Білімдегі бизнестің бүгіні мен болашағы

– Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, екі жүз елу мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады, – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы барша отандастарымызға арнаған кезекті (02.08.2024 ж.) Жолдауында.

– «Ақ жол» демократиялық партиясына жекеменшік мектептердің өкілдері жүгінуде. Олардың айтуынша, соңғы айларда бұл салада мемлекеттік органдар тарапынан жедел шешімді қажет ететін күрделі және қарама-қайшы жағдай қалыптасты. Республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге нысаналы трансферттер түрінде қаржыландыру функциясы берілгеннен кейін, өңірлерде бюрократиялық кідірістер, кассалық алшақтықтар және төлемдердің біркелкі еместігі байқалуда. Бүгінде елде сегіз жүзден астам жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 250 мыңнан астам бала білім алуда, – деп жазылған ҚР Қаржы министрі Мәди Төкешұлы Такиев пен ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменоваға осы партияның партиялық тізімі бойынша Мәжіліске сайланған депутат, төменгі палатадағы қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Нұралдинов Олжас Елтайұлының қазан айының 29-ына жариялаған жазбаша сауалында.

Жекеменшік мектептер мемлекеттік сектордағы орын тапшылығын азайтып, елдің білім инфрақұрылымын толықтыруда маңызды рөл атқаруда. Бұған дейін мемлекет жекеменшік инвесторларға мектеп құрылысына жұмсалған шығынды сегіз жыл ішінде өтеуге міндеттенген еді. Алайда жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобасында бұл механизм алынып тасталды, бұл инвесторлар мен кәсіпкерлер арасында орынды алаңдаушылық туғызуда. Көптеген кәсіпкерлер осы уәделерге сеніп мектептер салған және нысандардың мақсатты пайдалану түрін 25 жыл бойы өзгертпеуге келісімшарт жасаған, ал қазір инвестицияның қайтарылмау және банктер алдындағы қарыздардың өсу қаупі туындап отыр. «Қаржы орталығы» АҚ хаттамалық (03.10.2025 ж.) шешімі қосымша қиындықтар туғызып отыр.

Осы шешімге сәйкес, жеке меншік мектептерді қаржыландыру жобалық қуат шегінде ғана жүзеге асырылуы тиіс. Бұл шешім оқу жылы басталып кеткеннен кейін қабылданды, барлық келісімшарттар жасалып, балалар Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) енгізіліп қойған болатын. Нәтижесінде жекеменшік мектептердің балаларды шығарып тастауға заңды негізі жоқ, ал мемлекеттік мектептерде оларды қабылдауға орын жетпейді. Бұл жағдай оқу процесінің үздіксіздігіне және балалардың білім алу құқығына нақты қауіп төндіруде. Сонымен қатар қараша және желтоқсан айларындағы төлемдер қазан айындағы көлем бойынша есептелуде, яғни нақты оқушылар саны ескерілмейді.

Мұндай тәсіл «ақша – оқушының артынан жүреді» қағидатына қайшы келеді. Биыл ата-аналар төлемінің шекті мөлшері 250 айлық есеп көрсеткіші болып белгіленді. Бұған дейін бұл көрсеткіш бір мың мен бір мың екі жүз айлық аралығында болған, жалпы бұл көрсеткіш төрт есеге қысқарды, сондықтан кәсіпкерлер тарапынан орынды алаңдаушылық туындауда. Сонымен бірге осындай қиындықтар жекеменшік балабақшаларда да байқалуда. Олардың мәліметіне жүгінсек, соңғы үш жылда коммуналдық қызметтердің құны екі еседен астам өсті, салық жүктемесі артты, ал еңбекақы мен ағымдағы шығындар айтарлықтай көбейді. Бұл жекеменшік балабақшалардың қаржылық тұрақтылығына және балаларға сапалы жағдай жасау мүмкіндігіне қауіп төндіріп отыр.

– «Ақ жол» демпартиясы осыған байланысты келесілерді қарастыруыңызды сұрайды: «Қаржы орталығы» АҚ хаттамалық (03.10.2025 ж.) шешімінің жобалық қуат бойынша шектеуін ағымдағы оқу жылының соңына дейін тоқтата тұру; Жекеменшік мектептердегі оқушылардың нақты контингенті негізінде (ҰБДБ деректерімен) бірыңғай стандарт арқылы толық әрі уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету; Бұрынғы ережелермен салынған мектептер үшін амортизациялық шығындарды өтеу механизмін қалпына келтіру және тиісті нормативтік актілер мен әдістемелердің толық тізбесін ұсыну; «Білім туралы» Заңда қаржыландырудағы өзгерістер тек жаңа оқу жылынан бастап күшіне енетіні туралы норманы бекіту; Жекеменшік балабақшалар үшін жанбасылық қаржыландыру көлемін көбейтуді қарастыруыңызды сұраймыз, – деп қорытындыланған осы партияның фракциясы құрамындағы бір топ халық қалаулыларының (О.Нұралдинов, А.Перуашев, Д.Еспаева Е.Барлыбаев, Қ.Иса, С.Ерубаев) қол қойылған хаттың соңы.

– Қазақстанда жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастырудың жаңа тетігіне байланысты қанатқақты жоба іске қосылды. Оқу-ағарту министрлігі мен облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалалары әкімдіктерінің бірлескен бұйрығымен «2025-2026 оқу жылына арналған жекеменшік білім беру мекемелерінде орта білім беруге байланысты мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастырудың жаңа тетігі» пилоттық жобасы бекітілді, – деп хабарлады өткен аптада осы салалық ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұл жоба қаржыландырудың ашықтығын арттыруға, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға және барлық баланы сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған. Кейінгі жылдары елімізде жекеменшік мектептердің саны шамамен мыңға жуықтап қалды. Білім саласындағы жеке бизнестің ұлғаюы жақсы үрдіс. Алайда қазір мемлекеттік тапсырысты алу тәртібі жаңарту мен жетілдіруді қажет етеді. Жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде жекеменшік мектептердегі оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде мүлдем басқа мектепте оқитыны белгілі болды.

Ал жекелеген өңірлерде кейбір мектептер оқудан шығып кеткен оқушылар үшін де ақша алып отырған. Сондай-ақ білім беру қызметіне қатысы жоқ мемлекеттік сатып алу жүйесінде тіркелген ұйымдар анықталды. Мұның барлығы жүйеге реформа қажет екенін байқатып отыр. Түйткілді мәселелерді шешу мақсатында Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ жаңа ақпараттық жүйені әзірледі. Аталған технология E-Qazyna.kz платформасына енгізілген және пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетумен қатар бұл деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтеді. Жүйеде оқушылардың саны мен контингенті, рұқсат құжаттарының бар-жоғы автоматты түрде тексеріліп, білім беру саласындағы ақпараттық жүйелермен біртұтас болады.

Бірыңғай әкімшілік басқаруды қамтамасыз ету үшін «Қаржы орталығы» АҚ Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Орталық қанатқақты жобаның операторы ретінде ұйымдастыру-әдістемелік қолдауды жүзеге асырып, қатысушыларға кеңес беру, мониторинг жүргізу, қабылданған актілерге сәйкес төлем жүргізу қызметтерін атқарады. Осы жобаны іске асырудағы негізгі рөл жергілікті атқарушы органдарға – білім беру басқармаларына жүктеліп отыр, олар мемлекеттік тапсырыстарды орналастырып, қорытынды есептерді бекітеді, сондай-ақ келісімшарттар жасап, www.e-Qazyna.kz веб-порталы арқылы көрсетілген қызметтер туралы актілерді қабылдайды.

– Келесі кезеңде бұл жүйеге білім беру саласындағы басқа да мемлекеттік қаржыландыру құралдарын – гранттарды, шәкіртақыларды, жатақханада орындармен қамтамасыз ету және басқа да қолдау түрлерін біріктіру көзделген. Жаңа ақпарат жүйесі қараша айының 12-сі күні қосылды. Білім беру қызметтеріне цифрландыруды енгізу – мемлекеттік сатып алулар қызметіндегі бюджет қаражатының ашықтығын арттырып, түсінікті етуді көздейді және уақтылы, орынды қаржыландырудың әкімшілік қадағалауын қамтамасыз етеді. Бұл жаңашылдық бюджетке түсетін жүктемені азайтып, бәсекелестікті арттырады және білім беру саласына жеке инвестицияны көбірек тартуға әсер етеді, – деп түйінделген ресми ақпарат.

ҚР Парламентінің депутаты, Мәжілістегі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат Әбеновтің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы таратқан мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жекеменшік мектептердің елу жеті пайызы заман талабына сай емес. Жоғарғы аудиторлық палатаның арнайы тексерісінің нәтижесінде бұл ақпараттар нақты дәлелденген. Жауапты тұлғалардың қолында анықтамалық құжаттар бар. Ғимараттардың сапасы заң талаптарына сәйкес келмейді. Демек қолданыстағы нысандардың дені білім беру мақсатында арнайы салынбаған.

– Санитарлық талаптар, балалар отыратын бөлмеде таза ауа (вентиляция), температуралық нормалар, күн сәулесінің түсуі, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Оқу стандарттары бойынша құрал-жабдықтар – лабораториялар, арнайы кабинеттер, компьютерлік технологиялар жетіспейді. Мұғалімдердің білім дәрежесі біліктіліктерге сәйкес емес. Оқымаған баланы есепке алу жұмыстары жалған жүргізілгені белгілі болуда. Салалық министрлікке қарасты Қаржы орталығы арқылы жеке мектептердің қаржысы тексерілмей төленген. Артық және заңсыз кеткен мемлекеттік миллиардтаған қаражат кері қайтарылмағаны себепті бұл мектептердің меншік иелеріне құқық бұзушылық туралы іс қозғалмапты, – дейді Мұрат Абдуламитұлы.

– Жаңадан келген министр қаржылық тәртіп орнатуды қолға алды. Сондықтан қылмыстық қудалаудан қорыққан ықпалды топтар сала жетекшісіне қоқан-лоқы жасауға көшкенін көрудеміз. Яғни заңсыздыққа жол бергендер мұғалімдердің айқайы бойынша жасалмаған жұмыстардың ақшасын мәжбүрлі түрде төлетпек ойда. Және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні шулатып, жауапты тұлғаларды қорқыту арқылы теріс әрекеттерімен отқа май құйғысы келеді. Жұлдыз Досбергенқызының құқықтық негіздегі барлық талабын толық қолдаймыз. Бас прокуратураға және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы тексеріс ұйымдастыру туралы депутаттық ұсыныс жолдадым.

– «Заң және тәртіп» – ел Президенті бастама жасаған қатаң қағидат. Кім заң бұзса, жауап беруі керек, ешқандай кешірім жоқ. Өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім мен саналы тәрбие беру бизнестің май шелпегі емес. Мектеп табалдырығынан бастап бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық маңызы бар басым бағыттарының бірі. Себебі адами капиталдың әлеуеті баянды болашағымызды айқындайды. Осы ауыр міндеттің үлкен жауапкершілігін қайыспай көтеру қолыңнан келмей ме – онда айналыспа. Балаларды оқытуға қалтамдағы ақшамды салдым, енді міндетті түрде пайдасын көруім қажет деген саудагерлік ұстаным – қате. Әрине, сапалы жұмыс істеп жүрген үлгілі жеке білім беру ұйымдарының бары рас. Оларды саусақпен санасам жарнама болып кетуі мүмкін, – деді ол сөзінің соңында.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий