Жоқ оқушыларға миллиондар төлеген жекеменшік мектептердің заңсыздықтары
Премьер-министр Олжас БЕКТЕНОВТІҢ төрағалығымен алдыңғы аптада әлеуметтік қолдау жүйесін және жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жекеменшік мектептер қызметін реттеудің жаңа тетігін жетілдіру бойынша ел Үкіметінің арнайы кеңесі ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының цифрландыру арқылы бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы 16 ұйым цифрландырылған. Биылғы шілде айынан бастап тоғыз мыңнан астам ұйымның штаттық кестелері декларациядан өтті, бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Цифрландыру әлеуметтік салада бірқатар «сұр схемаларды» анықтауға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, қырық мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарттары болмаса да, зейнетақы жарналары аударылғаны белгілі болды.
Қызметкерлер ресми түрде бір аймақтағы мектеп штатында болғанымен, басқа облыстардағы ұйымдарда да еңбек шартына отырып, зейнетақы жарналарын аударған жағдайлар анықталған. Барлық анықталған дерек бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ кадрлық процестерді автоматтандыру нәтижесінде тоғыз мың алты жүз мектептің штат кестесінен Тізілімге енгізілмеген, бірақ ұйым басшылары өз бетінше қосқан 75 лауазым анықталды. Мәселен, олардың арасында директордың мектепке қабылдау жөніндегі орынбасары, атқарушы директор сияқты тағы да басқа лауазымдар бар.
Осыған байланысты Тізілімді бірыңғай стандартқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Светлана Қабыкенқызы БЦП-ны адам игілігіне бағыттау тұжырымдамасын ұсынды. Бүгінгі таңда бұл мәліметтер базасымен 4,5 миллион адам қамтылған. Мәселен, отбасын қаржыландыру жоспары арқылы әлеуметтік міндеттемелерді болжау ұсынылып отыр, онда АӘК және басқа да жәрдемақылардан бастап мектепке дейінгі оқытуды субсидиялауға, тегін спорт секцияларын ұйымдастыруға дейінгі әлеуметтік қолдау шараларының барлығы кешенді түрде көрсетіледі. Бұл азаматтарды әлеуметтік қорғаудың жалпы сипатын көруге мүмкіндік береді.
Премьер-министр мұндағы өзгерістердің көзге көрінетін нақты нәтижелері болуы қажет екеніне назар аударды, ол тиімсіз шығындарды азайтуға және көмек шараларын азаматтардың нақты мұқтаж санаттары пайдасына қайта бөлуге ықпал етуі керек. Еңбек министрлігінің мәліметінше, былтыр автоматтандыру және әлеуметтік алаяқтыққа қарсы күрес, оның ішінде «өлі жандарды» жою жұмыстары аясында мемлекеттік бюджетке 299 млрд теңге қайтарылған. Алдағы үш жылда субсидиялау бағдарламасын цифрландыру және өзге де шаралар бюджет қаражатының 135 миллиард теңгесін оңтайландыруға әкеледі деп күтілуде.
Жиында білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды. Жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылды. Бұған дейін Премьер-министрдің тапсырмасымен мемлекеттік білім беру тапсырысының қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын. Қаржы министрі Мәди Такиев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Биыл қараша айында e-Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылды. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің бір жүз елу бесі алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен отыз пайызы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген. Алпыс төрт мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан екі есе артық.
Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде жеті жүз екі оқушы қабылданған. Бұл жерде азаматтарға білім беру қызметтерін ұсынған болып мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсайтындар туралы сөз болып отыр. Астана қаласындағы екі жүз қырық бір оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.
Жаңа сервис білім беру саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді біріктіреді. Бұл мектептер мен мұғалімдерге жүктеме талаптарының сәйкестігін бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ орынсыз шығындарды сүзгіден өткізу және жол бермеу арқылы бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жекеменшік мектептердің сексен алты пайызы авторизациядан өтіп, БЦП-мен пайдаланушы келісіміне қол қойды. Қаржы министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жекеменшік мектеп директорларымен қаржыландыру жүйесін өзгерту туралы түсіндіру семинарларын өткізуде.
Биыл көрсетілген қызметтер үшін мектептерге төлемдер жасалатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар биылғы қаңтар айынан бастап мұндағы қызмет жаңа ақпараттық жүйемен қатаң реттелетін болады. Алдағы уақытта осы сервиске білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрін қосу жоспарлануда. Олар – мемлекеттік тапсырыстар, гранттар, стипендиялар және жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жұмыстары.
– Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге нарыққа жосықсыз қатысушылар мен шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуі тиіс, – деді кеңеске жиналғандар алдында тұжырымды сөз сөйлеген Олжас Абайұлы. Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Оқу-ағарту министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.
P.S: Кезекті реформаның басым бағыттарының бір ретінде бұған дейін Оқу-ағарту министрлігіне қарасты болған «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының Қаржы министрлігінің құзырына берілуі себепті бұл құрылымның қызметіне мемлекеттік аудит жүргізілуде екен. – Тексеріс аясында құқық бұзушылықтар анықталып жатыр. Ол бойынша тиісті орындарға қосымша мәліметтер жолданады және бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталмақ, – деді министр Жұлдыз Сүлейменова. Енді бұл ведомство осы жобаның операторы ретінде ұйымдастырушылық әрі әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, қатысушыларға консультациялар береді. Сонымен қатар мониторинг жүргізіп, қабылданған актілер бойынша төлемдерді жүзеге асырады.
Республика аумағындағы жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа тетігі бойынша жұмыс жасайтын бұл қанатқақты салалық министрлік пен облыстардың, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалалары әкімдіктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген және 2025-2026 оқу жылын қамтиды екен. Қаржы министрлігі тарапынан жаңа тетікті жүзеге асыру үшін «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ әзірлеген заманауи ақпараттық жүйе құрылған. Ол www.e-Qazyna.kz цифрлық платформасына біріктірілген және келесі үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік береді: оқушылар контингентін тексеру; рұқсат құжаттарын верификациялау; басқа мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау.
Қараша айының 12-сі күні іске қосылған жаңа жүйе пайдаланушылардың жұмысын жеңілдетіп, деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтеді, осылайша ақпараттың қайталануы мен қателіктер қаупін азайтады. Жүргізілген талдау нәтижесінде қолданыстағы мемлекеттік тапсырыс жүйесін жаңарту қажеттілігі анықталды. Бұған дейін кей жағдайларда оқушылар іс жүзінде бір мектепте оқыса да, қаржыландыру басқа ұйымға бағытталғаны белгілі болған. Сондай-ақ деректер базасында оқуын аяқтаған немесе басқа мектепке ауысқан оқушылар туралы мәліметтер жаңартылмаса да қаражат аударылып отырған.
Бұдан бөлек білім беру қызметін жүзеге асырмаған, бірақ мемлекеттік тапсырыс алушы ретінде тіркелген ұйымдар да анықталған. Бүгінде ел аумағында шамамен мыңға жуық жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Олардың санының артуы – білім беру саласындағы оң үрдістің айғағы. Алайда бұл үрдіс бақылау мен қаржыландыру жүйесін жетілдіруді талап етеді. Пилоттық жобаның іске асырылуы білім беру ұйымдары арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке инвестицияларды тартуға және бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретіндігімен маңызы зор.
Шымкентте жалақының кешіктірілуіне байланысты жекеменшік мектептердің бір жүзге жуық мұғалімі қала әкімдігіне шағымданды. Педагогтердің айтуынша, олар қыркүйек айынан бері еңбекақы алмаған. – Мектеп өз жұмысын орындап отыр, біз қызметімізді тоқтатқан жоқпыз, сабақтар өтуде. Жарықты өшірген жоқпыз, есіктерді жаппадық, мұғалімдер мен оқушыларды таратып жібермедік. Алайда бізге түсініксіз себептермен қаржыландыру уақытылы жүргізілмей отыр. Менің ойымша, әр ұйым өз міндетін орындауы тиіс. Ал егер орындамаса, жауапты адамдар жазалануы керек. Мүмкін, жауаптыларды ауыстыру қажет шығар, мүмкін айыппұл қолдану керек шығар. Қалай болғанда да, қандай да бір жауапкершілік болуы тиіс, ал мұнда керісінше болып отыр, – дейді Maximum жеке мектебінің директоры Ербол Қарыбаев.
Осыған ұқсас жағдай Қайнарбұлақ ауылындағы мектепте де туындаған. Оқу ордасында 620 оқушы білім алып, алпыс сегіз қызметкер еңбек етеді. Мектептің құрылтайшысы қыркүйек айындағы жалақыны жеке қаражатынан төлегенін, алайда қазан айының айлығын төлеуге мүмкіндігі болмапты. – Бұрын қаржы Қаржы орталығы арқылы түсетін, ал биыл жергілікті бюджеттен бөлінуде. Бұл мәселе қыркүйек айының 18-індегі мәслихат сессиясында қаралған еді, бірақ ақша әлі түскен жоқ, – дейді жекеменшік мектептің құрылтайшысы Сәрсенбек Молдашев.
Шымкент қалалық әкімдігі жалақының кешігуін жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасымен байланыстырып, мәселе жауапты министрліктердің деңгейінде шешілуі тиіс дегенді алға тартып отыр. – Жалақының кешігу себебі жоғары атқарушы биліктің тарапынан мақұлданған жеке мектептерді қаржыландыру жөніндегі пилоттық жобаға байланысты болып отыр. Қаржы орталығы бұрын мектептермен тікелей келісімшарт жасап, республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат аударатын. Енді жекеменшік мектептер Қаржы орталығынан бөлек жергілікті білім басқармаларымен келісімшарт жасайды. Сосын басқарма тарапынан ведомость жасалып, орындалған жұмыстарға құжаттарды рәсімдейді, – дейді шаһар жетекшісінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Яғни жергілікті әкімдік тарапынан ешқандай мәселе жоқ, алайда жаңа қаржыландыру тетігін тәжірибеге енгізу белгілі бір уақытты қажет етеді. Бұл қалада 137 жеке мектеп жұмыс істейді, олардың бір жүз жиырма бірі Қаржы орталығымен жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша келісімшарт жасаған. Осы мақсатқа ай сайын шамамен 1,5 миллиард теңге бөлінеді.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...