Қазақ тілі мен әдебиеті: Пән бойынша инклюзивті білім берудің ерекшеліктері
Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаттарының бірі – әрбір оқушының, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕББҚ) бар балалардың сапалы білім алуға деген конституциялық құқығын қамтамасыз ету болып табылады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін инклюзивті ортада оқыту бұл мақсатты іске асырудың маңызды құралы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сіңірудің де тиімді жолы.
Бұл үдеріс мұғалімдерден терең педагогикалық даярлықты, шығармашылықты және оқыту әдістерін икемдеуді талап етеді. Инклюзивті оқытудың басты ерекшелігі – даралап оқыту принципін барынша қолдану. Әрбір ЕББҚ бар оқушының психофизикалық ерекшелігін, танымдық қабілетін және ақаулық түрін (есту, көру, сөйлеу немесе ақыл-ой дамуындағы кедергілер) ескере отырып, мұғалім жеке оқу бағдарламасын (ЖОБ) құрастырады. Бұл бағдарлама стандартты оқулық мазмұнынан ауытқуы мүмкін, бірақ оқушының жақын даму аймағына бағытталған нақты, қолжетімді мақсаттарды көздейді.
Мысалы, ауызша сөйлеу қабілеті төмен оқушы үшін грамматикалық талдаудан гөрі, күнделікті тұрмыстық қарым-қатынасқа қажетті сөздік қорын арттыру басымдыққа ие болады. Оқыту әдістерін бейімдеу барысында көрнекілік пен тәжірибелік жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Қазақ тіліндегі күрделі грамматикалық ережелерді немесе әдеби шығарманың мазмұнын сөзбен ғана емес, бейнелер, схемалар, инфографикалар, тірек-сызбалар арқылы жеткізу танымдық қиындықтары бар балалардың материалды қабылдауын жеңілдетеді.
Сонымен қатар, сабақ барысындағы қызмет түрлері мен жұмыс әдістерін жиі ауыстырып отыру (ойын элементтерін қолдану, жұппен немесе шағын топтарда жұмыс істеу, диалогтық оқыту) оқушының зейінін тұрақтандырып, шаршауын азайтады.
Қазақ әдебиеті сабағындағы негізгі міндет – эмоциялық және әлеуметтік дамуды қамтамасыз ету. Мұғалімдер әдеби шығармаларды қарапайым тілмен, оқушының өмірлік тәжірибесіне жақын мысалдар арқылы түсіндіріп, кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау арқылы адамгершілік, мейірімділік, төзімділік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіреді. Бұл ЕББҚ бар балалардың әлеуметтенуіне және оқушылар ұжымына оңай кірігуіне зор ықпал етеді.
Бағалау мәселесінде икемділік таныту өте маңызды. Инклюзивті ортадағы бағалау салыстырмалы емес, ол оқушының тек жеке прогресін, бастапқы деңгейінен қаншалықты ілгерілегенін көрсетеді. Баға қою кезінде денсаулық ерекшеліктеріне байланысты мейірімділік танытылады, әрі бағалау жүйесі оқушының сәттілік сезімін қалыптастыруға бағытталады. Жалпы алғанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәніндегі инклюзивті білім беру – әрбір баланың қажеттілігін ескеретін, гуманистік құндылықтарға негізделген және тең мүмкіндіктер ұсынатын, болашаққа бағытталған білім берудің іргелі бағыты болып қала береді.
Айгул Сарсенбековна ТИЛЕУКУЛОВА,
облыстық арнайы метеп-интернатының
қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
