Еңбек адамы отбасымен бірге балабақшада қалыптасады
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратқа жүгінсек, биылғы оқу жылында еліміздің аумағында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту мақсатына сәйкес «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы іске қосылуда екен. Бұл жаңа жобаға республика бойынша жүз мектепке дейінгі ұйымның қатысатындығы мақұлданған. Олардың құрамында алпыс екі мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама төрт пен бес жастағы балаларды қамтиды.
Жобаның мақсаты – балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызды бағыттарының бірі – еңбек пен түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды үйретпек. Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленуде. Балалар күнделікті ойын және тәжірибелік іс-әрекет арқылы түрлі кәсіп түрлерімен танысады, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді. Бұл бағытта балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен еңбек ету қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады.
Бірегей бастама – балаларды еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа және жауапкершілікке баулудың маңызды қадамы. Жобаға қатысатын тәрбиеленушілер әртүрлі мамандық иелерінің еңбегімен танысып, өз қолымен пайдалы іс жасауға үйренеді. Балалар тек еңбектің қадірін түсініп қана қоймай, өз болашағына алғашқы қадам жасайды. Педагогтер бұл жобаны баланың өмірлік дағдыларын қалыптастыруда аса маңызды қадам ретінде қабылдайтындықтарын айтуда. Қызылорда облысының орталығындағы «Сыр жұлдызы» бөбекжай-бақшасында осыған орай жуырда жергілікті аудандардан арнайы келген алпысқа жуық әдіскер мамандардың қатысуымен «Ұлттық құндылықтар негізінде балаларды ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» тақырыбындағы аймақтық семинар ұйымдастырылды.
Қылығы тәтті, өзі сүйкімді балақайлардың бір тобы түрлі дәмнен ас әзірлесе, енді бірі құрылысшы болып үй тұрғызды. Ал енді бірі домбыра жасап, келесілері тігінмен айналысуда. Ұйымшыл ұжымның ұлағатты ұстаздары бұл балғын балаларға кілем тоқу, қыштан құмыра жасау, қолөнермен айналысу, тіпті бау-бақшада жұмыс істеудің де қыр-сырын үйретуге кіріскен. Екі жастан бастап қабылданатын ұл-қыздарды бала кезінен алуан түрлі кәсіпке үйрету – ең басты мақсаттардың бірі. Шынында да кішкентайлардың ерте жастан еңбекке үйренуі басқалармен ортақ тіл табысумен қатар мамандық таңдау жолында нақты мақсатқа қол жеткізуіне себеп болатындығын белгілі. Бұл балабақшадағы сегіз топта 180 бала тәрбиеленуде екен.
Балаларды еңбекке қызықтырып, кәсіпке бейімдеу жұмысы осыдан екі жыл бұрын бастау алғанын білдік. Бүгінде бүлдіршіндер киімі мен заттарын жинастырып қоюдан бастап, қолөнер жасау, спектакльде өнер көрсету, тіпті бау-бақшаға қарау сынды жұмыстарды меңгеруде. Балаларды тәрбиелеу ісіне ата-аналар да белсене араласып, үйірме мүшелеріне бар білетіндерін үйретуден қалыс қалған жоқ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы ретінде жариялануының мемлекеттік тұрғыдан мәні мен маңызы зор.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, еңбек адамы отбасынан, білім ұйымдарында балабақшадан қалыптасады. Мектепке дейінгі білім ұйымдарында еңбекке баулу ұйымдастырылған әрекеті (мектеп тілімен айтқанда – сабақ) бар. Бұл – балғындарды еңбекқорлыққа тәрбиелеудің басты жолы. Осы ұжымға жетекшілік жасауға келгеннен кейін осы үлкен жобаны тәрбиешілердің мақұлдауымен бірлескен түрде қолға алған едік. Нәтижесінде жапсыру, мүсіндеу, құрастыру секілді шығармашылық жұмыстар арқылы балаларды ұлттық құндылықтар арқылы еңбексүйгіштікке баулудың үлгілік бағдарламада нақтыланған басым бағыттарын белгіледік, – дейді «Сыр жұлдызы» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Сапабекова Гүлден Жантасқызы.
– Бұл жоба облыстық деңгейдегі құзырлы орындардың тарапынан қолдау тауып, арнайы патент берілді. Ерте жастан бастап, еңбекке баулу және кәсіпке бейімдеу мақсатындағы республикалық бағдарламаны жергілікті өңірде іске асыратын жүз балабақшаның бірі ретінде біздің облыстың атынан қатысу мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамыз. Бұл қанатқақты жобаның барысында қолымыздан келгенін аянып қалғанымыз жоқ. Ең бастысы, еңбек еткеннің дені сау, көңілі шат болады. Ал балалардың ойнай жүріп, еңбек ету дағдыларын қалыптастырсақ, ертең жеке тұлға ретінде дамуына даңғыл жол ашылары даусыз. Біздің балдырғандар биыл жаз бойы педагогпен бірлесіп баялды, тәтті бұрыш, қызанақ секілді көкөністерді егіп, оларға күтім жасағандарын еш ұмытпай, әрдайым еске түсіріп отырады.
– Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруге мамандаған бұл беделді әрі танымал орталықтағы әлеуетті әріптестеріміз ұлттық құндылықтар негізіндегі балаларды ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу тақырыбында облыстық семинарды ұтымды ұйымдастырған. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне үлгілік оқу бағдарламасында көрсетілгендей, балаларды ерте жастан кәсіпке, еңбекке баулу міндеттері жүктелген. Осы тұрғыда балабақша тәрбиешілерінің көптеген мамандық иелері атқаратын міндеттерді, олар нені және қалай жасағаны жөн және кішкентай балалар нені білуі керек деген тұрғыдағы орынды сауалдарға нақты да дәл жауап бергеніне куә болдық, – дейді №21 «Алпамыс» бөбекжай-бақшасының әдіскері Нәйла Сәдуақасова.
Балабақшадағы қай жас ерекшелігі болса да, балалар еңбекке машықтанған. Дұрыс бағыт пен бағдар берілген. Олар күнделікті жұмыс барысында тәрбиешілермен өте жақсы байланыс орната білгендіктен, тапсырмалардың орындау барысында аса абыржыған жоқ. Шын мәнінде, көбіміз мән бере бермейтін бір дүние бар: негізінен барлық білім жүйесінің іргетасы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сатысында. Өйткені тәрбие мен білім ұйымдарының бірінші баспалдағы – балабақша. Ал еңбекке тәрбиелеу балаларды жауапкершілік пен ұқыптылыққа жетелейтіндігі бұрыннан баршамызға белгілі. Кеңестің қорытындысында қаланың кішкентай тұрғындары еңбек еткеннің еңсесі биік болатынын ерте бастағанын айқын аңғартты.
Бейіндік ведомствоның тапсырмасына сәйкес, балабақшаның тәрбиеленушілерімен қатар 1–11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жөніндегі бірыңғай нұсқаулық әзірленуде екен. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Адами капиталды дамыту және кәсіби бағдар беру орталығында жалпы білім беретін ұйымдарда кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыруға арналған кезеңдік нұсқаулықты әзірлеу мақсатындағы жұмыс тобының қызметі басталғаны туралы хабарланды. Нұсқаулық бастауыш сынып мұғалімдеріне, пән педагогтеріне, сынып жетекшілеріне және кәсіби бағдар беру мамандарына арналған.
Онда іс-әрекеттің нақты алгоритмдері, сабақтардың үлгілік сценарийлері, ата-аналар мен әлеуметтік серіктестермен өзара іс-қимыл формалары, сондай-ақ кәсіби бағдар жұмысының нәтижесін бағалау және мониторинг жүргізудің бірыңғай талаптары қамтылады. Жұмыс тобының құрамында педагогтер мен кәсіби бағдар беру саласының мамандары, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкерлері бар. Бұл бастама мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар берудің бірыңғай тәсілін қалыптастырып, олардың болашақ кәсібін анықтау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Кәсіптік бағдар беру дегеніміз – қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір мектеп бітіруші оқушының қабілеті мен бейімін ескере отырып, кәсіптік қызығуы мен қабілеттілігін қалыптастыруға және мамандық таңдауға көмектесуде, мақсатты атқарылатын жұмыс. Яғни жоғары оқу орындарындағы әр саланың озық мамандары мектеп оқушыларына болашақта кім болатынына қарай бағдар беріп, өзінің мамандығының қоғамдағы рөлі туралы ақпарат беру деген сөз. Себебі еліміздегі жастардың осындай пайдалы ақпараттармен толық таныспай, мамандыққа кездейсоқ келуі олардың таңдаған мамандығына бейімделе алмай, жұмыс орынын жиі өзгертуіне себеп болады.
Кәсіпке баулу – бұл әрбір жеке тұлғаның ерекшеліктерін және халық шаруашылығына, жеке салаларға қажетті сұранысы бар мамандықтарды ескере отырып жастарды еркін және өзіндік мамандық таңдауға дайындаудың ғылыми негізделген жүйесі. Кәсіби бағдар беру – жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы талдап алуға дайындауға бағытталған іс-әрекеті. Кәсіби бағдар беру арқылы оқушыларды мамандықтар әлемінде, олардың мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттерімен ұштастырып, өндіріс, шаруашылық салаларының даму міндеттеріне, оның нарықтық экономика жағдайындағы рөліне сай саналы таңдалып алынған мамандыққа мүдделілігін тәрбиелеуді қажет етеді.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...

