Заң талаптары жергілікті өңірлерде сапалы орындалуы тиіс

Үкіметте Премьер- министрдің орынбасары – ҚР Үкіметі Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасын талқылау бойынша кеңес ұйымдастырылды. Бұл құжатпен жұмыс Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысындағы қорытындылар бойынша берген тапсырмасына сәйкес жүргізілген болатын.

Бағдарламаны Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқықтары жөніндегі уәкілмен, Парламент депутаттары және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып әзірлегенін білдік. Осы құжат еліміздегі балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы және жоспарланған барлық шараны біріктіруге бағытталған, өскелең ұрпақтың мүддесі үшін жүйелі, тұрақты әрі дәйекті саясат құрудағы маңызды қадам болмақ. Жұмыс барысында мемлекеттік органдар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты бағдарламалық, нормативтік және стратегиялық құжаттарға ревизия жүргізді.

Бұл қайталанатын ережелерді анықтауға және интеграция мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді. «Қазақстан балалары» бағдарламасы республика аумағындағы әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі қорғауды қамтамасыз ететін тұрақты мемлекеттік саясаттың негізіне айналуы тиіс екені атап өтілді. Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, бағдарламаны пысықтау бойынша бірқатар тапсырма берілді. Ресми ақпарат бойынша бүгінгі таңда еліміз бойынша балалардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасыларды қолдау бағытында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіретін 271 комиссия жұмыс атқаруда.

Олар жоспарлы мәселелерден бөлек қоғамда кең талқылау туғызған және жедел шешімді қажет ететін істерді де қарайды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар – балалардың құқықтарын қорғаудың басты тетігі. Комиссиялардың қызметі қиын жағдайға тап болған отбасыларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Салалық министрліктің тарапынан ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында жаңа тәсілдер енгізілуде екен.

Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен жуырда Жамбыл облысында аймақта соңғы айларда орын алған балалар арасындағы құқықбұзушылықтарға қатысты ұйымдастырылған көшпелі өңірлік кеңеске еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова, облыс әкімі Ерлан Қарашөкеев, Бас прокуратураның өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, аудан әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Жиында сөз алған министр кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін атап айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бүгінде елімізде заңнамалық-құқықтық базаны нығайтумен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу, мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Заң мен тәртіп талаптары жергілікті жерлерде сапалы орындалуы керек. Соңғы уақытта Жамбыл облысында орын алған балалар арасындағы құқықбұзушылықтар мені бей-жай қалдырмады. Сондықтан Ербол Шырақбайұлына қордаланған проблемаларды шешуге деген жанашырлығы үшін алғыс білдіремін, – деді ол.

Республикалық жұмыс тобымен өңірдегі 100 мектепте жүргізілген мониторинг бірқатар мектептерде психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді, тәрбие және профилактикалық қызметтерді ұйымдастыруда формальдылық бар екенін көрсетті. Мәселен, жұмыс жоспарларында мектептердің ерекшеліктері, білім алушылардың нақты тәуекелдері мен қажеттіліктері көрсетілмеген. Мектеп басшылығының тарапынан дағдарыстық жағдайларды ерте анықтауда тиісті үйлестіру жолға қойылмаған, қауіпсіздік жүйелері, жарықтандыру мен санитарлық тораптары жаңартылмаған, сондай-ақ «111» байланыс орталығының QR-кодтары жарамсыз мектептер де анықталды. Сондай-ақ министр балалардың тәрбиесіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігін күшейту қажеттілігіне де басымдық берді. Ресми статистикаға сүйенсек, күн сайын 76 ата-ана өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал 395 ата-ана балалардың түнде үйде болуын қадағаламайды.

– Бұл көрсеткіштер баланың ата-ана назарынан тыс қалғаны туралы нақты дабыл. Ата-аналармен жұмыс ерекше назар аударуды қажет етеді. Мониторинг ата-аналардың педагогикалық қолдау орталықтарының қызметіне қатысу белсенділігінің төмендігін көрсетті. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – мемлекеттің айрықша назарындағы мәселе. Өйткені баланың қауіпсіздігі – жеке тағдырдың ғана емес, тұтас қоғам тұрақтылығының кепілі. Бүгінгі басқосу – осы бағыттағы жұмысты жетілдіруге арналған маңызды қадам. Соңғы уақытта балаларға қатысты орын алған оқиғалар жағдайды жан-жақты қарауды талап етіп отыр. Тек өзара үйлесімді іс-қимыл мен бірлескен әрекет арқылы ғана өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыра аламыз, – деді Жұлдыз Досбергенқызы.

Сөзінің соңында сала жетекшісі бірқатар қатаң және жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды. – Өңірде қайғылы жағдайларға алып келген кейбір оқиғаларды зерделеу барысында кейбір мектептерде жауапты қызметкерлердің бала тарапынан болған белгілерге жете көңіл бөлмегені анықталды. Сондықтан тәуекел тобындағы балаларды сүйемелдеу нәтижелері үшін мектеп директорлары дербес жауапкершілікте болуы керек. Білім беру ұйымдарындағы бейнекамералар нақты уақыт режимінде полиция және әкімдік жанындағы жедел орталықтарға қосылуы тиіс, бейнежазбалардың сақталу мерзімі мен қолжетімділігі заңмен белгіленген тәртіпте нақты регламенттеліп, оқушылардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталуы қажет, – деді министр.

Сондай-ақ жиында мектептердің техникалық қауіпсіздік жүйелерін тексеру, құқық қорғау органдарымен, ата-аналармен бірлескен тұрақты жұмыс тобы мен жедел штаб құру, ашық есеп беру форматын енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау органдарымен және жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыстар жүргізу бойынша нақты ұсыныстар енгізілді. Кеңес қорытындысы бойынша Балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігі жөніндегі өңірлік бірлескен Жол картасы қабылданады, оның орындалуы министрліктің қатаң бақылауында болады.

Кеңес барысында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыс прокуратурасының басқарма басшысы Ердос Мақашев және облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйледі. Жиын сұрақ-жауап форматында жалғасып, министр қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Кеңесте айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленетін болады. Жұмыс сапары аясында министр Жұлдыз Сүлейменова Тараз қаласы, сондай-ақ Байзақ және Жамбыл аудандарындағы бірқатар білім беру нысандары мен орталықтардың жұмысымен танысты.

Жамбыл облысының білім беру саласындағы даму қарқыны мен жоспарланған жобаларға тоқталсақ биыл жергілікті білім саласына 344,3 миллиард теңге бөлінген. Жиырма алты білім нысанының құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 10 мектеп пен бес білім ордасындағы жапсарлас ғимараты пайдалануға берілмек. Келесі он бір жаңа нысан іске қосылады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бүгінге дейін 6 мектеп ашылып, жыл соңына дейін тағы бір ағарту ошағының пайдалануға берілетіндігі күтілуде. Сонымен қатар бірқатар білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектептер бір миллиард жеті жүз миллион теңге көлеміндегі заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықталды. «Дарын» мамандандырылған лицей-интернаты биылғы оқу жылында жаңа заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратқа көшірілген-ді. Сондай-ақ облыста тұңғыш дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп-интернаты ашылды.

– Жаңа оқу жылы басталғалы бері өңірде кәмелетке толмағандар арасында аса ауыр қылмыстардың жиілеп кетуі – жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Бұл мәселеге шұғыл әрі нақты шаралар қажет. Бала – біздің болашағымыз! Ертеңіміздің жарқын болуы үшін біз олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Сіздерді тыңдасақ, барлық жұмыстар жүріп жатыр, ауқымды шаралар атқарылып жатыр дейсіздер. Бірақ, нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Соңынан және үш қайғылы жағдай орын алды, – деген болатын бұдан бұрынғы балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жиілеп кетуіне байланысты шұғыл ұйымдастырылған облыстық кеңеске төрағалық жасаған аймақ жетекшісі.

– Демек, сіздердің жұмыс тәсілдеріңіз тиімсіз. Оқушылардың тәрбиесі жөнінде мектеп, ата-ана, қоғам үштігінің өзара бірлескен жұмыстарын басынан қарау керек! Қазіргі балалардың күн сайын ой-өрісі өзгеріске ұшырап, көзқарасы басқаша қалыптасуда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тәсіліміз де жаңаша сипатта қарқын алу керек деп ойлаймын. Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдерге қатысты қайғылы жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Әр баланың тағдыры – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Сауалнама қорытындысы балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелілік пен тиімділіктің жеткіліксіз екенін көрсетті. Әсіресе әлімжеттік, қорқыту, ақша бопсалау секілді келеңсіз жайттар әлі де кездеседі.

– Жоғарыдағы өзекті жайттарды ескере отырып, өңірде балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту мақсатында Бала құқықтарын қорғау басқармасын құру жұмыстары жүзеге асуда. Бұл құрылымның басты міндеті – әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау болмақ. Жалпы, бұл мәселе тек бір саланың ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір ата-ана, мұғалім және уәкілетті орган өкілі жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен амандығы үшін бірігіп жұмыс істеуі тиіс! Қазір – білекпен емес, біліммен бәсекелесетін заман. Мемлекет басшысы атап айтқандай, бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең өркениет көшінің алдыңғы қатарында боламыз, – деген облыс әкімі нәтижесіз жұмыстарды сынға алды.

Өңір басшысы бұған дейін аталған мәселе бойынша нақты тапсырмалар бергенін, алайда жауапты тұлғалардың қабылдаған шараларынан нақты нәтиже көрмей отырғанын қатаң түрде ескертті. Сонымен бірге әр ауылдық округтің жеке өз учаскелік полиция инспекторы болуы тиіс екенін алға тартып, бос штаттарды шұғыл толықтыруды жүктеді. Ербол Қарашөкеев орын алған мәселелерге қатысты лауазымды тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шешімдер қабылдаған-ды. Облыс әкімі аппаратына аймақ жетекшісінің орынбасары Серік Сәлемовке «сөгіс», Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке, сондай-ақ әлеуметтік салаға жауапты Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қабылдау тапсырылды.

Білім басқармасынан Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының және өзге де жауапты тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сәйкестігін қарастыруды талап еткені бар. Облыс әкімі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша шұғыл зерделеу тобын құрып, әр білім беру мекемесінде кеңейтілген сауалнама жүргізіп, оның нәтижесі бойынша тиісті жұмыстарды жедел ұйымдастыруды міндеттеді. Бұл құрылатын топ өңірдегі барлық мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қылмыстың салдары мен зардабын түсіндіруге күш салуы тиіс. Топ жетекшісі ретінде Тараз қаласы және аудан әкімдері жеке жауап беретіндігі нақтыланды.

– Біз кезінде балаларды мұғалімнің айтқаны заң, ол талқыланбайды деп өсірдік. Өйткені өзіміз де солай тәрбиелендік. Әлі есімде, бірде үйдегі балалардың бірі мектептен басы жарылып, қан-жоса болып келді. Сұрап едім, құлап қалдым дей салған. Кейін есейгенде бірақ айтты. Сол кезде сыныпта бұзақылық жасағаны үшін апайы тақтаға сүйреп шығарып, жұлқып қалады. Баламның басына тақтаның тұсында қағулы тұрған жіңішке шеге кіріп кеткен екен. Қазір сондай жағдай болса, ата-ана мұғалімді мектептен біржола «аластатып» жіберер еді. Немерелеріме қатысты мектепте қандай да бір мәселе болса, келіндерім бірден мұғалімге хабарласады. Оларға үнемі басу айтамын. Баланы жаман үйретпеңдер, ол өз мәселесінің дұрыс яки бұрыстығын өзі таразылап үйрену керек деп ұдайы айтып отырамын, – дейді жергілікті журналистерге тағылымды тәжірибесін жеткізген жуалылық «Алтын алқалы» ана Дүйсекүл Сыдыққызы.

– Көп жағдайда бұл «баласын қорғау» ниетінен туындайды, бірақ шын мәнінде ол баланың тұлғалық қалыптасуына, жауапкершілік пен тәртіп сезімін дамытуына кері әсер етеді. Мұғалім – тек білім беруші емес, ол тәрбиеші, бағыт сілтеуші тұлға. Ал ата-ананың рөлі – баласының мінез-құлқын, қарым-қатынас мәдениетін, ұстазға құрмет сезімін қалыптастыру. Егер ата-ана әр ұсақ-түйекке бола мектепке арыз айтып, баласының сөзін абсолютті шындық ретінде қабылдаса, онда мұғалімнің абыройы төмендеп, білім мен тәрбие беру процесі әлсірейді. Мәселе тек арызда емес, сенімнің жоғалуында, – деді соңғы жылдары ата-аналардың баласының әрбір қадамын шамадан тыс бақылап, мұғалімнің кәсіби әрекетіне тікелей араласуы жиілеп кеткенін айтқан облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Назима Жұбандықова.

– Мұғалім мен ата-ана бір мақсатта – баланың болашағын қалыптастыруда серіктес болуы керек. Ал бір-біріне қарсы тарапқа айналу – бүкіл қоғамның рухани мәдениетінің төмендеуін көрсетеді. Ата-ананың мұғалімге жиі шағымдануы, әсіресе нақты дәлелсіз, біржақты пікірмен келуі – қоғамда ұстазға деген құрметтің әлсірегені деп ойлаймын. Бұл тек бір ғана мұғалімнің емес, бүкіл ұстаздық мамандықтың беделіне нұқсан келтіреді. Бала мен мұғалім арасындағы ұсақ түсініспеушілікті ата-ана «әділет іздеу» деп қабылдап, бірден арызға жүгінсе, ол мәселені шешпейді, керісінше, шиеленісті арттырады. Нәтижесінде бала да, мұғалім де, мектеп те зардап шегеді. Мұндай ата-аналар көбіне баласының тәртібіне сын көзбен қараудың орнына, бар кінәні мұғалімге артады.

Назима Норманбекқызының айтуынша, бұл – баланың бойында жауапкершіліктен қашу, өзін «әрдайым дұрыс» санау әдетін қалыптастырады. Ертең ондай бала өмірдің басқа саласында да сын көтермейтін, сын айта алмайтын, сын қабылдай алмайтын тұлғаға айналады. Менің ойымша, мұғалімге сенім мен құрметті қайта қалпына келтіру – қоғамның ортақ міндеті. Ата-ана баласын қорғап қана қоймай, оған шынайылық пен тәртіптің, ең бастысы, үлкенге құрметтің маңызын үйретуі тиіс. Облыстық ата-аналар кеңесінің тізгінін жуырда қолыма алдым. Алдағы уақытта ата-ана мен мұғалімнің қарым-қатынасын нығайту бағытында жоспарлы жұмыстарды қолға алуды межеленген.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий