Директордың дарабоздығы дербестігімен дамиды
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы соңғы екі жылдан бері тұрақты түрде үздіксіз іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған бұл кезекті жоба басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі заман – үнемі дамуды, бейімделуді және жаңашылдықты талап ететін кезең. Әсіресе, білім беру саласы қоғамның дамуымен қатар ілесіп, үнемі жаңарып отыруы тиіс.
– Бұл басым бағыт бойынша ұйымшыл ұстаздар ұжымы мен озық оқушыларға қоса ата-аналар қауымын биік белестерге бастап апаратын негізгі тұлға – мектеп директоры. Сондықтан да жаңашыл жетекші жай ғана әкімшілік қызметкер емес, өміршең өзгерістердің көшбасшысы ретінде танылады. Қоғам дамыған сайын білім беру саласына қойылатын талаптар да артып келеді. Мектеп басшысы ретінде менің алдымда заман ағымын дәл түсініп, білім ордасын жаңаша басқару талабы тұр. Бүгінгі таңда еліміздегі білім беру жүйесінде терең реформалар жүргізілуде. Жаңартылған білім мазмұны, цифрлық технологияларды енгізу, инклюзивті білім беру, құндылықтарға негізделген тәрбие – мектеп өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік маңыздағы мәселелер, – дейді Атырау қаласындағы №48 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Орынгүл Қуандыкова.

– Бұл үдерістерді мектеп деңгейінде тиімді жүзеге асыру – ең алдымен мектеп директорына байланысты. Мектеп басшысы тек құжаттармен айналысатын тұлға емес. Ол – педагогтер ұжымының көшбасшысы, оқушылар мен ата-аналардың сенімді серігі, қоғаммен тиімді байланыс орната алатын ұйымдастырушы. Директор жаңашыл болса, мектеп те жаңарады. Директор үнемі ізденісте жүрсе, мұғалім де, оқушы да дамуға ұмытылады. Ең алдымен, ол – стратег. Болашақты болжай алатын, мектеп дамуының нақты бағытын айқындай алатын тұлға. Ашық диалог орнатып, әр ұстаздың, оқушының және де ата-ана пікіріне құлақ асып, ұжымда сенім мен қолдау мәдениетін қалыптастыруы қажет. Уақыт талабына сай жаңа технологиялар мен әдістемелерді енгізіп, заманауи білім беруге жол аша білуі тиіс.
Орынгүл Қажығалиқызының айтуынша, мектеп – бұл тек білім ордасы ғана емес, үлкен әлеуметтік орта. Бұл ортада өзара сенім, серіктестік пен қолдау болса, білім беру сапасы да соғұрлым артады. Сондықтан да, менің ойымша, директор – ұжымды алға жетелейтін, өзгерістерге бастайтын, нағыз көшбасшы болуы тиіс. Өзгеріс көшбасшысы ретінде білім сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу, мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келемін. Мектептің материалдық-техникалық базасы керекті құрал-жабдықтармен түгел қамтылған. Оқушылардың қабілетін ашуға бағытталған жобалар мен шығармашылық орталарды дамыту аясында мектебімізде көптеген үйірмелер жұмыс істейді.
– Мектеп директорының көшбасшылық қадір-қасиеті мен болмыс-бітімі – білім беру сапасының басты кепілі. Өзгерістерге бастай алатын, білім трендтерін қолдана алатын, уақыт талабына сай бейімделе білетін басшы ғана – болашаққа сенімді қадам жасай алатынына сенімім мол. Қарыштап дамып бара жатан заманда осындай өзгеріске бейім көшбасшылар көп болса, еліміздегі білім саласының болашағы жарқын болады, – деді ол сөзінің соңында. Қазіргі таңда мектептің қызметі тек білім мен тәрбие берумен шектелмеуі керек. Ол – ұстаздардың кәсіби дамуына жол ашып, олардың шығармашылық идеяларын жүзеге асыратын ортаға айналуы тиіс.
– Демек осындай мектеп – жаңашылдық пен ынтымақтастықтың ордасы, үздіксіз дамудың алаңы. Сондықтан заманауи мектепті басқару үшін жаңа көзқарас, заманауи формат және уақыт талабына сай көшбасшылық қажет. Осы бағытта біздің мектепте жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан «Педагогикалық шеберхана» жобасы білім сапасын арттырып, мектепті табысты басқарудың тиімді моделі ретінде көрініс тауып жатыр. Жаңа жиырма бірінші ғасырдың мектебі – бұл үнемі жаңарып, дамып отыратын кәсіби орта. Менің міндетім – осы ортаны басқару емес, құру, ұйымдастыру және ұстаздарды дамытатын экожүйеге айналдыру. «Педагогикалық шеберхана» жобасы – дәл осындай экожүйе қалыптастыратын құрал. Менің басқару тәжірибемде байқағаным, мұғалімге сенім артылғанда, ол кәсіби тұрғыда көтеріледі. Ал, ұжымдық сенім – мектептің ең басты капиталы, – дейді Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектептің директоры Перизат Бекеева.

– «Педагогикалық шеберхана» жобасының авторы ретінде айтар болсам, жобаның мақсаты – мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау, зерттеу мен тәжірибе алмасуға бағытталған орта қалыптастыру. Ал, мазмұны – мұғалімдерді коуч, фасилитатор, модератор, зерттеуші рөліне енгізу, авторлық идеялар мен жобаларға кеңістік ашу, Lesson Study, Action Research, Critical Friends форматтарын енгізу, ұжымдық кәсіби қауымдастық құру. «Педагогикалық шеберхана» жобасының мүшелігіне біздің білім ордасынан қазіргі кезде жиырма үш жас маман қабылданған. Жас мұғалімдерді қолдауға бағытталған тәлімгерлік жүйе арнайы бұйрық негізінде бекітіліп, шебер және зерттеуші санатындағы педагогтер тәлімгер ретінде жұмыс атқарып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде – диагностика, яғни жас маманның бастапқы мүмкіндіктерін, қажеттіліктерін анықтап алдық.
Перизат Мейірқұлқызының мәліметіне сүйенсек, бұл үшін өзін-өзі бағалау, тәлімгерлік бақылау және жеке даму жоспары жасалған. Екінші кезеңде – мақсат қою, онда кәсіби дамуға бағытталған нақты және қолжетімді мақсаттар белгіленіпті. Жоспарға сәйкес, тәлімгерлер шеберлік сыныптарын ұйымдастыра бастағанын білдік. Жоба жетекшісі Қамажай Жаңабекқызы «Заманауи сабақ: мазмұн, жоспарлау, сапа» тақырыбында коучинг өткізіп, заманауи педагогика – жай сөз түрінде ғана емес, практикалық оқу жұмысын жоспарлау мен ұйымдастыруда сабақтың басты әрекет субъектісі – оқушы екенін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Заманауи мектептегі сабақтың мақсаты нақтылықпен, оған жету құралдарын көрсетумен және оны нақты дағдыларға ауыстырумен ерекшеленетініне баса назар аудартты.
Сонымен қатар жас мамандар тәжірибелі мұғаліммен бірге бірлескен сабақтарға қатысты. Жас маман Мөлдір Қанатқызы мен тәлімгері Алтын Ералиқызы «Нағыз әже қайда?» әңгімесі тақырыбындағы ашық сабағын сәтті ұйымдастырған екен. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясы ашылып, мағынаны тану барысында мұғалімнің түсіндірмесін оқушы жақсы қабылдады, тапсырмаларға дескрипторлар нақты қойылған, топтар арасындағы ынтымақтастық жақсы қалыптасқан. Жалпы, «түсіну» деңгейінен бастап, «баға беру» деңгейіне дейін орындалған тапсырмалар оқушы әлеуетін қанағаттандырды. Педагогикалық шеберхана – педагогті дамыту арқылы мектептің сапасын арттыруға бағытталған басқару құралы.
– Мектеп басшысы ретінде жобаны стратегиялық тұрғыдан қолдап, ұжымды біріктіріп, жаңашылдықты үйлестіре отырып, оның жүйелі іске асуына жауапкершілікпен қараймын. Біздің тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, шеберхана жобасы – мұғалімді шыңдайды, мектепті өзгертеді, білім сапасын арттырады. Алдағы уақытта жобаны облыстық деңгейде жүйелендіріп, республикалық серіктестік платформасына шығару, цифрлық шеберхана кеңістігін дамыту, жас педагогтердің кәсіби даму траекториясын визуал түрде жүйелеу (e-portfolio арқылы) сынды жоспарларымыз бар. Жобаның өз деңгейінде жүргізілуі үшін үздіксіз кері байланыс жасап отырамын. Жобаның табысты болуы үшін әр кезеңнің жүйелілігіне баса назар аударамын. Осылайша, өзгеріске ашық болып, жаңа технологияларды меңгеруді үздіксіз дамытып, жайлы орта қалыптастыра отырып, трансформацияланған мектепке айналамыз, – деді ол сөзінің соңында.
Астана қаласындағы қалалық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың бастамасымен елордалық білім беру ұйымдарының жас басшылары арасында дәстүрлі түрде тұрақты ұйымдастырылатын «Заманауи көшбасшы» деп аталатын жергілікті байқауға қатысуы үміткерлерге кезекті мәрте жаңа идеяларын ұсынуға толық мүмкіндік берген болатын. Қадыр Мырза Әлі атындағы №88 мектеп-лицейдің директоры Альбина Нартаева осы сынға белсене қатысып, «Ұжымдық көшбасшылықты дамыту арқылы мектеп мәдениетін трансформациялау» тақырыбындағы жобасын табысты қорғап шықты.

Жобаның басты мақсаты – мектепішілік басқару барысында жеке көшбасшылықтан ұжымдық көшбасшылыққа көшу арқылы мектеп мәдениетін жаңаша қалыптастыру, ұйымішілік қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру және мұғалімдердің кәсіби әлеуетін толық ашуға жол ашуды көздейтіндігімен де құнды. Автор ұсынған тұжырымдамада басқару мен көшбасшылықтың демократиялық формалары, командалық шешім қабылдау, жауапкершілікті ортақ бөлісу мен ұжым мүшелерін шабыттандыру сияқты өзекті тетіктер жан-жақты талданған. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде жаңаша ойлайтын, өзгерістерге бастамашы бола алатын көшбасшыларға деген сұраныс артып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, екінші мегаполистегі мерейлі мектеп директорының жобасы – дәстүрлі басқару моделін жаңғыртуға бағытталған батыл қадам деуге болады. Жоба барысында мектепте ұжымдық шешім қабылдау мәдениетін дамыту, мұғалімдердің көшбасшылық қабілетін арттыру және серіктестікке негізделген мектепішілік қарым-қатынастарды нығайту мәселелері кеңінен қамтылды. Альбина Көмекқызының кәсіби шеберлігі, стратегиялық ойлау қабілеті және ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыра білуі әділ қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Бұл жоба – білікті басшы мен ұлағатты ұстаздар еңбегінің айғағы. Ұйымшыл ұжымның бұл биік мәртебесі білім шаңырағын биік белестерге жетелейтін тың серпін болғаны даусыз.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...