Nazarbayev University-дің жаңа биомедициналық орталығы

Премьер-министр Олжас БЕКТЕНОВ қазақстандық ғалымдар, оқытушылар мен студенттер үшін ресурстық және оқу алаңына айналған Nazarbayev University-дің жаңа биомедициналық зерттеу орталығының жарақтандырылу жағдайымен танысты. Оқу орны биылғы Times Higher Education World University Rankings рейтингінде Қазақстан, Орталық Азия және Кавказдағы жетекші зерттеу университеті ретінде мойындалған.

Бес мың алты жүз шаршы метрден астам аумақта биомедициналық және клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, геномика, молекулярлық биология, тіндік инженерия, регенеративті және трансляциялық медицина саласындағы зерттеулер үшін платформа бар. Мұндағы басты ерекшелік – биология және фармакология саласында ғылыми зерттеулер жүргізілетін виварий. Технологиялық жарақтандыру деңгейі және халықаралық биоқауіпсіздік стандарттарын сақтау бойынша бұл нысанның аймақта баламасы жоқ.

NU президенті, профессор Вакар Ахмад қазіргі уақытта зертханалық жануарлармен жұмыс сапасын бағалаудың танымал жаһандық жүйелерінің бірі – AAALAC International аккредитациясын алу бойынша жұмыстар жүріп жатқанын хабарлады. Виварийдің ашылуы қазақстандық ғалымдарға отандық дәрі-дәрмектер өндірісінің желісін ұлғайту үшін зерттеулердің сапалы жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік береді. Үкімет жетекшісінің назарына NU экожүйесінде дамып жатқан бірқатар ғылыми және технологиялық жоба ұсынылды.

University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы, доктор Юрий Пя донорлық органдарды адам ағзасына барынша ұқсас жағдайда консервациялауға және ұзақ мерзім тасымалдауға арналған инновациялық ALEM құрылғысын таныстырды. Аталған технологияны енгізу еліміздегі трансплантологияның тиімділігін едәуір арттырмақ. National Laboratory Astana бас директоры, профессор Дос Сарбасов клиникаға дейінгі сынақтар мен жаңа дәрілік препараттарды әзірлеуге маманданатын Өңірлік фармацевтикалық орталық құру жоспары туралы айтты. Жобада Қазақстанда локализация деңгейі жоғары фармацевтикалық өндірісті дамыту үшін R&D-инфрақұрылымын қалыптастыру көзделген.

Олжас Абайұлы, сонымен қатар, NU Медицина мектебінің қызметімен, ғалымдарының онкология, шеміршек регенерациясы, сынықтарды роботтандырылған емдеу, фармацевтикалық компоненттерді алу үшін қалдықтарды биологиялық жолмен өңдеу туралы және тағы да басқа зерттеулерімен танысты. Бұдан басқа оның назарына NU технопаркі резиденттерінің медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыратын медициналық технологияларды әзірлеуге бағытталған жобалары ұсынылды. Премьер-министр ғылыми-зерттеу жұмыстарының қазақстандық медицинаны және фармацевтиканы дамытудағы маңыздылығын атап өтіп, салалық министрліктерге озық отандық әзірлемелерді іс жүзіне асыру үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

Nazarbayev University медиа орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий