Мемлекеттік мәртебенің маңызды міндеті
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА мен Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Мереке ҚҰЛКЕНОВ жуырдағы алғашқы жүздесулері барысында шығармашылық және білім саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қос тараптың әңгімесінде мектеп бағдарламасында қазақ әдебиетінің рөлін арттыру, жас жазушыларды қолдау және оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын күшейту бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайлы салмақты мәселелер сөз болған.
Еліміздің бас ұстазы қазіргі таңда білім беру мазмұнын жаңарту барысында ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттау маңызды екенін атап айтты. Мереке Әбдешұлы қазақстандық қаламгерлердің басын біріктірген бірегей басқарманың жетекшісі ретінде жас буынның рухани дамуы мен көркем әдебиетке жақын болуына жазушылардың да белсенді үлес қосатынын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта ынтымақтаса отырып ортақ іс-шаралар ұйымдастыруға уағдаласты.
– Бүгінде түлектердің сексен пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы сәуір айының 24-і күні ұйымдастырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде. Демек, қазақ тілі пәнін оқыту әдістемесін жақсарту қазақ тілінің болашағы үшін аса маңызды. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, бұл қазақ тілін пән ретінде игеру міндетін арттыра түседі. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын зерттеуші ғалымдар оқыту әдістемесінің басты кемшілігі – балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламалары арасында өзара сабақтастықтың жоқтығынан туындағандығын ашық айтуда.
Сол себепті ұлт ұстазы атанған алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды…», – деген сөзі әлі де өзекті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, осы жоғары палатадағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Рүстемов Руслан Рүстемұлының бастамашылдығымен жуырда сенаторлар Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы, Есбай Амангелді Ғабдылкәрімұлы, Нухұлы Алтынбек, Тастекеев Қайрат Құлбайұлы тарапынан еліміздің Премьер-Министрі Бектенов Олжас Абайұлының атына қазақ тілін оқыту мәселелері туралы бірлескен жазбаша сауал жолданды.
– Бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту дұрыс ескерілмеген. Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ. Қазақ тілі оқулықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы, 5-сыныптың оқушысы өзінің жас ерекшелігіне қарай тіл мәдениетін, әдеби тіл нормасын сақтап, ауызша сөйлей алуы, ойын қағазға жаза білуі керек. Демек, мектепте тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салалары оқушылардың жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай, жүйесін бұзбай оқытылуы керек, – деп мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселенің мәні мен маңызы нақты да айқын көрсетілген.
Қазақ мектебінде қазақ тілін оқытуға қажетті сағат саны жеткілікті екеніне қарамастан, оқушыға лингвистикалық білімді жас ерекшелігімен спиралдық әдіс арқылы оқыту жүзеге аспай тұр. Осының салдарынан оқушыда коммуникативтік дағды дұрыс қалыптаспайды, грамматикалық білім толық берілмейді. Бұлай оқытудағы кемшілік – бесінші сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. «Филология» мамандығының білім беру бағдарламасында да қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің санына ортақ талап жоқ. Әр жоғары оқу орны профессор-оқытушыларының әлеуетіне қарай білім беру бағдарламаларын өз қалауынша дайындайды. Бұл дұрыс емес, бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз бойынша бәріне ортақ болуы керек.
Бағдарлама болашақ маманның бойында болуы тиіс құзыреттіліктерге негізделіп жасалуы қажет. Жоғары оқу орындарында тілдік емес мамандықтардың қазақ тобына да қазақ тілін міндетті кәсіби пән ретінде оқыту керек. Яғни, тілдік емес мамандықтардың қазақ тобындағы студенттер қазақ тілін кәсіби түрде меңгерсе, болашақта қазақ тілін сол салада ғылым тілі ретінде дамытатын, терминологиясын жүйелейтін білікті маман болып қалыптасар еді. Қазақ тілі мен әдебиетін ең көп оқытатын орта – мектеп. Алайда оның білім беру стандарты қажетті деңгейде жасалмай, соның негізінде бағдарламасы да кемшін әзірленген. Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктерін жөндеп, қазақ тілі пәнін оқытудың мақсат-міндеттерін қайта өзектендіру аса маңызды.
Сондай-ақ қазақ тілі пәнін орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіретінін және оның мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты негізі екенін қаперде ұстауымыз қажет. Осыған орай еліміздің барлық қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарының қазақ топтарында грамматиканы оқытудың ұстанымдарын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемелік негіздерін, орта мектептегі қазақ тілі пәнінің мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлік жүйесіндегі орнын қайта қарап, ең бастысы – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың тұжырымдамасын қабылдауға ықпал жасауыңызды сұраймыз. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес Сізден, депутаттық сауалға заңда көзделген мерзімдерде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, – деп қорытындыланған бұл бағыттағы сауалдың соңы.
– Мемлекет басшысының таяудағы АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI, Inc. компаниясы ChatGPT-дің қазақ тіліндегі қызмет сапасын арттыру және оны терең дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге келістік. OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Кевин Миллспен қазақ тілінде жасанды интеллектінің сапалы жұмыс істеу әлеуетін арттыруға арналған бастамаларды талқыладық. Негізгі міндет – қазақ тіліндегі деректер қорын көбейту, тілдік модельдердің дәлдігін жетілдіру және жүйені ұлттық мәдениет, әдебиет пен тарихқа қатысты мазмұнмен байыту. Бұл келісім арқылы мұғалімдерге қазақ тіліндегі оқу бағдарламалары мен сабақ жоспарларын, дәрістер және әдістемелік материалдарды ЖИ құралдарының көмегімен әзірлеуге жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл – тіліміздің цифрлы кеңістіктегі орнын айқындайтын маңызды қадам, – деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғам-дық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйектің соңындағы Америка Құрама Штаттарына кезекті сапары шеңберінде ірі америкалық бизнес өкілдерімен кездесу барысында, инвестиция, энергетика, логистика және білім саласындағы ынтымақтастықтың талқыланғаны баршамызға белгілі. Ең бастысы – тәуелсіз еліміздің атынан инновациялық серіктестікті кеңейту үшін технологиялық алпауыттармен тиімді уағдаластықтар жасалды. OpenAI – жасанды интеллект негізінде білім беру пилоттық жобалары; Coursera – қазақстандық студенттер мен мұғалімдерге арналған онлайн-білімді дамыту; Amazon (Kuiper) – спутниктік интернет және цифрлық инфрақұрылым; Nvidia – AI зерттеулері мен жоғары өнімді есептеу жүйелерін дамыту; Meta – жасанды интеллект және инновациялар саласындағы ынтымақтастық. Демек бұл стратегиялық келісімдердің – білім, технология және тұрақты даму жолындағы қос тараптың мақсаты мен мүддесіне сай келетін жаңа кезеңнің бастамасы болғаны даусыз.
Отандық бұқаралық ақпарат құралдары жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты, Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қарашоқы ауылының тумасы Дидар Садықтың Ұлыбританияның Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытуды бастағаны туралы жақсы жаңалықты жарыса жазды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы келісім аясында жүзеге асырылуда екен. Бұл әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне қазақ тілін жүйелі түрде енгізуге бағытталған алғашқы пилоттық білім беру бағдарламасы болып табылады. Бүгінде осы шетелдік жоғары оқу орнының Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде 28 тіл оқытылатын көрінеді.
Түркі тілдері арасынан түрік, өзбек және әзірбайжан тілдері бұрыннан оқу бағдарламаларында бар болса, енді бұл қатарға қазақ тілі де қосылды. Яғни, қазақ тілі әлемдік академиялық кеңістікте зерттелетін және оқытылатын тілдер қатарына енді. Қазақ тілін халықаралық ғылыми айналымға енгізуге бағытталған маңызды қанатқақты жобаның тікелей орындаушысы отандық жетекші оқу орнында филология мамандығы бойынша білім алып, лингвистика бойынша магистратураны тәмамдаған. Қазіргі уақытта PhD бағдарламасы аясында «Қазақ тілін англофондарға шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру» тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізуде.
Осы ғылыми бағыты мен кәсіби даярлығы оны халықаралық бағдарламаның оқытушысы ретінде іріктеуге негіз болды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тілін кешенді, теориялық және қолданбалы тұрғыдан зерттейтін іргелі ғылыми мекеме. Оксфорд университетінің осы институтпен тікелей ғылыми әріптестікке бастамашы болуы қазақ тілінің халықаралық лингвистикалық ғылымдағы маңызын айқындайды. Қазақ тілінің Оксфордтағы пилоттық курсы аптасына екі рет, төрт сағаттық академиялық форматта өтеді. Курсқа қатысушылар – Азия мен Еуразияны, олардың тарихи-мәдени байланыстарын және тілдік құрылымдарын зерттеуге маманданған жас ғалымдар. Олар қазақ тілін тек тілдік жүйе ретінде ғана емес, мәдени-өркениеттік феномен ретінде меңгеруге қызығушылық танытып отыр.
Бұл жоба қазақ тілінің халықаралық білім беру платформаларында орнығуына бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта курстың ауқымын кеңейту және қазақ тілін университеттің тұрақты оқу бағдарламасына енгізу жоспарланыпты. Оксфордта қазақ тілінен білім алатын студенттер ел тарихы мен мәдениетін қазақтардың өзінен артық білетіндігі айтылуда. Қазақстан мен Ұлыбританияның сыртқы істер министрліктері былтыр осы университетте қазақ тілі курстарын ашу туралы меморандумға қол қойған еді. Ал қазақ тілі ресми түрде биылғы маусым айынан бері арнайы бағдарлама негізінде оқытыла бастаған.
– Биылғы академиялық жылда оннан аса студент білім алып жатыр. Олардың бәрі сабаққа қалмай келеді. Көбі – британдықтар. Одан бөлек Еуропадан, Таяу Шығыстан келген мультимәдениетті білімгерлер де сабаққа қатысып жатыр. Қазақ тілін шетелдік студенттерге үйретуде, әрине, қиындықтар бар. Себебі, біз барлығын нөлден бастаймыз. Қазақ тілі бойынша ешқандай білімі жоқ студенттерге сабақ береміз. Ал қазіргі таңда қазақ тілінің шет тілі ретіндегі ағылшын тілді аудиторияға арналған базасы толыққанды қалыптаспаған. Сол тұрғыдан біраз қиындықтар бар. Бірақ біз осы мәселелерді реттеу үшін жүйелі жұмыс жасаудамыз. Білімгерлер тарапынан тілге қатысты пайымсыз пікір айтылған жоқ. Өйткені бұл беделді университетке оқуға түсудің өзі оңай емес, – дейді отандық жас ғалым.
– Ол жақта жүз пайыз өтініштің ішінен 7-8 пайызы ғана мақұлданады. Сондықтан әлемнің әр түкпірінен үміт білдірген ең дарынды талапкерлерді қабылдайтын ереже бар. Сол үшін білімгерлердің бәрі өте алғыр. Қазақстан, Орталық Азия, Еуразия бойынша зерттеулері өте терең. Олар тілден бұрын, мәдениеті, әдебиеті, саясаты, тарихы туралы бізден артық біледі деп айта аламын. Бала кезімнен үлкендердің тағылымға толы тәрбиелік сөздерін тыңдап өскендіктен қазақ тілін бүкіл әлемге танытуды армандағаным рас. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет атқардым. Уақыт өте келе тілді зерттеумен қатар оны басқа халықтарға үйретіп, қазақ мәдениетін әлемге таныстыруды мақсат тұттым.
– Менің бұл ұлттық ұстанымым тек кәсіби жетістік емес, сонымен қатар тәуелсіз еліміз бен халықаралық қауымдастық арасындағы мәдени көпірдің нақты нышаны ретінде бағаланғанын білгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернегені жасырын емес. Себебі маған берілген бұл мүмкіндік – қазақ тілінің сұлулығы мен байлығын жер жаһанға жеткізуге жол ашты. Әр сабағым – мәртебелі мемлекетім мен өзге елдердің арасындағы рухани бұрыннан бар байланыстарды бекемдей бастағаны байқалады. Ұлттық құндылықтарды қастерлейтін жігерлі жастардың бәсекеге қабілетті білім мен біліктілігінің нәтижесінде қазақ тілі халықаралық деңгейде оқытылып, жаңа белестерге көтеріле бастады. Сондықтан ана тілі мен төл мәдениетіне қоса асқақ рухын жат жұрттықтарға паш етіп жүрген кейінгі буын өкілдерінің қатарынан табылғанымды азаматтық абырой санаймын, – деді ол сөзінің соңында.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, аймақтағы мектепке дейінгі білім сапасын арттыру және балалардың коммуникативтік дағдыларын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде екен. Сала министрінің бұйрығымен бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес бес жастағы балаларға аптасына екі сағат көлемінде қазақ тілін үйрету міндеттелген. Қазіргі уақытта осы өңірде 46 мың 661 баланы қамтитын алты жүз қырық бір мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 525 балабақшада, яғни сексен екі пайызында тәрбие мен оқыту мемлекеттік мәртебені иеленген қазақ тілінде жүргізіледі. Және былтырмен салыстырғанда ана тіліміздегі балабақшалардың саны 18-ге артқан.
Мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ тілін оқыту сапасын арттыру мақсатында республика көлемінде «Қазақ тілі: 5 жас» атты жаңа әдістемелік құралдар мен жұмыс дәптерлері әзірленіп, сараптамадан өткізілгенін білдік. Осы оқу құралдарын енгізу аясында Ақтөбе қаласында оқу құралының авторы Қ.Амантайұлының қатысуымен «Тәрбиешінің кәсіби құзыреттілігі» тақырыбында арнайы ұйымдастырылған семинар-конференцияға облыстың барлық ауданы мен қалаларынан жетпіс бес педагог-тәрбиеші қатысқан. Жиналғандар қазақ тілін мектепке дейінгі жастағы балаларға оқытудың заманауи әдістерімен танысып, тілдік дағдыларды дамытуға арналған тиімді тәсілдерді талқылап, өзара тәжірибе алмасыпты. Білім басқармасы тарапынан бекітілген басым бағыттардың бірі ретінде мемлекеттік тілдің мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі қолданысын кеңейту және екітілді ортаны дамыту – өңірдің білім беру саясатындағы басымдық болып қала беретіндігі хақ.
Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында орналасқан №35 мектеп-гимназиясының мұғалімі – Виктория Кожамбердина қазақ тіліне құрметін нақты ісімен дәлелдеп жүрген отаншыл педагогтердің қатарынан. Виктория Николаевна орыс ұлтының өкілі болуына қарамастан, мемлекеттік тілді жетік меңгерумен қоса ұлттық аспабымыз домбыраны насихаттап жүр. Ол өткен айда облыс орталығында жергілікті өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған «Жүзден жүйрік» байқауында бәсекелестерінің арасында жүлделі бірінші орынмен марапатталды.
Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасуына ықпал етуге және тәуелсіз елімізде тұратын этнос өкілдері арасында қазақ тілін білуге деген құлшынысын арттыруға бағытталған бұл бірегей байқаудың ұйымдастырушысы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы болатын. Виктория Кожамбердина шағын шаһардағы тұрғындар арасында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту ісіне ширек ғасырлық ғұмырын арнап келеді. Соңғы он жылы педагогика саласына бағытталған.
Байқауға осы өңірдің он бес аумағынан келген 13 үміткер түрлі талаптар бойынша сынға түскен-ді. Бұл кезеңдер барлығына бірдей оңай болған жоқ. Өйткені өзін-өзі таныстыру; танымал ақындардың қазақ тіліндегі поэзиялық шығармасын жатқа оқу; қоржыннан түскен тапсырманы орындау; экранда көрсетілген мәтін, картина, немесе видеоның мазмұнын қазақ тілінде толық ашуға үлкен дайындық пен уақыт қажет. Екібастұздық ұстаз ұйымдастырушылар тарапынан арнайы әзірленген барлық тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, диплом мен ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Жеңімпаздың айтуынша, ең бастысы – марапат пен даңқ емес, сапалы білім мен саналы тәрбие алу арқылы өнегелі тұлға ретінде қалыптасуға құштар шәкірттері мен ана-аналар қауымының құрметі мен сенімі артық. – Қазақ тілі – оқу кестесіндегі пән ғана емес, бұл – менің өмірімнің бір бөлігі. Қазақша еркін сөйлеп, сауатты жазу мен үшін мәдениетіміздің бай әлемін ашқан қасиет, – деді ол әріптестерімен ашық әңгімесінде.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...




