PTC Cup чемпионатының финалдық кезеңі қорытындыланды

Паралимпиадалық жаттығу орталығында өткен аптаның жұма күні, яғни қараша айының 28-інде «Паралимпиадалық жаттығу орталығы» кубогы чемпионатының шешуші кезеңі қорытындыланды. Сегіз айға жалғасқан бұл жарысқа ерекше физикалық қажеттіліктері бар бір жүз елуден астам адам қатысқан. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жасауға маманданған арнайы өкілдері таратқан ресми мәлімет бойынша қатысушылар күшті спорттық рух пен ынта-жігерлеріне қоса жаңа мақсаттарға жетуді көздейтін ерекше ұмтылыстарын нақты көрсете білген екен. Себебі инклюзивті спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға және белсенді спорттық ортаны қалыптастыруға бағытталған бұл чемпионаттың финалдық тоғызыншы кезеңінде әркімге жеке қарым-қабілеттерін танытуға мүмкіндік беретін бірнеше спорт түрлері (бадминтон, текбол, бочча, теннис және үстел ойындары) топтастырылған.

– Бұл жобамыз биыл алғаш рет қолға алынды. Неге бес спорт түрін қамтыдық? Себебі дәл осы спорттарда балдық жүйе бар. Ұпай көрсеткіштері арқылы жеңімпазды анықтауға болады. Әйтпесе қазіргі уақытта осы жерде спорттың жиырмадан астам түрі бойынша жаттығулар өткізіледі. Келесі жылы жобамызда спорттың түрін арттыру ойымызда бар. Сегіз айға жалғасқан бәсекенің қандай пайдасын көре алдық? Әр ай сайын тұрақты түрде ұтымды ұйымдастырылған жарыстардың барысында бірқатар жан жаңа спорт түрінде бақ сынауға мүмкіндік алып, ай сайын өз біліктіліктерін арттырды. Мысалы, Аслан атты азаматымыз боччаны осы жерден үйреніп қана қоймай, жарыстарда қазылық ететін білікті төрешіге айналды. Осындай нақты мысалдар жеткілікті, – деді журналистермен жүздесуінде «Паралимпиадалық жаттығу орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.

– «Тарлан» мұз аренасымен өзара байланыста жұмыс істейтін Паралимпиадалық жаттығу орталығында (ПЖО) спорттың 23 түрі дамытылып келеді. Жаңа тұтынушыларды тарту бойынша жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. ПЖО бойынша 3D тур әзірленген, аудиторияны кеңейту үшін түрлі мүмкіндіктер кеңінен қарастырылған. Сонымен қатар кері байланыс ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді: Call-орталық арқылы спортпен шұғылдануға шақыру жөнінде хабарламалар жіберіліп отырады. Орталықтың қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз жариялануда. Осы кезге дейін барлығы 48 негізгі іс-шара өткізілді. Ұжым қызметінде сабақтастық бар, жыл сайын сұранысқа ие спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Астана қаласында қазан айында ерекше қажеттіліктері бар адамдар екінші шахмат олимпиадасына қатысты. Бұл жарыстарға 29 елден отыз төрт команда шақырылған еді.

– Мен осы орталыққа соңғы екі жылдан бері жиі бас сұғамын. Жасым 76-да. Оқушы және студент кезімде де дене шынықтырумен айналыспаған едім. Міне, енді осы жерге келген кезде ғана денсаулығыма көңіл бөле бастадым. Өкінішке қарай, жүрегіме ота жасалғандықтан, дәрігерлер тек бочча, бадминтон, үстел теннисі, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерімен шұғылдануға рұқсат берді. Осында аптасына тұрақты түрде 5 рет келемін. Заманауи үлгімен салынған жылы әрі жарық, кең ғимараттағы жарыс түрлеріне қатысуға жан-жақты қолдау жасап, көмек көрсеткен ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді елордалық аға буын ардагер Клара Құбаева.

– Түркістан облысынан елордаға келгелі 4-5 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда карате, футбол, бадминтонға басымдық беріп едім. Жаттығу орталығында боччаны алғаш көрген сәттен ұнап қалды. Ақырындап үйреніп, биыл осы спорттың түрінен қарсыластарымның арасында алғаш рет бағымды сынауға ұйғардым. Уақыт өткен сайын, әртүрлі спортты үйрену үстіндемін. Чемпионатқа қатысып қана қоймай, жаңа мақсат, жоспар құруға өз ықпалын тигізді. Осы жарыстың жүлдегерлеріне арнайы кубок пен сертификат табыстап, естелік сыйлықтармен марапаттаған ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Барлық қатысушылардың ризашылығы зор, – деді қатысушылардың бірі Бағдаулет Жұмаханбет.

2018 жылғы шілде айының 4-і күні ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылған (жалпы аумағы 4682,70 шаршы метрді құрайды) бұл орталық расында да жақсылықтан үмітін үзбеген жарымжан жандарға жаңа өмір сыйлап келеді. Тағдыр қиындығына ұшыраған жандар үшін бұл жер жанына жігер, жүрегіне жалын дарытатын қолайлы орынға айналған. Күн сайын екі жүзден астам адамды қабылдауға қауқарлы кешеннің ТМД елдері мен Орталық Азияда баламасы жоқ екендігін білдік. Кешеннің кәсіби мамандары паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құраманың белді мүшелерін әлемдік жарыстарға тыңғылықты дайындап келеді.

Қатысушы кейіпкерлердің көбісі спорттың арқасында өмірге қайта оралғандай болғанын жасырмайды. Себебі олар шеберліктерін шыңдап, жаңа жетістіктерді бағындыру үшін келеді. Тағдырдың қиындығына ұшыраған адамдардың арасында салы суға кетіп, сағы сынып жататындар, әрине, аз емес. Ұйымшыл ұжымның іргетасы қандай ауыртпалыққа да мойымай, олимпиадалық жарыстарда бағын сынап, жеңімпаз болуға құлшынатын ізгі арман иелерінен құралған. Кез келген салмақты еңсере білген жандарға бұл орталықта спорттың кең тараған біраз түрімен тұрақты айналысуға барлық жайлы жағдай жасалған. Арнайы кинезис тренажерлері түрлі жарақат алған немесе ауырған адамның тез сауығуына, күш-қуатының нығаюына көмектеседі.

Бұл жерге негізінен мүмкіндігі шектеулі адамдар көп келеді. Басқа тренажерлерде салмақ ауыр, ал мында жеңіл. Осыған орай бұл кешенде үстел теннисімен айналысушылардың қатары қалың. Олардың дені спорттың осы түрінен жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Кез келген деңгейдегі әрбір жарыс алдында спортшының физикалық жағдайына үлкен беріледі. Дәрігердің жіті тексеруінен бөлек жаңа технологияларды қолдану қамтылған.

Тредбан аталатын қондырғыда адамға түрлі датчиктер жалғанып, оның тыныс алуы мен қан қысымына қоса алдағы жарысқа әзірлік қарқыны анықталады. Сала мамандарының айтуынша, осындай қуатты қондырғы үш мемлекетте (АҚШ пен Қытай және Қазақстан) бар екен. Бұл құрылғының басты ерекшелігі түрлі жарыс жолдарын қайталай алуында. Яғни, шаңғы немесе вело жолдарын сканерлеп, жарысқа алдын ала дайындық жүргізуге болатындығын білдік. Нәтижесінде спортшылардың қан қысымы, тыныс алуы, дұрыс қимылдауындағы деректер компьютердің жадында сақталады. Медицина өкілі осы мәліметтерді талдау арқылы жаттықтырушыға көрсетеді. Ең соңында спортшының жарысқа толық дайындығы немесе қосымша қандай мүмкіндіктер жасау қажеттілігі нақтыланбақ.

Бұл орталықтың ең басты міндеті – тек кәсіби пара спортшыларды дайындау ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың түрлі спорттық ойын түрлерімен денсаулығын сауықтыруға жан-жақты қолдау көрсету. Оларды спортпен тұрақты шұғылдануға барынша ынталандырып, қазіргі қоғамда тең құқылы ғұмыр кешуіне бейімдеу. Он жылға жуық уақыт аралығында осы орталыққа келген қаншама адам таңдаған спорт түрі бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық жарыстарда тәуелсіз еліміздің намысын қорғап жүр. Францияның астанасы Париж қаласында былтыр күзде ұйымдастырылған Паралимпиадада мемлекеттік туды ұстап шыққан республика чемпионатының жеңімпазы – Севда Алиева (пара оқ ату). Севда Алиева осы орталықта жиі жаттыққан спорт шебері. Бұл мерейлі мәртебе – орталықтың ұжымы мен барлық қатысушылары үшін де үлкен мақтаныш.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий