Оқушыларды алаяқтардан қорғануға үйрететін ойын
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен елордалық білім басқармасы және Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы бірлескен түрде өткен аптада барлық бір жүз жиырма мемлекеттік мектептің 10–11-сынып оқушыларына қоса тоғыз мемлекеттік колледждің 1–2-курс студенттері арасында «Qarzhy saqshysy» компьютерлік ойынын ұйымдастырды. Бұл жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті, AML Academy және Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген еді.
Қазіргі таңда жасөспірімдер құмар ойындар, фишинг, телефон арқылы алдау, қаржы пирамидалары және дропперлік әрекеттер сияқты қауіптерге жиі тап болады. Сондықтан қаржылық тәуекелдерді тануға және дұрыс шешім қабылдауға үйрететін интерактивті құралдың маңызы зор. Ойын жасөспірімдердің қаржылық алаяқтық амалдары туралы білімін арттыруға бағытталған: қаржы пирамидалары, дропперлік, фишинг, цифрлық гигиена және қауіпсіздік. Қаржы сақшысында – кейінгі буынның өкілдеріне арнайы бейімделген интерактивті тапсырмалар, қысқа жағдайлар және қаржылық қауіпсіздік бойынша сұрақтар жинақталған.
– Бұл формат материалды жақсы қабылдауға, қауіпсіз қаржылық дағдыларды нығайтуға және цифрлық ортада сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға көмектеседі. Қаржылық қауіпсіздікті арттыруға және жасөспірімдерді заманауи қауіптерден қорғауға бағытталған бұл ойын желтоқсан айының бірінен басталып, 15-іне дейін еліміздің барлық өңірінде жалғаспақ. Ең басты ерекшелігі – осы ойынның кезінде білімгерлерге түрлі кейіпкерлер телефон шалып, ерекше акциялар ұсынады. Сөйтіп, кодты не болмаса жеке мәліметін сұрайды. Яғни, тура шын өмірдегідей қаржылық құйтырқылықтарға тап болады. Ал жастар қауіп-қатерді байқаған бойда төтеп берудің түрлі тиімді тәсілдерін үйренуі тиіс. Осы ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстау көзделген, – дейді ҚР ҚМА Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Хамзаева Айнұр Болатқызы.
– Бұл ойынның маңыздылығы – балаларды дұрыс ойлауға, жылдам шешім қабылдауға және қаржылық қауіптері мен тәуекелдерін дер кезінде аңғаруға көмектеседі. Білімгерлерге белгілі бір тақырып тұрғысында лекция оқу бір бөлек, ал осы бағыттағы айтар ойымызды тәжірибе немесе осы ойын арқылы жеткізсек, ұл мен қыздардың санасында сол ақпараттың ұзақ уақыт сақталатындығы даусыз. Оқушылар одан бөлек жол ережелері мен қоғамдық мінез-құлық ережелерін де қоса меңгереді. Сыни ойлауды да дамытатын тапсырмалар бар. Осылайша, оқушылар қиын жағдайдан құтылуды үйренеді, – дейді Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Елжан Әсілбаев.
– Қырық бес минутқа созылатын түрлі тапсырмаларды орындау барысында оқушылар қоңырау шалған бейтаныс тұлғаның мінездемесі мен іс-әрекетіне қарай алаяқ па, әлде жоқ па – сол сұрақтың жауабын нақты табуға барын салады. Себебі олар хабарласу барысында жеке деректері мен жолданған кодты сұрап, алаяқтық айласын іске асыруға ұмтылады. Және осы тақырыпқа сәйкес қаржылық сауаттылыққа байланысты берілген сұрақтар мен логикалық тапсырмаларға жауап беруі қажет. Мен оқушылардың осы ойынға қосылуы мен түрлі тапсырмаларды орындаулары үшін ақыл-кеңесімді айтып, техникалық тұрғыдан көмектестім, – дейді осы білім ордасындағы информатика пәнінің мұғалімі Ахметов Уалихан Пернебайұлы.
– Осы ойын арқылы біз егер кез келген сәтте осы алаяқтардың айлакерлік амалдарына кездейсоқ тап болсақ, олардан қалай сақтану қажеттілігін үйрендік. Себебі, қазіргі кезде шынымен осындай жағдайлар көп кездеседі. Біз осы тақырыпқа байланысты қажетті ақпараттарды шынайы өмірде дұрыс әрі тиімді қолдануға бейімделуіміз керек. Және осы дағдыларды күнделікті тіршілікте іске асырумен қатар қолдау мен көмек күткен ата-ана, бауырларымызбен қоса ағайын туыстарға қажетті кеңес беру барысында пайдаланудың да маңызы зор, – дейді он бірінші сыныптың оқушысы Нұрай Тұрсынбек.
P.S: «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша елордадағы №97 мектеп-гимназиясында «Әділет мектебі» жобасы ұйымдастырылып, оның аясында «Әділдік алаңы» кабинеті ашылды. Бұл іс-шараға Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендина, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова, Нұра ауданының прокуроры Ақылбек Құдрет, Астана қаласы білім басқармасындағы кәмелетке толмағандар құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Қасенова қатысты.
– «Әділет мектебі» жобасының негізгі мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал ету. Мектебіміздің миссиясы – тарих, құқықтану пәндерін тереңдетіп оқытуға бағытталған. Қазіргі оқу жылында бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде «Әділет мектебі» жобасының бағдарламасы, тұжырымдамасы, сабақ жоспарлары, практикалық бөлімі әзірленді. Бұл жоба осыдан екі жыл бұрын қолға алынды, – дейді осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Зәмзагүл Қиянова.
– Кабинетте дебат-тренингтер, кездесулер, тәжірибеге бағытталған сабақтар өткізіледі. Бүгінде осы жобаны қаладағы сегіз білім беру ұйымен бірлесе жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама – заман талабынан туындаған. Жобаның аясында оқушыларды шығармашылыққа тарту бағытында бірнеше қысқаметражды фильмдер түсірілді. Олар мектептегі құқықбұзушылықтар тақырыбына арналған. Меймандар заң және тәртіп тақырыбындағы оқушылармен бірге түсірген фильмдерді тамашалады. Басқосу барысында сегізінші сыныптың елу шәкірті «Әділет мектебіне» салтанатты түрде қабылданды. Енді олар төрт жыл бойы заңдарды тереңдетіп оқиды. Басты ұстаным – болашақта мемлекетіне адал қызмет ететін, құқықтық мәдениеті жоғары ұрпақ тәрбиелеу.
– «Әділет мектебі» жобасы прокуратура мен білім басқармасының қолдауы негізінде іске асырылуда. Ең бастысы, нақты нәтижелер бар. Оқушылар «Заң және құқық» тақырыбында суреттер салып жатыр. Былтыр біз оқушылармен бірге бірнеше профилактикалық бейне жазбалар түсіру жұмысын бастадық. Осы шығармашылық жұмыстар елордада ғана емес, бүкіл республика аумағындағы кинотеатрларда көрсетілуде. Буллинг, құқықбұзушылық тақырыбындағы көрсетілімдерге түскен оқушылардың ой-пікірі өзгеріп жатқанын байқадық. Кезекті іс-шараның ерекшелігі – құқықтық кабинеттің ашылуында. Енді алдағы уақытта біз, яғни прокуратура қызметкерлері, жүйелі жұмысымызды тәжірибе жүзінде білімгерлерге жиі көрсетіп тұрамыз. Сондай-ақ оқушылардың қатысуы негізінде түрлі іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Әлгінде әріптестеріміз балалармен бірге сот үдерісінен көрініс ұсынды, – деді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова.
Загрузка...




