманың ұйымдастырушылық жағын қамтамасыз етеді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі OpenAI компаниясымен жасалған келісімнің еліміздегі цифрлық білім беру мен инновацияларды дамытудағы маңыздылығына тоқталды: – OpenAI компаниясымен келісімге қол қою – Қазақстанның жоғары білім жүйесін түрлендіру жолындағы жаңа мүмкіндік. ChatGPT Education интеллектуалды білім беру платформасын енгізу оқу сапасын арттырып, заманауи цифрлық құралдарға қолжетімділікті кеңейтеді және Қазақстанның Орталық Азиядағы аймақтық ғылыми-білім беру және инновациялық орталық ретіндегі орнын нығайтады, – деді сала жетекшісі.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі бұл әріптестіктің ел үшін маңызын атап айтты: – OpenAI және Freedom Holding Corp. компанияларымен ынтымақтастық – ұлттық AI-экожүйесін дамытудағы маңызды қадам. Біз білім беру саласында жасанды интеллектіні тиімді пайдалану арқылы Қазақстанның цифрлық дәуірдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасап отырмыз. Меморандумды іске асыру – заманауи, технологиялық білім беру жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Қазақстан мен ETS (Educational Testing Service) білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға кірісті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және ETS білім беру және таланттарды дамыту саласындағы халықаралық ұйымы еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге арналған негізгі құралы – Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) трансформациялауға бағытталған стратегиялық әріптестікті бастайды.
Соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы Ұлттық бірыңғай тестілеу тәуелсіз еліміздегі жоғары оқу орындарына түсу процесінде орталық жүйе рөлін атқарып, барлық өңірлер мен әлеуметтік топтардағы түлектерге жоғары білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп келеді. Енді ETS ұйымының білімді бағалау саласындағы жаһандық тәжірибесіне сүйене отырып, Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы жаңартылып, ол тек академиялық жетістіктерді ғана емес, өмір мен кәсіби қызметте қажет негізгі дағдыларды да бағалайтын болады.
– Бұл әріптестік – Қазақстанның болашағы үшін маңызды бетбұрыс. ETS ұйымымен бірлесіп, олардың білімді бағалау саласындағы әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы біз жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, өзге елдерге үлгі боларлық бағыт қалыптастырамыз. Университеттер мен мектептермен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарына түсудің бәсекеге қабілетті жүйесін құрып жатырмыз, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, білімді бағалаудың жаңа моделін енгізу – біздің республика үшін бірқатар маңызды артықшылықтар береді. Дағдыға бағытталған тестілерді әзірлеу қазақстандық студенттердің жаһандық экономикада сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруіне және жаңа буынды кәсіби тұрғыдан табысты іске даярлауға жағдай жасайды. Сонымен бірге адам капиталы мен кәсіби даярлықтың халықаралық стандарттарына сай қабылдау жүйесін жаңарту еліміздің білім мен инновация саласындағы көшбасшылық ұстанымын нығайтып, инвестициялар мен таланттар үшін тартымдылығын арттырады.
Сондай-ақ жаңартылған ҰБТ форматы барлық талапкерлер үшін әділдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етпек: икемді тест комбинациялары, бірыңғай бағалау жүйесі және өңірге, мектепке немесе оқыту тіліне тәуелсіз бірдей қолжетімділік қарастырылған. – ETS өз тәжірибесін бағалау саласында және жаһандық көзқарасын Қазақстанмен бөлісу мүмкіндігіне ие болғанын мақтан тұтады. Бұл ынтымақтастық түрлі елдердің күш-жігерін біріктіру арқылы білім беру сапасын арттыруға және жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашатынын көрсетеді, – деді Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севак.
ETS ұйымының инновациялық тәсілі жасанды интеллект, ғылыми дәлдік және халықаралық білім алмасу қағидаттарына негізделген. ETS бағалау сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдерді енгізбек. Жасанды интеллект технологияларын – адаптивті тестілеу, автоматтандырылған бағалау және интеллектуалды талдау сияқты құралдарды қолдану әділдік пен сенімділікті, сондай-ақ бағалау процесінің объективтілігін қамтамасыз етеді.
Барлық тестілер заманауи психометриялық әдістер негізінде әзірленіп, олардың ғылыми дәлдігі мен сенімділігіне кепілдік береді әрі студенттер, университеттер және жұмыс берушілер тарапынан халықаралық деңгейде мойындалмақ. Сонымен қатар қазақстандық мамандардың ETS зерттеу тағылымдамаларына қатысуы білім беру өлшемдері мен жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен ортақ инновацияларды дамытуға ықпал етпек.
Салалық министрлік пен ETS ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын жаңарту – студенттердің, оқытушылардың және университеттердің ел ішінде де, шетелде де қажеттіліктері мен үміттеріне сай болуын қамтамасыз етуге ниетті. Реформаларды іске асыру барысында тараптар ашықтық пен айқындық қағидаттарын ұстана отырып, барлық мүдделі тараптарды алдағы өзгерістерге уақтылы хабардар етуді және дайындауды қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, ETS – білім беру және таланттарды дамыту саласындағы халықаралық ұйым. Ол уақыт сынынан өткен TOEFL, TOEIC, GRE, Praxis және Futurenav сияқты емтихандар мен дағдыны бағалау шешімдері, сондай-ақ ETS институты жүргізетін инновациялық зерттеулер арқылы жұмыс істейді. Екі жүзден астам ел мен аумақтағы еншілес компаниялар мен кеңселерден тұратын жаһандық желі арқылы ETS жыл сайын 50 миллионнан астам адамның өз қабілеттерін бағалап, жаңа мүмкіндіктер ашуына көмектеседі.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...
