«Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» республикалық форумы
Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ былтырғы қыркүйек айының екісі күні барша отандастарымызға арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы кезекті Жолдауында: «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр», – деп айрықша атап айтқан болатын.
ҚР Президентінің №1081 Жарлығымен бекітілген (05.11.2025 ж.) «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» қаулысында: – «Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекеттің іргетасы, азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі алғышарт, – екендігі айқын жазылған.
Мемлекет басшысының осы бағыттағы нақты тапсырмасына сай «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында өткен аптаның бейсенбі күні, яғни қараша айының 27-сінде елордадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі (ҚМА) және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы тарапынан ортақ мақсаттағы бірлескен «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» форумына республика жастары жиналған болатын.
Осы іс-шараны ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, басты мақсат – халыққа цифрлық гигиена негіздерін түсіндіру, қаржылық алаяқтық пен дропперлік айла шарғылардың күн сайын қиындаған күрделі тәсілдерінен қорғанудың жаңаша жолдары мен қауіпсіз әдістерін үйретуге бағытталған. Форумға жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланудың нәтижесінде құрылған ҚМА Ai-офицері қатысып, ауқымды бағдарламаның шеңберінде жиналғандар интерактивтік формат пен түрлі байқаулар, театрлық қойылымдарға қоса тақырыптық перформанстар мен әзіл-сықақ скетчтерге куә болды. «Айдос» галограммасы айтылған әр алуан сұраққа заңнамаларға сай түсінікті жауап қатып, пайдалы кеңестерін бөлісті. Бұл басқосудың онлайн трансляциясы «Правмедиа» YouTube-арнасынан тікелей эфир арқылы жалпақ жұртшылыққа кеңінен көрсетілді.
Жүздесуге сегізінші сайланған ҚР Мәжілісінің депутаты, осы төменгі палатадағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Марат Башимов бастаған халық қалаулылары, «Аmanat» партиясының хатшысы Каринова Шолпан сынды қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік құрылымдардың жетекшілері, белгілі блогерлерге қоса медиа тұлғалар, спортшылар мен әртістер қатысты. Форум барысында спикерлер цифрлық қауіпсіздік, интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, дипфейктер, «жеңіл табыс» қаупі және жастарды қаржылық қылмыстарға тарту схемалары тақырыптарына арналған практикалық дәрістер өткізді.
– Цифрлық ортаны қауіпсіз ету – бәріміз айналысатын іс. Қаржылық мониторинг агенттігі қолдау көрсеткен «Цифрлық қауіпсіздік сабақтары» іс-шарасына қатыстым. Осы тақырыптағы сабақтар баршамызға пайдалы және қазіргі күні аса қажет. Өйткені цифрлық алаяқтар өз сценарийлерін күнде өзгертіп, халықты алдаудың небір айлаларын тауып, күнде жаңартып жатқан уақыт. Дипфейктер көп, кейде оларды шын хабарламадан айыру да қиын. Кейбірін арнайы дайындықсыз тіпті ажырата алмайсың. Келеңсіз үрдістерге төтеп беру – тек ақпараттану, оқу арқылы ғана мүмкін, – деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Шолпан Таңатқызы.
– Барлық салалалардың мамандары өз қызметінде цифрлық әдістердің, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін игеріп, солар арқылы жасалатын пайдалы және зиянды ақпараттарды толық айыра білуі керек. Жалпы адамдар өз қауіпсіздігі үшін де осылар бойынша арнайы оқып, танысып, цифрлық сауаттылығын үнемі жоғарлата беруі керек. Сондықтан ұсынылатын сабақтар, курстар, семинар-тренингтер көптеп ұйымдастырылғаны жөн. Осы орайда партиямыз да кешенді «Цифрлық қоғам» жобасына бастамашы болды. Бұл бірнеше бағыттарды қамтитын жоба. Жобаны мемлекеттік органдармен, соның ішінде АФМ де қатысуымен жүргізіп отырмыз. Мүдде бір – неғұрлым цифрлық сауатты орта құру. Бүгін осы мәселелер қарапайым, түсінікті форматта жеткізілді, – деп қорытындылаған сөзінің соңын.
– Қолымыздағы телефон немесе ноутбуктың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғашқы нұсқасы, әрине – биометрия. Бұл мүмкіндікті смартфон пайдаланатындардың басым көпшілігі қолданады. Ыңғайлы, әрине. Екінші нұсқа саусақты сканерлеу арқылы ашатындар да аз емес. Алайда сіз ұйықтап жатқан кезде де бөгде адамдар осы тәсілдерді қолданып, телефоныңыздың құпия кілтін еш қиындықсыз ашуы мүмкін. Үшінші нұсқа – PIN код. Бұл, әлбетте, ескіріп қалған тәсіл. Жастар жағы бұл тәсілді егде жастағы адамдар ғана пайдаланады деп ойлауы мүмкін. Бірақ ең қауіпсіздеу нұсқа – осы. Қауіпсіздікті нығайту үшін құпия сөзді алты санға ауыстырыңыз. Ол неғұрлым күрделі болуы керек, – деді жиналғандардың алдына шығып алғаш сөз алған ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің превенция және талдау әзірлемелер департаментінің жетекшісі Медет Несіпбек.
– Телефонды қашықтан басқару функциясы бар. Соны пайдалану керек. Егер смартфоныңыз жоғалып қалса, сол функцияның көмегімен қашықтан құлыптай аласыз. Смартфондағы барлық деректі өшіре аласыз. Тіпті дыбыссыз режимде тұрса да оны қатты дыбысқа ауыстыруға болады. Мобильді қосымшаларды пайдаланғанда рұқсат беру командасын орындамаған дұрыс. Себебі осы қадам бойынша алаяқтардың құрығына түсіп қалудың қаупі жоғары. Және бөтен жердегі бейтаныс Wi-Fi желісіне қосылмаудың да маңызы зор. Өйткені бұл да алаяқтар ұсынған жеке деректерге қол жеткізудің бір тәсілі болуы мүмкін. Ол үшін сол мақсатты көздегендер үшін бар болғаны 5-10 минут уақыт жеткілікті.
– Бұл іс-шара – Zakon.kz интернет-ресурсы ретінде мемлекеттік билік органдарымен бірлесіп біздің үнемі атқаратын үлкен жұмыстың жалғасы. Көбінесе, ҚМА-мен бірге. Біз бірнеше жыл бойы халық арасында жүйелі түрде ағартушылық жұмыс жүргізіп келеміз, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында да жұмыс істейміз. Біздің басылым арқылы адам тағдырларының көптеген жағдайы жария болып және осы жайттардың барлығын талдай отырып, біз белгілі бір ұсыныстарды алға тартамыз. Қаржылық мониторингі агенттігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл ұсыныстарды интернет-алаяқтықпен және қаржы пирамидаларымен күресудің пәрменді әдістері мен құралдарын әзірлеуде де пайдаланады», – деді «ЮрИнфо «компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Михаил Коломин.
– Спикерлер мен саланың сарапшы мамандары тарапынан айтылған интернет-алаяқтықтан қорғану әдістері, дипфейктер, дербес деректерді қорғау, сондай-ақ дропперлер туралы медиаплатформаның тікелей эфирінде көрсетуіміздің басты ұстанымы – ел азаматтары басқосу барысында берілетін құнды ақпараттарды алаяқтардың құрған торынан қорғану мақсатында пайдаға жаратулары үшін. Жастарды оқытудың маңыздылығы – олар осында түйіп, ұққандарын ата-аналарына, туыстарына және достарына қолжетімді тілде жеткізе алады. Олар заманауи гаджеттер мен әлеуметтік желілерді қолдана отырып, цифрлық гигиенаны сақтау қажеттілігі туралы таным-түсініктерін кеңейтуге құқылы.
– Алаяқтардың тұзағына түспеу үшін, ең алдымен, сізге бірдеңе жеткізілгені туралы қандай да бір хабарламаларға, сізден нөмірлер мен кодтар сұралатын хабарламаларға да сенбеу керек. Және жіберілген кез келген сілтемелер арқылы өтпеген дұрыс. Тіпті, мессенджер арқылы досыңыз сізден ақша аударуды сұраса да еш асықпаңыз, қазір әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұзу кезінде мұндай жайттар жиі орын алып жатады. Алдымен сол досыңызға қоңырау шалуға кеңес береміз, шын мәнінде көмек сұрап тұрған сол ма, жоқ па, осыған көз жеткізіңіз. Сондай-ақ дипфейктер деген үлкен проблема бар. Осы тақырыптар турасында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жастарды және барша қарапайым халықты заманауи біліммен қаруландыру қажеттілігі күн тәртібінен түспек емес, – дейді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Шыңғыс Тілеулин.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...


