Құрастырушылардың қанатын қияға қомдаған құйтақандай қақпақ

Егемендік декларациясының қабылдағанына отыз бес жыл толған биылғы қазан айының 25-і күнгі ұлттық мерекеміздің қарсаңында елордадағы №55 орта мектептің ұстаздар ұжымы мен озық оқушылары ортақ мақсат пен мүддеге сай бірлескен түр-де жиналған пластик бөтелкелердің қақпақтарын құрастыру арқылы Қазақстан Республикасының қазіргі замандағы мемлекеттік картасының кішірейтілген көшірмесін жасап шыққан болатын.

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акцияның аясында табиғатты қорғаудың қоғамдық мәдениетін дәріптеуге негізделген осы тың тәсілді ұсыну жолында жергілікті өрендер ұзындығы екі метр жиырма сантиметрлік дайын бұйымға қол жеткізу үшін 397 дана түрлі-түсті қақпақты пайдаланғанын білдік. Сондай-ақ бұл білім ордасына қолданылған қажетсіз қалдықтарды (пластиктер мен сынық ыдыстар) жинақтауға арналған арнайы жәшіктер орнатылған. Бұл қораптар тастанды заттарға толған кезде, ең алдымен, мектеп қызметкерлері тарапынан сұрыпталған таза бұйымдарды қолдану арқылы пән мұғалімдері оқушылармен бірге түрлі туындыларды жасайды.

Нәтижесінде олар күнделікті тұрмыста қажетсіз болып көрінетін заттарға екінші өмір сыйлау арқылы қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғауға және қоқысты қайта қолданудың мүмкіндіктерін меңгереді. Көшбасшылар мен белсенді ата-аналар қолдау білдірген бұл жоба шәкірттердің шығармашылық қарымы мен қабілетін шыңдайтындығы шүбәсіз. Данар Төлегенова осы саланың пән мұғалімі ретінде 5–11-сыныптар арасында ұйымдастырылған қақпақ жинау сайысы арқылы экологиялық мәдениет пен қоғамдық белсенділікті қалыптастырғаны даусыз. Жан-жақтан жиналған сегіз жүз отыз екі қақпақтың құрастырылған көлемді картадан қалғаны алдағы уақытта қолға алынатын басқа да ауқымды экологиялық жобаларға дайын шикізат түрінде тиімді пайдалану үшін сақталып қойылған көрінеді.

Абай облысының орталығы Семей қаласындағы №51 «Келешек» мектебінде оқушылар пластик бөтелке қақпақтарын жинап, оларды қайта өңдеу арқылы мектеп дәлізіне арналған EcoBox атты экологиялық қоқыс жәшігін құрастырғаны туралы жағымды жаңалық жарияланды. Бұл жоба осы ағарту ошағындағы STEM бағыты аясында оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған екен. Алтыншы және жетінші сынып оқушылары мұғалімдерінің жетекшілігімен пластиктің қасиеттерін зерттеп, жәшіктің макетін жасап, қақпақтарды біріктірудің түрлі тәсілдерін тәжірибе жүзінде сынап көрген.

Білім басқармасындағы баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, балалар бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың барысында EcoBox-тың өлшемдері мен пішіндік пропорцияларын есептеп, ғылым, технология, инженерия және математика бағыттарының негізгі элементтерін қолданған. Осы арқылы олар тек қолөнермен шектелмей, нақты есептеулер мен техникалық ойлауды да дамытуға мүмкіндік алды. Оқушыларға тақырыптық идея «Таза Қазақстан» республикалық акциясының шеңберінде келген. Жергілікті ұл-қыздар айналасында жиналып қалған пластик қалдықтарының көптігін байқап, оларды далаға тастамай, жаңа бұйымға айналдыруды жөн көрген.

Оқушылардың айтуынша, «әр жиналған қақпақ – таза елге қосылған бір кішкентай қадам». EcoBox дайындау үшін шамамен 2100 пластик қақпақ пайдаланылған. Дайын жәшік мектеп дәлізінде орнатылып, оқушылар мен мұғалімдерге пластик қалдықтарды бөлек жинап, сұрыптауға мүмкіндік беріп отыр. Мектеп әкімшілігінің айтуынша, жоба оқушылардың жауапкершілігін арттырып, экосананы қалыптастыруға оң ықпал етуде. Алдағы уақытта ұйымшыл ұстаздар ұжымы пластик қақпақтардан EcoBench (экоорындық) жасау, мектеп ауласын экологиялық материалдармен абаттандыру, сондай-ақ «STEM EcoLab» бұрышын ашып, тәжірибелік экожобаларды көбейтуді жоспарлап отыр.

Қарабалық ауданында қоршаған ортаны қорғау мен қайырымдылықты ұштастырған ерекше бастамаға «Мейірімді қақпақ» деп қызық атау берген экологиялық акциясы қолдаушылардың көмегімен игі іс жарасымды жалғасын табуда. Жастар ресурстық орталығы қолға алған бұл акцияның басты мақсаты – пластикалық қақпақтарды жинап, оларды қайта өңдеуге жіберу, сондай-ақ жиналған қаражатты балалардың еміне бағыттау. Бағалы бастамаға жергілікті білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдары және белсенді тұрғындар барынша үлес қосуда. Нәтижесінде қысқа уақыт аралығында 40 келіден астам пластикалық қақпақ жиналыпты, – дейді Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетке, табиғатты қорғауға және мейірімділік істеріне деген белсенді қатысуының айғағы. – Акцияға ниет білдірушілер белсене қатысуда. Қақпақтарды мектеп оқушылары, ата-аналар мен еңбек ұжымдары жинап жатыр. Осындай қолдаудың арқасында бұл акция енді тұрақты түрде жүзеге асатын болады, – дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Ирина Алтынникова. Орталықтың белсендісі, экологиялық бастамалардың тұрақты қатысушысы Екатерина Афанасьева осы кезге дейін жиналған қақпақтардың көрші мемлекетке жіберіліп отырғанын айтады. – Бұрын біз жиналған қақпақтарды көрші мемлекетке жіберетінбіз. Қостанай қаласында осы іспен айналысып жүрген азаматтармен байланыс орнаттық. Енді қақпақтардан түскен қаражат түрлі сырқаты бар балғындарға медициналық көмектер көрсетілуі үшін қажет қомақты қаражаттың есебін толықтыруға жұмсалатын болады. Бұл бастама тек табиғатты қорғап қана қоймай, мейірімділік пен ізгілікті де насихаттайды, – дейді ол.

Акцияның тағы бір ерекшелігі – оның қолжетімділігі мен жалпыхалықтық сипатында. Жастар ресурстық орталығының ғимаратында арнайы қорап орнатылған, кез келген тұрғын ыңғайлы уақытта келіп, жиналған қақпақтарды сонда қалдыра алады. Осылайша әр адамның табиғатты қорғауға және игі іске үлес қосуға мүмкіндік беретін қарапайым әрі әсерлі қадам. Бүгінде бұл акция аудандағы экологиялық мәдениетті дамытудың, қоғамды қайырымдылыққа жұмылдырудың маңызды құралына айналды. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың парызы. Ал мейірімділік жасау адамдықтың биік өресі. Акция осы екі құндылықты біріктіріп, қоғамда ізгілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға жол ашып отыр.

Павлодар қаласындағы №17 мектептің ұстаздары мен шәкірттері осыдан үш жыл бұрын пластик бөтелкелердің 24 мың қақпағы мен басқа да қалдықтарды пайдалану арқылы «Жайлау» тақырыбындағы таудың етегіндегі киіз үйлердің көрінісін жасаған болатын. «Жасыл желек» бұл жергілікті жоба бірегей байқау емес, балаларды экологиялық тәрбиеге баулудың бір жолы ретінде бағаланған еді. Оқушылар осындай шаралардың шеңберінде табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауды үйренері хақ. Жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатын осы дәстүрлі сайыста бақ сынаған жекелеген оқушылар мен ұжымдық топтар тәжірибелерімен бөлісуді басты мақсат санайды.

Атырау қаласында қоршаған ортаға деген құрметті арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды қайта өңдеу әдетін насихаттауға бағытталған жаз айындағы ерекше экологиялық акцияға белсене қатысқан Қайыршақты және Алмалы ауылдық округтерінің тұрғындары бір сағатта шамамен 24 мың бөтелке жинап, бес мыңға жуық балмұздақты иеленгені бар. Мұхамедәлі есімді бала досы Мадиярмен бірге бір күнде бес қап бөтелке жинауға ата-аналарының да көмектескенін айрықша атап айтқан. Перизат есімді тұрғын бауырларымен бірге төрт қап пластик тапсырған. Акцияның шарттары қарапайым әрі тартымды түрде бекітілген. Яғни әр тұрғын 5 пластик бөтелке өткізсе, сыйлық ретінде бір балмұздақ алды.

Айгерім Күлетова көпбалалы ана ретінде төрт перзентінің бұл іске құлшына кіріскенін әңгімеледі. – Балмұздақты сатып алуға да болар еді, бірақ мен үшін балалардың тазалықтың маңызын түсініп, еңбекке үйренгені маңызды, – деді ол. Осындай экологиялық шаралардың республика аумағында ұдайы ұтымды ұйымдастырылатындығы туралы жиі хабарланады. Және жиналған барлық пластик қалдықтар қайта өңдеуге жөнелтілуде екен. Демек жыл мезгіліне қарамай бекітілген нақты жоспарға сай жүйелі жүргізілетін бұл жауапты жұмыстар жай ғана тұрмыстық қалдықтарды тазартудың маусымдық акциясы емес, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік тұрғыдағы маңызды қадам деуге толық негіз бар.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий