Астана қаласындағы №78 мектеп-гимназияға ҚХР делегациясы келді
2025 жылғы 12 қараша күні Астана қаласы Білім басқармасы, Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен С. Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясына Қытай Халық Республикасының ресми делегациясы сапармен келді. Делегацияны Бүкілқытайлық халықтық саяси консультативтік кеңесінің төрағасының орынбасары, GX қорының төрағасы Лянь Чжэньин мырза бастап келді. Сапарға Қазақстандағы ҚХР Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь және Қытай Елшілігінің өкілдері де қатысты.
Сапардың басты мақсаты – мектептің білім беру қызметімен танысу, қытай тілі сабақтарының өту барысын көру және білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды.
Кездесу барысында қонақтар мектептің заманауи инфрақұрылымымен танысты: оқу кабинеттері, кітапхана, STEM-кабинеті, спорт залы және көркемсурет галереясы араланды. Делегация мүшелері ағылшын және қытай тілдері сабақтарына қатысып, оқушылардың оқу процесін бақылады.
Сапар соңында оқушылар өз өнерлерін таныстырды: қолданбалы өнер туындылары, музыкалық және хореографиялық қойылымдар, сондай-ақ қытай тілінде сөйлесу дағдылары көрсетілді. Бұл қойылымдар оқушылардың шығармашылық әлеуетін және мәдениетаралық қарым-қатынастың дамуын айқын көрсетті.
Қытай делегациясы мектептің оқу үдерісін ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалап, №78 мектеп-гимназиясы мен ҚХР білім беру ұйымдары арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екендігін білдірді.
Айта кетейік, Астана қаласы Білім басқармасының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі №1712 бұйрығына сәйкес мектепте «Қызықты қытай тілі» атты эксперименттік алаң жұмыс істейді. Бұл бағдарлама оқушылардың қытай тілін және мәдениетін үйренуге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда 365 оқушы 4, 5 және 6 сыныптарда гимназиялық компонент бойынша қытай тілін оқуда. Сабақтар «The Youth Chinese Test» (авторлары Jin Feifei, Wang Lei) және «Көңілді қытай тілі» (авторы Ли Сяофэн) оқулықтарына негізделген бағдарлама бойынша жүргізіледі.
«Қызықты қытай тілі» сабағын жоғары білікті педагог, магистр, ҚХР Синьцзян университетінің түлегі Төлеген Нұрдана оқытады. Эксперименттік алаң аясында мектеп Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Конфуций институтымен және Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігімен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Загрузка...



