Білімді бала – ел болашағы

Сапалы білімнің – тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі екендігі даусыз. «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы өткен қараша айының соңында ерекше білім беруді қажет ететін 7–10-сынып оқушылары арасында «Болашаққа қадам» байқауының қалалық кезеңінің ұйымдастырылуына бастамашы болды.

Бұл білім бәйгесі жыл сайын ерекше білім қажеттіліктері бар оқушылардың кәсіби бағдарын анықтауға, болашақ мамандығына деген қызығушылығын қалыптастыруға, өзін-өзі таныстыру және қоғамда белсенді болу дағдыларын дамытуға бағытталатындығымен де елордалық мектептер мен ата-аналар және қатысуға ниет білдіретін көптеген үміткерлерді ортақ мақсатқа топтастыруымен баршамызға кеңінен танымал. Биылғы додаға қаламыздың көптеген білім ордалары талапты шәкірттерін қатыстырып, олардың шығармашылығы мен әлеуетінің шыңдалуына мүмкіндік алды.

Білім бәсекелестері түрлі аталымдар бойынша бақ сынап, қарым-қабілеттерінің деңгейі қандай деңгейде екендігін жан-жақты көрсете білді. Дүбірлі додада Омаров Сәтжан Кәрібайұлы басқаратын Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom School мектеп-лицейінің шәкірттері ерекше білімдерімен көзге түсіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. «Болашақ әлеуметтік қызметкер» аталымына сай жүлделі бірінші орын – Қадырберген Ернұр (9 «Ж»), жетекшісі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Абдрахманова Эльмира Амиржановна; «Болашақ кәсіпкер» аталымының негізіндегі алғашқы қатардан Нұрбай Бекзат (8 «Н») көрінді, жетекшісі – психолог Исаева Эльмира Курмановна.

Бұл жемісті жетістіктер – білімге құштар жас таланттардың табандылығы мен еңбекқорлығының, сондай-ақ пән мұғалімдерінің кәсіби қолдауының нақты нәтижесі. – Біз оқушыларымыздың болашағына сенеміз және олардың талпынысы мен талантының одан әрі дамуына қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді әлеуетті әріптестеріміз. Биік белесті бағындырған жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз!

Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom School мектеп-лицейі,
Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий