Білім биігіне жол ашқан

Маңғыстаудың білім айдынында айрықша орны бар Ақшұқыр мектеп-лицейі соңғы жылдары жаңашыл идеялар мен нақты нәтижелердің үйлесімін көрсете алған іргелі оқу ордасына айналды. Бұл мектептің тәжірибесі – ауылдық білімнің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі.

Ақшұқыр мектеп-лицейі – бүгінгі таңда Түпқараған өңірінің ғана емес, күллі Маңғыстаудың мақтанышы. Соңғы жылдары білім сапасы тұрақты өсіп, республика көлемінде үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Былтыр білім сапасы елу тоғыз пайыздан 73 пайызға дейін артқан. Ал биылғы оқу жылында мектеп Қазақстандағы үздік жүз олимпиадалық мектептің қатарынан табылды. Бұл жетістіктердің артында жүйелі еңбек, жаңашыл ойлау мен педагогикалық табандылық бар.

Мектеп директоры Қаламқас Тілеубаева бұл жөнінде былай дейді: – Біздің басты ұстанымымыз – «Әр бала – жеке тұлға». Сондықтан оқушының қабілеті мен әлеуетін ашуға бағытталған саралап оқыту, жобалық және зерттеушілік тәсілдер кеңінен қолданылады. Әр ұстаз өз сабағында заманауи әдіс пен технологияны ұтымды үйлестіруі тиіс. Ақшұқыр мектеп-лицейінде бүгінде 161 мұғалім еңбек етеді. Оның 19-ы – магистр, 11-і – педагог-шебер, 25-і – педагог-зерттеуші. Бұл – ұжымның кәсіби әлеуеті жоғары екенін айғақтайды. Мектеп ұстаздары республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында, «Үздік авторлық бағдарлама» конкурстарында топ жарып жүр.

Құқықтану пәнінің мұғалімі Әлия Қадырова – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болған, ұжымның мақтанышы. – Біз ұстаздың кәсіби дамуын үздіксіз процесс деп білеміз. Мектеп ішінде Lesson Study әдісі енгізіліп, педагогтер өзара тәжірибе алмасады. Командалық басқару тәсілі ұжымдағы әр ұстаздың бастамашылдығын арттырады, – дейді Қ.Тілеубаева. Осы ізденіс нәтижесінде Ақшұқыр мектебі былтыр «Үздік орта білім беру ұйымы» республикалық байқауында жеңімпаз атанып, 68 миллион теңге көлеміндегі грант иеленді. Мектептің материалдық-техникалық базасы бүгінгі күн талабына толық сай.

Бір жүз бес бейнебақылау камерасы, интерактивті тақталар, LED панельдер, STEM және робототехника кабинеттері, инклюзивті білім беру бөлмелері – барлығы да оқушылардың сапалы білім алуына бағытталған. Сонымен қатар мектепте «STEM зертханасы», «Эко-мектеп», «Шығармашылық шеберхана» сияқты жобалар табысты жүзеге асуда. Робототехника мен 3D модельдеу үйірмелерінде балалар өз қолымен бұйым жасап, инженерлік ойлау дағдыларын дамытады.

– Біз үшін инновация – сән үшін емес, нәтиже үшін. Әр жоба – оқушының өмірлік дағдысын қалыптастыратын құрал. Цифрлық технологияны да, дәстүрлі тәрбие құндылықтарын да қатар ұстанамыз, – дейді мектеп басшысы. Ақшұқыр лицейінде білім мен тәрбиенің бірлігіне айрықша назар аударылады. Мектепте тоғызқұмалақ, шахмат, футбол, қазақша күрес секілді спорт түрлері бойынша, драма, домбыра, қолөнер, робототехника үйірмелері жұмыс істейді.

Оқушылар тек пәндік олимпиадаларда ғана емес, шығармашылық, спорттық және ғылыми жобаларда да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мектеп пен қоғам байланысы – Ақшұқыр лицейінің тағы бір мықты тұсы. Ата-аналар комитеті белсенді жұмыс істейді, ал жергілікті ұйымдармен әріптестік орнаған. Мектеп сахнасында ақын Светқали Нұржан, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, ұстаз Қуантқан Ванов сынды тұлғалардың жастармен кездесулері жиі өтеді. Бұл – рухани сабақтастықтың көрінісі.

Ақшұқыр мектеп-лицейі – ауылдағы қарапайым мектептің де елдік деңгейде үздік бола алатынын дәлелдеген білім ордасы. Бұл мектептің тәжірибесі – педагогикалық жаңғырудың үлгісі, ауыл мектебінің әлеуетіне сенудің айшықты бір мысалы.

– Біздің мақсат – тек үздік оқушы тәрбиелеу емес, өмірге дайын, мәдениеті жоғары, елжанды тұлға қалыптастыру. Өйткені сапалы білім – елдің ертеңіне салынған ең сенімді инвестиция, – дейді Қаламқас Тілеубаева. Ұстаздың осындай салиқалы ұстанымын көпшілік те қолдайды. Ауыл мектебінің мәртебесі арта берсін дейміз.

Жанкелді ҚАРЖАН,
Маңғыстау облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий