“Заң мен тәртіп” акциясы: “Сандық қауіпсіздік сабақтары” тақырыбындағы республикалық жастар форумы

 

Астана қаласына республиканың әр аймағынан арнайы келген белсенді жастар бүгін “Сандық қауіпсіздік сабақтары» тақырыбындағы ауқымды форумға қатысты. Бұл шара «Заң мен тәртіп» акциясы  және «Jargyn Bolashaq» жобасы – лудоманияның алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған іс-шаралар кешенінің аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі тарапынан бірлескен түрде ұйымдастырылған болатын. 

Форумға шақырылған мыңнан астам қатысушы гибридтік форматтағы жүздесуде бас қосты. Форумның басты мақсаты: жастар үшін қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастыру, сандық және қаржылық сауаттылықты арттыру, алаяқтық схемаларға және лудоманияға қарсы тұрақты иммунитетті дамыту, сондай-ақ жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтуды көздейді.

Құрметті қонақтардың қатарында халық қалаулылары мен мемлекеттік құрылымның жетекшілері, танымал блогерлер, медиа тұлғалар, спортшылар, әртістер және жастар қозғалыстарының лидерлері болды. Тыңдаушылар – жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар ұйымдарының өкілдерінен құралған.

Форум барысында “Дипфейк: цифрлық алдаудың нақты оқиғалары” тақырыбында панельдік сессия өтеді. Сонымен қатар MMA әлем чемпионы Василий Тахтай сөз сөйледі. Шараға КВН-нің “Астана” командасы, “Патруль” және “Копы” сериалдарының, “Рэкетир” фильмінің актерлері және танымал вайнерлер қатысты.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, форум қазақстандықтардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және интернеттегі алдауға қарсы қорғаныс дағдыларын нығайтуға ықпал етеді. Форумның онлайн трансляциясы “Правмедиа” YouTube-арнасынан тікелей көрсетілді.

Елде биыл 80 мыңнан астам қаржылық алаяқтық оқиғасы тіркеліп, 10 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Бұл деректерді банктерге арналған қаржылық алаяқтыққа қарсы жүйелерді жасап жүрген отандық компания ұсынады. Мамандардың айтуынша, бір зардап шеккенге келетін орташа шығын 2,8 миллион теңге, ал ел бойынша жылдық шығын 30 миллиард теңгеден асады.

Цифрлық қызметтер дамып жатса да, қауіп-қатер деңгейі азаймай отыр. Әр он қазақстандықтың бірі кемінде бір рет алаяқтыққа тап болады. Осыны болдырмау үшін банктер онлайн төлемдерден түсетін айналымның 0,15%-ін антифрод жүйелеріне жұмсайды. Мәселен, тәуліктік айналымы 5 миллиард теңгеден асатын банк антифродқа жылына 220–350 миллион теңге бөледі. Бұл қаражат бағдарламалық қамтамасыз ету, лицензиялар, мониторинг пен тергеу топтары, қызметкерлерді оқытуға жұмсалады.

Ал мамандардың айтуынша, заманауи жүйелерге салынған әрбір доллар 8-15 доллар шығынды болдырмауға мүмкіндік береді. Басқосудың барысында жастарға телефон алаяқтарынан қорғанудың әдістері түсіндіріліп, жүйеніің қауіпсіздігін күшейту бағытындағы ақыл кеңестер берілді. Себебі көптеген интернет алаяқтар адамдардың осындай кемшіліктерін пайдалану арқылы арам пиғылдарын іске асырып келеді. Расында да жеке деректерді қорғау, оларды қауіпсіз ету бүгінгі таңда өте маңызды болып отыр. 

IT мамандарының айтуынша, платформа тіпті Telegram арқылы да сатылып жатыр. Бұл Windows, macOS, Android және Linux жүйелеріне де қауіпті. Тіпті тәжірибелі қолданушылардың өзі зиянды сайтты байқамай қалуы мүмкін. Кибералаяқтың құрбаны болмас үшін бейтаныс сайттардан келген «хабарлама рұқсатын» ешқашан қабылдамаңыз. Браузердің «Құпиялылық және қауіпсіздік» бөліміне кіріп, күмәнді сайттарға берілген «рұқсаттарды» өшіріңіз, – деді саланың сарапшы мамандары сөз сөйлеулері барысында.

Жиналғандар сандық қауіпсіздік, интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, дипфейктер, «жеңіл табыс» қаупі және жастарды қаржылық қылмыстарға тарту схемалары тақырыптарына арналған практикалық бағдарламаларға қатысты. Толығырақ газетіміздің алдағы санынынан оқи аласыздар.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий